Ғасыр басындағы серт
18.06.2024 577

Алаш зиялылары, шыныменде, оқ бойы озық санаткерлер еді! Елшіл. Отаншыл. Мемлекетшіл біртуар арыстар болатын. 1913 жылғы 8 маусымдағы «Айқап» журналына Әлихан Бөкейханның «Жауап хат» деген Жаһанша Сейдалинге арналған мақаласы жарық көрген еді. Міне, осы мақаладан кейін Әлихан Бөкейхан көсем ретінде, ұлт серкесі ретінде айқындала бастады. Оның қайраткерлік қыры жарқырай ашылды. Репрессияға дейінгі бар саналы ғұмыры осы ғасыр бұрынғы сертінен айнымады. Семсер үстінде берілген серт еді. 

Ал «Жас азамат» газетінің 1918 жылғы 30 шілдедегі санына «Алаш азаматтарына!» деген отты сөз басылады. Бұл Әлихан Бөкейханның шәкірттері жазған жалынды Алаш көсемсөзі десек, артық айтпаған болар едік. Осы мақалаға зер салайық: 

Алаш азаматтарына!

180 миллион Россия халқын 300 жылдан астам бір шыбықпен айдаған Роман тұқымының тағы күйреп, іс басынан құлағандай, жеті айдай зорлықпен, қанішерлікпен билік жүргізіп дәурен сүрген большевик үкіметі де, Сібір жерінде жығылды. 

«Дін үшін, туған жер үшін, патша үшін!» деп Николай үкіметі халықтың қанын қандай сорса, социализм үшін, жұмыскер кристиан үшін, Совет үшін!» деп большевик үкіметі де халықтың қанын сондай сорды.

Қолдан мал, бастан ерік кетті. Бостандық, теңдік арманы арамтамақ, қаны бұзықтардың тепкісіне түсті. Халықты қараңғыдан жарыққа шығару жолында аюдай үкіметпен алысып, абақтыда бит-бүргеге жем болып, қыршын өмірлерін қорлықта, таршылықта өткізген саяси сабаздар, олардың бейнеті, қаны мен миынан табылған олжа да зорлықшылдардың аяғының астында қалды.

Ел таланды, шабылды, ашықты, ер-азамат қанға батты, алыстағы алысқан жау былай қалып, аяқ астынан жауласып, ағайын жұрт бірінің етін бірі жеді.

Қара халықтың өзі сайлап қойған мекемелері тас-талқан болды. Ұры-қары, ит мінезді азғындар халықтың қасиетті тағдырына ие болды. Халық қазынасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.

300 жылдай қорлық көрген 180 миллион халықтың атан бәйге ат жарысы, ұлы дүбір үлкен тойда бас қосатын құрылтайы (учредительное собрание) басқан ізі қан сасыған, жүгенсіз топтың, қара күштің қаһарына ұшырады.

Бұратаналардың билігінің өз қолында деген арман-үміті қапыда аққан қан болды.

Қырым, Кавказ, Башқұртстанның, Түркістанның... қанды оқиғалары, большевиктердің қанқұмарлықтарына айдай айқын дәлел. Алты миллион Алаш халқы көз жасын төгіп, құдайдан тілеген Ақ ордасын тіге алмады. Алаш азаматтарының қайсысы қараңғы тар абақтыны көрді, қайсысы бұлт жамылып, мұз төсеніп, қашып жүрді, қайсысы жасылданып жанған отқа, шапқан қылыш, атқан оққа қарсы жүрді.

Алаш үшін ажалдан тайынбады, басқа жұрттың большевигі біреу болса, Алашқа деген екеу болды. Өзімшілдігін ұлт пайдасын сатқан жақыннан жат шықты.

Қашан да болса, ақтық шындық үстіге шықпақ, жауыздық жоғалмақ – тұрмыс заңы. Большевиктердің һәм болшевикшілдердің жеті айдың ішінде істеген зорлықтары өздеріне жендет болды.

Қар суындай, қазанның күйесіндей большевиктер жоғалды.

Большевик бұлты басқан бостандық күні жарқырап, жаңадан шықты, нұрын төкті.

Азаматтар!

Құдай Алаштың тілегін берді. Дұшпан кеудесі басылды, үні өшті. Қозғалмастай күйге түсті.

«Алаш Орда» тігілді, Ақ ту көтерілді. Күні ертең тұрмыс тонын пішетін, келешекке үлгі жөн салатын Алаш құрылтайы болмақ.

Аяқтан әуіре, қолдан кісен, ауыздан қақпақ кеткен Алаш баласы өз құрылтайыңды көріп өлсең, арманың жоқ!

Өткен өмірдегі ауыр жағдайға қалың қайғы, көз жасы - бәрі де енді ұмыт болды.

Қара шаңырақ «Алаш Орданың» тігілгені - бір уақытта қазақты алға шығарды.

Ақсақалдар, ағалар!

Ақыл айтып, жол бастаңдар! Баяғы еркін дәуреннен сөз қозғап, жастардың жүректеріне қызулық жалынын салыңдар!

Қазақ-қырғыз бір кезде кемеліне келген, өз алдына хандық құрып билік жүргізген ел емес пе еді? Топ бастаған көсемі, сөз бастаған шешені, қол бастаған батыры бар емес пе еді!?

Дәулетті байлар, мырзалар!

Кісілік малда емес, әсте бүгін бар дүние, ертең жоқ. Әркім шамасына қарай ұлтына қызмет қылуы тиіс.

Большевик заманында жұрт алдағы малды садақа қылып еді. Күн жадыраған соң құдайды ұмытпау керек. Большевик бұлты айыққанмен, алдымызда қатерлі күндер көп. Қара бұлттың оңнан болса да, солдан болса да көтеріліп кетуі ғажап емес. Аласпыран күндерде мал аяп қалу ақылға да, арға да, шариғатқа да теріс.

Жастар! 

Атқа мін! Басқа жұрттар көрсін!

Орал, Алтай, Ертіс, Есіл-Нұра, Еділ-Жайық бойында шарқ ұрған арыстандай ақырған Алаштың рухының сөнбегенін көрсін!

Япырмай! Кеше ғана емес пе еді, алты миллион Алаш баласының басы құралмай, жер-судан айырылып, пендеге пенде болып жүргені, мейірімсіз тас бауырлардан рахым тілеп жүргені. Міне, «Алаш Ордаға» жәрдем қылмасаңдар, ұранға қызбасаңдар, сол көңілсіз күндерің алдарыңда даяр. Ардақты азаматтар! Алаш туы Қағбамыз болсын, бәріміз соған қарайық.

Алаш тілегі иманымыз болсын, бәріміз соған ұйыйық. Иншалла Алаш жасайды! Жасасын Алаш Автономиясы!!!» 

Міне, осы мақаладағы ой, пікір, ұлттық рух бүтін Қазақстанды әлі де болса біріктіре түсуге, ұлттық ынтымағын бекем етуге қызмет қылады. 

Ж. Алаш