Кезінде Қазақ елінің мақтанышы болған Дегерес қойы жойылудың алдында тұр. Бұл тұқым 1930-1980 жылдары Алматы облысында жергілікті қылшық жүнді құйрықты саулықты Шропшир және Прекос қошқарларымен будандастыру арқылы пайда болғаны белгілі.
Дегерес тұқымы негізінен Алматының Балқаш ауданында өсірілді. Өткен ғасыр соңында саны 130 мыңға дейін жеткен Дегерес қойының бүгінде жалпы елімізде 6 мың бастай ғана қалыпты. Балқаш ауданындағы Миялы округіне қарасты «Ынтықбай» шаруа қожалығында 5200 бас осы Дегерес тұқымды қойы бар делінеді. Миялы ауылындағы тағы бір шаруашылықта үш жүзден астам бас қалған. Сол секілді Еділбай қойы, Сараджын қойы, Дегерес қойы, қазақтың ұяң жүнді қойы, алай қойы, гиссар қойы секілді асыл тұқым түрлері де құрып кетудің алдында тұр деуге болады.
Шаруалардың айтуынша, бұған елімізде жүнге деген сұраныстың төмендеуі себеп болған. Жүнге деген сұраныс жоқ, амалсыз шаруалар жүнді өртеп құтылады. Дегерес қойының ерекшелігі, бұлар суыққа да төзімді. Өзі жақсы, кәдімгі бұйра жүнді. Кілемге, көрпеге, бәріне жарай береді. Сонымен қатар бұл қой түрінің еті де дәмді. Қабырғасына да, құйрығына да біркелкі ет-май жинайтын ерекше тұқым болып отыр.
Кезінде ел мақтанышы болған жалпы асыл тұқымды қой түрлері туралы не айтылы екен деп көне журналдарды парақтап отырып, бір қызықты материалаға тап болдық. «Қазақстанның ауылшаруашылығы журналының» 1966 жылғы №3 санында жарияланған бір зерттеу мақалада Дегерес қойының өзіндік ерекшеліктері, пайда болу тарихы, 1960 жылы Үндістанның астанасы Дели қаласында ұйымдастырылған дүниежүзілік ауылшаруашылық көрмесіне Қазақстаннан апарылған Дегерес қойының әлем халқын қатты таңқалдырғаны айтылады. Сонымен қатар әрбір Дегерес қойының орта есеппен екі костюмдік таза жүн беретіні сөз болады.
«Қазақстанның ауылшаруашылығы журналының» 1966 жылғы №3 санында жарияланған зерттеу мақала «Биязылау жүнді, құйрықты қойөсіруге көңіл бөлінсін» деп аталады. Авторы ретінде Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғылым жөніндегі бас басқармасының бас маманы Ш. Қалықов деп көрсетілген. Енді осы материалға назар аударып, толық оқиық.
Биязылау жүнді, құйрықты қойөсіруге көңіл бөлінсін
Қазақтың зоотехниялық институтының генетика және мал өндіріп өсіру кафедрасының бұрынғы меңгерушісі марқұм Т. Бөкенбаев Қазақстанда биязылау жүнді, құйрықты қой тұқымын өсіру жөнінде 1944 жылдан бастап ғылыми жұмыс жүргізді. Алматы облысы Жамбыл ауданының оңтүстігіндегі «Дегерес» дейтін жерге фамилиясы осы уақытка дейін белгісіз бір адам 1914 жылы Англиядан «Шропшир» деп аталатын қойдың асыл мал дәрігерлік- тұқымын әкеліпті. Ол биязы жүнді және етті мол беретін қой екен. Ғалым Т.Бөкенбаев генетика және мал өндіріп өсіру кафедрасының қазіргі меңгерушісі ауыл шаруашылық ғылымдарынын кандидаты М.Әлетовпен екеуі сол қой мен жергілікті қылшық жүнді қазақы қойды будандастыру әдісін қолданып, әрі ірі, әрі салмақты, биязылау жүнді және құйрықты қой өсіруге көп еңбек сіңірді.
1960 жылы Үндістанның астанасы Дели қаласында ұйымдастырылған дүниежүзілік ауылшаруашылық көрмесіне Қазақстанда өсірілген биязылау жүнді, құйырықты қойдан бір қошқар мен бір саулық апарылды. Бұл қойлар Үндістан халқының назарын ерекше аударды. Шынында да олар мадақтауға тұрарлық еді: жас болса да қошқардың салмағы 100 килограмға, саулықтың салмағы 70 килограмға жеткен болатын, қошқар 6, саулық 4,5 килограмм жүн берген-ді.
Совет Одағында қойдың осы тұқымын өсіру ісімен Қазақстан ғалымдарынан басқа көршілес Өзбек Республикасының ғалымдары да шұғылдана бастады. Бізде бұл жұмыс біраз кешеуілдеді. Дегенмен, жаңа бастама нәтижесіз болған жоқ, жетістік те бар. Алматы облысының Гвардия ауданында «Жоламан» совхозында осы қойдың саны 8,5 мыңға жетті. Солардың әрқайсысы орта есеппен 3,2 килограмм, кейбір үздік шыққандары 8,4 килограмға дейін жүн берді. Өндірісте іске асатын сапасы 68 процент деп есептелгенде, әрбір қой орта есеппен екі костюмдік таза жүн береді екен. Шаруашылыққа экономикалық жағынан тиімділігі, міне, осындай. Мұның үстіне бұл қойлар қазақы қойлардан анағұрлым салмақты, еті дәмді де майлы келеді. Осы іспен шұғылданып жүрген ғалым М. Әлетов мұнымен қанағаттанып отырған жоқ, бұл жұмысты онан әрі жүргізіп, дамыта беру жолында қажырлы еңбек етіп келеді.
Биязылау жүнді, құйрықты койлардың қозылары басқа тұқым қозыларына қарағанда өте өскелең екендігі анықталды. Күздігүні еркек қозылары 40,5-58,0 килограмм, ұрғашы қозылары 34,7-53,0 килограмм салмақ тартады, еркек қозыларын сол жылдың өзінде-ақ етке өткізуге толық мүмкіншілік бар.
Қазіргі «Жоламан» совхозында өсіріліп отырған қойлар бордақыланбай-ақ жайып бағудың өзінде салмақ жөнінде жоғары көрсеткіштерге ие болып отыр: олардың орташа салмағы 63,9-110 килограмм деп есептеледі, ал ерекше оңалғандарының салмағы 91,0-135,0 килограмға жетті.
Бұл қойларды өсіруде ғалымдар әлденеше тәжірибе жұмысын жүргізді. Ғылымға негізделген сол тәжірибелер олардың жергілікті жерге тез үйренетіндігін, ауа райының қатаң жағлайларына өте төзімді екендігін көрсетті. 1950-1960 жылдар аралығындағы кейбір қысаң жылдарда бұл қойлардың өлім-жітімі мүлде аз болды, қыстан жүдемей күйлі шықты.
Міне, бұл көрсеткіштер Қазақстанда ғана өсіріліп отырған биязылау жүнді, құйрықты қой тұқымының онан сайын жетіліп, саны мен сапасы бірдей арта түсетіндігін ыспаттайды.
Қойдың осы тұқымын өсіру жұмысында елеулі кемшіліктер де кездесуде. Бұл қойлар өздерінің өсу дәуірінде бірнеше жерге және бірнеше шаруашылыққа ауысты. Кейінгі кезде олар «Сарыбұлақ» совхозынан сол ауданда жаңадан кұрылған «Жоламан» совхозына орналастырылды. Бұл совхоздың жері «Сарыбұлақ» совхозына қарағанда күнгейлеу, құрғақтау және тастақты жер еді, жайылым жағдайы да, шөбі де нашарлау болды. Демек «Жоламан» совхозының жері «Сарыбұлақ» совхозының жерінен қолайсыз. Осының өзі қойдың жаңа тұқымын өсіру ісіне жеткілікті көңіл бөлінбей келгендігін көрсетеді. Ал биылғы мал қыстату маусымы қарсаңында бұл қойлар Алматы облысының Балқаш ауданындағы «Бақанас» қой совхозына орналастырылды. Жазғы жайлау орыны қайда болатыны әлі шешілген жоқ. Басшы органдар бұл мәселені мұқият қарап, қойдың өсіп-өнуіне жағдайлы боларыктай етіп шешуге тиіс.
Аудандастыру жоспары бойынша салмакты, етті, майлы кой тұқымын өcipyre ұйғарылған Шымкент және Қарағанды облыстарына биязылау жүнді, құйрықты қой қошқарлары жеткілікті берілмей отыр. Сонгы үш жылда елімізге барлығы 1125 тоқты қошқар сатылған болса, содан Қарағанды облысының шаруашылықтары 500-дей ғана қошқар алды. Бұлар «Ақтоғай», партиянын ХХІІ съезі атындағы совхоздарда және кейбір совхоздар мен колхоздарда 20 мың саулық шағылыстыруға пайдаланылуда. Бұл, әрине, жеткіліксіз. Қой өсіруге белгіленген аудандарға өзімізде өсіріліп отырған жаңа туқошқарларын көбірек тарату шараларын шұғыл қолдану керек.
Қазақтың мал дәрігерлік-зоотехниялык институтының генетика және мал өндіріп өсіру кафедрасы жүргізіп отырған aca құйрықты қой өсіру жұмысына манызды іс - биязылау жүнді, құйрықты өсіру жұмына институтын ғылыми советі айрықша назар аударып отыруға тиіс, ал Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы және партия, совет органдары күнбе-күн нақты көмек көрсетіп отыратын болсын дейміз.
«Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналы1936 жылдан бастап жарық көре бастаған. Бұл журнал қазақ және орыс тілдерінде айына бір рет шығып тұрды. Әрине о бастағы атауы да басқаша болды. 1936-1937 жылдары аралығында «Колхозды Қазақстан», 1938-1951 жылдары ішінде «Қазақстанның колхоз-совхоздары» деп өзгертілді. 1951-ден 53-ке дейін «Қазақстанның социалистік мал шаруашылығы» деп шыққаны бар. 1953-нші жылдан бастап «Қазақстан ауыл шаруашылығы» деген атпен жарық көре бастады. Журнал 1990 жылдың аяғында жабылды. Аталмыш журналда қазақ даласындағы ауыл шаруашылығындағы қолданысқа еніп жатқан озық тәжірибелер, ғылымға еніп жатқан соңғы жаңалықтар жәні оларды өндіріске енгізу, сондай-ақ ғалымдардың ашқан жаңалықтары мен ғылым жетістіктері жазылып тұрды. Егіншілік пен бау-бақша мәселесі де көтеріліп тұрған.