Әйгілі Сәтбаев жобасы және Ертіс – Қарағанды жармасының салынуы
12.04.2016 3776
Қарағанды сессиясында екі тараптың пікірі бір арнаға тоғысып, 1949 жылы жә дескен ұлы жоба – «Ертісті Шүлбе су қоймасынан қырға шығару» идеясын жүзеге асырар бір қайраткер туар деген үміттеміз

Қаныш Имантайұлы туралы ғұмырнама кітабымның 1988 жылғы қазақша тұңғыш басылымында мен ғалымның 1949 жылғы Сарыарқаның кіндік жонына саяхатын Т.А. Сәтбаеваның естелігі бойынша баяндап, кейбір оқиғаларды тек қатыбас цензордың қайшысына бермеуді ескеріп, ықшамдап жазғанмын. Сол олқылықты осы тарауда түзетуге пейілмін. 

Ғұмырнаманың үшінші бөліміндегі «Ел құрметінде» тарауы («Сәтбаев», А., «Жалын», 1988 ж., 401-402-бб.): 

...Үш геолог (ерлі-зайыпты Сәтбаевтар және академик Н.Г. Кассин) Қарағандыдан жүрдек «Уазикпен» аттанған бетінде Гүлшат, Саяқ, Жорғаны баса жүріп, Шыңғыстаудың күнбатыс бөктерін біршама шиырлаудан соң Қалбаға тура тартып, жолшыбайғы Ақжал, Бөке, Бақыршық кеніштеріне соғып, ақырында Ертіс жағасына бет түзеген. 

Арынды өзеннің Ескі Шүлбе мекені тұсындағы Баженово селосына келіп, жағаны өрлей жүріп, екі-үш шақырымнан соң бітімі оқшау дөңеске көтеріледі: сөйтсе жер қыртысына сұғына кірген алып жартас; құдды бір алып құрылыс үшін құдай тағала әдейі жаратқандай; ағыны әлей өзен де сом қабырғаны бұзып-жарып, иен жазыққа құлауға шамасы келмегеніне «мойып», тас қабырғаны жанай өтіпті. Арғы бет – сыңсыған ну, жасыл желекті қарағай орманы. Өзен жағасына ентелеп өскен. 

Сом жартастан түзілген жағалаудың тұрықты бітімі қос академиктің күдігін тарқатып, күмәнсіз сендірді. Бұл да күні ертең жобалануға тиіс үл-кен істің жорасы. Сонсоң да елсіз жағалауды жайына қалдырып, шай қай-натым жерде деген Семей шәріне аттанды. Ерлі-зайыпты Сәтбаевтар үшін ол да өздерін білім бұлағына сусындатқан, бірін-бірі танып, жүрек ділімен ұғысқан іңкәр мекен... 

Келесі күні, саяхаттың бесінші тәулігінде осы шәрдегі геологиялық экспедициядан жолсеріктер ертіп, күн көтеріле қайыра аттанды. Сапар бағыты – күнбатыс, күншілік жердегі Дегелең мен Мыржық таулары. Қаныш Имантайұлына сол атырап «Жандарал жолы» немесе «Семей – Майлықара – Қарқаралы» тракты атанған кезінен таныс. Семейде оқыған жылдарында Баянаулаға қысы-жазы салт атпен қатынаған жылдары, одан соң Том технология институтының студенті кезінде бір жазда практикаға келіп, Семейтау төңірегінде съемка жасаған. Ғажапты қараңыз, содан бері отыз жыл өтсе де ұмытпапты, Кемпір бекетіне тура түсіретін ескі сүрлеуді Қанекеңнің өзі нұсқапты. Одан арғы дала жолын да сөйткен. Қысқасы, суыт жүрген жолаушылар екі-үш сағатта Дегелеңге жетіп, иен жазықта шошақ тымақтай құздиған биік тауды бөктерлеп отырып, сулы, нулы өңірдің арғы-бергі бөктерінен бірде-бір малшы мекенін кездестірмегеніне тек таңғалып, «бұл не ғажап?» дегендей күдікпен Балапан бұйратындағы геологтар мекеніне жетеді. Әскери зона иеленген шектеулі аймаққа бойлай енгенін естіп, бастарын шайқайды. 

Қаражыра көмір кенішін зерттеуші экспедицияның ізденісімен шұқшия танысу қос академикті айран-асыр қуанышқа бөлеген: айналасы 5-6 шақырым аймақтан таскөмірдің қисапсыз мол қоры табылған (бертінде сол қордың көлемі 2,5 миллиард тонна аса қызулы, газ бөлгіш отын екендігі анықталған); бұл болса – күллі Ертіс бойын екі-үш ғасыр бойы шектеусіз жабдықтайтын қорлы отын; көмір қатпарлары небәрі 30-40 метр тереңде, қымбатқа түсер шахта қазбайсың, екі тонна тау жынысын аршып, бір тонна көмір алуға болады... Қос білгір экспедиция басшыларына: «Жігіттер, жұмыстарың оңды, көңілді көркейттіңдер! Тек ізденіс пен қор есебін тездету керек...» – дегенде, олар: «Әскери көршілеріміз біржосын мазасыз жандар, жүріс-тұрысымыз қатаң бақылауда, бір күні тайып тұрыңдар деуі де кәдік... – деседі. – Сіздердің де бүгінгі жүрістеріңізді олар көріп-біліп отыр, сірә, бұл не қыдырыс деуі кәдік?..» (Шынында екі жылдан соң барлаушылар ұжымы көмір қорын есептеуді доғарып, біржола кетуге мәжбүр болады. Сол байлықты семейліктер 1992 жылы ғана иеленді). 

Саяхатшы топ келесі күні Майлықара тауына ат басын бұрады. Сол таудың бөктерінен жергілікті қазақтар арба күпшегіне жағатын қарамай қайнатқан шұңқырларды шұқшия қарап, «осы жерден мұнай іздеу керек» деген тұжырымдарын жол дәптеріне түртеді. Түс ауа Мыржықтың түйеөркештенген қатпарлы қойны-қонышына енеді. Бұл таудың қойнында бірнеше кен қазбалары барын білетін-ді. Әсіресе мысқа құнарлы кендер. Ағылшын кәсіпшілері XX ғасырдың басында Мыржықтың екі жерінен мыс кенін алмақ болып шахты қазып, тек мандыта алмай, Қазан төңкерісінен кейін біржолата тастап кеткен... 

Әрине, атүсті жүрген шолғыншы сапарда іргелі іс тындыра алмайсың. Сөйтсе де екі ғұламаның көргіш қабілеті, болжампаздық дарыны Дегелең мен Мыржық бөктеріндегі кен қазбаларының сүбелі екеніне кәміл сенген (Алматыға келген соң топшылауларын түйіндеп, осы өңірдің қойны-қонышын түбегейлі зерттеу үшін арнаулы экспедиция жасақтау жөнінде тиісті мекемелерге ұсыныс жолдаған. Сол жұмыстың мол қаржы, қуатты күш-құрал және едәуір уақыт тілейтін кешенді ізденіс екенін де ескерткен). Амал не, сол ұсыныс мәскеулік билік иелері тарапынан қолдау көрмеген. Сірә, полигон бастықтары, әлде Әскери-өндірістік кешеннің әкімдері: «Дегелең де, Мыржық та – біздің иелігіміздегі жер, оған енді ешкімді кіргізбейміз!..» – деген-міс. 

Жә, қазақстандық екі академиктің ерекше құштар болып, бірнеше тәулік бойы қаншама жерді асықпай аралауы нендей ділгерліктен туған? Әсіресе Қазақ КСР ҒА-ның президенті Қ.И. Сәтбаевтың 1949 жылдың маусым айында Қалба өңірінен Ертіс жағасына ат басын бұрып, адуын өзеннің жарқабағында тұрып, арғы-бергі өңірді ұзақ шолуы тегінде әншейін қыдыру емес-ті... 

Қазақ даласының теріскейі мен кіндік тұсына көсіле жайғасып, Сарыарқа атанған орасан үлкен алқаптың кіндік тұсында, ғылыми әдебиетте Орталық Қазақстан аталған байтақ өлкеде жерасты қазынасының алуан түрі орналасқан, кендік қоры да қисапсыз мол. Бір ғана Қарағанды өндіріс торабында кокстелетін қымбат көмір өндіретін Сораң, Шахан, Ақтас, Абай, Топар, Шахтылы, Теміртау сияқты серіктес кенттер мен қалалар 60-жылдары бой көтерді. Қарағанды болса – КСРО-дағы көмірге аса бай үшінші алып. Жоба бойынша, 1965 жылы көмір өндіретін шахталар аймағында бір миллионға таяу тұрғын болмақ. Халық саны келешекте тағы да өседі, өндірістер қуаты да еселеп артады. Қарышты қадам¬мен өскен Жезқазған, Қаражал, Қарағайлы, Кент, Ақшатау мен Жәйремдегі полиметалл кеніштері, Павлодар мен Қарағанды аралығында әлемдік көмір алыбы Екібастұз. Осы кеніштегі алып қазаншұңқыр «Баһадүр» жылына 35 миллион тонна көмір беріп, 50 миллион тонна жөнелте алатын қуатқа ие. 

Әлбетте қандайда алып өндіріс қалыпты өмір сүру үшін қорлы кен, қызу көмір және айдыны шалқар мол су керек. Орталық Қазақстандағы көмір мен түсті металл кеніштерінің кемшілігі – суға ділгер. Осы алқаптағы кен өндірістері жазғы жауын мен қысқы қардан жиналған тоспалар суымен, яғни аспанға қарап қол жаюмен тіршілік етеді. Сол себепті табиғат жаратқан иен байлықтың игерілуі де мардымсыз. Мамандар осы аймақтағы барлық өндірістер торабына 1975-1980 жылдары қосымша 2 миллиард текшеметр су керектігін есептеп шығарған. Жә, соншама мол суды аспанға қол жайып телмірумен ала алмайсың. Жерасты суының да мүмкіндігі шектеулі... 

Осы мәселені түпкілікті шешуді жан-жақты ойластыру үшін Кеңес Одағының өндіріс пен су мамандары Қарағанды қаласында 1949 жылдың маусым айында бас қосып, бір апта бойы осы ділгерлікті талқылаған. Ғылыми сессия ақырында Қазақстан ғалымдары ұсынған, Орталық Қазақстанның өндірістері мен қалалары ерекше мұқтаж болған мол суды Ертісті өрге көтеріп, жарма қазу арқылы алады деген тың ғана емес, ерекше батыл идеяны мақұлдады (Сол жиында талқыға түскен қосымша ұсыныстар, мысалы, «Орталық Қазақстанның қойнында 18 Балқаш көлі жасырынып жатыр, соны үстіге көтеру» жобасын, академик, гидротехника маманы У. Ахметсафин ойдан шығарған қияли болжамды Одақтың су білгірлері бірден-ақ тәрк еткен). Ал, жарма тарту жобасы іске асса, жалпы қуаты 20 миллион киловатт электр энергиясын бермек Екібастұз жылу стансасының тұрғызылуына даңғыл жол ашылады (Сол үшін көміршілер кентінде қуаты зор 5 жылу стансасы салынбақ-ты, әзірше соның екеуі ғана бой көтерді. Осы ГРЭС-тің конденсаторларын суыту үшін жылына 4 миллиард текше метр су керек). 

Сонымен мәселенің түйіні Ертіс суын қай жерден қотаруға тірелген.

Қаныш Имантайұлының Ертістің Ескі Шүлбе елді мекенінің іргесіндегі сом жартастан түзілген биік жарқабақты көруге арнайы келуі, содан бергі Қалба мен Дегелең-Мыржық атырабын білгір әріптесі, академик Н.Г. Кассинмен бірге аралауы да су мамандары ұсынған екі жобаның ұтымдысын таңдау мақсатынан туған-ды... 

Кәрі Алтайдың ну жынысқа тұнған асқаралы төрінен ылдиға құлайтын адуын Ертістің Солтүстік Мұзды мұхитқа дейінгі ұзын сағасын емес, дарияның жоғарғы арнасынан Омбыға дейінгі 1750 шақырымға созылған бойына көз салсаңыз: әр тұсына қалың ел қоныстанған ондаған қалашықтар мен кеңшарлар жайғасқанын көресіз; ірілі-ұсақты өндірістер жұмыс істейді; бәрі де тіршілік нәрді өзеннен алады; демек, Ертіс – аса тиімді су жолы... 

Сондықтан да Ертіс дариясын тиімді пайдалануды жан-жақты ойластырған шаралар КСРО Энергетика және электрлендіру министрлігінде ертеде жасалып, «Ертіс өзенінің су қорын шаруашылық қажеті үшін пайдалану схемасы» аталған жоба ғылыми-өндірістік құжатпен бекіген. Гидротехника мамандарының болжауынша, Ертістің Омбыға дейінгі ұзына бойында жиынтық қуаты 4,8 миллион киловатт 13 ГЭС (!) тұрғызуға болады-мыс. Әрқайсысында бір-бірден су қоймалары қосымша салынбақ. 

Ертіс – биік таулы өңірден еңіске құлайтын өзен. Зайсан көлінен ол теңіз деңгейінен шамалағанда 380 метр биіктен шығады, Омбы қаласына тақағандағы деңгейі – небәрі 50 метр... Гидротехниктер тілімен айтқанда, Ертістің тегеурінді қуаты – 330 метр. Су қоры жөнінен де ол тау өзендерінің сорлысы емес. Қара Ертістен басталған сарқырама өзен Зайсан көліне құяды, алып ойпаңға әр тұстан су құятын өзендер мен бұлақтардың қарамы жетпіс шамалы. Беріде дарияны Бұқтырма, Үлкен және Кіші Нарын, Қалжыр, Қалғұтты, Күршім, Үлбе, Үбе, Шүлбе тәрізді ағысы ерен арналар оны қосымша суға байытады. Таулы өңірден иен жазыққа шыққан соң да Ертіске тұс-тұстан үлкенді-кішілі арналар қосылады: Қалбадан бастау алатын – Көкпекті, Бөкен, Қызылсу, Шар; Шыңғыстаудан – Шаған; төменгі салада – Сарыарқаның атақты өзендері Есіл мен Тобыл... Гидротехниктер Ертіске су құятын өзен, бұлақтардың жалпы қарамы 820 екенін анықтап, картаға түсірген. 

Ертістің сарқырама қуаты Зайсан көлінен шығарда секундына 450 текшеметр болып, Өскемен қаласының тұсында осы көлем 2240 текшеметрге дейін өседі, Ескі Шүлбе селосынан секундына 4460 текшеметр, яки екі есе зорайып ылдиға жөңкіледі. Байқасаңыз, адуын Ертіс судан да, қуаттан да кенде емес. Әңгіме соны тиімді бөгеп, пайдалы қызметке жегуде... 

Ертістің энергиялық каскадының бірінші стансасы Өскемен ГЭС-інің құрылысы 1939 жылы басталған (тұтқиылдан бұрқ еткен соғыс сол істі көп жылға кешеуілдетті, алғашқы ГЭС электр қуатын 1953 жылы ғана бере бастады). Оның қуаты – небәрі 332 мың киловатт. Соның өзінде станса Кенді Алтайдың өнеркәсіп қуаттарын ілкі көтеріп, жедел өркендетуге жол ашты. Екінші станса болуға тиіс Шүлбе ГЭС-і келесі кезекте салынбақ-ты. Оның қуаты 750 мың киловатқа жобаланған, ал екінші кезегі іске қосылғанда, стансаның күші екі есе көбеймек. ГЭС бөгеті өзен арнасын 600-700 метрге дейін тарылтып, сом жартастар арасынан өтер тұста, Ескі Шүлбе селосынан төрт шақырым төменде тұрғызылуға тиіс-ті. Шүлбе ГЭС-нің құрылысы 1953 жылы басталып, бес жылда аяқталмақ болатын. Одан кейінгі кезекте қуаты 676 мың киловатт Бұқтырма ГЭС-і салынбақ-ты. Келешекте Ертіс арнасында тағы да он шақты ГЭС тұрғызу жоспарланған: Ақтас, Семей, Семияр, Дон, Грачев, Бобров, Подпусковая, Жәміш, Павлодар, ең соңында Омбы стансалары... 

Гидротехника білгірі, академик Шапық Шөкин басқаратын қазақстандық Энергетика институтының мамандары ұсынған негізгі жоба Сарыарқа жонына тартылатын алып жарманы Шүлбе ГЭС-і тұрғызылатын биік жарқабақтан бастауға негізделген. Сөйткен күнде Ертіс деңгейі бұрынғы қалпынан ондаған метр жоғарылап, Өскемен қаласын күншығыстан батысқа қарай жарып өтетін Үлбі өзенінің арнасы шүпілдей толып, металлургтер қаласын мол суға аста-төк кенелтуге тиіс. Шүлбе қоймасынан күнбатысқа тікелей қазылған жармаға құйылатын дария суы өз екпінімен қотарылады. Сол бетінде Семейтауды жағалап, Дегелең мен Мыржық тауларын бөктерлей ағып, Түңлік өзеніне өз екпінімен жетеді. Одан әрі дала өзенінің арнасын кеңейтіп, сусорғыштар арқылы өрге айдауға болады. Жарманың қымбаттайтын тұсы да осы. Ертіс суы ақырында Нұраға құяды. Ол болса – Сарыарқа жонындағы өндіріс ошақтарына жанаса ағатын табиғи арна... 

Қосымша дайындалған екінші жоба, яғни Ертіс суын Ақсу кентінің тұсынан жарма арқылы Қарағандыға айдау ересен зор қымбатқа түсетіні де есептелген. Бұл жердегі басты қиындық 514 км жер қазып, алып су құбырларын салуда емес-ті. Басты кедергі – суға ділгер өндірістердің Ертіс арнасынан 475 метр жоғары төскейде тұрғандығында. 

Қарағанды сессиясына қатысқан су мамандары екінші жобаның ерекше қымбат құрылыс екенін баса ескертіп, мұндай зор және тұрақты шығынға үкімет келіспейді деген де дәлелдер айтқан. Сөйтсе де ғылыми сессия Ертістен жарма тарту ұсынысын жақтап, мәселе жарманы қай жерден тартуға тірелген... 

Қаныш Имантайұлының Қарағанды сессиясы тарқаған бетінде Сарыарқаның күншығыс бөктеріндегі кен орындарын аралап әрі Ертіс жағасына ат басын бұрған себебі де осы. Сол ойымен ол жарқабақ үстінде тұрып, Сарыарқа қыртысының білгірі Николай Григорьевичпен де ақылдасқан. Академик Кассин Павлодар өңірінен гөрі Шүлбе су қоймасынан тартылмақ жарма жобасы тиімдірек екенін, үкіметті де осы құрылысқа иліктіру жеңілірек деген ойды құптайды. Академик Сәтбаев та осы тұстан еңіске қотарылатын Ертіс суының Дегелең бауырына дейін өз екпінімен ағып, қуаң даланы көкжасыл реңмен жаңғыртып, одан әрі Түңлік пен Нұра өзендерін сумен молайтып, нәтижесінде 700-800 шақырым кең атырапқа өзгеше өмір әкелетінін қиялмен шамалаған... 

Қысқасы, екі білгір осы нұсқаны үкіметке мәлімдеуге уәделескен... 

Амал не, ізгі ойдың таудай зор кедергіге жолығарын ескермеген. Ғылыми игі мақсатпен ынтыға аралаған өңірдің тағдыры бұдан екі жыл бұрын КСРО үкіметінің құпия қарарымен басқаша шешіліп, Майлықара, Дегелең, Мыржық тауларының атшаптырым айналасындағы кең дала мен Ертіс жағасына дейінгі ұлан-ғайыр жер әскерилердің иелігіне көшкенін екеуі де сол күнде білмеген. Өкінішті дерек: сол құпия оларға 1949 жылдың 29 тамыз күнінен сәл кейін, алғашқы кеңестік атом бомбасының сынағы «КСРО-ның азиялық бөлегінде сәтті өткені» туралы ТАСС хабарын естігенде ғана мәлім болып сандарын соққан. Сонда ғана қос ғұлама сапар кезінде жергілікті тұрғындардан еміс-еміс естіген әскери көршілері туралы қауесетті естеріне алып: «Апыр-ай, Ертіс суын сол өңірге қотармақ болған игі ойымыз бір-ақ күнде әншейін іске айналды. Ақыры тек қайырлы болсын!..» – десіп ерекше қынжылған... 

Т.И. Сәтбаева ері туралы естелік кітабының 223-бетінде Ертіс өңіріне сапардан кейін іле-шала өрбіген сорақы оқиғалар тоғысын қынжыла сөз еткен: «Сол жылғы күзде (1949 жылдың қазан айы – М.С.) біз үшін түсініксіз оқиғалар өрбіп, Кеңес елінің аса ірі геолог мамандардарына сенімсіз көзқарас өрбіп, академиктер И.Ф. Григорьев, М.П. Русаков. В.М. Крейтер және бір топ геолог ғалымдар тұтқынға алынды. Сол білгірлердің бәрімен де аралас-құралас болған, аса ірі істерді бірге атқарған Қаныш Имантайұлының басына да бұлт үйіріле бастады. Бір күні кеште, қараңғылық қоюланған шақта пәтерімізге Н. Кассин келді, әлденеге абыржығанын бейуақта суыт жүргенінен сездік, түнерген түрі де адам шошырлық. Айтуынша, Мәскеуден келген Гостехнадзордың төтенше комиссиясы өзін тосын тексеруге тартыпты. «Олардың пасық ниетін мен бүгін білдім: байқауымша, Қаныш Имантаевич, сенің Қарсақбай мен Атасу темір кендерін барлауды қасақана «кешеуілдетіп», мемлекет мүддесіне «зиянкестік» жасағаныңды дәлелдемек; мені де сол үшін шақырып, сенің қылмысыңа ғылыми айғақ тауып бересің деп дікілдеді, ал таппасам – Отан жанкүйері емеспін... – деді ол бізге қамыға қарап. – Мұндай пасық іске былғанғым келмейді! Жас кезімде үйір болмаған жалған сөзді егде тартқан кезімде қалайша айтамын? Сені мен, Қаныш, аса дарынды, Құдай тағала данышпан кен іздеуші етіп жаратқан нағыз геолог деп білемін. Бұл ойымнан мені ешкім айныта алмайды!..» – деді. Ішін кернеген ашудан өзін ұстай алмай, қалш-қалш еткен шынайы досымыз Николай Григорьевичті шайға отырғызып, көңілін жайлауға тырыстық. Өйткені қан қысымы өте жоғары екенін білетінбіз... Комиссияда одан әрі не жайында сөз болғанын білмеймін, қадірменді Николай Григорьевич екі-үш күннен соң қатерлі криз дертіне ұшырап, ауыруханаға түсті. Сөйтіп, тамаша ғалым, Қазақстан жер қыртысының геологиялық картасын тұңғыш жасаушы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Н.Г. Кассин сол құлағаннан оңалған жоқ, дүниеден қайтты». 

1950 жылғы көктемде Гостехнадзор комиссиясы Алматыға қайыра оралып, Қ.И. Сәтбаевтың қарауындағы Геологиялық ғылымдар институтының 1940 жылдан бергі жұмысын қопара тексереді, кен барлау ғана емес, ішкі шаруашылыққа жұмсалған шығындарға да шұқшияды. Мәскеулік комиссия академик Сәтбаевтың геологиялық ізденісінен қылмыс бабына жатқызар ілгешек таппаған. Жезқазғанның әлемдік мыс көмбесін ашқан дүлдүлге қандай мін айтуға болады?! Сөйтсе де... 

1951-1953 жылдарда жалпы қарамы төрт жүздей қазақ зиялысының ғылыми ізде-ністен аласталып, маңдайалды ұлт қайраткерлерінің Сібірге айдалып, бірқаншасы Алма-тыдан қуылып, 1954 жылдың аяғына дейін қуғын-сүргін көргені – біздің ел тарихына қара сиямен жазылған шерлі оқиғалар. Қаныш Имантайұлы да Қазақстан КП ОК бюросының қарарымен 1951 жылдың қазан айында Қазақ КСР ҒА-ның президенті және Геология институтының директоры міндетінен босап, тұтқындалу қаупі төнген соң Мәскеуге жылыстап кетіп, сол сапардан келесі жылдың мамыр айында ғана Алматыға оралып, ҒГИ-ға қайтадан басшы болып тағайындалған. 

Бірнеше жыл өтті. Қанаты қырқылған қыранға ұқсаған ғұлама өзіне таныс геология ілімін алға сүйреуге жегілді. Оны да өрге көтергені мәлім. 

Біздің болжауымызша, Қаныш Имантайұлының жеке басына сол жылдарда ерекше шүйілудің түп себебі – Ертісті өрдегі Сарыарқа жонына бұруды Шүлбе бөгетінен бастап, Дегелең арқылы Түңлік өзенінің арнасына өз ағынымен жеткізіп, одан әрі Нұраға құйып, суға жұтаң өңірді түбегейлі өзгерту жобасын Қарағанды сессиясына ұсынып, КСРО ҒА-ның вице-президенті И.П. Бардин бастаған күллі Одақ білгірлері мақұлдаған қарарды бетке ұстап, КСРО үкіметіне ұсынбақ ғажап ойын ВПК басшылары ұнатпаған (Әскери-өндірістік кешеннің бірегей қамқоршысы, жендеттік құқымен бірге үкімет төрағасының 1-орынбасары Л.П. Берия). Қ. Сәтбаев әспеттеген тамаша жобаны өздері иемденген әскери зонаға көз аларту деп есептеген. Мемлекеттік аса маңызды шара екенін де қаперіне алмаған. Сонсоң да Сәтбаевқа қылмыс байлап, оның осы істегі жедеғабыл әрекетін залалсыздандыру амалын ойластырған... 

Сол әрекеттің ерекше қатаң қуғын-сүргінмен жүргені – оқырманға мәлім. Біраз жыл қағажу көрсе де Қаныш Имантайұлының Одаққа мәшһүр ақ-адал еңбегі сеп болып нақақ жазадан құтылып, 1955 жылдың күзінде ол Қазақстан ҒА-ның басшылығына қайтып оралды.

Академик Сәтбаев 1958-1959 жылдары өзі кәміл сенген істі, Ертіс суын Сарыарқа жонына көтеру жобасын екінші мәрте қозғап, кешенді істің Кеңес үкіметінің жетіжылдық жоспарына енуіне мұрындық болған. Амал не, жобаның алғашқы схемасы түсінікті себеппен кейінге ысырылып, Ертіс суын Ақсу алқабынан көтеруге негізделген нұсқасы іске асқан. «Ертіс – Қарағанды жармасы» аталған алып құрылыс 1961 жылы басталып, 1967 жылғы желтоқсан айында бірінші кезегі аяқталып, Ертіс суы Екібастұзды жанамалай, 475 метр өрдегі Қарағанды мен Теміртау қалаларына жетті. Содан беріде Орталық Қазақстан алқабы иен суға шаш-етектен кенелді. Сарыарқа елі кемеңгер перзентінің осы істегі ұзақ жылғы жанқиярлық еңбегін ардақтап, Ертіс – Қарағанды жармасын оның есімімен атап, жасанды өзеннің екі же¬рінде ғалымға арнап ескерткіш тақта және кеудемүсінін орнатты. Тәубе демеске шараңыз қанша?!

Әлбетте сол жарманы Шүлбе ГЭС-і салынбақ биік тұстан бастау әлдеқайда тиімді болар еді. Амал не, оның құрылысы әлдекімдердің әмірімен екінші кезектен үшіншіге ауыстырылып, Бұқтырма ГЭС-ін тезірек тұрғызу тиімді делініп, Шүлбе су қоймасын салу кейінге шегіндірілді. Осы іс те, біздің шамалауымызша, Әскери-өндірістік кешеннің тікелей араласуынан өрбіген қастандық. Нәтижесінде дарияның сол жағалауындағы Жаңасемей, Абай, Абыралы аудандары судан жұтап, Семейтау, Көкен, Бөрлі, Дегелең мен Мыржық өңіріндегі, Түңлік өзенінің алқабындағы жайылымы мол, жері отты, төрт түлік өсіруге аса қолайлы орасан үлкен алқап Ертістен өз ағынымен келетін мол судан мақрұм қалды. Мұны біз жазмыштың жазуы емес, әскерилердің осы атырапқа жасаған өктемдігінің салдары дейміз. Ал егер Ертіс дарияның Солтүстік мұхитқа құятын мол суының оннан бір бөлегі осы атырапқа жеткізілсе – бұл өңір көкжасыл реңге еніп, өзен-көлдері айнадай жарқырап, құс базарына айналып, ғажап келбетке енер еді! Бұл да ғасырлар көшінде өксігі таусылмайтын зор өкініш! Дегелең атырабын атомдық полигон алаңына таңдаушылардың осы өңірді жұтатқан өзге қасіретін айтпағанның өзінде, қыр елін қайта түлеуден нәумез қалдырған қастандығы – біз үшін ғасырлық өкініш!.. 

Тәуелсіз Қазақ елі атандық, Қарағанды сессиясында ғалымдар мен сушы мамандар пікірі бір арнаға тоғысып, 1949 жылы жә дескен ҰЛЫ ЖОБА – «Ертісті Шүлбе су қоймасынан қырға шығару» идеясын жүзеге асырар бір қайраткер туар деген үміттеміз, сенеміз, алдағы жылдардан зарыға күтеміз!.. 

Ертіс арнасындағы үшінші станса Шүлбе ГЭС-інің құрылысы 1976 жылдың ақпан айында басталып, 1981 жылдың аяғында ток бере бастады. Өскемен шәрі мен сол жағалауда тұрғызылған Шүлбе қаласының аралығында қолдан жасалған, су қоры мол жаңа тоспа пайда болды. Демек, жаңа жарма қазуға қаржыдан өзге ешқандай бөгет жоқ. Бұл болса – Қаныш сынды ұлы кемеңгердің 1949 жылда-ақ көксеген ұлы арманы! 

Тарихи-танымдық бұл материал жазушы Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» кітабының «Мүсәпір елдің тағдырын кім ойлайды?» тарауынан (Астана: Фолиант, 2016. – 320-327-бб) алынып, ықшамдалып берілгенін ескертеміз.