Жолаушы емес, жоқшымыз!
29.08.2023 1342

Аттаныс

(Алғашқы адым)

 

Жоқшылар, жоқшылар,

Сөнбей қалған шоқ бұлар!

Шоқ емес-ау, жоқ емес-ау,

Лаулап жанған от шығар.


Әлқисса! 

Тура бір жыл бұрын Міржақып әкемнің туған өлкесі Қызбел атырабына арнайы сапар жасап, басына барып, аруағына құран бағыштап қайтқанбыз. Енді міне, құйысқанымыз көтеріліп, тізгін алып, аяғымыз үзеңгіде тұр. Бұл жолы алысқа, бұрын-соңды болмаған тың сапарға аттанғалы отырмыз.

Бұл халықаралық һәм ғылыми-танымдық экспедициямыз «Алаш жолымен: Ресей бағыты» деп аталды. Құрылғанына бес жылдай уақыт болған Qyr balasy қоғамдық қоры мен оның Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми зерттеу институтының ұйытқы болуымен ел тарихында алғаш рет көп құрамды, әсіресе жастардан құралған, Алаш тақырыбында ізденетін зерттеушілерді ұзақ мерзімге бастайтын іргелі де бірегей жоба болып отыр. Түркия, Өзбекстан, Ресейге жасалған халықаралық бірнеше экспедицияны түгел қамтығанда осымен жетінші мәрте ұйымдастырылған болып шықты.

Тамылжып тамыздың төртінші таңы да атты. Саршатамыздың нақ өзі, күннің ыстығы қайтпаған шақ. Бір айдан астам уақыт бойы дайындалып, пісіп-жеткен экспедицияның атқа қонатын сәті келіп жетті. Qyr balasy Алматы жастары Атырау өкілдері келіп қосылған соң, бізден ертерек әуежайға жиналғаны белгілі болды. Олар бесеу: жалпы осы экспедиция жетекшісі, ел білетін Елдос Тоқтарбай, қордың атқарушы директоры, жас бастық Ертай Біләлов, тамаша суретші, дарынды дизайнер Назерке Болатқызы, Атырау бөлімшесінің бастығы, жас та болса, бас болған Ерасыл Әбдіғани және қатарымызға енді қосылса да, тыңғылықты істерімен көзге түскен Таңнұр Жеңісқызы. 

Ал бас қаладан шығатын он шақты экспедиция қатысушысы филиал бастығы Жауынбай жайған дастарханда бас қосып, жиналатын болып келіскен. Астанаға әр өңірдегі филиал басшылары: Семейден Ақжол Қадылбекұлы, Керекуден Айнұр Бағланқызы мен Көкшетаудан Мадияр Боранбай келіп қосылса, қалғаны елордада тұратын: Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми зерттеу институтының директоры Ұшқын Сәйдірахманұлы, сайттың бас редакторы, көпке танымал журналист Бүркіт Нұрасыл, конвергентті журналист, Qazaqstan tarihy интернет-жобасының бас редакторы Алтынбек Құмырзақ, ғазымбектанушы Данияр Ихсан, әдебиетші Жауынбай Жылқыбайұлы, тарихшы Бөпежан Саутова және осы жолдар авторы болып, бас-аяғымыз жиналып болғанша, ақырында әуежайда табыстық. 

Астана уақытымен сағат 22.05-те ұшатын ұшаққа 20.00-де келу пысықталған. Айтылған межеде барлығы да жиылған соң, бұрын көрген-көрмегеніміз бар, танысқан-таныспағанымыз бар, ұзақ та жауапты һәм маңызды сапар алдында қауышып, мәре-сәре боп жаттық. Қолға алған жүгіміз ықшам, артқан рюкзагымыз жеңіл, құжатымыз түгел, топ құрамы кеден рәсімдерінен түгел жеңіл әрі жылдам өте шықты.

Әуе кемеміз Scat компаниясына тиесілі екен. Соңғы кездері қалың жұртшылықтың қатты сынына ұшырап жүрген компания дер кезінде ұшатын болды-ау әйтеуір, бұған да шүкір. Құс денелі, бүркіт басты алып кеменің іші жарасымды әзілге, қағытпа қалжыңға ұласып кете берді. Өзгелердей емес, бір-біріне тосырқай қарап, сырты сіресіп, іші жылымай отырған жолаушылардай болмай, қатарынан алынған он орын оңай ма, салонды әжүк-гүжік әңгімеге толтырып-ақ жіберді.

Міне, ұшағымыз да қозғалды. Баяу сырғып, оңға-солға бір-екі бұрылып, тақтайдай тегіс жолаққа жеткен соң, тепсінгенде бауыры ойнап, жұлқына шапқан аттай болып созылды ғой шіркінің! Қара түн жұтып бара жатқан қаланың жылт-жылт еткен сәулесінен алыстап барады. Із тастап ұшты аспанға!

Неге екені белгісіз, осы кезде марқұм Табылды Досымов ағамыздың өлеңдері ойымды он орай берді: «Қыр баласы тауға қарап өспейді, Қыр баласы қол созады аспанға!» 

«Алты алаштың алыптары берсе дем,

Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем.

Биіктікті айналайын, туған ел,

Қыранының қанатымен өлшеген».

Қыран қанатында қиял да шексіз. Көкті шарлап кезіп береді. Жеті қабат бұлтты жарып, жеті қат көкті тесіп, өрлеп барады. Биікке ұмтылған сайын жерден тілегенің көктен табылып, арманға қол жеткендей қуаныштың арнасы тола береді. Осындай сәтті ақын жырынан артық ешкім айтып бере алмайды-ау. Тіпті бард ақынның баритон дауысы тура құлақ түбінен естілгендей еді.

«Бір құдірет тұла бойды тасқанда,

Құлаш ұрмай тауға, шыңға, асқарға,

Қыр баласы тауға қарап өспейді,

Қыр баласы қол созады аспанға...»

Аспанға қол созған Qyr balasy мінген ұшақ тиісті межеге жеткен соң, жайлы, сабырлы қалпына түсті. Салон ішіндегі әңгіме қыза түсті. Әсіресе ту сыртымыздағы Бүркіттің саясат деген сары суды сапырып қойып, баптап айтқан сөздері ұйқылы-ояу жатқан бізге естіліп жатты. Бір уақытта тағы тыңдап көрсек, Бүкең дос қазақ даласынан асып, әлемдік геосаяси жағдайды талдап жатыр екен, грузин халқының мақтанышы Михаил Сакашвилидің аянышты тағдырына қаны қайнап, жаны ауырғанын байқадық. 

Қош, алып әуе лайнері төмендей бастаған шақта үзік-үзік мамықтардың арасынан жылт етіп жарықтар көзге түсе бастады. Бұл, сірә, біз беттеген қаланың түнгі оттары болса керек. Дәл осы сәтте басымның қатты солқылдағаны! Бұрын да Түркия, Қытай, Өзбекстан тарапына ұшып-қонып жүрген басымыз осы жолы бұлай болады деп кім ойлаған?! Құдды біреу ұстап алып, шандып байлап, шірелеп тастап, басыңды тесіп, миыңа ине сұғып жаныштап, азаптап жатқандай күйге түскенім-ай! Денсаулығымызға байланысты шағымымыз жоқ, бұрын-соңды қысым, бас айналу дегенді білмейтін басымызға не күн туғанын түсіне алмай, мең-зең қалыпта орнымыздан тұрдық.

Мәскеудің Внуково әуежайына тоқтаппыз. Өз қаламыз сияқты мұның да кедендік рәсімдерінен еш кедергісіз тез өттік. Сұраған сақшылар болса, «ғылыми тағылымдамамен келдік» деп жауап бердік, олар қолымызға көші-қон қағазын ұстатып жатты. Бұл – қазіргі Ресейде қалыптасқан жағдайға байланысты туындаған кеп екен, жүріп-тұрғанда жоғалтып алмай өзіңмен ала жүретін құнды құжат болып шықты. Зәудеғаламда бүлдіріп, жыртып, не жоғалтып алған жағдайда айыппұлын төлеуге мәжбүрсің. 

Бұрын Мәскеуге жетсек те, Шереметьево әуежайынан сыртқа ұшып жүргенбіз, ескі одақтың астанасының өзіне алғаш рет қадам басып тұрмыз. Багажға тапсырған қоржындарымыз да көп өтпей келе қалды. Әуежайдың алдынан экспедиция жетекшісі Елдос Тоқтарбай күтіп алып, қайда, қалай баратынымызды азды-көпті түсіндіріп жолға салды. 

Екі сағат бұрын Алматыдан ұшқан топ қонақ үйге жайғасып үлгеріпті. Ол қаланың орталық алаңында, әуежайдан 41 шақырым қашықтықта екен. Ғимараттың алды толған таксиші, өң-түрі азиаттық болып келетін өзіміздің өзағаң мен қырғыз бауырлар. Жамырай айғайлап, дабырлай дауыстап-ақ жатыр. Елдос дайындап қойған үлкен көлікке жайғасып алып, тартып бердік. Көлік тізгіні – өзбек акада. Ол алдымен Киев тасжолымен бастап жүріп, он бес минуттан соң МКАД айналма жолына түсті. Мәскеу айналма тасжолы – жалпы ұзындығы 108 шақырымды құрайтын, құрылысы 1956 жылдары басталып, 1984 жылдары аяқталған бірегей жол жобасы. Ешқандай бағдаршамы жоқ бұл жолда жеті адамдық сары автокөлік 90 км/сағ салып ұрып келеді. Рұқсат етілген жылдамдық мөлшері 100 км/сағ. Сондықтан болар, біріне-бірі тиер-тиместей қатты жүріп ызғытып бара жатқан көліктер тасқыны дерсің.

Жүргізуші МКАД жолынан Можайское бағытына бұрылып, Кутузов көшесі арқылы Наумов қонақ үйіне жеткізгенде сағат тілі түнгі 00.45-ті көрсетіп тұрды. Түннің жарымы ауса да, жаздың жылы күнінде адам қарасы азаймаған, керісінше қыдырымпаз, шуылдақ жастар жағы басым, Мәскеу ұйықтамайды. Мәскеу ұйықтамағанымен, күндізгі қарбалас, кешкі жол, түнгі тынымсыздық бар – біздің ұйқымыз келді. Тиісті нөмірлерге екі-екіден бөлініп, тең-жүктерімізді алып, бөлмелерге ендік.

 

Көсемге тағзым

(Бірінші күн)

 

Біздің түскен жер, орналасқан орнымыз Мәскеудің «Чистые Пруды бульвары» деп аталады. Таңғы асымызды ішу үшін бәріміз аяңдап, екі жағы жасыл желек жамылған саябақтың ішімен жүріп өттік. Мұнда орыс ақыны, прозаик, драматург, дипломат, лингвист, тарихшы, шығыстанушы, пианист және композитор, мемлекеттік кеңесші А.С. Грибоедовтің ескерткіші қарсы алды. Тарихта бір ғана шығармасымен («Ақылдың азабы») қалған тұлғаға ескерткішті соққан-ақ екен! 

Қандай еңселі еді! Қандай көркем еді! Қандай шынайы еді!

Бұл ескерткіш жазушының қайғылы қазасына 130 жыл толғанда, яғни 1959 жылы орнатылыпты. Ал Александрдің өзі осы жерден бірнеше минуттық жерде, Мясницкая көшесіндегі №42 үйде тұрыпты. 

Советтік тарихнамада есімі белгілі Н. Крупскаяның да ескерткіші осы алаңда. «Ол – сенің апаң», «руың бір дейді ғой», «ауылыңда ескерткіші бар екен-ау» деп қағытқан достар қалжың барынша шынайы шығып жатты. 

Әзілі әзіл, сөзі сөз, бәрі өз орнымен, тек бұл күні біздің орындамауға болмайтын бір міндетіміз бар. Ол – тағзым ету. 

Осы он бесіміз түгел түп қопарылып, экспедициямыздың формасын киіп, сөмкемізді асынып, метроға түстік. Метроға міндік дегеннен гөрі түстік дегеніміз жөн екен. 

Мәскеу метросы! Метрополитен! Мәскеу метрополитені!

Метро – қала және қала маңында, кейде облыстар аумағында жүретін жер асты қоғамдық электр көлігі. Тұрақты һәм тәртіпті жүйеде сартылдатып жұмыс істейтін, кешігу дегенді білмейтін, тіпті кешіккен жанның өзін жедел жеткізетін бірден-бір, тыпыршып тұрған темір ат. Мәскеу метросы посткеңестік кеңістіктегі бірінші және ең үлкен метро болып саналады. 

Тарихы 1935 жылдан басталатын жерасты жолының ашылу салтанаты 15 мамырда өтіпті. 2019 жылғы мәлімет бойынша, жылына 2530,8 млн адам тасыған. Бұл деген бір Алматының халқын 100 пайыз ары-бері жеткізген деген сөз ғой. Метрополитендегі линияның саны 14 болса, 258 станса бар, барлық жол жүйесін қосып есептегенде 450 шақырымға жуық қашықтықты қамтиды. Ең қызығы, Мәскеу айнала соғылған қала, метросы да шеңберлей салынған. Оның ұзындығы 19 шақырым. 

Әрбір стансаның алдында алып шеңбер қабырға тұрады, ол – метрополитеннің сызбасы. Онда он төрт линияның басы мен аяғы, қиылыстар мен бұрылыстар – барлығы да түрлі түстерге боялып анық көрсетілген. Жетекшіміздің түсіндіруі бойынша, метроның қайдан, қалай келе жатқан бағытын аңғара алған адам көп адаспайды. Сызбанұсқаның бірін телефонға жүктеп алған соң, ендігі шаруамызға кірістік.

«Чистые Пруды» стансасынан біз «Тургеневская» стансасына қарай қозғалып, «Калужскаяға» бағыт алдық. Осы кезде бір тосын оқиға болды. Экспедицияның қызық-шыжығы қатар жүргендіктен бұл жайтты жазуға мәжбүрмін, себебі бұл бір жағынан сабақ, екінші жағынан болған шындық. Жақсы көргендігімнен, «Желқұйын» деп атаған жиен-жетекшім бір қатысушының жер-жебіріне жетіп келеді, сөзбен сыбап, қалпақпен қағып келеді. Сөйтсек, мұндай жауапты сапарға алғаш шығып тұрған жас мүшеміз Ертай тапсырылған қор туы мен кітапты ұмыт қалдырыпты. Аса маңызды шаруада қажетті заттарды қайта-қайта сұраса да, «иә, иә» деп жүріп, естен шығарып алыпты. Эмоцияға келгенде елді тыңдамай кететін Елдосымыздың айғайы осыдан шықса керек. Араша сұрап, ортаға түспек болғанымыз бекер кетті. Өзге мүшелерде үн жоқ. Мынадай «ұр, тоқпақтан» кейін ол қайдан болсын!

Сөйтіп «Тургеневскаяда» тұрғанымызда тарсылдап, өкіріп-бақырып метро да жетті, жылдамырақ міне қоймаса, адамның шыққаны мен кіргеніне қарап жатпайтын, есігі автоматты түрде жабылатын бір дүлей неме екен. Ал ішіндегі жайлылық, салқын леп бөлек жыр. Зуылдаған зың-зың жүрісіне қайран қалмасқа амалың жоқ. Ыстамбұл, Анкара мен Ташкенттің метросын көргенімізбен, Мәскеу метросына бәрібір бас шайқадық қой! 

«Октябрскаядан» өткен соң, ым қағылды. Бұл – «келесіден түсеміз» деген ишара. Жетекшіміздің жол бастауымен «Шаболовская» стансасынан шығып, Дон қабірстанын бетке алдық. №40 үйден бұрылмай, төте тартып, зират қоршауының ортан беліне жеткенде топқа гид жұмысы басталды. Қоршаудың ортасында әрбір жиырма қадам сайын кездесетін алып қорған кезінде крематория қызметін атқарған. Қашан жабылып жұмысын тоқтатқанға дейін жазығы-жазықсызы бар қаншама тұлғалардың әзіз денесін өртеген. Одаққа қараған әрбір ұлттық бас көтерер азаматтары, елінің ертеңі үшін басын бәйгеге тіккен асылдар осында отқа оранған. Бұл – ұлт тарихындағы ғана  емес, адамзат көшіндегі ең қасіретті күндер болса керек.

Қоршауды айнала жүріп бас қақпаға жеттік. Қабірстан Мәскеудің оңтүстік батыс тұсында орналасқан, бұл жерде ескі жылдары Дон монастыры болған, ХХ ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап жаңа зират ретінде белгіленіп жұмысын бастаған екен. Қорымның аумағы 13 гектар жерді алып жатыр. Дон қабірстаны екіге бөлінеді: ескі бөлігі 1591 жылдардан басталатын көне зират болса, жаңа Дон қорымы 1910 жылы Дума спикері болған С. Муромцевтің жерленуінен кейін ашылған екен. 

Қорымға кірген бетте сол тарапта қарай орта тұстағы бауырластар қабіріне қадам бастық. «Мұндай Бауырластар зиратының тоғыз түрі бар» деді гид-жетекшіміз. Адам бойынан асатын алып құрылыстар, кісі бейнесі қашалып, та сызылып та, жапсырылып та жасалған құлпытастар жағалай самсап тұр. Құдды зират емес, қала ғимараттарын аралап жүрген сияқтымыз. «Өлілер қаласында» өлі тыныштық. Үнсіз ғана ілбіп басып, «Нөмірі үшінші Бауырластар қабіріне» таядық. Бұған дейін талай мәрте суреттер мен бейнефильмнен көрген аядай ғана қабір. Үлкен белгі тастың айналасына сояудай болып шаншылған темір-тақталар. Есім-сойы өшпестей етіп жазылған, сол кездегі одақтың әр қиырынан іріктеліп алынған, атылған, өртелген тұлғалар. Себебі мұндай әрбір ұлттың өз мақтаныштары жатыр. 

Соның ішінде біз арнайы іздеп келген, бұл қалаға ат басын бұрған әрбір қазақ баласы басына тәу етпей кетпейтін ұлығ тұлға – Алаштың арыстандай азаматы, ұлт көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан жатыр. Дұрысында оған үкім шығарылып, дәл 1937 жылғы 27 қыркүйек күні атып өлтірілген оның адал шәкірті Нығмет Нұрмақұлы екеуінің сүйегі өртеліп, күлі көмілген. 

Сонымен бірге біз грузин-совет қайраткері Авель Енукидзенің, Совет одағының алғашқы бес маршалының біреуі Михаил Тухачевскийдің, армия қолбасшысы Август Корктың, әскери корпусты басқарған Роберт Эйдеманның, тәжік елінің көсемі Шотемор Шириншоның және көптеген басқа адамдардың есімдерін оқыдық.

Мұндағы ең басты мақсатымыз – тұңғыш президентіміз Әлихан Нұрмұхамедұлының аруағына құран бағыштау, дұға қайырып, бата тілеу. Әсіресе жас толқын алаштанушылардың – біздің ізбасарларымыздың жолын ашу, Алаш арысының әдеби бүркеншік есімімен аталған қор мен төл атын алған институттың ғылыми қызметкерлерінің бағытын айқындап, тұғырын бекітіп беру болатын. 

Жас болғанына қарамастан, дінге ертерек бет бұрған Ерасыл бауырымыз нәшіне келтіріп, күмбірлеп құран оқыды, біз батасын қайырдық. Институт директоры Ұшқын Сәйдірахманұлы сапарымыздың мән-маңызы, қор жұмысы мен ғылыми мекемеміздің мақсатын, мұратын түсіндіріп, жастардың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Жолбасшымыз Елдос Нүсіп баласы Әлихандай ұлт әкесінің тағдырлы да тағылымды өмірінен, өнегесінен мысалдар келтіре отырып, оны ұлықтау үшін барлық күш-жігерімізді, дүниемізді аямай, сарқа жұмсау қажеттігімізді жетемізге жеткізді. Бұдан кейін бірер сәт әркім өз ойымен, өз ішкі толғанысымен болып, арада біраз үнсіздік биледі.

«Қайран, Арыс! 

Қаршадайын елім деп, ұлтым деп, қайтсем де осы халықты теңдікке жеткіземін деп етігімен су кешіп, кесе толы у ішіп, «алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, тезек теріп жұрт соңында қалады» деп, ақырып азаттық деп ұмтылған ердің Ері едің-ау!

Ақ жағалы патша ұлықтары «жабайы, қараңғы» қазақтың оқыған балалары қайда барар дейсің» дегендей миығынан күліп, мырс-мырс етіп кеңкілдегенде, отаршылдықты жеңудің кілті орысша оқып, сол тілде жауап қату екенін түсінген жігіттің Жігіті болдың ғой!

Қазақты ұзақ жылдар билеп-төстеп келген Шыңғыс ұрпақтарына халықтың емес, қара басының қамын күйттеп кеткендігін туғаны болса да турасын айтып, «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп серт берген, сертінде тұрған төренің де Төресі өзің едің ғой!

Көшкен елдің теңі ауып, жаз жайлауға, қыс қыстауға жөңкілетін дәстүрлі шаруашылық жайын бес саусағындай білу үшін теріскейден түстікке, шығыстан батысқа шиырлап жол тартып, бұл даланың астындағы, үстіндегі байлығын түгел көзбен емес, көңілмен оқып, көкейіңе тоқып, осыны халық мүддесіне жұмсауға арыстанша алысып жұлысқан азаматтың Азаматы атандың емес пе?

Туған халқым адамзат дамуынан көш кейін қалып барады, өркениетке ілесу үшін оқу мен білімнің, ғылымның маңызын ерте түсініп, діни фанатизмнен іргесін ертерек бөліп, демократия құндылықтарға қазақ топырағына әкеп егіп, «ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп қасқайып мінез танытқан қайраткердің Қайраткері өзің ғой!

Жер бетіндегі қанқұйлы, жауыз лагерьлер жүйесінің сан алуан қитұрқы амалдары мен әр қилы айла-тәсілдеріне тайсалмай, еңсесін тік, кеудесін асқақ ұстай біліп, «зұлымдық империясының» саясатын әшкерелей беріп, «момын елді біз кетсек, қырып тастайды» деп, эмиграцияға кету мүмкіндігі жоғары бола тұра, бір қадам алға баспаған, кешірім сұрап кері шегінбеген, сөйтіп елін мен жерін, Отанын жауға тастамаған қайсар да өр, рухты тұлғаның Тұлғасына айналдың-ау!

Ғасыр басындағы алаға да бұлағай төңкерістер арасында кішкентай ұлтының тағдырына алаңдап, саясат жолын таңдап, заңын жасақтап, партиясын құрып, дипломатиясын қалыптап,  үкімет пен армияны жасақтап, шекарасын сызып, әдебиеті мен жазуын, мәдениетін негіздеп, ғылымын бағыттап, қысқасы, адамзат көшінен әлдеқайда алыстап қалған сүйікті ұлтты қайта тудырған көсемнің Көсемі өзің емессің бе?

Уа, қадірлім, қымбаттым! Сенің шеккен әрбір азабыңның бір сәтінің қадірін білмейтін, сезбейтін неткен сорлы едік біз?! Сен барған жер, басқан топырағыңның ізін қастерлей алмайтын қандай тасмаңдай едік?! Азат басыңды азапқа тігіп, қу жаныңды шүберекке түйіп әперген бостандық деген ұлы құндылықты уыстан шығарып ала жаздаған нендей санасыз жандар едік?!

Кешір бізді, әз көсем! Кешір бізді, ұлт әкесі!»

Осындай өзіме тым ұзааақ, шындық өмірде сүт пісірімдей уақыт өткенде үнсіздікті экспедиция жетекшісі бұзды. Сапарымыздың бір ұмытылмас белгісі ретінде һәм осы әрбіріміздің болашақ өміріміздегі алатын зор маңызы үшін естелік суреттерге түсіп, бейнероликтерге сюжеттер жасау жайы ескертілді. Әлгі қордың туы мен кітаптарды ұмытқаны үшін Ертайды ит қосып әлдеқайда қуып жіберген. Оған тіпті суретке түсуге де рұқсат жоқ. 

Қалған он төртіміз жекелей болып та, жұпталып та, топталып та, барынша әсерлі, қажетті фотосуреттерге түстік. Қордың негізін қалаған Е. Тоқтарбай, осы жолдар авторы және Ұшқын Сәйдірахманұлы үшеуміз тарихи таспаға тартылып, көңіл түкпірінде жатқан бір міндеттен құтылғандай жеңілдеп қалғанымыз рас. Осы жолда алғашқы қадамды бірге жасасқан Ерін Ерланұлы досымыздың сапарға шыға алмағаны болмаса, ойлаған бір мақсатымыз орындалды десек те болады.

Дон зиратына кіргеннен бастап әз бабамыздың басына қалай барудың жолын ұмытып қалмастай ойға бекіп, көңілге бір түйіп алған соң, іштей «біз әлі оралармыз» десіп, сыртқа шықтық. Біз енді екінші тағзым орнына үлгеруіміз керек. Бұл жолы «Шаболовская» стансасына тіке тарттық та, жол қысқарттық. 

Метрополитеннің іші – бір қайнаған тіршілік, адам тоқтаусыз  ағылып жатыр. «Біз ғой, экспедицияға келдік, бірер күн жұмыс істейміз», «ал мына халық не істеп жүр?» деген ойға келесің. Әр түрлі ұлттар, рең-басы бөлек кісілер, жасы да, жасамысы да осында. Бейне жер беті ғана емес, жеті қат жердің асты да тірі адамның игілігіне айналғандай. Стансадан біз баяғы «Чистые прудыға» қарай жоғары өрлеп, өткелде ат ауыстырғандай болып, «Фрунзенская» стансасына аттандық. «Үлкен Пироговская» көшесімен құлдилап отырып, Новодевичье зиратына жеттік. 

Тарихи деректерге сүйенсек, Новодевичье монастырының іргесі 1524 жылы қаланған. Ал зират есебінде жұмыс істей бастауы ресми түрде 1904 жылдан басталады. Зираттың жалпы ауданы 7,5 гектардан асады. Қорымның қазіргі аумағы үш бөлікке: ескі (1-4-бөлімдері), жаңа (5-8-бөлімдері) және ең жаңа (9-11-бөлімдері) бөлінген. Онда 26 мыңға жуық адам жерленген деседі. 

Зиратқа кірген бетте сол жақ қабырғаға жақындасаңыз, сол қабырғаны тұтас алып жатқан ескерткіштерге тап боласыз. Бұл ескерткіш белгі ғана емес, дәл соның артында олардың сүйектерінің күлі де қойылған еді. 

Мұнда әз Әлихан әкеміздің тұңғышы, орыс халқы Елизавета деп атаған, профессор Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақасова жатыр. Жатыр дегеннен гөрі оның да асыл денесі өртеліп, күлі төгілген десек дәл болады. Ұлт тарихында өшпес із қалдырып, жасындай жарқылдап өткен бірегей тұлға Смағұл Сәдуақасұлының зайыбы Зейнеп апамыздың көрген азабы, шеккен қасірет аз емес-ау. 

Қазақ даласындағы отарлау саясатын ашық әрі қатты сынаған С. Сәдуақасұлын Мәскеуде 1933 жылы қастандықпен өлтіргені белгілі. Осы қайғылы қазаға орай қаралы жиын өтіп, оған қайынатасы Әлихан, Мәскеудегі қазақ зиялылары, студенттер қатысқанын білетін едік. 

Азалы, ақтық сапарға куә болған студент Ғалым Малдыбайұлының (экспедиция кезінде біз оның кітаптарын таптық – З.К.) естелігіне құлақ түрелік: «Бір жолдас: «Өлерінен екі күн бұрын Смағұлға барсам, жүдеген екен, халы төмендеп, көзі көрмеуге айналған екен. Бірақ ақыл-есі дұрыс екен.

– Смағұл, қалайсың? Тиышпысың? – дедім.

– Тиышпын. Ана жылдары ұрсып жүргенде «сен өлсең, мыңдаған «пахарон» жасаймын деуші едің, енді жаса «пахаронды» деді» деп, ол жолдас шорт кесіп, әлденелер ойына түскендей қабағын шыта қалды...

...Крематория басына жиналғандардың ішінен бір жолдас: «Смағұл өмірінде сатылуды жек көретін, өз жолында мықты жігіт еді. Оқуын бітіре салып, қазаға ұшырағаны аса аянышты болды» деді...»

Осы қайғылы қазаны көзбен көрген кісілердің біреуі – Мәриям Хәкімжанов еді. Ол туралы естелігінде Әлихан әкенің көңіл күйі, мінезі, киім киісі, сөз сөйлеуі, қасындағы қолтықтап ұстап тұрған адамдардың кім екені, марқұмның асыл денесін крематорияға жөнелтілуі, кішкентай саңылаудан сығалап қарағаны – бәрі де тәптіштеп жазылған болатын. 

Жарынан жұмбақ жағдайда бір, әкеден «халық жауы» деген айыппен екі айырылған Зейнеп Әлиханқызының басынан алдағы күндері де қасірет бұлты арылмаған. Жасының жетпейтініне қарамастан, жалғыз ұлы Ескендірді майданға аттандырған сұм соғыс! Өзі де тіленіп, майданға сұранды. Тектінің тұяғы аман қайтпады, ал анамыз қазақ қыздарының арасынан тұңғыш майор әскери шенін иеленіп оралды. 

Осыншама қайғыны көтерген әзіз жан тағдырға мойынсұнса да, мойымады. «Өлгеннің соңынан өлмек жоқ», «тірі адам тіршілігін жасайды» дейді қазақ. Зейнеп апамыз медицина ғылымында маңдайы жарқырап, елеулі із қалдырды. Түсік жасаудың зиянды құбылыс екенін анықтап, ғылыми еңбек жазып шықты. Бұл сол кездегі одақ үшін үлкен жаңалық болатын. 

Ескерткіш белгіде «Профессор Садвокасова Елизавета Алихановна 8.V.1903-22.VI.1971» деп бедерлеп қашалып жазылыпты. Жөйіт ұлтынан шыққан кейінгі жолдасының, о да ғалымның есімі де тасқа басылған. 

Новодевичье қорымына советтік биліктің басшылары Н. Хрущев, М. Горбачев, Б. Ельцин, басқа да көптеген тұлғалар жерленген. Кезіндегі одақ кинематографияның аңызы Ю. Никулиннің зираты осында дегенді естіген соң, оң қапталға қарай ойысып, сол маңнан атақты артистің отырған клоун бейнесін көрдік. Никулиннің 1996 жылдары одақтың бас алаңы – Қызыл алаңда әскери шеру жолымен халқымен қоштасқанын алыстағы жарығы өшіп қала беретін шағын ауылдағы теледидардан көргеніміз санамызда тағы бір жаңғырды. 

Тағы бір қабірге бардық. Қазақ болып тумағаны болмаса, қазаққа қазақтан артық қызмет қылған Затаевич марқұм қайырылмай қалай кетерсің! Бізге дейін талай адам барып, тағзым еткен бұл тұлға қазақ үшін қадірлі. Ешбір ұлтқа, шекараға бөлінбейтін музыкаға берілген жанға білетін бірер аят-сүремізді оқып, бетімізді сипадық. 

Ұлт демекші, поляктан шыққан үш қайраткердің қазақ ғұмырындағы орны айрықша. Атыңнан айналайын Адольф Янушкевич 1840-1850 жылдары өлке тағдырындағы ер тұлғалар Құнанбай, Барақ сұлтан, Қисық төрелерді тасқа жазып таңбаласа, «Ақмола – болашақ астана» деп көрегендікпен болжаса, мың болғыр Затаевичіміз қазақтың 1000 әні мен 500 күйін жинап, нотаға түсіріп, мәңгілік мұра етіп қалдырды. Ал үшінші поляк азаматы Е. Брусиловскийді білмейтін бүгінгі адам кемде-кем. 

Қорым қақпасынан алдына жиылған он бесіміз де төрт көзіміз түгелде, күн жарықта ашық аспан астында жалпы суретке түстік те, «Спортивная» метросына қарай аяңдадық. Алғашқы күнгі сапарымыз жаман болған жоқ, жүрер бағыт, барар жолымызды жетік білетін жетекшіміздің барына қуанып қайтып келеміз. 

Әркімнің басында әр түрлі ой, әр түрлі сауал. 

Сапардың мақсаты біреу болғанымен, экспедицияның әр мүшесі өз жоғын іздеп келеді: біреу Алаш ардақтыларының басына тағзым еткісі келсе, біреуі ар алдында арылуды аңсайды. Енді бірі ұлт жолына жұмылатын мінезді, ғалым адам болуды тілек етсе, тағы бірі жан тазалығын, рух бостандығын көксеп келеді. Бәрімізді тоғыстырған жалғыз мүдде бар: ол – қасиетті Алаш идеясы – сол идеяға деген адалдық еді.

Сонымен тамыздың бесі күнгі сапарымызды ойдағыдай тәмамдағанымызға бір қуанып, мегаполис қаладан табылған өзбек асханасына екі қуанып, әңгіме-дүкен, әзіл-қалжыңмен кешкі асымызды ішіп, ішке ел қондырған соң, ертеңгі шаруаларымызды ойша саралап, жастыққа бас қойдық.

Жалғасы бар…