Ауылшаруашылық саласын қалыптастыруға үлес қосқан ғалым
30.03.2023 2505

Қазіргі Қазақстанның ауылшаруашылық ғылымы – жан жақты салаланған, халық шаруашылығын дамытуға зор үлес қосып отырған ғылыми мекемелер кешені ретінде дамып отыр. Әрбір жетістіктің астарында осыған дейін сіңірілген еңбек, күш-жігер тұратыны сияқты, отандық ауылшаруашылығы ғылымының дамуында да түрлі кезеңдер бар. ХІХ ғасырдың екінші бөлігінен бастап Қазақстанның флорасы мен фаунасы жөнінде Ресейдің белгілі биолог ғалымдары тарапынан іргелі зерттеулер жасалып, еңбектер жазылды. Осы кезеңде қазақтар арасынан да жоғары, арнайы білім алған ұлттық кадрлар шыға бастады. 


Атап айтқанда болашақ «Алаш» көсемі Әлихан Бөкейханов Петербургтегі Императорлық орман институтын бітірді. Патшалық Ресей тұсында қазақ даласын кешенді зерттеуге мүмкіндік болған жоқ. Тарихқа үңілетін болсақ, Қазақстандағы ауылшаруашылығын ғылыми дамытудың негізі Қазан төңкерісінен кейін, яғни өткен ғасырдың 20-жылдарынан басталған екен. Атап айтқанда 1924 жылы Қазақ АКСР-і Өлкелік өсімдік қорғау станциясы, 1926 жылы Тыңайтқыш және агрономдық-топырақтану ғылыми-зерттеу институты, 1925 жылы Санитариялық-бактериалдық институты құрылған. 

ХХ ғасырдың отызыншы жылдары Қазақстанның ауылшаруашылығын дамытуға барынша мән берген Кеңес үкіметі билігі көптеген маңызды шешімдер қабылдаған. Атап айтқанда КСРО Ғылым академиясы Төралқасының шешімі бойынша 1932 жылы 8 наурызда КСРО ғылым академиясының Қазақстандық базасы құрылды. Бұл мекеме 1946 жылы 1-шілдеде құрылған Қазақстан Ғылым академиясының негізі болды. 1932 жылы зоология және ботаника секторлары жұмыс істеп тұрды. 1933 жылы Мал шаруашылығы институты құрылды. 1935 жылы ел астанасы Алматыда Ботаника бағының негізі қаланып, өз жұмысын бастады. Ал 1935 жылы Егіншілік институты, Мал дәрігерлік және ауыл шаруашылығы экономикасы институттары құрылумен қатар, ауыл шаруашылығы тәжірибе станцияларының тұтас жүйесі негізделіп құрылды. Оларда отандық ғалымдар шоғыры қалыптаса бастады. Ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру, су шаруашылығын жүргізу, орман, өсімдік қорғау, жеміс-жүзім шаруашылықтары, астық шаруашылығы институттары ұйымдастырылып, мамандандырылған институттар жүйесі жұмыс істей бастады. 1940 жылы Бүкілодақтық ауылшаруашылық ғылымдары академиясының (ВАСХНИЛ) Қазақ бөлімшесі құрылды. Бұл бөлімше республиканың ауылшаруашылығы саласындағы барлық ғылыми-зерттеу мекемелеріне басшылық жасап, олардың жұмысын үйлестіріп отырды. 

Сонымен қатар КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық базасы 1938 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі болып қайта құрылды. Бұл өзгеріс ғылыми-зерттеу институттар жүйесінің жедел қарқынмен дамуына серпін берді. 1939 жылы аталған бөлімше жанынан топырақтану және география секторлары құрылып, Қарағандыда Ботаника бағының негізі қаланған екен. 1943 жылы топырақтану-ботаника, зоология және тропиктік аурулар институттары құрылған. Мұның бәрі отандық ауылшаруашылық ғылымының дамуына, оларда алуан түрлі іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы халық шаруашылығын тиімді дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік туды. Ұлы Отан соғысы жылдары эвакуациямен келген одақтық әйгілі ғалымдар, дүниежүзіне аты мәшһүр көптеген академиктердің еңбек етуі де Қазақстан ауылшаруашылығының ілгерілеуіне көп септігін тигізді. Осы кезеңде қазақ халқының арасынан Кәрім Мыңбаев, Абдулғазиз Жандеркин, Әндіжан Есенжолов, Лұқпан Қылышев, небір мықты ғалымдар туып шыққан болатын. Солардың бірі – Қылыш Бабаев болды. Қылыш Бабаев – отандық ауылшаруашылық ғылымын қалыптастыруға үлке қосқан ірі ғалым. Ол 1913 жылы Қарағанды облысының Ворошилов (қазіргі Бұқар жырау) ауданында дүниеге келді. 

Ауыл мектебін бітірген соң Баянауылдағы шаруа жастар мектебіне түсіп оқиды. Одан соң Алматыдағы ауылшаруашылығы институты жанындағы жұмысшылар факультетіне оқып бітірген соң, Қазақ ауылшаруашылық институтына қабылданады. Институт қабырғасында жүргенде оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсенділігімен танылады. Институт кәсіподақ төрағасы болып сайланады. Институт профессоры Н.И.Маловтың ұсынысымен студент Қылыш Бабаев кеңестік құрылым институтында кеңестік ауылшаруашылығы өндірісі мен жалпы егін шаруашылығы бойынша дәрістер оқиды. Үшінші курстан бастап профессор Н.И.Маловтың жетекшілігімен «Көпжылдық бұршақ өсімдіктері мен өзге де ауылшаруашылық дақылдарына нитрагиендердің әсері» тақырыбында ғылыми зерттеу жұмысын жүргізеді. Қылыш Бабаевтың Қазақстан жағдайында бұршақ тұқымдастар мен көпжылдық бұршақ тектестерінің өсу жағдайларына нитрагиндердің әсері туралы зерттеулері көпшіліктің назарын аударады. Бұл жұмыстардың нәтижесі 1938 жылы шыққан «Ауылшаруашылық дақылдарынан жоғары өнім алу майданындағы нитрагин» брошюрасында жарық көреді. 

Ауылшаруашылық институтын үздік дипломмен бітіріп шыққан соң ол социалистік ауылшаруашылық өндірісті ұйымдастыру кафедрасында оқытушылыққа қалдырылады. Ассистент, оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушілігі бойынша сатылардан өткен Қылыш Бабаев студенттер мен оқытушы әріптестері арасында беделді, сыйлы болады. Сабағын тартымды өткізетін, кәсіби біліктілігі жоғары, теоретик, практик ғалымды жаңа қызмет жолдары күтіп тұрды. Кафедра меңгерушілігімен қатар, ол 1942 жылы В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егін шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының директоры қызметін атқара бастайды. Институттағы жұмыс пен қат-қабат зерттеу тәжірибелеріне қарамастан Қылыш Бабаев барлығына үлгеріп, өнімді еңбек етеді. Осы жылдары оның бастауымен ғылыми зерттеу жүргізген ғалымдар топырақты азтопен байыту арқылы мол өнім алу жолдарын жан жақты айналысады. Қазақстанның ауылшаруашылық жағдайына сәйкескен көптеген жаңа сұрыптарды шығару жолында күш жұмылдыру нәтижесінде 62 жаңа перспективалы, өміділігі жоғары дәнді дақыл сұрыптарын алуға қол жеткізді. 

1944 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясының Қазақ филиалы ашылады. Филиал төралқасының төрағасы болып Қылыш Бабаевтың әріптесі әрі жерлесі, қазақтың аса талантты ғалымы Кәрім Мыңбаев тағайындалады. Осы мекеменің құрылуы отандық ауылшаруашылық саласында еңбек етіп жүрген ғалымдардың жаңа тынысын ашады.   Еңбек өнімділігін арттыру, өнім сапасын жақсарту үшін қажырлы еңбек пен ынта-жігермен қатар, жергілікті өңірдің топырағы мен климатына үйлесетін жаңа технологиялар да қажет еді.

Қылыш Бабаев

Соғыс жылдарында ол өзінің бар білімін, білігін барлық ауылшаруашылық дақылдары бойынша жоғары өнімділікке қол жеткізуге жұмсады. Осы жылдары оның бастамашылдығымен дәнді дақыл, бау-бақша, жеміс-жидек, картоп-көкөніс, қант қызылшасы т.б. салалар бойынша жаңа агротехникалық тәсілдер көптеп игеріліп, шаруашылқтардың еңбек өнімділігі миллиондаған сомға артқан болатын. Ғылымның өндіріске қажеттілігі дегеннің не екенін халық жақсы сезінді. Дәл осы кезеңде Ыбырай Жақаев пен Ким Ман Самдар күріш өсіру бойынша әлемдік рекордқа қол жеткізген болатын. Бұл жетістікте дихандардың тікелей еңбегімен қатар, Егін шаруашылығы институты ғалымдарының өлшеусіз үлесі де бар еді.

Теория мен практиканы қатар алып жүре отырып ол «Қазақ КСР-і мал шаруашылық және егін шаруашылық аудандарындағы диқаншылық жүйесі» деген тақырыпта ғылыми диссертациясын сәтті қорғайды. Осы арқылы Қазақстандағы ауылшаруашылығындағы басты мәселелердің бірі – тіршілік көзі мал шаруашылығын дамыту үшін қуатты жем-шөп базасын құру жолдарын ұсынады.

Қылыш Бабаев «Қазақстандағы табиғат зоналары бойынша ауылшаруашылық салаларын орналастыру және диқаншылық жүйесі» атты тақырып бойынша биология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғау үшін қызу зерттеу тәжірибелік жолында жүрген шағында ұшақ апатынан қайғылы қазаға ұшырады. Осылайша отандық ғылымға орасан зор үлес қосар болашағы зор ғалымның шығармашылық ғұмыры да кілт үзілді. 

1948 жылы 30 қыркүйекте Алматыдан Мәскеуге іссапармен ұшып шыққан ұшақтың жарылуы салдарына болған апатта Қылыш Бабаевпен бірге оның үзеңгілес әріптестері, Қазақстан ауылшаруашылығы ғылымының белді өкілдері, Кәрім Мыңбаев, Сапар Нұғыманов, Хасен Наурызбаев және Федор Солодниковтер қаза тапқан еді. Бұл апат соғыстан кейін еңсесін тіктей бастаған отандық ауылшаруашылық ғылымы үшін орны толмас өкініш болып тарихта қалды.

Жемісті еңбегі үшін Қылыш Бабайұлы «Ленин» орденімен, «1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен үш мәрте, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің «Қазақстанға 15 жыл» төсбелгісімен марапатталады. Ерен еңбегі үшін 1943 жылы Қылыш Бабайұлына Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер атағы берілді. Кеңес дәуірінде Қылыш Бабайұлының есімін ел жадында мәңгі қалдыру үшін туған жеріндегі «Надежда» кеңшарын «Қылыш Бабаев» кеңшары деп атаған болатын. Бұл – қазіргі күні Үміткер ауылы деп аталады. 2023 жылы отандығы ауылшаруашылығы ғылымының қалыптасуына зор үлес қосқан талантты ғалым Қылыш Бабаевтың туғанына 110 жыл толып отыр. 

Қазақстанның ауылшаруашылығы қазіргі күні алдыңғы буын ғалымдардың салып кеткен сара жолымен дамуда. Егін шаруашылығындағы жер өңдеу, өнім алуды осы заманғы технологиялармен дамытып, отандық, әлемдік ауқымда астық өндіру, өзге де азық-түлік өнімдері қорларын жасауға біздің ғалымдарымыз да атсалысып жүргенін білеміз. Осы жетістік дейгейге жету жолында өзінің ғұмырын, білімі мен білік-тәжірибесін арнаған Қылыш Бабайұлы Бабаев сияқты ғалымдардың еңбегі ұмытылмайды.