Абайды ұстаз тұтқан - Зейнеп Қошқарбергенқызы
07.03.2023 890

 

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүріп, әдебиет тарихында ақын ретінде аты қалған қазақ қыздары санаулы ғана. Сол санаулы ақын қыздардың бірі – Зейнеп Қошқарбергенқызы. Осы кезеңдегі қазақ қыздары арасынан шыққан ақындардың айтулысы – Сара Тастанбекқызы десек, Зейнеп Қошқарбергенқызы да өзінің отыз екі жылдық азғана ғұмырында Арқа өңіріне танылып, шығармалары ел есінде қалған шығармашыл тұлға. 


Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы Уикипедия дерегінде мынадай мәліметтер берілген: «Зейнеп Қошқарбергенқызы (1881-1913) – әнші-ақын. Абайды өзіне ұстаз тұтқан, ақындық мектебінен үлгі алған. Екі жасында қорасаннан соқыр болып қалады. Жастайынан өнерге әуес, зерделі 3ейнеп тағдырына мойымай сырнай тартып, ауыл жиын-тойларындағы айтыстарда көзге түседі, әділетсіз өмір жөнінде өлеңдер шығарады. Абайға әдейілеп келіп танысып, ақын өлеңдері мен әндерін Арқаның түкпір-түкпірдегі алыс ауылдарына соны жаңалық, үлгі-өнеге ретінде насихаттайды. «Жігіттер, өнер ізде, тұрма жайға», «Талаптанған зерделіге кедейлік жоқ», «Серттен тайма», «Билерге» өлеңдерінде Абайдың ақындық мектебінен ауытқымай, оқу-білім жолында талмай ізденуге шақырады, Өзбыр заманның әділетсіз өктемдігін әшкерелейді».

Ақын Зейнеп Қошқарбергенқызы 1881 жылы бұрынғы Семей губерниясы Қарқаралы уезі, Абыралы болысының Бөрлі деген жерінде дүниеге келеді. Әкесі Қошқарберген – қолы шебер, ісмер адам болыпты. Зейнеп екі жасында шешекпен ауырып, екі көзден айырылып зағиып болып қалады. Сонда да өмірге деген құштарлығы арқасында құймақұлақтығымен айналасына танымал бола бастайды. Ақындардың өлеңдерін табан аузында жаттап алып, өзі де соларға еліктеп жанынан жыр шығара бастайды. Өзінің өлеңдерін домбыраға, гармонға қосып сүйемелдеп, әншілік қырымен де танылады. Ақынның талантын бағалаған ел-жұрты ойын мен тойдың көркі ретінде шақырып, ән салдырып, айтыстарға қатыстырып жүреді. Інісі Жолтайға еріп Арқаның сонау Қызылжарға дейінгі өңірлерін аралап, өз өнерін ортаға салады. 

Зейнеп Қошқарбергенқызының жалпы өмірі де, шығармашылық ғұмыры да қысқа болады. Зейнеп Қошқарбергенқызы 1913 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы өңіріндегі Кент тауы баурында өкпе ауруынан қайтыс болып, Нұркен аулы маңындағы зиратқа жерленеді. 

Зейнеп Қошқарбергенқызының шығармашылығы өткен ғасырдың екінші жартысында біршама жинақталып, кітаптарға енгізілген. Атап айтқанда педагог ғалымдар Қ.Жарықбаев пен С.Қалиев құрастырған, Алматы қаласындағы «Рауан» баспасынан 1994 жылы шыққан «Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы» атты жинақтың бірінші томында ақынның өмірбаяны мен сегіз өлеңі енгізілген. Бір ескерерлігі, Зейнеп Қошқарбергенқызының туған жылы Уикипедия бойынша 1881 жыл деп берілген болса, аталған кітапта 1888 жылы туған делінген. Ақын өлеңдерінің басты тақырыбы: адамгершілікті насихаттау болып келеді. Біздіңше, ақынның туған жылы 1881 жыл делінгені дұрыс болса керек. «Пенденің қайтарғанда тәңірім бағын» атты поэмасы 1906 жылы шығарылғанын ескерсек, бұл – 18 жастағы қыз үшін сәл артықтау жүк болуы мүмкін. Бұл өлеңдердің барлығы да тәрбиелік насихат сарынында болып келеді.

Солардың ішінде «Жігіттер, жігіт күнде гауһар тасың» атты өлеңінде жастық, жігіттік шақтың қайратын дұрыс пайдаланып, жарқылдап өту керектігін айтады:

Жігіттер, жігіт күнде гауһар тассың,

Жарқылдап жауға тұрған ақ алмассың.

Отыз бен жиырманың арасында,

Кесерсің жігін тапсаң қара тастың.

Ақынның «кесерсің жігін тапсаң, қара тастың» деуіне қарап, сол тастың жігін табу кез келген жігіттің қолынан келе бермейтін шаруа екенін де айтып отырғанын көреміз. Сондықтан да ол жас адамның жігері тасып, от сияқты лаулап, маздап жанып тұруы қажеттігін жыр жолдары арқылы насихаттағанын көреміз:

Сол күнде от перідей өрлеп тұрсаң,

Орын бар қайда барсаң қор болмассың.

Нарқы бар ерліктің де аңғарарсыз,

Азырақ ақын өнер аралассын.

Зейнеп Қошқарбергенқызының өлеңдері сарынына қарағанда, ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласының әр түкпірінде көрініс тауып, шығармашылықпен шұғылданған кітаби стильдегі насихаттық үлгідегі туындылар қалдырған ақындармен ортақтықты аңғарамыз. 

Қисынсыз өткірсініп өршеленсең,

Оп-оңай өкінуі ғазиз бастың.

Ысылып іс көрмесең жігіттікте,

Бозбала қапыл жүрген құр далбассың.

Ащышы тұщыменен бірдей татсаң,

Танырсың қасиетін қарындастың. 

Ақын жырларының мазмұнына, одан шығатын қорытындыға қарап өмірдің өзінен ойып алынған шынайы шындық екендігін аңғарасың. Ақынның өмір сүрген уақыты «Болыс болдым мінеки, Бар малымды шығындап. Түйеде қом, атта жал, Қалмады елге тығындап», – деп Абай айтқандай, қазақ халқынан шыққан ең үлкен лауазым иесі болыстық дәреже ғана болып, елдің іші бүлікке толған заман болатын. Қазақ даласы, соның ішінде ақынның туып-өскен Сарырақасы жыл өткен сайын отаршылдықтың шырмауығына шырмалып матала түскен жағдайда еді. Сондықтан да осы дәуірде өмір сүрген қазақтың халқым деген ақындарының барлығы дерлік елді бірлік-берекеге, оқу-білімге, үлгі-өнеге шақырды. Ортақ сарын деген – осы. «Серттен тайма» атты өлеңінде Зейнеп ақын осыны айтады:

Құрбылар, жақсылыққа көп талаптан,

Талаппен атың шықса сонда мақтан.

Дауа жоқ бармақтай бақ қонған жанға,

Жетерлік өз басыңа өнер тапқан.

Қара қазан, сары бала қамын ойлап,

Жақсы жоқ дана туып, ақылы артқан.

Көбінің пейілі шикі, ақылы күйкі,

Ел жегіш, епті пысық, пәле баққан.

«Елді пысық билегені несі? Пысықтың бәрі кедей келетұғыны несі?» - деп Абай айтатынындай, пысық боламын деп жүріп, елдің қақысын жеп, басына пәле үйіп алатын заманды ақын өткір тілмен шенейді.

Зейнеп ақын шығармаларында дидактикалық сарын, жастарға өнеге-насихат анық көрініп тұрады. Адами сезімдерге үндеу – кешегі дәуірдің ақындарының бәріне дерлік тән екенін көреміз. Осы кезеңде түркі әлемінде жәдидизм ағымы кеңінен тарап, бауырлас түркі халықтары, оның ішінде қазақтар өз интеллигенциясын қалыптастырып, жеке ұлт ретінде көрініс табуға кірісе бастаған болатын. Қазақ халқының оқымыстылары туған елін бодандықтың қара түнегінен құтқаруды жөн санады. Қазақ халқының тарихы, әдебиеті, мәдениеті, тілі, ғылымы т.б. салада алғашқы оқулықтар жазыла бастаған кезең. 

Жігіттер өнер ізде тұрма жайға,

Қаратпас ер талабы жарлы, байға.

Әртүрлі мақсаты бар бұл дүниенің,

Хабарсыз қалпы қалма келсе ыңғайға.

«Қаратпас ер талабы жарлы, байға» деген – нақыл ретінде қолданыларлықтай сөз екенін көреміз. «Бай бір жұттық, батыр бір оқтық» дегеней, әр нәрсенің, соның ішінде байлықтың, билік пен мансаптың сусымалы екенін айтады. Сонымен бірге, талаптанып, харекет қылған адамға жақсылықтың, игілікті өмірдің өзі қарсы алдынан мүмкін болатындығын айтады. 

Кей адам жоқ нәрсеге арын сатып,

Көрінсе сіріңкелік қылар пайда.

Жігіттік дағуасына кірсең анық,

Айтылмыш уағдалы серттен тайма.

Кей адам пысықсынып тақылдайды,

Ақ судай шелек жуған сөзі шайма.

Бір жерде баға білмей арың кетер,

Болсаңыз аса сырлас осындайға.

Зейнеп Қошқарбергенқызының өмір жолына қарап отырғанда, «мен көзім соқыр, алысқа шығып не істеймін» деп отырмаған, талапты, өршіл жан болғанын көреміз. Ол бауыры Жолтайдың көмегімен Арқаның түстігінен қиыр шетіне дейін аралап, ол жерлерді, ондағы елдерді көкірек көзі арқылы зерделеп, ән салып, жыр төгеді. «Оралар күннен күнге» атты өлеңінде ақын шынайы достықтың қадірін білуге, әркім өзінің айтқан уәде, сертінде тұруы қажеттігін баса айтып өтеді: 

Өнер көп ақыл-дария шын зерекке,

Нұр жауар талапты ерге қылма текке.

Бәрі дос, жай жүргенде жамиғаттың,

Табылар қысылғанда кім көмекке.

Безбей ме туысқаның жаттан бұрын,

Өз басың жарамаса бір керекке.

Қайырлы адам білімді ғалым болса,

Ақылы дұшпанының олжа көпке, - 

дейді. Мұны Абайдың өлеңдеріндегі  «адамның баласы бол» дейтін оймен үндес деуге болады. Абайдың өлеңдері мен қарасөздерінде бұл турасындағы ойлар айтылудай-ақ айтылған ғой. Біздің қолымызда Зейнеп ақынның Абай аулында болғандығы, Абаймен пікірлескені туралы дерек жоқ. Дегенмен Абайдың туып-өскен ортасы, туыс-туғандары Зейнеп Қошқарбергенқызының елінен қашық емес, қатарлас, аралас жатқан ел болғандығын ескер отырып, Зейнеп ақынды да Абай мектебінің өкілі деуге қақылымыз. Себебі, Зейнеп ақын өлеңдерінде Абай шығармаларында кездесетін сарындар баршылық.

Бірақ ел ішінде Абай мен Зейнептің кездескені туралы ертеде айтылған екен. Хакім Абай да: «Зейнептің әрбір сөзі алтынға пар-пар, ол тереңнен толғап айтады», - деп баға берген екен деген аңыз сөз айтылады. Бұл жағдайдан әйгілі «Абай жолы» романының авторы, академик жазушы М.Әуезов те хабардар болғаны анық. Өзінің «Абай» атты драмасында өлеңмен сөйлейтін өршіл қызы Зейнептің бейнесі бар. Әрбір рөлдің артында прототип болатынын ескергеніміз жөн болмақ.

Зейнеп Қошқарбергенқызының шығармашылығында жақсы мен жаманның айырмашылығын таныту мәселесі анық көрініс тапқан. Ақын өзінің «Жақсы мен жаман» атты толғауында ақын осы бір қарама-қарсы тіршіліктің адуралымалы қалып-күйін былайша жырлайды:

Жаманға айтсаң білер, ашсаң көрер,

Жақсыға қабыл болар ишаратың.

Жігіттің сорлысына кез болады,

Шабан ат, өтпес пышақ, шайпау қатын,

Көтерер мағлұм қылып алапатын.

Кетпейді жақсы тастап жат болса да,

Құм қылар жігеріңді жаман жақын - 

деген шындықтан алынған ащы ойды айтады. Ақын шығармашылығының басты тақырыптарының бірі – адамгершілік. Адамгершілік сезімі болған жағдайда барлығы да мына өмірде дұрыс болып, проблемалардың бәрі оңай бітетіндігі туралы ойды айтады. «Жат жақындай жыласпайды» атты өлеңінде былай дейді:

Бақ-дәулет тәңірім берсе кім аспайды,

Ежелден түбі бірге шыдаспайды.

Баспайды сөзің өрге бөтен жерде,

«Кімсің?» - деп өз туғаның сұраспайды.

Алтынның қолда барда кәдірі жоқ,

Жақының жаттан артық сыйласпайды.

Басыңа қиыншылық күн туғанда,

Жаны ашып жат жақындай сыйласпайды.

Зейнеп ақынның өлеңдеріндегі мұндай дидактикалық сарындарға қарап, өзі көзі тірісінде халықтың еркелеткен сүйікті өнер адамы, ақыны болғандығын анық аңғаруға болады. Ақын есімінің күні бүгінге дейін ұмытылмай келе жатыр.

Зейнеп ақынның әрбір өлеңі ғибрат, ақылға түніп тұр. Олардың әрбірін, біл жолынан алып мақал ретінде қолдана беруге де болатындай қасиетін жоғарыда атап өттік. «Оралар күннен күнге» атты нақыл жыры осыған нақты мысал, үлгі бола алады.

Өнер көп ақыл – дария шын зерекке,

«Нұр жауар талапты ерге» қылма текке.

Бәрі дос жай жүргенде жәмиғаттың,

Табылар қысылғанда кім көмекке.

Безбей ме туысқаның жаттан бұрын,

Өз басың жарамаса бір керекке.

Бұл ойлар – ащы да болса шындық ретінде айтылатын «өзіңде болмаса, әкең де жат» немесе «шын дос қиындықта сыналады» дейтін айтылымдарға үндес екендігін көреміз.

Қайырлы адам білімді ғалым болса,

Ақылы дұшпанының олжа көпке.

Жүйрік ат, қыран бүркіт, өнерпаз жан,

Көңілді о да жақсы көтермекке.

Ақылсыз туысқан мен нашар бала,

Ол жаман жүк болады ер жігітке.

Осындағы «ақылы дұшпанының олжа көпке» деген ойды ерекшелеп алып отырмыз. Расымен де қазіргі әлемде бітіспес дұшпан санаған жұрттың ақыл-ойы арқылы жасалған игіліктерді тұтынып отырған ел аз ба? Сондықтан да дұшпанның болсын, игілікті ісі – олжа болмақ. Осы толғаудағы барлық жолдар жеке немесе жұптасып, бір тамаша дидактикалық ойды білдіріп тұрады:

Ақылмен лайықты шүңкілдесіп,

Ынтымақ туысқаның келсе епке.

Көңілге осы үшеуі болса түгел.

Оралар күннен күнге нұр дәулет те.

Яғни ақыл-парасатпен, ынтымақ-бірлікте, ептесіп-ұжымдасып тіршілік еткен адамның басынан әрдайым бақ-дәулет арылмақ еместігін үндейді. Ол үшін адамзат баласы тек адалдықты ту етіп, тура жолдан таймағаны дұрыс дегенді айтады:

Алысқа аз ойлаған болмас жолдас,

Қас қылған татқан тұзға жігіт оңбас.

Өмірге өтірік сөз бермейді опа,

Болса да алыс-жақын шынмен жолдас.

Мұндағы қарама-қарсы ұғымдарды бір-бірімен салыстыра отырып, адам бойындағы асыл мен арам мінездерді тамаша салғастырып көрсетіп береді. 

Жалпы жанры жағынан Зейнеп ақынның туындыларын арнаулар мен толғаулар деп бөліп қарастыруға болады. Зейнеп ақынның шығармашылығы туралы айтқанда тағы бір ескерерлік дүние – оның импровизаторлығы. Яғни Зейнеп ақын тек әнші, шығармашыл ақын ғана емес, суырыпсалма айтыскер де болғанға ұқсайды. Айтыскер ретіндегі сөздері сақталмаған. Ақмола қаласына сапарлап барған кезде әйгілі Доскей Әлімбайұлымен және Ғазиз қатарлы ақындармен сөз сайыспақ болғаны туралы дерек бар, Доскей ақынды жеңіп, ал Ғазиз ақын айтысудан бас тартқан екен. Сонымен бірге 1904 жылы Қызылжар қаласына сапарлап барғанда, сол өңірге аты мәлім Қылыш деген ақынмен кездеседі. Осы жолы Зейнеп ақын Қылыш ақынға ишара мағыналы сұрақ қойып, жауабын табуды сұрайды. Яғни қолындағы қымыз құйылған тостағанды көрсетіп: «Осының астында не бар, үстінде не бар?» - дейді. Қылыш ақынның жауабына қанағаттанбаған жұмбақ иесі: «Бұл тостағанның астында адамның еңбегі, үстінде несібесі тұр», - деп өзі жауап береді.

Зейнеп ақынның шығармашылығындағы дидактикалық сарынға ерекше мән бере қараған дұрыс болмақ. Қазақта «екі жақсы қосылмайды» дейтін бір айтылым бар. Осыған сәйкес ойды ақын былай деп өрнектейді:

Ісіңде барқадар жоқ, ақылы кемнің,

Жүрісі екпініндей жайсыз желдің.

Бір жақсы бір жаманмен күнелткен көп,

Қиын іс қосылуы екі теңнің.

Зейнеп ақын шығармашылығындағы осы бір айқын дидактиканың болуына не себеп деген сұраққа жауап ізеп көрелік. Ақын – өз қоғамының мүшесі. Мүше болғанда да, белсенді, сезімтал мүшесі. Сондықтан да ақынды сыншыл, ойшыл, дидактикалық сарынға түсірген – сөз дәуірінің, яғни сол ХХ ғасыр басы айналасындағы кездегі қазақ өміріне тән қоғамдық жағдайлар екенін академик Мұхтар Әуезов былай деп атап көрсетеді: «Мәдениет, өнер-білімге кенжелеп, артта қалған ел-жұрт бар. Қыс жұты, жаз індетімен аралас ел шаруасының құтын шайқап, барымта жасап, бақталастан туған өлең лаң әкеліп, соны қалың ел ортасына пәле ғып жүрген, қанап, тонап, сорлатып жүрген атқамінер шонжар бар. Өздері надан, өздері ел тағдыры, халық қамы дегенді ойламайтын дүлей, қараңғы топ. Олар бастаған ел көшінің барар беті – қараңғы, екіталай тығырық». Бұл сол дәуірдегі қазақ қоғамының бет-бейнесін дәлме-дәл берген тұжырым. Зейнеп Қошқарбергенқызының туындыларында дидактикалық бояудың айқындығы да осы тұжырым аясына сыяды. 

Көзі ашық, көңілі жабық ғұмыр зая,

Жастықта шаттық кіріп күлмегеннің.

Тасқынды талап бітпей адам оңбас,

Итшілеп атар күні өлмегеннің.

Шөже, Қақпан, Зейнеп қатарлы ақындарға тән ортақ тағдыр – жастайынан су қараңғы болып қалса да, тағдырдың салғанына мойымай, күресе жүріп өнер әлемінде өзінің есімін мәңгілікке қалдыруы:

Ризамын жоқтан гөрі бар қылғанға 

Сөз беріп, жұрт сүйсінер жан қылғанға, - 

деп өзі жырлағанындай, туған ел-жұртына сүйсінерліктей өнегелі сөз айтып тарихта қалған Зейнеп Қошқарбергенқызының есімі қазақ халқының тарихында мәңгілік қалып отыр.