Қазақ тарихының алғашқы қадамдары
20.02.2023 2728

Ежелгі дәуірді біз шартты түрде адамның қалыптасу кезеңі деп атаймыз. Оған тарихи талдау жасау қиын іс. Біз тарихи оқиғаны талдауға, әр түрлі болжамдар жасауға тырысамыз, бірақ нәтижесінде шыққан жауап шындықтан алыс болады. К.Ясперс осыған орай: «адамның қалыптасу тарихы ең терең құпия, біз оны әлі күнге дейін түсінбей келеміз», - деп өте тауып айтқан болатын.


Америкалық социолог Э.Фроммның «адам жаратылыс эволюциясының нәтижесі, ол табиғаттың ажырамас бір бөлігі, бірақ оның табиғат алдындағы бір басымдылығы санасы. Осыдан шығатын қорытынды біреу – адам зерттеуге болатын табиғат бөлшегі» деген пікірі де көңіл аударуға тұрады. 

Қазақстан жеріне адам баласының алғашқы өкілдерінің қоныстана бастағаны біздің заманымыздан  миллион жылдан әрі уақыт мөлшері. Ол дәуірді тарихи әдебиеттер ерте палеолит деп атайды (палео-көне, литос-тас). Оларды адам дегеннен гөрі адам тектес гоминид деп атаған жөн, себебі адамзат баласына тән көптеген қасиеттер ол заманда әлі де қалыптаспаған болатын. Қазақстан жеріне гоминидтердің қай жақтан келгені анықталған жоқ, мүмкін, Оңтүстік-Шығыс Азиядан, мүмкін, Кіші Азиядан келген болар деген жорамал бар. Сонымен қатар, адамзат баласының қалыптасу процесіне Орталық Азия өзінше үлес қосты дейтін де ғылыми тұжырымдар бар.

Қазақстан жеріне тас дәуірінің қай кезеңі болмасын ескерткіштерді мол қалдырған. Олардың ішінде әсіресе тастан жасалған қару – жарақтардың орны бөлек. Палеолиттен кейін аралық дәуір мезолит келді де, оны өз кезегінде неолит алмастырды, ол үш мыңжылдыққа созылды және тарихқа қосқан жемісі бәрінен де мол болды. Неолит дәуірінің басты жаңалығы өндіргіш шаруашылықтың пайда болуы, тас өңдеудің жаңа (микролит) қалыптасуы. 

Қазақ аңыздарында адамзат тарихы «Топан сумен» байланыстырылады. Топан су басу кезеңі соңғы мұз басу дәуірімен (шамамен б.з.б. 12-10 мыңжылдықтар) байланысты болуы керек, температураның көтерілуінен Атлантика және басқа да сулар деңгейі көтеріледі.  Топан судан кейін келген голоцен дәуірінің басталуымен қатар келген құрғақшылық заманы табиғи ортаны түбегейлі өзгертті.  Б.з.б. V мыңжыл­дықтың соңы және ІV мыңжылдық басында Қазақстанның гидрожүйесі құрып, үлкен аймақтар шөлге айналды. Климаттың өзгеруіне байланысты зіл, мүйізтұмсық сияқты ірі, әрі жүнді жануарлар құрыды, адамдарға енді кішкентай жануарларды ұстау үшін жаңа әдіс-тәсіл, қару-жарақ ойлап табу кезі келеді. Адамзат өміріндегі осы сияқты сын біртіндеп жабайы аңдарды қолға үйрету мен қарапайым егіншілікті бастауға итермеледі.  Бұл революциялық өзгерістерді бір жағынан түсіндіру де оңай. Тас дәуірінің бір миллион жылға созылған дамуында адамдардың тәжірибесі көбейе түсті, өндіргіш шаруашылық негізі салынды. Егер адамзат тарихын тек екі кезеңге ғана бөлу қажет болса, оның шекарасы болуға неолит, яғни жаңа тас дәуірі лайық деп есептейміз.

Палеолиттен неолитке көшу кезбе аңшылар мен терімшілердің отырықшы немесе жартылай отырықшы өмір салтына көшуімен ерекшеленеді. Аңшы қауымдардың өкілдері болған отырықшы адамдар алғашқы болып жануарларды үйде ұстай бастады, кейін келе осы негізде мал шаруашылығы пайда болды, кейбір өсімдіктердің өсуін қадағалау арқылы егін шаруашылығының негіздері салынды. Тарихи әдебиетте неолит Алдыңғы Азияда Еуразияның далалы аймағына қарағанда ертерек басталды делінеді. Б.з.б. ІХ-VІІІ мыңжылдықта кейбір аймақтарда егін-малшылық шаруашылықтарын игеру жүзеге асқан фактілер кездеседі. Өкінішке орай, ғылыми әдебиетте Қазақстан өндіргіш шаруашылықтың орталығы болды деген пікірлер жоқ. Біздің жерімізде дамыған өндіргіш шаруашылықтың құрылу процесіне тікелей әсер еткен ежелгі доместикация орталықтары Алдыңғы және Орта Азия болуы мүмкін деген пікірлер бар. Екінші жағынан тарихи деректер көне замандағы ұлы қоныс аударулардың, мысалы шумер заманындағы көші-қон,  қазақ жерінен Таяу Шығыс, Еуропа сияқты аймақтарға бағытталғанын және алғашқы мемлекеттік құрылымдар пайда болғанын көрсетеді. Бұл кезеңде әлі де жылқы қолға үйретілмеген, сол себепті қоныс аударушылар өгіздер жегілген ауыр арбалармен қозғалған. Осы тәжірибелердің арқасында энеолиттің орта кезеңіне қарай Қазақстан жері жылқыны қолға үйрету аймағына айналды, сонымен қатар қазақ жерінде алғаш рет тары өсіру тәжірибесі сынақтан өткенін дәлелдеген тұжырымдар да қызық.