Қазақтың бой сақтау мәдениеті
18.10.2022 2168

Қазақтың дәстүрлі қоғамының негізгі арқауының бірі Бой сақтау мәдениеті болғанын қазіргі адамға түсіндіру өте қиын. Бүгінгі күні бұл ұғымды қашықтық, ара қашықтық т.б. сөздер алмастырады, яғни еуропалық дистанция (distance) сөзінің тікелей баламалары. Бой сақтау сөзімен бірге оның қоғамның ішкі тіршілігін реттеп отыратын фундаментальді қызметі де ұмытылды.


Қазақтың бой сақтау мәдениетиінің концептуалды ірге тасын жақсы мен жаман туралы мақалдар құрайды. Біз төменде В.К.фон Герн жинақтаған қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін келтірейік:

Жаман кісі мақтанса,

Жақсыны жағасынан алдым дер,

Жақсы кісі мақтанса,

Жаманнан жата беріп қалдым дер.

В.К.фон Герн мақалды былайша аударған екен:

(Если) дурной человек похвалится,

(Он) скажет, (что) взял хорошего человека (за грудь) за шиворот, (Если) хороший человек похвалится, (Он) скажет, (что) остался в стороне от дурного (человека).

Мағынасын былайша түсіндіреді:

«Этой пословицей выражается казахская характеристика хорошего и дурного человека, причем, в уста дурного человека вкладывается выражение дерзкого неуважения к хорошему (почетному) человеку, состоящего в похвальбе нанесенным ему тяжким оскорблением: взятием его за низ воротника халата, под бородой (жагасыннан).

Хороший, благовоспитанный человек по казахским обычаям должен сторониться дурных людей, способных на недостойные поступки. Словами «Жата беріп қалдым», т.е. «Оставил в стороне» - изображается презрение и как бы боязнь самого прикосновения к дурному, как к заразе».

Бұл жерде соңғы жодарына қатысты тәпсірге көңіл аудару керек, «Жаманнан жата беріп қалдым»- жаманды жексұрын көру, одан жұқпалы аурудан сақтанғандай сақтану, яғни Бой сақтау керек.

Неге?

Себебі - Жақсының жақсы білер сымбатын, Жамандар қайдан білсін асылы менен қымбатын?!- дейді қазақ мақалы. -Жақсыны жолдасынан таны,- дейді қазақ мақалы, егер жаманды танымасаң оның кесапаты тиер әр жерде, ал жақсының шарапаты тиер тар жерде. Жақсы менен жүрсен – жетерсің мұратқа, Жаман менен жүрсен – қаларсың ұятқа.

Міне, бұл сөз өрнектері бой сақтау мәдениетін қалыптастыратын тірек. Жақсы деген кім, жаман деген кім ? Бұл турл ы біз өзіміздің «Жақсы мен жаман» туралы этюдтерімізде көп жаздық. Адам баласын біз шартты түрде үшке бөлеміз. Біріншісі- даналар ! Олар өзгенің қателіктерінен сабақ алады, сол себепті өмірде басын тауға-тасқа соқпайды, қателікті аз жасайды. Даналық адамға өзгеден үйрену және содан қорытынды жасау барысында келеді. Екінші топ -өздерінің қателіктерін сарапқа салып, сол арқылы жақсы мен жаманды айырады. Бұлардың ішінен өзін жеңе алатын жақсылар шығады. Үшінші топ - өзінің қателігін сарапқа салмағандар, тіршіліктен сабақ алмағандар, сол себепті біз оларды жаман қатарына қосамыз.

Біздің аталарамыз «жақсы мен жаман» туралы әлем халықтарының ішінде ең көп асыл сөз қалдырған. Қазақ дәстүрі Еуразия құрлығында мыңдаған жылдар еркін өмір сүрген дала рыцарларының ережелерінен тұрады, ол ережелердің ішінде аздап жақсы, немесе аздап жаман деген болмайды, не жақсы, не жаман ! Қазақ әдебиеті «Аяз би» ертегісінен бастап шөптің жаманын, құстың жаманын, адамның жаманын іздейді. Бұл ертегі Орталық Азия халықтарының ең көне заманда «жақсы деген не, жаман деген не» ?- деген сұрақтарға берген жауабы. Бұл жас адам үшін өте маңызды сұрақтар, осы сұрақтарды талдау барысында оның басында жақсы мен жаманды айыратын таразы қалыптасады, ар, ұят, намыс атты сақшылары оянады.

Жақсы мен жаманның ортасындағы сақшы қызметін атқаратын - ар, ұят, намыс сияқты азаматтық қасиеттеріміз бар, бірақ аумалы-төкпелі заманда халық «жаман» мен «жақсы» ұғымдарын шатастырып алды. Жақсы - дегеніміз жұмыс орыны мен еліне беделді, жетім мен жесірге қайырымды, иманы мен білімі жетерлік кісі. Қазақтың жақсысы өте жоғары адами қасиеттердің иесі, ол елі үшін от пен суға түсетін күрескер азамат ! Осы қасиеттері арқылы ол адам баласының барлығына да сыйлы. Жаман дегеніміз өз күнін өзі көре алмайтын, сонымен бірге өз басынан аспайтын, қоғамға пайдасы емес зияны көп адамдар. Байлық, кедейлік бұл жерде шарт емес, өмiрдiң алдамшы қызығынан –қызмет, өтірік атақ, көпірме сөз- шыға алмасаң ол да жамандығың.

***

«Жақсы мен жаман» туралы түсініктер өз кезегінде қазақ дәстүрлі қоғамында, оның күнделікті тұрмысында мықты орын алған Бой сақтау мәдениетін қалыптастырады. Қазақ қоғамында баланың өмірге келуі, өскені, бой жеткені ерекше қуаныш екені белгілі. Әр баланың тәрбиесіне өз әке-шешесімен бірге ата-әжесі, ата баласы (патронимия) ішіндегі бүкіл туыстары қатысады. Қазақ баланы бетінен қақпай өсіреді, үйдің төресі дейді және одан бой сақтау ережелері талап етілмейді. Бірақ жаңа туған шақалақ бесіктен бастап 13 -отау иесі болғанға дейін, әке-шешесі, ата-әжесі, жақын туысы «Бесік жырынан» бастап жақсы не, жаман не дегенді құлағына құя береді.

Бала өскен сайын оған отбасы, қауым тарапынан берілетін еркіндік азайып, шектеу көбейе бастайды. Бой сақтау мәдениетін ұстану бозбала мен бой жетуден басталады. Бұл кезеңде әр бозбала мен бойжеткен өзін әр түрлі орталарда ұстау тәртібін иегерді, сөйлеу мәдениетін қалыптастырады, сонымен бірге үлкендермен және кішілермен қарым-қатынас ережелерін, ер азамат деген кім, әйел кім, нағашы-жиен арасы, алыс-жақын туыстар, руластар мен көрші рулар, ел дегеніміз не, қоғам дегеніміз не деген мәселелерді жаттайды. Қазақ этикасында Қабақ ерекше орын алатыны белгілі, яғни қабаққа қарау, одан адамның көңіл күйін, мінезін айыра білу, соған байланысты өз жауабын беру, немесе Бой сақтау бұл қазақи тәрбиенің негізгі ірге тасы. Осы кезеңнен бастап бозбала мен бойжеткен үлкендермен қосылып қазақ өмірінде өте маңызды орын алатын салтанаттарға (церемонияларға) араласа бастайды.

***

Осылайша Бой сақтау мәдениетін әр келін өзінің ақ отауымен, отбасына қажетті жабдығымен бірге алып келеді. Қазақ халқында қалың мал институтының арқасында әр жас отбасының алғашқы күннен бастап өзінің шаңырағы болатынын ескеру керек. Бұл нені көрсетеді ? Бұл әр келін ер азаматының жұртына келген алғашқы қадамынан бастап ата-енесімен, ерінің туыс-туғанымен белгілі қашықтықты, яғни Бой сақтауды (дистанцияны) ұстайтынын көрсетеді.

Күйеу бала да өзінің қайын жұртына қатысты өз кезегінде міндетті Бой сақтау ережелерін ұстанады. Егер ол өз ауылында еркін жүрсе қайын жұртында мүмкіндігі келгенше жоғары этика ережелерін ұстанады. Мәселен, күйеу баланың өз атасына тікелей өтініш айтуға хақы жоқ, ол өз өтініштерін тек балдыздары арқылы ғана айтуға мүмкіндігі бар (Абайдың қайын жұрты Алшынбай ауылында өзіне ұнаған жорға атты балдыздары арқылы сұрағанын еске түсіріңіз т.б.).

Қазақ қоғамында кез келген қарым-қатынас қимылдың белгілі бір салтанаты бар. Мысалы, келін көп уақытқа дейін үлкен қара шаңырақтың ортасындағы ошақтан жоғары шықпайды. Егер ата-енесінің жасы келіп, келін оларды күтуі керек болса, ата-енесі көрші –қолаңды шақырып, шағын той өткізіп, енесі келінді қолынан ұстап ошақты айналдырады, осыдан бастап келіннің жоғары жаққа өту хақы пайда болады.

Отбасылық Бой сақтау мәдениетінің жақсы құралдарының бірі -келіндердің Салем салу (reverence) дәстүрі. Әр таңда келін өзгеден ертерек тұрып, үлкен қара шаңырақтың түндігін ашады да, ата-енесіне сәлем салады. Олар үйіп-төгіп батасын береді. Бірақ мәселе бұл жерде батада ғана емес, келін осы сәлем салу арқылы әркімнің өз орны барын, күнделікті Бой сақтаудың керек екенін еске түсіреді. Қазақ келіндерінің сәлем салу тәртібі бүгінгі күні Еуропа королдерінің отбасыларында ғана сақталған.

Төркіндеу әр келіншектің өз төркінімен қарым-қатынасын реттейтін мықты тетіктердің бірі. Алғашқы төркіндеу тек тұңғыш бала туғаннан кейін ғана іске асатынын еске түсіру керек. Бұл екі тарапқа да үлкен материалдық салмақ, себебі қыз өз төркініне қымбат (кейде өзінің қолынан шыққан) сыйлықтар алып келсе, төркін жағынан жиенге деп кемі бір қора мал (мысалы –бір үйір жылқы) жинап алып кетеді. Төркіндеу ғажап және шығынды салтанат болған себепті әйел адамның өз төркінімен қарым-қатынасын шектейді, яғни бұл жерде де Бой сақтау мәселелсін айтуға болады.

***

Қонақ күту, қонақжайлық – қазаққа етене тән ұғымдар. Бір қарағанда қазақ қонақ дегенде ішкен асын жерге қояды, қонақтан басқа уайымы жоқ деп ойлауға болады. Бұл қате пікір, себебі қонаққа қатысты да Бой сақтау институтының көріністерін байқаймыз. Оның бірінші шарты- әр ауыл, әр ауқатты отбасы қонаққа деп арнайы үй тігеді (қонақ үй). Қонақтың үй иелерімен, бала-шағамен араласа тамақ ішуі, төрде жата кетуі тек кедейшілік көбейгенде ғана мүмкін.

Аста, қонақта ер адамдар мен әйелдердің жеке отыруы да қазақтың Бой сақтау мәдениетінің көрінісі. Әдетте Ер азамат шаруа жайын айтады, қоғам мәселесін талқыға салады, қатындардың тақырыптарының бөлек болатыны заңды.

***

Ұзақ жылдарға созылған қырып-жою, орыстық негізде советтік қайта құрулар кесірінен біз Бой сақтау мәдениетін қазір жоғалтып алдық.

ХХ ғасырдың 70 жылы бойы елді құлдар билеп келді. Құлдар өздерінің плебс (plebeian) мәдениетін орнатты. Құлдарға Бой сақтаудың керегі не ?! Тоталитарлық жүйе кедейлік психологияны дәріптеді, ер азаматтардан холуй (lackey) жасады. Қазақ қоғамы өзінің дәстүрлі рыцарлық негізінен алшақтады, дәстүрді ұстанған бірен-саран отбасылар ғана қалды. Маргиналдықты орнықтыру үшін Совет билігі әйел факторына ставка жасады және ол өз нәтижесін берді. Жайын ауыз қатындар көбейді. Ер мен әйел арасында Бой сақтаудың жоғалуы бүкіл қоғамға теріс әсер етті. Атасы мен келінінің арақ толы стақан соғыстыруы бір үйге тығылған ене мен келіннің соғыстарына ұласты. Қатындарға Еуропа сияқты жол беруге болады, бірақ ол үшін экономикада, қоғамда, саясатта негізгі институттар мен оны іске асыру тетіктері еуропаша жасалуы керек. Еуропа еркектері бірнеше ғасыр күреспен, талас-тартыспен әбден шыңдаған институттар мен тетіктердің пультіне әйел емес, маймылды қойсаң да жұмыс істей береді.

Советтен құтылған уақытта кедейлік психология ұры-қарыны басшылыққа алып келді. Нәтижесінде- аты қазақ, заты құбыжық дүние пайда болды. Жасынан Бой сақтау мәдениетіне үйренбеген соң ересек адамдар арасында «Бір елі ауызға –екі елі қақпақ» деген тағылым ұмытылды, «Ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен кіреді» деген отбасын сақтау қағидаты ұмытылды.

Бұл айтылған әңгіменің бәрі біздің аға буын аталатын совет кезінде тәрбие алған ұрпаққа қатысты. Жас ұрпақ болашақта Бой сақтау мәдениетін қайта жаңғыртады деп сенемін. Қоғам қайткен күнде де жөнделеді, қазақтың аухаты артады, жағдайы жөнделген ел өзінің құлдық заманда жоғалтып алған тамаша дәстүрлеріне, ұстанымдарына қайтып келеді. Бүгінгі күні бізге Халық -Дәстүріміз қайда,- дегенде – Міне, дәстүрлерің!- дейтін жақсы этнографтар керек.

Бой сақтау неге керек ? Оның керегі- әр қоғам белгілі бір құрылым, ол құрылым ішіндегі толып жатқан экономикалық, әлеуметтік, саяси т.б. топтар бар. Бұл топтардың әр біреуі мықты болса, сонда қоғам да мықты болмақ. Осы топтардың тіршілігін үйлестіретін неше түрлі қоғамдық құралдар бар. Тұрмыстық жағдайда біздің тіршілігіміз- еркек пен әйел, ата-ана мен бала, ата- ене мен келін, қонақ пен үй иесі т.б. қарым-қатынастарынан құралады. Бұларды реттеп тұратын негізгі тетік Бой сақтау институты. Егер тұрмыстық қарым-қатынас реттелмеген болса онда жоғарыда аталған экономикалық, әлеуметтік, саяси т.б. құрылымға теріс әсер етеді, яғни мемлекет шаруасы ақсайды, дағдарады.