Наурыз мезгілі және табиғат нышандары
18.03.2016 3077
Наурыз – халқымыздың құнды руханиятының бөлшегі ретінде бұрынғыдай бірнеше күн бойы фестивальдық сипатта мерекелеп, ұлттың рухани түлеуіне түрткі

Наурыз мезгілі

Наурыз мерекесін Күн мен Түннің теңесу сәтімен шендестіреді. Алайда, түркілерде, дәлірегі қазақтарда бұл күн наурыздың 21-нен 22-не қараған күні емес, бұрынғы күнтізбек бойынша 1 наурыз, бүгінгі күнтізбедегі 14 наурыздан бастап мерекелеу бар. Ата-бабамыз наурыз мейрамын оның басты ғұрпы Көрісуден бастайды. Осыған қатысты мынадай айғақтарды тізіп шығуға болады. 

1-айғақ. Шоқан Уәлихановтың қазақы күнтізбені үш тілде келтіріп, оны Наурыздан бастайды. Ал наурыз айы кәзіргіше 14-наурыз екені мәлім. 

2-айғақ. Шәкәрім Құдайбердінің баласы Ахаттың естелігінде: «14-март – ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлыс». 

3-айғақ. Мәшһүр-Жүсіп: «Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде (ескіше 1-8 наурыз аралығы – С.Е.) болдым..., дәл сегізінші күн: «Мазар Шариф»-деседі. Қожа Баһауалдин әулиенің қасындағы хауызға қант төгіп, суды қант татытып, жұрт жабыла ішіп, «той тарқар» болады...» 

Наурыз мерекесінің мезгілі тек қана Күн мен Түннің теңесуі емес – Көктемнің шығуы мен Жыл басы екендігін байқатады. Тоқсан күн қыс 13 наурызбен бітіп, жылдың да, көктемнің де басы 14 наурыз болып есептеледі. Амал жұлдызы мен Күннің «көрісуін» ортағасырлық Орта Азия шайыры Рабғұзи (Насреддин) «Көктем» өлеңінде суреттейді. 

Сайып келгенде, Наурыз мейрамы Күнге табыну рәсімінің салтанаты да, түркіше Жаңа жыл «Амал» атауымен Көрісу, Наурызкөже секілді ғұрыптар мен атрибутпен мерекеленіп келгендігін ескеретін уақыт келді. Наурыздың табиғи нышандары: жыл құсы саналатын «наурызек» аталатын торғайдың көзге түсуі, бәйшешектің көктеуі, жердегі тоңның жібіп, қардың аласапыран еруі... 

Хакім Абайдың «Жазғытұры» өлеңі Жыл басының осы көрінісін толық бейнелеген: 

Жаздың көркі енеді жыл құсымен, 

Жайраңдасып жас күлер құрбысымен. 

Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал, 

Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен. 

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, 

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып. 

Шаруа қуған жастардың мойыны босап, 

Сыбырласып, сырласып, мауқын басып. 

14 наурыз қазақша Жаңа жылдың енген күні ретінде мойындалған, ескі жылдың есіркеп, жаңа жылдың жарылқауын тілеу осы күннен басталған. «Көрісу» демекші, қалмақтар да «золғұһ» (жолғұқ – жолығу) атап, жыл басында төс қағыстыра сәлемдесу дәстүрін ұмытпаған. Бірақ бұл дәстүр парсыларға тән емес. Бір қызығы, Рим империясынан бастап Ресей патшалығына дейінгі алып мемлекеттер өздерінің жыл санау сәтін Григориан күнтізбесі қабылданғанға дейін ескіше 1 наурызда (қазіргіше – 14 наурыз) атап өткен. Ендеше адамзатқа ортақ күнтізбе әуел бастан түркілік Ортаңғы Азияның көне іліміне сүйенгендігі өз алдына, оған адамзаттың да уақыт өлшемін мойынсұндырып келген. 

Наурыздың үш сипатын аша кеткен мақұл: 

1. Маусымдық сипат – Жылдың Көктем мезгілінің басталуы; 

2. Жыл басы – төрт маусымнан тұратын Жылдың жасаң мезгілінің басы; 

3. Ғаламдық сипат – Табиғаттың жасаруы мен жаңаруының астралдық ауқымдағы басталуы. Қорыта келгенде, Наурыз біртұтас мереке – түркілердің Кеңістік пен Уақытты мөлшерлеу мен бағдарлау дәстүрінің нәтижесі. Наурыз – халқымыздың құнды руханиятының бөлшегі ретінде бұрынғыдай бірнеше күн бойы фестивальдық сипатта мерекелеп, ұлттың рухани түлеуіне түрткі. 

Наурыздың табиғи нышандары 

О бастан наурыз айының келгендігін білдіретін халқымызда жанды-жансыз нышандар бар. Халқымызда «Наурыздың келгенін жандыда балық сезеді» деген тәмсіл жайында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы былай жазады: «Наурыздама той қылатұғын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан, екінші жағына карай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» – деп». Бұдан басқа «Самарқанның көк тасы ериді» деген де аңызға бергісіз тәмсіл тағы бар... Жанды нышанның бірі – Жыл құсы, оның аты - Наурызек/Наурызкөк торғайы. Бұл наурыз келісімен ерекше сайрайтын торғайдың бір түрі. 

Жаздың көркі енеді жыл құсымен, 

Жайраңдасып жас күлер құрбысымен, – дегенде Абай Көктем шыға жылдың келгенін хабарлайтын наурызек құты айтқаны деп ұғамыз. 

Жансыз нышанның бірі – Наурызгүл, оны халық Бәйшешек атайды. «Бай» сөзі ежелгі түркілік ұғымда киелі, қасиетті ұғымын беретінін ескерсек, далалықтар көктем белгісіндей бұл гүлді ерекше бағалаған секілді. Бәйшешектің құдыреті сонда, ол қардың еруін күтпей, қарды тесіп көктей бастайды. Бұл гүлді жапондардың сакурасындай әспеттеп, дәріптеуге лайық. 

Жуырда белгілі фольклортанушы Берік Жүсіп фейсбуктегі өз блогында «Бәріңізге белгілі, жыл басы – тышқан. Ежелден халық арасында: «Тышқан қалай жыл басы болды?» дейтін ертегілер тараған... Алдымен еркегі, сосын ұрғашысы, соңынан барып балпанақтары тұрады. Сөйтіп, інінің іші мен аузын бір тазалап қояды. Содан соң бір-бірімен кісі сияқты кәдімгідей көріседі (Бұған таң қалмаңыз. Суыр деген аңның түрі бар. Олардың «Суырдың қыз ұзатуы» деген рәсімі болатынын аңшылар жақсы біледі). Мұнысы жыл басында айналасын тазартып, кір-қоңын жуып, киімін жаңалап киетін далалықтардың тіршілігіне қатты ұқсайды. Осы мақұлықтың жылдағы әдетінен бір танбайтынын білетін және үнемі бақылап жүретін біздің жақтың әулие шалдары осы күнді «Жыл басы» дейтін».

Осы бір жарқын мәлімет Табиғат оянысының әдемі үлгісін алдымызға тосып отыр. Осыған қарап, Наурыздың тағы бір нышаны – балпақ тышқан екенін ескеруге мәжбүрміз. 

Серік Ерғали, мәдениеттанушы