Нарын құмы орманы
08.07.2022 2903

Құм Нарынның қойнауы тұнған тарих. Құм нарынның қойнауында сақтаған сыр да көп. Кезінде (1799 жылы) Әбілхайыр немересі, Нұралы ұлы Бөкей сұлтан Ресей императорынан өзінің қол астындағы қазақтардың бір бөлігін алып көшуді сұрап, арада екі жыл өткенде (1801 жылы) I Павелдің жарлығымен Еділ-Жайық атырабындағы жерге көшіп, осы жерді қоныс қылып, хан сайланып, Ресейге бағынса да, өзіндік басқару жүйесі бар Ішкі орданы құрғаны, осылайша бір кезде жоңғарлар мекен етіп, қадірін білмеген керемет жердің қазақтың өзіне бұйыруының өзі өшпес тарих. Әбубәкір Кердерінің «Еділ-Жайық екі су­ – Кент орнаған жер екен» деуінің де, ақын Ғайсағали Сейтақтың:


Құм Нарынның төсіне,

Дара қонған бұл Орда.

Бөкей ханның көшіне,

Пана болған бұл Орда, – дейтіні де содан.

Кейін Бөкей хан қайтыс болғанда бәрін әріден ойлайтын Ресей билігі оның ұлы Жәңгірді Астрахан губернаторы Андреевскийдің үйінде тұрғызып, еуропаша оқытады. Орысша оқып, араб, парсы тілдерін де меңгеріп шыққан Жәңгірдің тарихта реформатор деген аты қалды. Жиырма жыл хандықты басқарған кезде көптеген үлкен істер атқарғанын білеміз.


Тұңғыштар мекені

Айтары жоқ, бұл ауыл тұнған тарих: ең алғашқы дәріхана (1839 ж.), он алты адамдық қоғамдық аурухана, мешіт ғимараты, қазынашылық мекемесі, Қыздар училищесі, Тарғын мектебі осы Хан ордасында ашылған. Алғашқы газет те осында шыққан, дәлірек айтсақ, 1911 жылы Шәңгерей Бөкеев бар, Бақытжан Қаратаев бар, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйриндер «Қазақстан» деп аталатын газет ашады, арада алты жыл өткенде Ғабдолғазиз Мұсағалиевтер «Ұран» деп аталатын газет шығарады. 1919 жылы «Тұңғыш қазақ советтік баспасы» ашылып, Жазушылар құрамасы жұмыс істейді. «Мұғалім» деп аталатын журнал да осында жарық көрген. Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы ауылы туралы айтқанда ойымызға еріксіз тұңғыштар есімі оралады. Бұл жерде Құрманғазы мен Дәулеткерей, қазақтың тұңғыш генералдары Ғұбайдолла Жәңгіров, Рамазан Құрманғалиев, Шәкір Жексенбаевтар, Бақтыгерей Құлманов сияқты көптеген білімпаз азаматтар (олардың саны әжептәуір), Темір Масин, Ахмедияр Құсайынов сияқты батырлар, этнограф, қоғам қайраткері Мұхамед-Салық Бабажанов, инженер-металлург қыз Мәдина Бегалиева, т.б. дүниеге келген. Мұнда әлі күнге дейін Ғұмар Қараш оқыған педтехникум, С. Меңдешев тұрған үй, А.Оразбаева оқыған мектеп бар. Жәңгір мектебінен шығып елге қызмет еткен Ерден Әзірбаев, Ғақаш Бияшев, Фазыл Мұхамбетқалиев, Асан Тайманов сияқты академиктер есімі де тарихта жазулы.


Сол замандарда бұл жердің табиғаты да ерекше болыпты. Хан ордасынан жеті шақырым жерде «Шолаққопа» аталатын көл болған. Суы тұщы осы көлде қаз-үйрек мол болып, көлдің беті шүпірлесіп жатады екен, Жәңгір хан желкенді қайықпен серуендеп, аңшылыққа шығып тұратын болыпты.

Орда тарихы туралы айтқанда оның орманы туралы айтпау мүмкін емес. Кәдімгі қара топырақ емес, құмда, былайша айтқанда шөлейт жерде орман отырғызудың оңай емесін білетіндер бұл еңбекке шынымен таңғалып, бас шайқар еді. 1832 жылы Жәңгір отырғызған орман 1876 жылдан бастап мемлекеттің қорғауында. Мұнда екі жүз жыл бойы өсіп тұра беретін қарағайлар бар, о баста құм көшкінін тоқтату үшін бойы аласа тал, шілік сияқтылар егілген болса, 1890 жылдардан бастап биік қарағайлар өсіріле бастаған. Бұл орыс ғалымдары келіп, Орда орман шаруашылығы құрылған кездермен сәйкес келеді. 1908 жылдан бастап питомниктер ашылып, Нарын қарағайын өсіреді. Бүгінгі таңда Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдык мемлекеттік мекемесінің жалпы көлемі 16405 га, сонын ішінде орманмен қамтылған жері 5027 га аумақты алып жатыр.


Орда орманының тарихы

        Орман тарихына қатысты «Орда» орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Ақылбек Әлсейітов кеңінен баяндайды. Жалпы орманның негізгі бөліктері Нарын құмының «Жасқұс», «Қандыағаш», «Мешітқұм», «Қызылшағыл», «Дүйсеқұм» деген жерлерінде орналасқан. Бұл жер он сегізінші ғасырда осы жерде тұрған көшпелі қалмақ тайпалары келгенге дейін нулы, сулы жер болған екен, ағаштардың да сан түрі өсіпті. Бірақ олар табиғаттың өзі жаратқан осы байлықтың қадіріне жетпей, табиғи түрде өскен ағаштарды кесіп, отап, соның әсерінен құм көшкіні күшейіп, жер тоза бастайды. Кейін Бөкей сұлтан 1799 жылы Ресей императорынан өзінің қол астындағы қазақтардың бір бөлігін алып көшуді сұраған. Арада екі жыл өткенде I Павелдің жарлығымен Еділ-Жайық атырабындағы жерге көшіп, осы жерді иеленеді. Кейін орыс ғалымдары келіп, осы жерді зерттей бастайды. Мысалы, П.С.Паллас деген ғалым өзінің 1793 жылғы соңғы зерттеуінде Нарын құмында өсетін өсімдіктерді зерттеген. Ал Г.С.Карелинді Жәңгірдің өзі шақыртқан, ол Бөкей ордасында жұмыс істеп, орман аумағын құм көшкіні басып қалғаннан тоғайға қауіп төну мүмкін екендігіне назар аударып, соның нәтижесінде Жәңгір Хан ставкасының айналасына ағаш отырғызу керектігін айтып Орынбор губернаторына хат жазады. Бұған дәлел бар. Орынбор әскери губернаторы Сухтелен 1831 жылы Жәңгірге жауап қайтарып жазған. Осы тіркелген хатта (КР, МОА, 78-қор, 1-тізім, 4-б)оның өтінішін қабыл алып, қажет болса ағаш көшеттерін жеткізуге адам жіберу керектігін де айтып өтеді. Осылайша жыл өткенде көшеттер жеткізіледі. Бірақ, мал тұяғы мен адамдардың ағаштарды тонауы қиындық келтіреді. Ақырында хан өзі 1842 жылы орман алқабында мал жаймау керегін, тал-терекке тиіспеу керегін айтып арнайы жарлық шығарады, тіпті орманды қадағалап-бақылайтын арнайы кондуктор тағайындайды. Осы қаулының нәтижесінде жергілікті халық ерте көктемде жайлауға көшіп, тек қара суық түскенде қоныстарына келіп отырған. Бұл жарлық туралы 1898 жылы төрағасы И.Сем. Иванов болған «Астраханский листок» газетінде жазылған екен.




Осындай қамқорлық жасалып отырған соң орман-тоғай жайқалып өсе бастайды. Бірақ 1845 жылы Жәңгір қайтыс болады, ал ол шығарған жарлық күшінде болғанымен, орман бұрынғыдай қаралмай қалады. Ағаштар дұрыс өспегесін Орданың айналасын құм басады, енді халықты басқа жаққа көшіру керек деген мәселе көтеріледі. Бұл кезде орман мекемесі әлі құрылмаған болатын, сондықтан бұл міндет Уақытша кеңеске жүктеледі. Тек 1876 жылдан бастап патша үкіметі құзырлы органдар тарапынан осы орман алқаптарын мемлекет тарапынан қорғау мәселесі қозғалады. 1888 жылдың соңынан бастап Астрахан Губерниялық Орман қорғау комитеті Нарын құмындағы 120 десятин жерде өсетін орманды қорғауға алады. Сол кезде Жасқұс, Қызылшағыл, Дүйсе, Мешітқұм, Қандыағаш құмын қорғауға алынған аймақ деп белгілейді. Сөйтіп 1890 жылдың 27 наурызынан бастап Нарын орман шаруашылығы құрылады. Орман шаруашылығында жұмыс істеген М.Н. Турецкий, көмекшісі В.А.Палецкий, кондуктор Я.Н.Лысов деген орманшылар орманды қорғап, шөп егіп, питомник құрып, қарағаш, татар үйеңкесі, көктерек егіп, құм топырағын сақтау үшін құмаршық пен қияқ отырғызады. 1892 жылдан бастап бұйратты тоғайларды картамен кескіндеп, сызып бөлетін болады. Ағаштарды будандастырып, осы жердің климатына сәйкес келетін жаңа түр өсіріп шығарады. Мысалы, Нарын қарағайының ерекшелігі – фитонцид деген элементті көп бөледі, ол өкпе ауруына бірден бір ем. Кейін осы жерде өкпе ауруын емдейтін аурухана болады.

1910 жылы Жасқұста тәжірибе стансасы құрылып, ағаш көшетін өсіретін питомник ашылады. Бұл питомниктерде ақ терек, алха, қарағай өсіріледі. 1910 жылы орманшылар мектебі ашылады Бұл үй әлі бар. Осы орманшылар мектебінде орманшы кондукторлар даярланған. Мектеп негізі Ресей империясының мемлекеттік жерді бақылау және жер шаруашылығы бас басқармасының төменгі орманшылар мектептері туралы 1888-1898 жылғы заңдарына сәйкес ашылған. Ол заңның баптарына сәйкес, осы оқу орнын бітіргендер орман шаруашылығының меңгерушісі, болмаса білікті маманы, ал көмекші ұстаздар орманшы не топограф болады. 2 кластық білімі бар не жасөспірім балалар алынған. Бала жақсы оқыса орман шаруашылығы мекемесіне жұмысқа алып, әскери міндеттемелерден босататын болған. Мектеп 1922 жылға дейін болған.

Алдымен «Нарын», кейін Орда орман шаруашылығы деп аталған мекеме қандай ауыр жылдарда да жұмысын тоқтатпаған, осы шаруашылықты басқарған азаматтардың «Халық жауы» ретінде тұтқындалғаны туралы да құжат бар. Мысалы, Жұман Қараурушев, Қ.Мырзағалиев деген азаматтар қуғын-сүргін көрген. Ал, Ұлы Отан соғысы кезінде Батыс Қазақстанның Сталинград майданына қосқан үлесі орасан зор болғаны тарихтан белгілі, соның ішінде Орда орман шаруашылығы қажетті ағаштарды жіберіп отырған. Осы Орда орманы ішінде санитарлық инструкторлар мен атқыштар дайындалып, «бәлнес терегі» бөлігінде Сайқын мен Шоңай стансаларында неміс ұшақтары оғынан жараланған науқастар емделген. Осындағы Орда питомнигінде И.Сухих деген бағбан жүзім өсіріп, ол Бүкілодақтың ауылшаруашылығы көрмесінде жүлде алған. Ол жүзімдіктер қатары сирегенімен, түбегейлі жойыла қойған жоқ.

         Ел тәуелсіздік алып жатқан жылдары ауылдарда әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтар болды, сол кезде орман ағаштарын отындыққа кесу әдеті көбейген, мұны артынан құм басу қайта белең алып, бұл жердің тозуына әкелген. Сол кезде де орман шаруашылығы басшылары мен қызметкерлері солардың орнын толтырып, аянбай еңбек етіп, кесілген ағаштардың орнына ағаш егіп отырған.

 

Орманшылардың еңбегі адал

Жәңгірдің кезіндегі орман әлі де жайқалып тұр. Әсіресе, көктемнен бастап «Орда» орман шаруашылығының жұмыстары толастамайды. Кәрі ағаштар мен қурап қалған ағаштардың орнына жас талдар егеді, жаз басталса ол ағашты өрт пен зиянкестен қорғайды, өңдейді дегендей... толып жатыр. Өрт деген де бір тажал, бір ағаш өртенсе бітті жағалай өскен қалғанын жалмап кете береді, әсіресе, шіліңгір шілдедегі өртті ауыздықтау оңай емес. Сол себепті оның алдын алған тиімдірек. Осылайша өлке байлығын көздерінің қарашығындай сақтауға тырысқан мекеменің қызметкерлерінің айлықтары мардымсыз. Алдағы уақытта екпе жұмыстарының көлемінің көбеюіне байланысты жұмысшылардың жетіспеушілігі бар. Сонымен бірге техника жағы да жеткіліксіз. Барының өзі азып-тозған техникаға үміт арту қиын. Бетін әрмен қылсын, өрт болатындай болса тез әрекет қылып, ауыздықтауға арнайы жақсы техника керек-ақ. Осы баспасөз бетінде болсын, биік мінберлерден болсын, туризмді дамыту туралы айтып, соның ішінде Орда орманының мәселесін көтеріп сөз сөйлейтін адамдар табылады, бірақ, ең басты мәселесі – орман шаруашылығын қорғау үшін, көркейту үшін алдымен жаңа заманғы техникамен қамтылуы тиіс екендігі қозғала бермейді. Егер бір шеттен өрт лап етсе, тракторға тиелген бөшкедегі су жетпей қалып қайта толтырып әкелем дегенше бүкіл орман отқа оранатын болса, үлкен мінберлерден айтылған сол әңгіменің бәрі бекер болары сөзсіз. Көмек пен жәрдем ауызбен, сөзбен емес, нақты және қаржылай болса жақсы ғой. Орманшылар жыл сайын жалпы саны 40 мың-50 мың түп ағаш егетін болса, соның бәрін қолмен қазады. Ол дегенің үйіңнің ауласында екі-үш түп ағаш отырғызу емес, бел жазбай еңбек ету деген сөз. Әрі қарағай отырғызу үшін оның орны терең қазылуы тиіс, әйтпесе, тайыз қазылса қарағай өспейді.




Ал, әзірге бар мақсат - өрттің алдын алу болып тұр. Мекемеде болжам карталары әзірленіп орман алқабында өрт шығу мүмкіндіктері бағаланады, өрт қаупі күшейетін мезгілдерде аудандық төтенше жағдайлар комитеті, аудандық ішкі істер бөлімі, 17-ші өрт сөндіру бөлімі, 29-ші өрт сөндіру бөлімі қызметімен бірлесе отырып өртке қарсы күрес жоспары құрылады. Әлдеқалай өрт шыққан жағдайда 10 жеке шаруа қожалығымен техникамен және қол күшімен көмек беру мақсатында келісім-шартқа отырған. Яғни, бұл да амал. Қолдарынан келген амалдары. Орман аман болсын дейді.

Бұл бағытта ерікті өрт сөндіру жасағы құрылып, оған 24 адам,1 МТЗ-82 трактор бұлығымен бекітілді, орман өрт станция жанынан жасақ құрылды, оған сәуір-қазан айларына келісім-шарт бойынша 8 сарбаз, 2 автокөлік жүргізуші қызмет атқарады. Биылғы жылдан бастап ОӨС сарбаздары жыл 12 ай жұмыс істейтін болды.

Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ-нің өткен жылғы істеген жұмыстарына келсек, өткен жылы көктемде және күзде 47 га жерде орман екпелерін толықтыру жұмыстары жүргізіліп,   күзде мемлекеттік орман қоры жерлеріне қазан және қараша айларында 130 га орман егу жұмыстары орындалған. Күзгі түгендеу бойынша жаңа және уақытша тұқымбақтарда шыршасы бар, сексеуілі бар, 173,5 мың ағаш көшеттері өсірілген. Жабайы аңдармен құстарды сырттай бақылап есепке алынып отырады. Жабайы аңдармен құстардың санының күрт өзгеруі байқалған жоқ. «Орман екпелерінің жерсіну пайызын көтеру мақсатында стандартқа сай ағаш көшеттерін өсіру үшін уақытша тұқымбағының топырағы тозғандықтан жаңа орыннан тұқымбақ орналастырылып, 2019 жылы күзде топырақ дайындау жұмыстары жүргізіліп, биыл көктемде ағаш тұқымбағын қоршау, егу, суару жүйесін орнату жұмыстары жалғасты. Өткен жылы 100 кг сексеул, 15 кг қараағаш, 25 кг жүзгін, 150 кг жиде    дәндері жиналып, үлгілері Қостанай орман дәнін зерттеу станциясына жіберілді. Барлық дәндер сапасы 1 класс көрсетілді. 2021 жылға 1508 кг жүзгін дәні МОҚ-на 10 га жерге себу жұмысы жүргізілді» дейді мекеменің маманы Гаухар Серікқызы.

 

Қарағай неге қурайды?

Жалпы алғанда бұл өлкеде арнайы ғылыми зерттеу жұмыстары қашан жүргізіледі? деген сұрақ көкейде тұр. Өйткені, осыншама мәселелерді шешу үшін алдымен зерттелуі тиіс дүние көп. Мысалы, қарағайлар неге қурап жатыр, жер асты су көздерінің көлемі қандай? Су көзі тереңдеп кеткен болса, ормандағы өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесіне бұл қалай әсер етуде? Әрине, бұл үшін жүйелі жоспар құрылып, алдымен қаражат бөлінуі тиіс. Орманда қарағай, қаратерек, жыңғыл, жиде, жүзгін өсіп тұр, екі тұқымбақта көшеттер бапталып, жыл сайын 130 га жерге ағаш отырғызылғанымен оның бар болғаны отыз пайызы ғана жайқалып өседі, өзгесі сол күйі қалады екен. Жер асты суы шамамен екі жарым метр болса, соған дейін бес-алты жыл бойына үздіксіз суғарып отырмаса болмайды екен. Бір жағынан осы ауданға тиесілі тұщы судың қоры құбыр арқылы өзге аудандарға да бөлініп отырғаны орман ахуалын күрделендіріп отырғаны анық. «Орда» орман шаруашылығы мекемесінің басшысын Ақылбек Әлсейітовтың жақында республикалық телеарнаға берген сұхбатынан түйгеніміз – соңғы кездері баяғыдан бері жайқалып өскен қарағайлар ғана емес, жас қарағайлар да қурай бастаған. Оның бір себебі жері құрғақшылыққа ұшырағаннан деген болжамдар айтылады. Бұрын Еділ суы осы маңға дейін келетін болған. Орманға жақын жердегі көл атаулы кеуіп қалған да, жері сортаңды жерге айналған. Жерасты суының тереңдеп кеткенінінің дәлелі. Азғантай ылғал бүкіл орманды қамти алмайтын болу керек.

Мамандардың айтуынша, ағаш өсетін жерлердің қарашірігі жеткілікті болып, ол жерде биологиялық өңдеу тиісінше жүргізілуі де маңызды. Бұл жерде ескеретін мәселе – Орда орманы басқа ормандар сияқты қара топырақта өсіп жатқан орман емес, құмды жерде өсіп тұрған орман. Қара жерге ағаш ексең қара жер бірден тамырды ұстап, уақыт өте түбі беки береді, ал құмда бұлай емес, оған ағаш отырғызу үлкен тәуекел десе болады. Былай қарағанда ерекше технологияны, үлкен тәжірибенің нәтижесінде пайда болған орман. Аяқ жетер жерден, тіпті алыс аймақтардан әкелінген ағаш талдарын осы жерге жерсіндіру үшін қаншама еңбек кеткенін де, қарашіріктің өскін үшін қандай ролі барын да мамандар жақсы біледі. Басқалардың өзі мұндай аумақтағы орманға аз күш жұмсамайды, ал Орда орманшылары жергілікті жер жағдайының ерекшелігіне сай екі есе еңбек етеді, әйтпесе еңбек еш болады. Егер дер кезінде көңіл бөлінбесе, баяғыда Жәңгір отырғызған орманның жұрнағы да қалмауы әбден мүмкін. Оның үстіне орман өсіп тұрған аумақта Каустин Яр ракеталық сынақ полигоны орналасқан, олар әлі күнге сынақ жасайды. Ағаштардың қурауының бір себебі осы болуы мүмкін. Өйткені, бұл жер орманы жайқалып өсіп тұр демесең, ала жаздай аспаннан тамшы тамбай, жердің кенезесі кезеріп, аңқасы кеуіп жататын жер. Яғни экология мәселесі бар екенін де ешкім жоққа шығармайды.

 

 

Туристерге тартымды болу үшін...

Орда орманының әсем табиғаты қандай сұлу болса, тарихы да ерекше. Бұл жай орман емес, елді құм көшкінінен қорғаған, тіпті ғалымдарға мемлекеттік сыйлық алып берген орман. Осы деректің өзі туристерге қызық болар еді. Олай дейтініміз, 1940 жылы КСРО ғылым академиясынан келген арнайы экспедиция құмды, қатты қабығын, химиялық құрамын, жер асты суларын зерттеп, флорасы мен фаунасы туралы ғылыми еңбек жазған. Әсіресе 1950-1970 жылдары Орда орман шаруашылығында ағаштың неше түрі көптеп отырғызылып, аң, құсы да молайып, көп жұмыс жүргізілген, Ресей ғылым академиясының мүшесі, академик А.Гаель ғұмырының жартысын Орда орманын зерттеуге арнаған деуге болады, мәскеулік жас ғалымдар мен студенттерден тұратын экспедиция бұрын-соңды өспеген теректерді отырғызып, жергілікті климатқа бейімделуін бақылаған. Гаель осы еңбегіне орай кітап шығарып, сонымен бірге шөлейт және құмды жерге орман егудің теориясы мен практикасын жүзеге асырады. Ғалымның сол бастамасының нәтижесінде қарағай, тораңғы, қырым қарағайы, ақ акация, Нарын асау терегі, каспий жылауық талы, шетен, қайың, емен, сексеуіл, жүзгін, итмұрын, алтын қарақат т.б. түрлері өседі. Жалпы алғанда жетпіс түрлі орман дақылдары бар деп саналады. Аңның қызыл қасқыр, шибөрі, қамыс мысығы, елік сияқты түрлері жерсіндірілген. Кейін А.Г. Гаель осы еңбегі үшін КСРО мемлекеттік сыйлығын алған.



Осыгүні Орал шаһарының келбетін қарасаң, бүкіл өрнегі бөлек ғимараттың бәрін казактар салған сияқты көрінеді, біздің аталарымыз сол баяғы иен далада мал соңында жүре бергендей әсер болатыны рас. Бірақ, олай емес. Алтын Орда дәуірінде бізде жалпы екі жүздің үстінде қала болған дегенді айтатын ғалымдардың бұған қатысты дәлелдері де баршылық.

Орда жерін туристер жиі келетін жерге айналдыру ісінің орындалатын арман екенін, не құр қиял күйінде қаларын ешкім білмейді. Туризмді дамыту туралы айтпас бұрын алдымен жол мәселесін шешіп алған дұрыс. Өйткені, Оралдан алты жүз шақырым қашықта жатқаны өз алдына, Сайхыннан Ресейге қарай бірнеше пойыз өтсе де, он төрт бірдей халықаралық пойыздың біреуі де тоқтамайтыны талай айтылып, мәселе болып көтерілген, мысалы, Ордаға Ресейдің Волгограды тиіп тұр, сол Волгоградта Эльтон деген көл бар, Астраханда Басқұншақ деген сор бар, егер арада кедергілер болмаса сол маңға келген жұртшылық бері өтіп (екі арадағы бар-жоғы тоқсан шақырым жол) Орда жеріне аяқ басып, орманында серуендеп, музейін тамашалар еді. Келер жылы Бөкей ордаға апаратын жол салынып бітеді деп үміттеніп отыр халық. Егер жол сәтімен салынып бітсе, тұңғыштар мекеніне ағылар жұртшылық та көбейетін шығар дейміз.