«Қайткенде Алаш көркейер» деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған...
Өзінің тегіне қарамастан, Әлихан халқын бай-кедей деп жік-жікке бөлмеді, өзге ру-жүзден екен деп жатсынбады, Алаштың ұл-қыздары деп барлығын туған бауырындай сүйді
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан – адамзат баласының тарихында сирек кездесетін дара тұлға. «Сирек» дейтіндей, туған халқына адал да шын мағынадағы кіршіксіз қызмет етуімен теңдесі жоқ тұлға болатын. Бұл жалаң сөз емес.
Әлихан – төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп өткен Шыңғыс ханның 23-ші ұрпағы – Төре тұқымынан бола тұра, Қасым хан, Абылай хан, Бөкей хан, Кенесары сынды халқы ақ киізге көтеріп, хан тағына отырған емес – оның заманы өтті-кетті.
Қазақ халқының тарихында Шыңғыс ханның кейінгі ұрпақтары қарама-қайшы – екіұшты рөл атқарды: бір жағынан, алғашқы кезеңде олар көшпелі ру-тайпалардың бірігіп, жаңа және қуатты қазақ мемлекетінің құрылуына ұйытқы болса, екінші жағынан – олардың билік үшін ішкі күрес-тартысы салдарынан «қазақ» деген этнонимді құрағанымен де, бірегей халық, ұлт болып толық пісіп-жетілмеген халықтың Орта, Ұлы, Кіші жүздер ретінде «үштік одаққа» бөлініп бытырауына түрткі болып, ақыр соңында бірінің соңынан бірін орыс империясының отарлығына душар етті. Міне, соңғы жайтты терең зерттеп білген Әлихан: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» [1] – деп ертеден-ақ халқы алдында серт беріп, сол сертіне ақырғы демі біткенше адал болып өтті. Бірақ өзінің шыққан тегін мақтан тұтты, шыққан тегінің абырой-намысын көзінің қарашығындай қорғады және... атақты хан-сұлтандардың тікелей ұрпағы екенін сезініп, халқына кіршіксіз де шексіз қызметі етуді, Алашына қамқор болуды өзінің өтпес-өтелмес борышы, ер-азаматтық парызы санады.
Әлихан – хан тұқымы бола тұра, көзі тірісінде ешқашан атақ-даңққа құмартып, билікке ұмтылған емес. Бірақ туған інісі Смахан төренің естеліктерінде жазылғандай [2], тумысынан оқшау (жыныс мүшесі, кіндігі кесік туған; ...балуан, аусар, теріс бұтақ, қисық, көнбейтін»), еліне қамқор («ел көшкенде түйесі ауған балалы қатындардың түйесін басып береді екен; ...шаңырағын көтере алмай жатқан жесір кемпірлердің шаңырағын көтеріп береді екен; ...ел көшкенде, ат ұстағанда ...нашар жетім-жесірлерге ұстап береді екен», артына ерген үзеңгілес-қандастарына көсем болып, жөн көрсете білді.
Өзінің тегіне қарамастан, Әлихан халқын бай-кедей деп жік-жікке бөлмеді, өзге ру-жүзден екен деп жатсынбады, Алаштың ұл-қыздары деп барлығын туған бауырындай сүйді: «...қазақтың аталы аулының ұрлық, зорлықшылдығын жек көретін, бірақ қазақтың кедейін азғырып, байымен партия қылуды ұят көретін. Қазақтың оқыған азаматтарын байшыл, пара алғыш, баймен құда болғышын Әлекең тәуір көрмейтін... Әлекеңнің мінезі - еш қазақпен аразбын демейтін, қастық қылмайтын, жек көретін адамымен амандаспайтын, сөйлеспейтін. Қазақтың еш нәрсесін алмайтын. «Өлгенде 2.5 кез жер керек», – дейтін» [3].
«Алаштың Әлиханы» дейтіндей, патшалық дәуірінде болсын, «буржуазиялық ұлтшыл» ретінде елінен қасақана аластатылған большевиктік үстемдік жылдарында болсын, туып-өскен кең-байтақ даласының қай түкпіріне барса да Әлиханды халқы «ханымыз», «данышпан көсеміміз», «ұлттық серкеміз» – деп зор құрметпен, шын қошеметпен қарсы алды. Мысалы, 1926 жылы КСРО Ғылым академиясының антропологиялық экспедициясының құрамында сол кездегі Адай оязына келгенінде оны адайлардың қалай қарсы алып күткенін академик Әлкей Марғұлан марқұм болғаннан кейін жарық көрген естелігінде былайша суреттейді: «Адайлар Бөкейхановтың халқының алдындағы орны толмас қызметін тани біледі екен. Сондықтан оны аса жоғары дәрежеде құрметтеді. Өздеріңіз білетін шығарсыз, қазақ тек ең құрметті қонағына тай әлде құлын сойып қарсы алады. Әрине, бұл өмірде өте сирек болатын жағдай. Себебі, жылқы баласының сүйкімділігі соншалық, оны союға ешкімнің көзі қимайды және батылы бармайды. Ал құлынның терісінен жарғақ жасайды. Сондықтан жарғақ киген қазақ eлуде біреу ғана болар. Жарғақ – қазақ киімінің төресі...» [4].
Жалғыз «Абылай, бөкейлеп ұран салған ер Адай» емес, бүкіл қалың қазақтың Әлиханды ханындай құрметтеп-қошеметтейтін көп сырының бірін оның туған інісі Смахан төре ашып береді: «1916-шы жылы қазақты қара жұмысқа шақырғанда, көшпелі қазақтар бұзылып, 19-31-ді (19-31 жастағыларды – САҚ) бермейміз деген. Сонда Әлекең Торғай облысы, Торғай оязы, Қабырға болысында, Ақтөбе, Ырғызда, Адайда болған. Оларға насихат айтып: «Жұмысқа барыңдар, төбелеспеңдер, қашпаңдар. Өзім сендермен бірге боламын» - деп бірге болған... қарағай кескен жігіттермен. 1917-ші жылы 27 феуралда Николай түсіп, переуород болғанда, жігіттермен бірге қайтқан. Өлгендерін көміп, ұрыларын, тірілерін алып қайтқан. ...Адайлар Әлекеңнің алдынан ту алып шығып: «Ханымыз келді» - дегенде, Әлекең:
«Қойыңдар!» – деп ақылын айтып, қойғызған. ...Адайларға «19-31-ді жұмысқа беріңдер. Өзім бірге барамын, бірге боламын» - деп ақылын айтып, тоқтатқан» [5].
«Қазақ елі, – деп айтып отырады екен Әлиханның өзі, – ақылы кірмеген жас бала сияқты. Баланы құшақтап, сүйіп отырсаң, төсіңе сиіп жібереді». Бүкіл ғұмыры «төсіне сиген» сәбидей пәк
халқының жарқын болашағы үшін патшалық әрі Кеңестік екі дәуірде бірдей нағыз қамқоршы әкесіндей күресумен өтті. Кешегі отаршыл алып империяға Кеңес өкіметі «қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен» үстемдік орнатып, «басқа жұрттардың басшылары тырым-тырақай болып шет патшалықтарға шығып кеткенінде, Әлиханның қоныс аудармай қалуы да – елін сүйгендікке дәлел» [6] болатын. Одан бұрынғы патшалық империяның отаршыл саясатымен арыстандай арпалысамын деп жүріп, қуғынға түсіп, бірнеше рет тергеліп, абақтыға отырған 1905-1908 жылдарда ақын Көкбай Жанатайұлының Әлиханға айтқаны:
Қарағым, жалғызымсың қазақтағы,
Ұл тумақ сендей болып аз-ақ-тағы.
Өгіз өліп, болмаса арба сынып,
Өмірің өткен жансың азаптағы.
Бал тамған, ханзадам-ай, қаламыңнан,
Тәңірім айырмасын талабыңнан!..
Өзіне дейінгі қаһарлы хан-сұлтандарға қарағанда, Әлихан көзі тірісінде-ақ даңқы бүкіл сахара даласына аян болып, халқының зор сүйіспеншілігіне ие болды, қошеметіне бөленді, оны «Алаштың Әлиханы» деп құрметтеп көкке көтерді, 1917 жылдың 13-ші желтоқсанында Алашорда ұлттық-территориялық автономиясын жариялап, ұлттық шаңырағын қайта көтергенінде оны төрағасы етіп сайлап, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы сынды атақты ақындары жырмен сәлем берді:
Ас-Салаумағалейкум, данышпаным,
Қамын жеп мұсылманның алысқаным!
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Жүрмісің есен-аман, арыстаным! [7]
«Алаштың Әлиханын» шаттана жырлаған жалғыз Көкбай немесе бір Сұлтанмахмұт емес-ті. Хандық дәуірдегідей «Құр жерді өлең қыпты жоқтан қармап» - деп Абай сынаған сарай ақындары емес, ХХ ғасыр басындағы қазақтың М.Ж. Көпейұлы, Ж. Аймауытұлы, С. Торайғырұлы, М. Жұмабайұлы, Ғ. Қарашұлы, А.Байтұрсынұлы сынды көрнекті де, нағыз халық ақындары мен жазушылары оған асқақ сөзі мен жырын арнады. Жалпы, қазақтың кешегі де бүгінгі тарихында өзіне осыншама ақын-жырау асыл сөзі мен жырын арнаған Әлихандай тарихи тұлға кемде-кем, ашығын айтса – табылмайды. Мысалы, тағы да сол ақын Сұлтанмахмұт бір поэмасында оны Алты Алаштың басына қараңғы түн төнгенінде жарқырап жол көрсеткен айға теңесе, келесі жырында «қалың тұман, қараңғы түн болса да туатын бақ жұлдызы туатынын» білген көреген көсемі ретінде суреттейді:
Заманда басқан аяқ кейін кеткен,
Жасымай Алашына қызмет еткен;
Болса да қалың тұман, қараңғы түн,
Туатын бақ жұлдызына көзі жеткен;
Түймеге жарқылдаған алданбаған,
Басқадай бір басы үшін жалданбаған,
«Қайткенде Алаш көркейер» деген ойдан,
Басқа ойды өмірінде малданбаған...»
Мағжан ақын бір эпиграммасында Әлиханды «заманынан ерте туған ел ағасы» деген ойын:
«Ойы жетім, бойы жетім,
Уа, Әли!
Ел ағасы, Қыр баласы,
Уа, пәлі!», –
деп астарлап білдірсе, азаттық жолындағы қиян-кескі күресінде өзінің жақын үзеңгілесі әрі адал досы АхметБайтұрсынұлы бір шумақ өлеңінде оны «қия жазбас сұңқарға», «қажымас тұлпарға», халқын қырға жетелеген «іңкәріне» теңейді:
«Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай,
Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына іңкәрім-ай!
Міне жоғарыда келтірілген поэзияның жүрек тебірен- тер осындай жолдарынан кейін: Әлихан Бөкейхан қазаққа сіңірген қандай кіршіксіз қызметі немесе ерен еңбегі үшін қазақтың ХХ ғасыр басындағы Ахмет, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мәшһүр-Жүсіп* сынды маңдайалды ақын-жазушыларының бірі «данышпаным», «арыстаным» деп, екіншісі «сұңқарым», «іңкәрім» деп, үшіншісі «қара бұлт қаптаған қараңғы түнінде жол сілтеген жарық айға» теңеп жыр етті, оны «Ел ағасы, Қыр баласы», «Алаштың Әлиханы», «...қаламыңнан бал тамған ханзадам-ай!» деп қалың бұқара халқы нендей ісі үшін көкке көтеріп құрметтеді? -деген орынды сауал туады.
* Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан Мемлекеттік Думаның бірінші шақырылымына депутат болып сайланған 1906 жылы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы ұлт көсеміне арнап өлең жазған. Ол өлеңі «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» деген жинақпен 1907 жылы Қазан қаласындағы «Шараф» электротипографиясынан басылып шығады. Алайда 1913 жылдың қараша айында Қазаннның сот палатасының шешімімен басылым түгел тәркіленеді. Өкініштісі, Мүшһүр-Жүсіптің «Алаштың ұлы» Әлиханға арнаған өлеңінің түпнұсқасы табылмады. Осы өлең басылып шыққан жинақ та қолға түспеді. Әзірше ол өлеңнің орыс тіліне аударылған 1 шумағы ғана аңғарылды. Өлеңнің алғашқы жолдарынан-ақ автордың Әлекеңді мадақтайтыны анық байқалады:
«Мужу, который говорит, что зажжет светильник для нации,
Точно пророк достохвальный ходотай, имя А-л-и-х-а-н!
Если собрать все буквы, то получится имя,
Сокола, известного нации – Алихан...»
Ұлт көсемін мадақтайтын өлеңнің осы жолдарын Қазанның сот палатасының қарауы үшін орыс тіліне аударылса керек. Өйткені, бір шумақ өлеңнің аудармасы да сот палатасының тарихи мұрағатынан табылды – САҚ.
Ол сауалға қысқа да нұсқа жауап қазақтың ХХ ғасыр басындағы тағы бір көрнекті драматург-жазушысы, әрі көрнекті қоғам қайраткері Қошке Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» атты зерттеуінен табылады: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан. Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды...» [8].
Әлиханның атқарып кеткен ең басты тарихи рөлі де осы – жүз-жүзге бөлініп бытырап, орыс империясының қол астында құлдықта отырған ХVIII ғасырдың бірінші жартысы мен ХХ ғасырдың басын қамтитын 2 ғасырға жуық дәуірдің нәтижесінде этнос есебінде құрып, билеп-төстеуші халықтың ішіне сіңіп біржола жойылу қатері анық төнген тұста, тағы да сол татардан да, өзгелерден де «іргесін аулақ салған» біртұтас қазақ ұлтын тәрбиелеп, ұлттық мемлекеттігінің шаңырағын қайта көтеруі болатын.
Сұлтан Хан Жүсіп, алаштанушы, Ph докторы
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Әлихан Бөкейхан. Жиһанша Әлмұхамедұлы Сейдалинге. Ашық хат.
«Қазақ», № 40, 30 қараша 1913 жыл.
2. Бөкейхан, Смахан төре. Әлекеңнің өмірі (кіріспесөзін, түсініктерін жазған С. Аққұлұлы)//Жұлдыз, № 3, 102-123 беттер, 1996 ж. Алматы.
3. Сонда.
4. С.Өтениязұлы. Арманда өткен Әлкей ата // Қазақ тарихы, журн., 1994 ж., № 2, 16-17 б.).
5. Бөкейхан, Смахан төре. Әлекеңнің өмірі...
6. Кеменгерұлы, Қошке. Қазақ тарихынан // «Алаш», 2005, І том, 63 бет.
Алматы.
7. Торайғырұлы, Сұлтан-Махмұт // Сарыарқа (газ.), 26.10.1917 ж.
8. Кемеңгерұлы, Қ. Таңдамалы // Алматы: Қазақстан. 1996 ж. Құрастырған және алғы сөзін жазған Д. Қамзабекұлы.
Материал белгілі әлихантанушы ғалым, Ph докторы С. Аққұлұлы Астана қаласы Сарырқа баспасынын 2009 жылы құрастарып шығарған ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН шығармаларының 7 томдық толық жинағының І томынан алынды.