Қазіргі «Ұлтарақ» деп аталатын жердегі бұлақтан кезінде жылқы мыңдап келіп, мамырлай су ішеді екен
Ұлтарақ би туралы сөз еткенде Тарбағатай жұртының алдыға сала айтатын мақтанышы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Кеңгірбай бидің баласы Ералыға Бөжейдің қызын айттырып үйлендіруі. Бұл құдалық жолды Тобықты мен Жұмық елінің тектілікті қуа жалғасқан туыстық байланысы деп білгеніміз жөн. Ал Кеңгірбай бидің осы апамыздан туған жиенге нағашысының «Бөжей» есімін өз аузымен беруі құдасы Бөжейге деген зор құрмет пен сыйластықтан туындаса керек. Басқаша айтқанда келінінің шыққан жерінің тектілігін мойындау және оны өз ұрпағына сіңіру ниеті байқалмай ма. Сөйтіп Жұмық жұрты Тәуке елі мен Арғын Тобықты арасындағы тектілік желісі осы бір адамдар есімінен басталып, тарих қойнауынан сыр шертеді.
Руы: Найман-Қаракерей-Байжігіт-Жұмық-Тәуке-Өтеп-Анар (Бертістің әйелі)-Бөжей-Ұлтарақ би. Дабардың қырындағы киіз үй бейнесімен еңселі салынған шошақ зират осы Ұлтарақ бабамыздың мазары. Қазіргі «Ұлтарақ» деп аталатын жердегі бұлақтан кезінде жылқы мыңдап келіп, мамырлай су ішеді екен. Найман жұрты бойынша билік құрған бабаларымыздың арасында батыл шешім, қолмен қойғандай билік айтқан Би Боранбай мен Ұлтарақ бидің атағы дүйім қазаққа жеткен. Осы бабаларымыздың есімдері себепті де болу керек, жазушы Қабдеш Жұмәділов өзінің «Тағдыр» романында (82-83 беттер): «Керей атаңның қайда жүрсе де, төресіз отыра алмайтын әдеті бар. Ал қатар отырған қалың Байжігіт пен Төртуылдың дәл осындай төре құмарлығы шамалы-тұғын. Жалпы Наймандар баяғы Барақ сұлтаннан кейін төреге бағынып көрген жоқ. Сондықтан олардың асыл текті артықшылығын да мойындай бермейтін. Айдаладағы ақсүйектен, төреден гөрі өздерінің ақсақал, би, батырларын көбірек тыңдайды», – деп жазады. Осы сөздің төркінінде тарихи шындық жатыр. Жастарымыздың қазақтың халық жазушысы айтқан осы сөз төркінін көңілге түйе жүргені де дұрыс шығар. Өмірде бірде болмаса, бірде сөз таласында керекке жарап та қалар.
Енді Ұлтарақ Бөжейұлының билік еткен дәуірінен бізге жеткен ел аузындағы әңгімелерге бет бұрайық. Айта кету керек, кім де кім бұл жөнінде әдеби жазылған шығарма оқығысы келсе, онда жазушы Жанат Ахмадидің «Тектілер тұғыры» атты этнографиялық тарихи романын оқып шығуды ұсынған болар едім. Ұлтарақ би заманынан бастап, Тарбағатайдың соңғы болысы – Нұреке болысқа дейінгі Тәуке жұртының барлық хикаяттары әдеби тілмен осы кітапта баяндалған.
Тарихта 1823 жылы «Көкиірім сиезі» деген жиын Қара Ертіс өзенінің бойында «Көкиірім» деген жерде Найманның Қаракерей, Төртуыл, Саржомарт, Көкжарлы, Бура рулары мен Арғынның Тобықты елі өкілдерінің қатысымен өткен. Міне осы «Көкиірім» сиезінде Ұлтарақ бабамыз – «Көгедай төреге құн кесу» билігін айтқан танымал би.
«Қазақстан» Ұлттық Энциклопедиясының 676-бетінде «Көгедай Тоқта Күшік сұлтанның ұлы Құрақтың соққысына жығылып, аурудан қайтыс болған» деп жазылады.
Ал оқиғаның ел аузындағы ұзын ырғасы төмендегідей: Қазақта «жер төбесіз болмайды, ел төресіз болмайды» деген сөз бұрынғыдан қалған. Осы нақыл қазіргі күнге дейін халық арасында айтылып та жүр. Оның бір көрінісін әңгіме еткелі отырған оқиға желісінен анық байқағандаймыз.
Төртуыл елінің азаматтары төре тұқымы Көгедайдың ауылынан жылқы барымталайды. Барымташылардаң бет алысы Зайсан өңіріне қарай бағытталған екен. Іле Көгедай төре барымташылардаң соңына түсіп, жалғыз көз көрім жерде ілесіп отырады. Оны байқаған барымташылар да айла шарғыға көшеді. Соңдарынан қалмай қуғындап келе жатқан жалғыз аттыны жылқы олжалап келе жатқан топ жасырын тосады. Олардың басшысы Төртуыл Тәукебала деген азамат, қуғыншы Көгедайды бір қалтарыста тобықтан шоқпармен соғып, аттан аударады.
Көгедайды өлтірмей, далада жайылып жүрген өгізге мінгізіп, аяғын өгіздің бауырынан, қолын қаусыра байлап қоя береді. Жайылымда жүрген өгіз қайбір уақытында ауылға қайта қояды. Көгедайды өгіз үстінде жазғы маса, сона, ара талап, әбден өлімші болған шағында көрген адамдар түсіріп алады. Осы оқиғадан кейін, Көгедайдың өн бойы ісіп, денесі уланады. Жараға айналады. Бір жылдай бейнетпен өмір кешіп, өмірден өтеді. Осы оқиға болған жылдары Е. Құранбаев ел аузындағы деректе Көгедай төренің жасы 49-да екен десе, З. Қайсенов 37 жаста деген дерек келтіреді.
Төре тұқымының құнын жоқтау да Найман, Арғын елі тарихындағы айтулы оқиғаға айналады. Оған билік айтып, кесімді шешім шығарудың да оңай емес екендігі сөзсіз ғой. Төрелер осы «Көкиірім сиезінде» Тәуке ханның «Жеті жарғысы» бойынша Көгедайдың өліміне себепші болған Тәукебаланы тірідей «қанға-қан» беруді, не 7 еркектің құнын кесуді талап еткен. Жарғылық талап осындай, құн кесуді қалай шешпек керек? Оның кесімін айта алатын дуалы ауыз би кім? Сиезге жиналған ел жақсылары биліктің кесімді шешімін айтуды Ұлтарақ биге тапсырады.
Сондағы Ұлтарақ би бабамыздың билік кесімі құн даулаушы жақты да, оның төлемін өтеуші жақты да ешбір дауға ұрындырмай тоқтатқан екен. Би бабамыз: «Көгедай төре ел басқарып жүріп өлсе қырық адамның құны кесілер еді, өз өліміне себепші болған. Қараңғы түнде барымташылардың ізіне жалғыз түскен. Ал қараңғыда жол тосқан барымташылар оның Көгедай төре екенін, қара екенін қайдан білген. Бір ұлысты басқарған төренің барымташы топты жалғыз қуады деген ой кімге келеді. Шығасы жанға, иесі себепші болып, тобықтан қаққанда, аттан ауып түскен. Көгедай оқиға барысында өлмеген, ауырып, бір жылдан кейін өлген.
Көгедай ел иесі төреден болғанда, қазақ жер иесі екенін білуі керек. Міне осы тұжырымдарды еске алып, «құн жоқтаушы төрелер ердің құны 200 жылқының жартысы 100 жылқы құнын алсын. Егер оған келіспесе, 7 кісінің құнын алсын да, иісі төре атаулы, төлеңгіттерін қалдырып, жерімізді босатсын» деген кесімді билік айтқан екен. Ұлтарақ бидің бұл тапқырлығы ел мен жер тарихындағы көп айтыс тартыстарға кейіннен де тоқтау салып келген тарихи билік ретінде ел аузында ұмытылмай келеді.
Осы биліктен кейін Найман жұрты мен төре тұқымының байланысы былайша өрбіген екен. Сөзіміз жалаң болмас үшін тағы да «Қазақстан» Ұлттық Энциклопедиясының 459-бетіндегі жазуды келтірейік: «Төрелерді Боқатай бидің тірі кезінде-ақ Сегізбай, Назар билер Қара Ертісті өрлетіп қуып тастапты» делінеді. «Қанға қан, жанға жан аламыз» деп, екі жыл қасарысқан Сәмен мен Жабағы төрелер де, оларға ерген Абақ Керейлер де амалсыздан Ұлтарақ бидің шешіміне көніпті де, тоқтапты деген сөз бүгінгіге жетеді.
«Найман Керей» (авторы Ескендір Батталұлы Құранбаев), «Соңында сәуле қалдырған» (авторы Мира Атабаева) кітаптарындағы деректер негізінде қорытылды.
Сағынбек Ақанұлы, ҚР мәдениет қайраткері