Гималай асқан қазақтар 2-бөлім
14.03.2022 1869

Қаралы да қасіретті, сөйте тұра асқақ, ерлікке де толы бұл көш әуелі сондай үлкен мұратпен бастау алған болатын. Осы жерде Шыңжаңда болып жатқан ішкі саяси жағдайларды да саралай кеткен жөн. Себебі малын бағып, көшіп-қонып еркін жүрген елдің үрке көшуіне себеп болған тек қанды кек қана емес еді. Сол тұста билік басына жаңа келген Шың Шыцай және оның әлемдік геосаяси жағдайларға қатысты жасаған шешімдері, көрші елдермен қарым-қатынасы Шыңжаң халқының бейбіт өміріне үлкен аласапырандар әкелді.


1933 жылы Шың Шыцай Жин Шурынды тақтан тайдырып, орнына өзі отырған соң, алғашқыда елдің көңілін табу мақсатында жайлы саясат жүргізеді. Алды-артын өзінше бағамдап көрген ол алыстағы Қытайдың орталық үкіметімен жақын болғаннан көрі, іргелес әрі мығым, әскери қуаты жоғары Совет одағымен жақындасқанды жөн көреді де, Қытай коммунистік партиясына өтініш беріп, бір жағынан осы әрекетін Сталинға мәлім етіп, одан жарылқау күтеді. Совет одағы үшін Шыңжаңның маңызы әрине өте жоғары. Шыңжаңға ықпал жүргізу арқылы Совет одағынан бас сауғалап қашқан зиялыларды, ақ гвардияшыларды қайтарып әкелуге болады және Алтайдағы уранды, басқа да қазба байлықтарды алуға жол ашылады. Бұның сыртында бостандыққа ұмтылған қазақ пен ұйғыр, қызғыздың мысын басып қою да оңайға түспек.

Оқи отырыңыз: Гималай асқан қазақтар (1-бөлім)

Совет одағымен жақындаса бастаған 1936-37 жылдардан бастап Шыңжаңда да репреция жүре бастады. Елдің ең беделділерін, оқымысты, зиялыларын ұстады. Бұның барлығы Совет одағынан келген кеңесшілер мен тыңшылардың көмегімен жүзеге асып отырды. Қалбан Ынтыханұлы жоғарыда біз атаған кітабында Шың Шыцайдың 1937 жылы Сталинның арнайы шақыртуымен «емделуге барамын» деген сылтаумен Мәскеуге барғанын жазады. Бұл сапарын ол кейін өзінің мемуарында егжей-тегжейлі баяндайды. Сталинмен кездесіп, Совет Комунистік партиясының мүшелігіне қабылданады. Партия билетінің нөмірі «1859118» болғанын да жазады. Шың Шыцай Мәскеуден келген соң бүкілдей советшіл болды да Гоминдаң үкіметін өзіне теңгермейтін деңгейге жетті, тіпті Шыңжаңды тұтас уысына ұстаған ол, Нәнжиң үкіметімен келіспестен, Совет одағымен бірнеше теңсіз келісімдерге қол қойып жіберді. Осы шарт бойынша Совет одағы Шыңжаңда әскер тұрғызу, кен байлықтарын ашу, жер байлықтарын пайдалану, шекаралық қатынас жолдарын ашу, барлық табиғи байлықтардан пайдалану, телефон-телеграф қондырғыларын орнату секілді ерекше құқықтарға ие болды. Бұл Совет үкіметінің Шыңжаңдағы ықпалын бұрын-соң болмаған деңгейде күшейтті.

Осыдан кейін Шың Шыцай нағыз совет үлгісіндегі репрессия жүргізе бастады. Жиналыс өткіземіз деген сылтаумен ел ағалары мен зиялы қауымды Үрімжіге шақыртып алып топ-тобымен тұтқындады. Олардың көбі белгісіз жағдайда түрмеде өлтірілді және із-дерексіз кетті. Алтай бетінде оқу-ағартуды жолға қойған, халықтың сүйіктісі болған Шәріпхан Көгедаев, Ақыт қажы Үлімжіұлы түрмеде қайтыс болды. Ақын Таңжарық Жолдыұлы да тұтқынға түсті. Осы түрмеде өліп, сүйегі қайтпай қалғандардың бірі Шонжы, Моридан көш бастаған Қалибектің саптасы Қамзаның ағасы Жүсіп болатын. Ағасы Жүсіпті жиналыс бар деп Үрімжіге шақыртып, сол беті тұтқындап бір жылдай ұстап, ақыры өлгенін ғана хабарлап, тіпті сүйегін де қайтармай қойғаннан кейін 17-18 жастарға енді келген жас Қамза да қолына қару алып үкіметке қарсы көтеріліске қосылады. Жай қосылмай өзіне қараған елді бастап, Қалибектің серігі болып қосылды.

Шың Шыцайдың халықты жазықсыз қырғындаған осы бір қанішерлігіне байланысты қазақ арасында түрлі толқулар пайда болды. Тарих ғылымының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы сол жағдайларды: «Егер 1889-1903 жылдары орын алған Бөке батыр көтерілісі және басқадай кішігірім қақтығыстарды айтпағанда 1940 жылдарға дейін Алтай, Тарбағатай, Бұлғын, Шіңгіл бойындағы қазақтар бұрынғы төрт би төрелік билігін сақтап ру-ру, ауыл-ауылы мен малын бағып, отын жағып, ұлттық салт-дәстүр, тіл мәдениетін тұнық күйінде сақтап, жайына жатқан қауым болатын. Барлығы да Шың Шыцай билігі кезінде Шыңжаң өлкесінің ішкі ісіне қызыл орыстардың араласуынан басталды», – деп қортындылайды. Шығыс Түркістандағы алғашқы көтеріліс те осы себептерге байланысты Алтай жерінде дәл сол тұстарда жарыққа келген болатын.

Ел арасындағы толқулардың тағы бірі үкіметке ашық қарсылық көрсеткен, тыныштық іздеп жат жерлерге ауған босқын қазақ көштері болды. Осындай жағдай астында Шың Шыцай Шыңжаңдағы көтерілісшілерді жаныштау үшін КСРО-дан озық қару-жарақтармен жабдықталып, ерекше жасақталған орыс әскерлерін алдырды «Тұрғындарының көпшілігі тарапынан, яғни, түріктер тарапынан ешқандай құрметке ие бола алмаған және ішкі Қытайдан тым шалғай, оқшау тұрған Шығыс Түркістанның билеушілері тек Кеңес үкіметінің жартылай ашық, жартылай астыртын көмегінің арқасында ғана өмір сүріп тұра алады», – деген болатын Түркістан көсемі, кемеңгер Мұстафа Шоқай.

Бұл реткі шетке ауған көштердің бағыты Ганьсу провинциясына қарай бағытталды. Оның да бірнеше себептері бар еді, Ең бастысы – сол Ганьсудың Жиучуань аймағына қарасты Аньши, Йорхын Тула жерлеріне бұрынырақ барып қоныстанған қазақтардың бар екендігі және мал өсіруге қолайлы, оңаша өлке болуы. Бұл аталған өңірлер Баркөл ауданынан оңтүстік шығысқа қарай 800 шақырым шалғайғайға орналасқан. Босқындардың тағы бір үміті Ганьсудағы мұсылман дүнгендерден «шапағат» тілеу еді.

Ганьсу провинциясы Қытайдың батыс терістігіндегі Шыңжаңмен шекаралас жатқан өлке, оның батысындағы Аньши және Дунхуаң аудандарының териториясы Шыңжаңның Құмыл ауданы және Аратүрік ауданымен шекараласып жатады. Бұл аудандар Баркөлге өте жақын, аралықтары шамамен 600 шақырымға тура келеді. Тарихи деректер бойынша 1930 жылдардан бұрынғы бейбіт заманда Шыңжаңнан Тұңғышбай, Нәзірбай деген кісілер 1911 жылы Ганьсу жеріне өтіп, Шыңжаңның Құмыл аймағымен шекараласатын Аньши ауданының жеріне тұрақтап мал баққан. Олардың түтін саны 20, Жан саны 150 кісі болған.

1919 жылы Шыңжаңның Баркөлінен Ганьсу жеріне Сауытбай деген кісі сауда керуенін апарады, қайтарында түйелеріне індет тарап қырылып қалады да, өзі амалсыз Үйміннің оңтүстігіндегі Йорхын деген жерге уақытша тұрақтап тұруға мәжбүр болады. Сол жолы оған Йорхын қатты ұнайды. Өйткені ол жердің қысы қатты болмайды, мал қыс бойы далада жайылыста болып, қыстан тың шығады. Баркөлдегідей қызыл шұнақ аяз ол жерде болмайды, жаз бойы шөп шауып қысқа даярланудың да қажеті жоқ. Мал өсіруге аса қолайлы бұл жерден кеткісі келмеген Сауытбай інісін Баркөлге жіберіп, 50-дей жан саны бар 8 отбасын сол жерге көшіртіп алады. Міне, осылар Ганьсу жеріне алғаш кереге жайып, күл төккен қазақ ауылдары болып есептеледі. Олар ол жаққа ешқандай қысым көрмей, тек еріктерімен мал өсіру үшін барған бейбіт қазақ көштері болатын. Бұл ауылдар кейде Ганьсуге өтіп кетсе, кейде Баркөлге қайта келіп, көшіп-қонып жүрген. Кейін Шың Шыцайдың қысымына ұшыраған қазақтар бұрынғылардың сол көш жолы бойынша Гансуға өткен.

1936 жылы қаңтар айында Ганьсу жеріне Адубайдың (керей тайпасының жәнтекей руынан, Әліптің немере інісі, шаңия) көші өтті. Ол Елісханның жақын немере ағасы бола тұрса да, оның жоспарымен санаспай және онымен ақылдаспай-ақ аяқ астынан Ганьсуге көшкен-ді. Адубай бастаған бұл көштің құрамында 113 түтін, 565 адам болды. Бұл реткі қазақ көші Ганьсудың батыс солтүстігіндегі Мазоң тауын айналып, Аньши ауданын басып, Чилиян тауының солтүстік баурайындағы Йорхын, Тула өңірлеріне келіп аялдайды.

Шың Шыцай Адубай көшінің соңынан Елісханның да шығысқа кететінін біле салысымен орыс жасақтарын дереу Аратүрік, Баркөл жерлеріне жіберіп, Елісханның алдын тосып, көзін жоюға әрекеттенді. Орыс жасақтары бес танк, екі бомбалаушы ұшақпен қоса ауыр пулеметтер мен зеңбіректерін алып Құмыл жаққа аттанды. Шың Шыцай сонымен ғана тоқтап қалмай, бүкіл Шыңжаңдағы атқамінер аз ұлт басшыларын Үрімжіге жинап, бес жүз адамдық жиын ашып, Елісханды қылмыскер ретінде таныстырып, оған ергендерді қатаң жазалайтынын ескертті. 1937 жылы шілде айында Елісхан батыр елін бастап Баркөлден шығысқа қарай көшті. Шың Шыцай оларға көкте ұшақпен бомбылатып, жерде танктың қорғауындағы әскермен шабуыл жасады. Көшкен елден көп адам қаза болды, көп мал жау қолында қалды. Бірақ Елісхан батыр жаудан тайсалмай, оған қайтарма шабуыл жасап, жаудың көп әскерін жойып, танктерін қиратып, жау тосқауылын бұзып, қарсы келгенін жайратып, айласын асырып Ганьсуға өтіп кетті. Міне, бұл талай қасіретті кешулерді басынан өткеріп, Гоби шөлін басып Тибетке өткен, Гималай асқан, тек қана тыныштық аңсаған босқын қазақ көштерінің басы болатын. Көп адамдар ол көш неге көшті дейтін сұрақты үнемі қояды, міне, сол сұрақтарға осы айтылған оқиғалар нақты жауап бере алады деп ойлаймыз.

1937 жылы шілде айында Елісхан тәйжі Әліпұлы өз қарамағындағы елін бастап Гансудың батыс солтүстігіндегі Мазоң тауын айналып, Аньши ауданын басып, Чилиян тауының солтүстік баурайындағы Йорхын, Тула өнірлерінде тұрақтап қалған Адубайдың ауылына келіп қосылды. Көштің құрамында 178 түтін, 890 адам болды. Ол кезде Елісхан 26 жаста болатын, сол жылы қыркүйек айында Жиучуань аймақтық уәли мекемесі сонда көшіп барған қазақтардың өтініші бойынша Елісханды мыңбасы етіп тағайындады. Оған немерелес ағасы Адубай тағы разы болмай қыңырланып, өз басына тартып Чилиян тауының оңтүстігіне қарай көшті.

1935 жылдың соңынан бастап Шың Шыцай Алтайдың әрбір аудандарындағы жергілікті сақшы мекемелерін іске қоса отырып, жасырын тыңшылық топтарын ұйымдастырып, өзіне сенімсіз Кеңес Одағына қарсы адамдарды іздеттірген-ді. Және халық ішіндегі беделді адамдарға жала жауып, жалған іс қозғады. Ел ішіндегі бұзақы, жалақор адамдарға жасырын қаржылай көмек беріп, «қылмыстық істерді» әдейі көбейтіп жіберді. Осындай жалған жалаларды желеу ете отырып, ел ішіндегі ағартушылар мен басшы адамдарды тұтқындай бастады. Соның кесірінен ел дүрлігіп, халықтың тұс-тұсқа бас сауғалауы көбейіп кетті. Әсіресе, бұрыннан қытайға жақпай жүргендер үрейлене бастады. Сол себепті бір бөлім ел Алтайдың ШІңгілінен түп қопарылып шығысқа көшті. Сондай көштің бірі Зайып тәйжі бастаған көш болатын. 1937 жылы қазан айында Зайып тәйжінің (сол жылдары 70 жаста, жәнтекей базарқұл руының тәйжісі) бастаған көші Ганьсу жеріне өтті. Зайыппен бірге шығыс қазақтарына аты әйгілі Қасым батыр да (Керей тайпасының меркіт руынан) Ганьсуға өтті. Зайып бастаған көштің құрамында 103 түтін, 3515 адам болды. Осы Көштің құрамында әйгілі дін қайраткері, ақын, аудармашы (Құран кәримді қазақ Тіліне адарушы), тарихшы, көш туралы үлкен естелік жазған қаламгер Халифа Алтай да болды, сол жылы ол небары 16 жаста ғана еді.

Қасым батыр Зайыптың көшіне Баркөл жерінен ілесті. Ол бұрын Тияньшанның Боғда өңірінде тұрған, сонда жүргенде басына жалған жала жабылып, Шың Шыцайдың тұтқындау бұйрығы түскендіктен, жалғыз бауырын ертіп Баркөл жеріне өткен, бірақ онда да басынан жала құтылмады. Ізіне түсушілер көп болды. Сол жылы Ганьсудың Жиучуань аймақтық уәли мекемесі сонда көшіп барған қазақтардың өтініші бойынша Зайыпты өзі бастап барған елінің тәйжісі етіп қайта тағайындады.

1939 жылы ақпан айында Шыңжаңнан тағы бір үлкен көш Ганьсуға өтті. Ол көштің құрамында да мықты ел ағалары болды. Атап айтқанда: Құсайын тәйжі (найман тайпасынан, сол кезде жиырманың ішіндегі жас жігіт) – 98 түтін, 490 адамымен; Нұрғали үкірдай (керейдің жәнтекей руынан) – 374 түтін, 1187 адаммен; Сабырбай тәйжі (керейдің жәдік руынан) – 241 түтін, 1800 адаммен; Әйембет үкірдай (уақ тайпасынан) – 100 түтін, 500-ден астам адаммен; Солтаншәріп тәйжі 100 түтін, 500-ден астам адаммен; Салақиттан үкірдай (керейдің молқы руынан) – 140 түтін, 700 адаммен; Әбілкайыр залың (керейдің сарбас руынан) – 183 түтін, 915 адаммен; Еженхан (керейдің жәнтекей руынан) – 125 түтін, 625 адаммен көш бастады. Бұл жолғы көштің жалпы түтін саны 3160-тан, адам саны 7000-нан астам болды. Бұл көш Шыңжаңдағы Шың Шыцайға қарсы үлкен соғыс шептерін құрып, жаудың арнаулы жасақтандырылған қосындарының түрлі тосқауылдарын бұзып шықты.

Қазақтардың осыншама көп ауылдарының түп қопарыла шығысқа көшуінің тағы бір үлкен себебі болды: Шың Шыцай қазақтарды жаныштау үшін Кеңестер Одағынан көптеген қазақ ұлтының өкілдерін әкеліп, ел арасына тыңшы етіп орналастырды. Солар арқылы бұлардың жағдайын аңғарып, ел ішіндегі сорпа бетіне шығарларын алдап, уысына түсіріп, тұтқындап отырды. Сондай сұрқиялықтың бір айғағы ретінде жоғарыда өзіміз атап өткен Абай Қасымов деген Кеңестер Одағы жіберген тыңшыны атап өткеніміз дұрыс болар. Өйткені қытай қазақтарына жалғыз Шың Шыцай ғана шұқшиған жоқ, оның арғы жағында И.Сталин бар екенін бұл арада тағы еске саламыз, оның мақсаты – Алаш рухын тездетіп тұншықтырып жоғалту. Ол сол жымысқы саясаттарын кейінгі Шығыс Түркістан көтерімістеріне де пайдаланды, Шығыс Түркістандағы билік құрылымдары мен саяси жүйеге түгелдей өз адамдарын араластырып отырды. Шың Шыцай 1935 жылы ақпан айында Қасымовты арнайы Құмыл аймағының орынбасар уәлиі етіп тағайындап, қызмет кеңсесін Баркөлге орналастырып, телефон, телеграф аппараттарымен жабдықтап, жанына тыңшылар топтастырып, қазақтарды аңдып отыру үшін пайдаланды. Қасымовтың қазақтарға көрсетпеген жамандығы болмады, талай қазақты жазықсыз түрмелетіп, атқызды. Сатқын Қасымовтың ұлтына жасаған опасыз қылықтарына қатты кектенген батыр Қасым оның көзін құрту үшін арнайы дайындалып жүрді. Бір жолы оның әскерлерімен бірге келе жатқан жолын тосып қарауылға дәл келгенде атып қалады, сөйтсе айлакер Қасымов күні бұрын сақтық жасап, өз киімін өзгеге кигізіп, атын ауыстырып мініп алыпты, ақыры ол бір реткі өлімнен аман қалады. Абайдың орнына оның киімін киіп, атын мінген адам оққа ұшады. Совет КГБ-сі жабдықтаған тыңшы, алдымен Шыңжаң, кейіннен Моңғолия қазақтарын зар илеткен қаныпезер сатқын Қасымов туралы көш естеліктерінде де көп рет айтылған.

Абай десе ел ішкен асын қойып,

үйінен безіп жүрді тынши алмай.

Жамандап бірді-бірге жау қылған соң,

Сандалды талай қазақ ақыл таппай, – деген өлең жолдары соның айғағы. 1938 жылы қараша айының басында Шың Шыцай Мәскеудегі қызыл қожайын И.Сталиннен алған жасырын жоспары бойынша Алтай, Тарбағатай, Іле және Шыңжаңның шығысындағы Баркөл жерінен ел ішіндегі сорпа бетіне шығар мықты адамдарды басынан тізіп тұтқындай бастады, осылайша Сталиннің өрттей қаулатқан қанды репрессиясы Шыңжаңнан да жалғасын тапты.

(Жалғасы бар...)

Пайдаланған әдебиеттер:

Халифа Алтай. «Алтайдан ауған көш» естеліктер кітабы;

Қалбан Ынтыханұлы «Босқын қазақ көштері және деректі әдебиет» монографиясы;

Годфри Лайас. «Аспантау асқан үркін көш».