Ерлер есімі – ел есінде
10.02.2016 1755
Ар жағынан патша әскері қаптап келе жатты. Солдаттардың алдында үш атты оқшау көзге түсті. Соның бірін Амангелді көздеп атты да оққа ұшырды

Бірінші әңгіме 

«Қазақтың Ленинграды» атанған Торғай даласында халық батыры Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы алдында туған дала көне тарих сырын шерткендей. Кең байтақ өңір сырлы сазға бөленгендей. Батырды көзі көрген көнекөз қариялар сарбаздар айтар еді: «Бұл жұмыр жерде Париж барикадасында көтерілген қызыл ту, Аврора крейсерінде көтерілген Қызыл ту, одан кейін Торғай даласында Аманкелді Имановтың сарбаздары көтерген Қызыл туды адамзат тарихы ешуақытта ұмытпас» деп. 

Бүгінгі бақытты өмір мен нұрлы болашақ жолында толарсақтан саз кешіп қу толағай жастанған ерлер есімі Торғай аспанында мәңгілік шырағдандай маздайды. Ол есімдердің мәртебесі биік. Адам – жаратқанның перзенті емес, жаратылыс перзенті екенін, зұлымдықты жеңбесе қуаныш та көрмейтінін танытты. Адамның өмірге жәбір-жапа көруге емес, таудай қасіретке де қарсы тұрып оны жеңуге келгенін дәнелдеді. Сол құдыреттілердің бірі – Амангелді Иманов. Ол – халық батыры, ол – ел деп туған халық перзенті. Амангелді 1916 жылы патша үкіметіне қарсы шығып халық көтерілісін бастағаны мәлім. Бірдің мыңға татитыны бар емес пе, Амангелді – әділетті аңсаған қара халықты күреске жұмылдырған ердің ері. Көтерілісшілер армиясы азаттық үшін ата жауымен арпалысқа түсті. Олар қандайда берік қамал ішінен қирайтынын ұқты. Сосын қынына қарай қылыш суырды. 

Дәл бұл шақта патшаның «Июнь жарлығы» бойынша қазақтан әскер құрастыру басталған кез еді. «Халықты патша қырды не, табиғат дүлейі қырды не, өлімнің аты – өлім», – деген Құрманғазы. «Дүниеге еркелей келіп босқа кетпеу үшін, келер ұрпақ өсер төл бақытты болашақ жолында салиқалы өмірін сарп етпеген адам адам ба?» дескен сарбаздар 1916 жылдың қыркүйегінен бастап иығына қару іліп атқа қонды. Халық батыры Амангелдінің туы астына жиналып Қаратоғай, Сарытоғай, Көртоғай, Қайдауыл болыстарында мыңбастылар, жүзбастылар сайланып, патша әскерімен соғысуға әзірлік өте-мөте қызу жүргізілді. Ажалдан да тайынбауға бекінді. Сарбаздардың болашаққа деген шынайы сезімі шытынаған жоқ. Соғысқа лағнет айтылды. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарды. Жақсылық пен ар-намыс – ердің көркі, ерлік өлмейді деп ұран салды. «Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, ерлердің ісі бітер ме?» деп ерлік туын жоғары көтерушілердің қатарын да Сарытоғай болысында мыңбасы Оспан Құтыбаев, жүзбасы Батырбас Садырбайұлы бар еді. Ал Қайдауыл болысында мыңбасы Әлжан Қорабаев, Көртоғай болысында Дәуіт Ержанов деген жігіттер еңіреген ерлерін соңына ертіп сапқа тұрды. Әулие-әмбиелер мен қырықшілтен ғайып еренге сыйынып тірі тұрғанда ешбір азаға көнбейтінін білдірді. Көргені жақсы көш бастап, әр болыста атты әскермен соғысқа әзірлік ұйымшылдықпен өтіп жатты. 

Амангелді сарбаздары екі бірдей жаумен алысуға тура келді. Екі бірдей жаумен бетпе-бет кездесті. Ел ішінде патша үкіметімен ауыз жаласқан бай шонжарлар қияңқысын, жасырын түрде қатерін аяған жоқ. Олардың арасында жік тудыруға сарбаздардың бағытынан барлық әрекетін істеп бақты. Бірақ оның бәрі ұлы жігерді ұлы күресті тудыратынын ұққан сарбаздардың сағын тындырып, жігерін мұқата алмады, қайта жауға кек қайнады. Ашу-ызаға булыққан халық толқынын ешқандай күш бөгей алмайтынын көрсетті. Өйткені ер егесте шынығып, сесті батырлар болаттай суырылып жатты. Торғай өңірін сілкіндіріп ел қорғаудың дауылы басталды. Жарлы-жақыбайлар өзінің қолбасшысы Амангелді Имановтың соңынан осылай ерді. 

1916 жылдың қарашасы Торғай даласы осы күнді әлі ұмыта қойған жоқ. Қазақ даласында бірінші рет еркіндікті аңсаған әділетті оқ атылды. Бірінші рет атылған оқ. Сарбаздар патша әскерімен бірінші рет соғыста айқасты. Қара халықтың сондағы тау жыққандай екпіні-ай шіркін. Осынау тасқын күшті дүниеде ешнәрсе тоқтата алмайтынын дәнелдеді. Азаттық соғысы Күйік қопасында Құмкешуде, Сарықопа, кейін Амангелді бастаған қалың қол Доғал жерінде патша әскерлерімен кескілесе күресті. Ерлер белдескен жауды белден басты. Осынау ұрыстың қай-қайсында да екі жақтан да шығын аз болған жоқ. Әсіресе, Күйік соғысында сарбаздар жаудың басым күшін тас-талқан етіп өздерінің ерлігін таныта білді. Сол алғашқы уақыттарда-ақ Амангелді жауды жеңуге айласы алтау, ақылы жетеудей алғыр қолбасшылығын танытты. Қандай да соғыс қиындығын айлалы ғана жеңетінін сол қиындықты отты жүректі қайратты ғана жеңетініне сендірді. Әйтпесе сарбаздар саны көп болғаны мен олардың алғашқы айқастарында қолындағы қару-жарағы әлсіз еді. Әсіресе алыстан көздеп ататын зеңбірек сияқты қарулары болған жоқ. Дәл сол Доғал соғысында екі жақтан да адам шығыны көп еді. Бірақ бұл сарбаздар өмірдегі ең күшті ең елеулі оқиға. 

Осынау шайқаста халық батыры Амангелді Торғай өзенінің бойын өрлей, әр жерден күшті тосқауыл қойып, жауды алға бастырмады, қылт еткенін қиып түсірді. Мерген сарбаздар өте-мөте шеберлік көрсетіп, жау қатарын сирете берді. Әйтсе де оқ-дәрінің жеткіліксіздігі мылтықтың санаулылығы қол күрмеу жасады. Ал сарбаздардың басым көпшілігі қылыш, найза, айбалта сияқты қарулармен ғана жасақтанған еді. Олар жаумен қолма-қол араласқанда болмаса патша әскерлерінің зеңбірек пулеметі қолданып алыстан қимыл көрсетуіне төтеп беруі қиынға түсті. Сондықтан да олар жауды айламен жеңіп, қарулануды көздеді. Ерліктің көзін тауып, жеңістің жолын табуда осы еді. 

Міне, Доғалдағы қатты соғысты қазіргі тірі сарбаздар есінен шығарған жоқ. Ол ұмытылмайды. Қанды қырғын еді ғой ол. Сарбаздардың біразы оққа ұшты. Ер боп туып ел қорғаны болып өлді олар. Сондықтан да мәңгі тірі бабалар. Көптеген адамдардың аты оққа ұшып, әр тұста жаяушылықпен қиындық кешті. Ер белгісі қынында болған, қапияда жау қолында қалған сарбаздар Тыныбай көлін паналайды. Патша солдаттары бар жаулығын аямай өзеннің екі бетіне өрт қояды. Пулемет, зеңбірекпен атқылап, бораған оқтың астына алады. Осындай өрттің ішінде сарбаздар жаумен қолма-қол шайқасқа кіріседі. Елінің жақыннан қорған, алыстан айбары болатын ерлері тайсалмады қаскей жаудан. Айбалта, найза қылышпен сарбаздар жаудың біразын шығынға ұшыратты. Езгіге көнбейтін ежелден қалыптасқан өшпенділік маңызы тереңде еді. Туған жерін қорғауға деген сүйіспеншілік күші нағыз ерлік еді. Олар өліспей беріскен жоқ. Бірақ күші басым жау қолынан біраз сарбаз жарық дүниемен қоштасты. Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылған елдер рухы бәрібір төмен түскен жоқ. Қайта мәңгілікке жарқырап аспандай берді. Мәңгілік сөнбес жұлдыздай жымыңдап еркіндік жарығына құлшынды. 

Осынау тұста Амангелдінің мыңбасылары Батырбас Сандырбайұлы, Әмірбек Орынбекұлы, Мырзабек Арысұлы тағы басқа сарбаздар ерлікпен көз жұмды. Келесі күні сарбаздар жауын қайта шегіндіреді. Жеңіске ие болады. Соғысқұмар жаудың біразы құрып тынады. Осы азаттық тынысы кезінде қаза тапқан сарбаздарды ел боп Үрпек басындағы зиратқа арулап жерледі. 

– Олар нағыз ер еді ғой. Олар біздің көз алдымызда мына бүгінгі ұрпақтың көз алдында тірі рух. Өйткені ер есімін ер ұмытпайды ешқашан, – дейді мыңбасы болған Шойбас Тәйкин қария. 

Сарбаздар Үмбет Досымбетов, Мұхаметжан Күнеділов, Ізмағамбет Баймағамбетовтер осынау алғашқы айқасты сарбаздардың нағыз ерлігін бүгінгі ұрпаққа жыр етіп айтады, сыр етіп шертеді. Тірі тарих деген осылар. Ерлердің өлмес даңқын ел көкірегінде сақтатқан да осылар. Сарбаздардың айтуына қарағанда, Батырбастың 42 жерден жараланғанын жаумен арпалыста бір өзі үлкен ерлік көрсеткенін дәлелдеді. Қар үсті қып-қызыл жосадай қанға бөккен деседі. Бір жерде сынған найза, құндағынан үзілген ондаған мылтық жойқын соғыстың куәсі боп жатқан деседі. Осы шайқаста патша солдаттарының оннан астамы ерлер қолынан өлген. Қоршауда қалған Батырбас тобы алғашқы шайқаста жауды үлкен жеңіліске ұшыратқан. Бірақ соңынан солдаттарға үстеме күш қосылып, жау күші басымдап кеткен деседі. 

Иә, Амангелдінің Батырбас секілді сенімді серіктері, сүйеніш тірегі он сан болған. Олардың бірқатары азаттық жолында отқа түсті, шыбын жанын арнады. Бірақ ел есінде Сарбаздар ауылында жыр болып ерлік даңқымен ел жадында жатталып қала білді. Солардың бірі Батырбас Садырбайұлының ерлігі белгілі деректер болмағандықтан, әлі күнге тарихта өз орнын ала алмай кенжелеп келеді екен. Ал Сәт сияқты сарбаз ақын: 

Әскербасы Батырбас, 

Жағаласты жаумен шойынбай. 

Жауыз патша дұшпанға 

Кім күш қылады осындай, – 

деген өлеңі ел ауызында әлі күнге сақталып қалған. Ендеше ердің атын өлтірмейтін ақынның осынау хаты болса керек. 

 – Бізде Амангелді сарбаздары атанған тірі қарттар көп, – дейді Көшекбай Оспанов. – Расында Доғал соғысында ерлік көрсеткен сарбаздар Сейдалы Тоқсанов, Ахмет Дүйсенов, Мұхамеджан Күнеділов, Айтбай Жүсіпов, Үмбет Досымбетовтей абзал ерлер бүгінгі ұрпаққа тарихтың тірі куәлары іспеттес. 

Патша жендеттерімен жанқиярлықпен күрескен сарбаз батырдың көбінің қара шаңырағы құлаған жоқ. Қандай қатыгез жау да қазақтың қара шаңырағын құлата алмады. Халық күші каһарлы екенін танытты. Мұндай ерлік бабалардан жалғасып ешқашанда жоғалып кетпейтінін дәлелдеді. Ерлердің ошақ оты әлі маздаулы. Ол от мәңгі сөнбейді. Оған дәлел Батырбастың әйелі Бошай алты бала өсірді. Бәрін де ел қатарына теңестірді. Алты үй алты өмір жалғасып жатыр шат заманда. Әмірбектің әйелі Ажаргүл үш бала өсіріп, терезесі теңеліп кетті. Тұлпарлар тұяқсыз емес. Орны бар оңалып өсті. Бүгінгі бақытты өмірге әкелері әперген еркіндік теңдікке ие болды. Ерлік ерлік эстафетасын жалғастырып ғарыштарға қол созып барады. 

Жас та болса ат жалын тартып мінген, Аманкелді сарбазы атанып ең соңғы Сарықопа төңірегіндегі соғысқа қатысқан Социалистік Еңбек Ері Қошан Есболов былай деп сыр шертеді: 

«Амангелді Иманов халқымыздың қадырлы батыры еді. Торғай соғысына мен қатысқан жоқпын. Бірақ Сарықопа соғысына қатыстым. Алғашқы көргенім Қарасай деген жерден солдаттары келді патшаның. Сарықопа, Қалыңқопа біздің қалың сарбаздардың етек-жеңін жинақтап тосыннан шабуылға шығуға дайындаған Амангелді сол қалың қопаға қамады, тығылып тұрдық. Ар жағынан патша әскері қаптап келе жатты. Солдаттардың алдында үш атты оқшау көзге түсті. Соның бірін Амангелді көздеп атты да оққа ұшырды. Осы кезде солдаттардың біразы иіріліп, тұйыққа тірелгендей болып кейін шегіне бастады. Содан барып өздері соғысуға бата алмай біраз тұрды. Мылтық атып еді, қопаның арасындағы сарбаздарға тигізе алмады. Сарбаздардың бәрі де аман болды. Содан түстен кейін олар Қарасайға кетіп отырды. Сарбаздар жаудың бетін қайырды. Сол менің Амангелді сарбаздардың патша әскерлерімен қақтығысын өз көзіммен көргенім». 

Ауылдың абзал қарты Қошан қазір де ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Еңбекпен бақыт тапты. Батырлар салтын ерлік еңбекпен жалғастыруда. Ұзақ жыл «Коммунизм жолы» совхозында жылқышы болып, елеулі қызмет етті. Ол өзінің еңбек жолынан қысқаша әңгіме қозғады: 

– Әуелі серіктік болдық, мен екі жыл сиыр фермасын басқардым. Одан бергі жерде жылқышы, әрі ферманы басқардым. Алғашында 66 жылқы алып едім, соны 1949 жылға дейін 800-900-ге жеткіздім. 1948 жылы еңбегім бағаланып Социалистік Еңбек Ері атағын берді. 

Иә, халық батыры Амангелді Имановтың осындай он сан сарбаздары ел есінде өздерінің ерлік тұлғасымен сақталған. Ер жігіт өлер жеріне дейін күліп барды, ерлік туын қолдан түсірген жоқ. Сонда олар бүгінгі бақытты тірлікке сенген екен-ау. Жалпақ еліміздің даңқын шығарған сол батырлар рухына бас иеді бүгінгі ұрпақ. Өйткені олар елін өрге сүйреп, даңқын асырып кетті. Ерлер қайратын ел қалай ғана ұмытады. Сондықтан да мәңгі тірі есімдер олар. Көздеген мақсаттары еркіндік, туған жерін жауға таптатпау қасиетті парыз еді.

Табыл Құлыяс, жазушы, зерттеуші, ҚР мәдениет қайраткері