Шапағат шырақшысы болған Мамановтар әулеті
29.01.2016 1918
Есенқұлдың тарихта атын шығарған қайырлы ісі – 1914 жылы қазақ жазушыларына арнап, тұңғыш рет роман бәйгесін жариялауы

Дәулетімен ұлтқа қызмет еткен қазақ байлары жайындағы сөзімізді жалғастырайық. 1915 жылғы «Айқап» журналының № 7-8 санында: «...Құдайға шүкір, біздің қазақ арасындағы ғылымның қадірін білуші, дәулетін ғылым жолына жұмсаушы байларымыз бар екен. Альфред Нобель жолымен Есенқұл бай Маманов жүріп отыр. Роман жазған адамға ақшалай бәйге тігіп отыр, жазылған романдарды білгірлердің сынына беріп отыр. Есенқұл байдан үлгі алмақ, оның салған жолымен жүрмек – қазақтың басқа байларының міндеті» деген мақала бар. Мақалада есімі аталған Есенқұл деген бай кім еді? 

Есенқұл Жетісудың Ақсу, Қапал-Арасан өңірінде өмір сүрген қазақтың ақ жүрек азаматы екен, оның есімін жалпақ жұртқа жария еткен оның қайырлы мақсатта жұмсаған ақшасы, қазақ қоғамына жасаған шапағаты мен қайырымдылығы, қамқорлығы екен. Оқырман қауымға «Қазақтың Нобелі» атанған Есенқұл қажы әулеті жайында мұрағат құжаттарын ақтарып, ескі газет қиындыларынан тапқан тың деректерді ұсынайық деген едік. 

Бақ дарып, құт қонған әулет 

Задында, балаға тектілік қан арқылы, туған жердің қасиетті топырағы арқылы дарымаушы ма еді! Есенқұл қажының шыққан тегі жайында бірер сөз қозғайық. 

Бөрібайұлы Қыдыралы – өз заманында кемеңгерлігімен, ақылгөй парасаттылығымен аты шыққан Матай елінің беделді кісісі, қара қылды қақ жарған ықпалды, күшті биі болған. Қыдыралы – Маманның ұлы атасы. Қыдыралының Дөсет деген батыр ұлынан Қалқабай, Тәнеке деген екі ұл тарайды. Екеуі де заманында айбарымен аты шыққан қазақтың даңқты батырлары болған. Осы жердегі Қалқабай деген кісі – Есенқұлдың түп атасы. Қалқабайдың Қуатбек, Маман, Медетбек, Толқын, Айнабек, Қасабек есімді алты ұлы болған. Сонымен, Есенқұлдың сүйегі найман, ұраны «Қаптағай», «Бөрібай» болғаны жайлы мәлімет бердік. 

1820-1901 жылдар аралығында өмір сүрген Қалқабайдың Маманы 1868 жылы Жетісудың Қапал уезінен тұңғыш қажылыққа барған адам. Сол жылы Ибраһим көпес екеуі Меккеге барып, мұсылмандық парызын өтеп келген. Қажылықтан келгеннен кейін ел-жұрты оны құрметтеп «Байқажы» деп атаған. Қапал-Арасан аймағына қарайтын тоғыз болыстың төбе биі әрі дуанбасы болған. Байқажының төрт әйелі болыпты. Бірінші әйелі Нәлі бәйбішеден Ырысбек, Тұрысбек, Бейісбек, Сейітбаттал туған. Екінші әйелі Әйімжаннан Оңғарбек, Омар, үшінші әйелі Лайықтан Құттыбек, Құрманбек, төртінші әйелі Жаңғақтан Есенқұл туған. Маманның он ұлы және Зылиха, Рахима, Еркежан есімді үш қызы болған. 

Маманның бәйбішесінен туған балаларының ішіндегі ірі бай болғандары – Тұрысбек (1844-1904) пен Сейітбаттал (1864-1913). Екеуі де қажы. Сейітбаттал дүниеден өткеніне дейін Арасан елінің болысы, биі болған. Ал Тұрысбектің Құдайберген, Тәңірберген, Солтанқұл, Айтмұхамет деген балалары, Сейітбатталдың Сейдахмет, Қожахмет, Нұрахмет деген балалары да ірі бай болған. Сейітбаттал қайтыс болғаннан кейін оның орнына Сейдахмет би, Қожахмет болыс болып сайланған. Маманның кіші әйелінен туған Есенқұл қара шаңырақ иесі әрі Маман балаларының ішіндегі ең байы болған. Бірақ Есенқұл өмірінде би де, болыс та болмаған. Маман қажы ұрпақтарының негізгі кәсібі сауда-саттық болған. Сауда мен жәрмеңкеден түскен қаражатты жоқ-жітіктерге, жетімдерге, кембағалдарға және оқудағы қазақ жастарының пайдасына жұмсап отырған. 

«Мамания» – Жетісудағы тұңғыш мектеп 

Қоғам ағымын терең болжап, келешек қамын ойлаған Тұрысбек 1878 жылы қажылықтан келгеннен кейін, әкесі Маманның өсиеті бойынша Ақсу бекетінің оңтүстік жағындағы Сүттіген деген жерге қоныс аударып, кішкене қалашық салуға кіріскен. Бес-алты бөлмелі, төбесі көк қаңылтырмен жабылған ағаш үйлер салып, әр үйдің төңірегіне түрлі жеміс ағаштарын отырғызады. Аз ғана уақыт ішінде бұл жер кішігірім қалашыққа айналып, «Қарағаш» қаласы деп аталады. 

Маман, Тұрысбек қажылардың бастамасымен 1899 жылы Қарағашта үш кластық мектеп үйі ашылады. Алғашында оқу бағдарламасы қадым ескіше оқыту жүйесінде болып, кейіннен жаңа заман ағымына бейімделіп, жәдит (төте жазу) жүйесіне көшірілген. Жәңгір ханның арнайы стипендиясымен Каирдағы Мысыр университетінің заң факультетіне оқуға түскен бөкейлік Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1909 жылы университетті үздік бітіріп, Жетісу даласында тұңғыш ашылған мектепке келіп, ұстаздық еткен. Сегіз тілді меңгерген Ғабдолғазиз Қарағаштағы мектептің оқу-тәрбие жұмысын жақсы жолға қойып, мектеп атын кең байтақ қазақ жеріне жария еткен. 

1913-1914 жылдары «Мамания» мектебінде 17 мұғалім, 200 шәкірт болған екен. Мамания мектебінің алғашқы түлектері: Біләл Сүлейұлы, Әбубәкір Жайшыбекұлы, Маманұлы Ыбырайым, Ілияс Жансүгір, Бағрамұлы Әйсейіт, Ермектасұлы Мейірман, Кедесұлы Бейсенбай сияқты тағы басқа тұлғалар болған. Бір таңғаларлық жайт – «Мамания» мектебін бітірген шәкірттер басқа қалалардағы оқу орындарына еркін түсе алған. Маман ұрпақтарының ашқан мектебі жайында Алаш оқығаны Жақып Ақбайұлы «жетісулық бір студентке Маманов-Тұрысбековтер жыл сайын 20 сом стипендия төлеп отыруға міндеттенген. Ал біздің барлық жерімізде осындай патриоттар болса, біздің қазақтар надандықтың шегіне жетпес еді-ау. Менің ойымша, Маманов – Тұрысбеков әпенділер біз барша жұртпен тең болатын жақсы кездерге дейін есімдері тарихта қалуға тиісті тұлғалар» деген екен. («Айқап» журналы, № 7 саны, 1913 жыл). 

Есенқұл қажы – «Қазақтың Нобелі» 

Маман қажының кенжесі Есенқұл қажы 1880-1832 жылдары өмір сүрген қазақтың аса ауқатты байы еді. Есенқұлдың анасы Жетісудағы атақты жалайыр Жәлменде бидің қызы Жаңғақ ана еді. Есенқұл Байқажының жасы ұлғайған кезінде дүниеге келгендіктен, өжет, қайсар, ерке болып өсіпті. Есенқұл ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамында болған саяси-әлеуметтік қозғалыстардың бел ортасында жүрген қазақтың оқыған азаматы еді. Ол Әлихан Бөкейханұлы, Мұхамеджан Сералин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы тәрізді қазақтың көшін алға сүйреген ұлт қайраткерлерімен қоян-қолтық араласып, қазақтың болашағына алаңдап отырған, Алаш қайраткерлерін қай жағынан болса да қолдап отырған ардақтысы еді. 

Есенқұлдың тарихта атын шығарған қайырлы ісі – 1914 жылы қазақ жазушыларына арнап, тұңғыш рет роман бәйгесін жариялауы. «1913 жылдың декабрь жұлдызында, бір жұманың ішінде бірі 5 жасар, бірі 2 жасар Әнуарбек пен Ниязбек есімді екі балам дүниеден қайтты. 

Мен сол сүйікті балаларымның көзіндей көрерлік бір кітаптың шығуын тілеймін. Соның үшін осы жылғы ноябрь басына дейін таза қазақ тілінде және таза қазақ тұрмысынан роман жазушылардың бәйгесіне 2000 сом ақша тігемін. Жазушылар бірнеше кісі болса, олардың жазғандарын өзім белгілеген 3-4 кісілік бір комиссияның сынына беремін. Бәйге сол комиссия жақсы деп ұнатқан роман иесіне беріледі» деген. («Қазақ» газеті, № 52, 1914 жыл, 28 февраль). Қазақ әдебиетінде қылаң берген бұл тосын құбылысты қазақтың зиялы қауымы терең түсініп, ерекше бағалаған. 

Тұңғыш роман байқауынан жеңіске жетіп, әдеби жүлдеге Сұлтанмахмұт Торайғырдың «Қамар сұлуы» мен Тайыр Жомартбайдың «Қыз көрелік» романы ие болған. Жүлде қоры негізінен 2000 сом болған. Кейбір деректе 200 сом деп қате көрсетілген. Ақиқаты – 2000 сом ақша. Ол қазіргі ақша жүйесімен есептегенде 33 миллион теңгенің шамасында екен. 

Жазықсыз жапа шеккен ұрпақ 

1928-1930 жылдар аралығы қазақ еліне үлкен қауіп төндірді. Бұл шын мәнінде сталиндік қандықол репрессияның бастауы еді. Бұл қолдан жасалған ашаршылықтың басы болған тауқыметті жыл еді. 

Маман қажы әулетінің шаңырағы шайқалып, ұрпағы бордай тозып, босып кетуіне не себеп болған? Басты себеп — Маман ұрпақтарының «Алашорда» басшыларымен байланыста болып, оларға жәрдемдескені. Оларға тағылған айып — газет беттерінде олардың көрсеткен көмектері жайындағы мақалалар екен. Бірақ бұның бәрін ұйымдастырған қазақ арасындағы «шолақ белсенділер» екенін қолымыздағы тарихи құжаттар айғақтап отыр. 

1926 жылға дейін Маман ұрпақтары 45 түтін болған екен. Қазіргі таңда Маман ұрпақтарының саны 20 түтінге жуық. 1928 жылдың тамызында большевиктер Есенқұлды тұтқынға алып, 8 ай тергейді. Байлығынан басқа ешбір қылмысы болмағандықтан, оны 3 жылға Орынборға жер аудартады. Есенқұл 1932 жылы Орынборда айдауда жүріп қайтыс болған. Мұрағатта сақталған құжаттардан дерек келтірейік: 

Тұрысбеков Тәңірберген – Бүйен-Ақсу ауылы №12 ауыл кеңесінің тұрғыны, 56 жаста. Отбасы 27 жан, ірі қара айналдырғанда 217 бас малы болып, оның 192 басы кәнпескеленген. 1 ағаш үй, 2 кірпіш үй, 3 киіз үй, 1 бау-бақша, 4 ер-тоқым, 1 күміс тайтұяқ, 1 қомша, 1 ширмен тәркіленген. Тәңірберген түрмеге қамалып, әулетінен 26 жан Орал округіне жер аударылған. 

Бидахмет Сейітбатталұлы – Бүйен-Ақсу ауылы №10 ауыл кеңесінің тұрғыны, 26 жаста. Отбасы 3 жан, ірі қараға айналдырғанда 336 бас малы болып, оның 290-ы кәнпескеленген. Сонымен бірге 2 үй, 2 киіз үй, 1 бау-бақша тартып алынған. 

Сейдахмет Сейітбатталұлы – Бүйен-Арасанның №10 ауыл тұрғыны, 43 жаста. Отбасы 5 жан. Ірі қараға айналдырғанда 770 бас малы болып, оның 502 бас малы, 1 ағаш үйі, 1 кірпіш үй, 2 киіз үй, 2 күміс ер, 1 қомша тәркіленген. Өзі түрмеге қамалып, ұрпағы Оралға жер аударылған. 

Маманов Қожахмет – Бүйен-қояндының №5 ауылының тұрғыны, 52 жаста. Отбасы 12 жан. 425 бас малының 171 бас малы және 1 үй, 1 киіз үй, 2 күміс ер, 2 қомша, 2 кілем тәркіленген. Өзі түрмеге қамалып, отбасы Оралға жер аударылған. 

Маманов Есенқұл – Бүйен-қоянды болысының №5 ауылының тұрғыны. 48 жаста. Отбасы 15 жан. 815 ірі қара малының 389 басы және 3 күміс ер, 1 күміс белбеу, 1 күміс тайтұяқ, 2 бау-бақша, 2 ағаш үй, 2 киіз үй, 1 кірпіш үй, 1 шапан тәркіленіп, отбасы Оралға жер аударылған. 

Тұрысбеков Айтмұхамбет – Бүйен-Ақсу ауылы №10 ауылдың тұрғыны, 35 жаста. Екі әйелі, 10 баласы бар. Семьясы 19 жан. Революцияға дейін 300 жылқы, 2200 қой-ешкі, 100 сиыр, 25 түйе, 3000 сомдық сауда капиталы, жайылым жері болған. Конфеске кезінде 146 жылқы, 709 қой-ешкі, 8 сиыр, 10 түйесі болған. Кәмпескеге 276 ірі қарасы, 1 киіз үй, 3 күмістелген ер-тоқым, 3 сырмақ, ½ десятина бау-бақшасы ілінген. 1928 жылдың 28 тамызында отбасы Оралға жер аударылған. Өзі түрмеге қамауға алынған. Сонымен, мұрағат құжаттарының (Ф. р-135, оп-1, д-66, лл. – 9-11) мәліметінше, Жетісудағы атаман Анненковтың жендеттері Алашорданың белсендісі болған атақты Маманұлдарының алтауын «қауіпті жат элемент» ретінде №58-10 бабымен тұтқынға алып, 1720 ірі қара малын, тағы басқа заттай-тұрмыстық мүліктерін тәркілеген. 

Дәулетті әулеттің ұрпақтарынан тағдырдың әртүрлі сынынан аман қалып, жазықсыз жапа шеге жүріп, рухтары сынбай, ғылымның биігіне көтерілген Маманова Халида Есенқұлқызы (1918-1977) медицина ғылымының докторы, Маманов Ыбырайым Есенқұлұлы (1907-1991) филология ғылымының кандидаты, Есенқұлұлы Адай (1925-2007) филология ғылымының кандидаты болып, ҚазҰУ мен Ақтөбе мединститутында, Ұлттық ғылым академиясында қызмет атқарғанын білеміз. Маман әулетінің көбі ашаршылық, соғыс жылдарында қаза тапқан. 

Түйін

Есенқұл қажы ұлт тағдырын өз мойнына жүктеген Алаш қайраткерлерінің сенімді серігі, тірегі еді. Бұл міндеті – әуелі Құдай Тағала алдындағы мұсылмандық парызы, екіншіден, ата-бабасы мен туған елі алдындағы перзенттік парызы еді. Ол өзінің ақтық демі таусылғанша антына адал, серті мен сөзіне берік, іс-әрекеті мен сөйлеген сөзі үйлескен, шын мәніндегі, мұсылманның бес парызына сәйкес, Хазіреті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) хадистеріне, асыл шариғат жолына сай ғұмыр кешкен тақуа жан еді. 

Иә, ол аса ауқатты бай еді, сөйте тұра жалт-жұлт еткен дүниеге, байлық атаулы боқтыққа қызықпай, қазақтың өзге байлары сияқты болыстық, ауылнайлық жоғары лауазымдық қызметке ұмтылмай, кеудесіне Патша Ағзамның медальдарын тақпай және оған арын да сатпаған қазақ еді. 

Елдос Тоқтарбай, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты