Әлихан Бөкейхан. Дума һәм қазақ
14.01.2016 1922
Қазақ ақсақалы, жұрт басшысы, патшадан сұраңдар «бізге думаға депутаттар бер» деп. Біз әр уезге қазаққа хабар қылып едік, жұрт болып жабыла, қаптай сұрай алмады

18 февральда 1905 жылы патша ішкі министр Булыгинге жарлық қылды: «Мұнан былай жұртымның жақсысымен ақылдасып закон шығарамын, осы жұрт жақсысын не жолмен сайлайтын жол жаса», – деп. 

Осы патша хатын рескрипит дейді. Мұны орнына келтіремін деп ішкі министр Булыгин думаға депутаттар сайлайтын жол жасады. Мұны «Утверждения государственной думы» дейді. Осы Булыгин жазған жол «6 август» жолы атанды, мұны жария қылып шығарған патша манифесті 6 августа шыққандықтан. 

Жазды күні 1905 жылы Булыгин Степной генерал-губернаторға хат жазып сұрады: «Біз мұнда думаға жұрт жақсысын сайлап жіберетін жол жасап жатырмыз. Қазақ жұртын анайы, көшпелі, тон астында мұзы ерімейтін, мұхит қабағында ит жегіп жүрген самоед, леопардпен бірдей деп, депутат сайлауынан тысқары қылайық деп тұрмыз, сіз қазақты билеп отырсыз, біздің бұл ақылды қалай көресіз», – дейді. Ол кезде генерал-губернатор Сухотин еді. Бұл Омбыдағы мекеме бастығы орыстарын жиып алып, «осы қазақ жұртын думадан тысқары қыламын» деген Булыгин сөзі алжығандық, адасқандық», – дейді. «Қазақ жұрты іскер, шешен, өзі он облыста, саны бес миллион, қазақ өз жайын өзі думада баян қылатын жөні бар, қазақтан думада депутат болмаса, бес миллион жұрт мақсұды жетім-жесір қалады», – дейді. «Қазаққа депутат бермесе, бұл әділдіктен тысқары болады, патша рескриптіне қарсы болады», – дейді. 

Енді Сухотин пікіріне келсек, «Рас, қазақ самоед, леопард емес, бұлардың арасы жер мен көктің арасындай, қазақты бұлармен оттас, ошақтас қыламын деген Булыгин сөзі әшейін амалсыз себеп, қазақ жұртына депутат бермейміз деген пікір дұрыс, біздің патшаның қол астындағы жұрттың екі бөлімі орыс, қалған бір бөлімі поляк, еврей, татар, қазақ һәм өзге уақ жұрттар. Біздің ең болмаса жарымы сайлаған депуттар жұрттың бәрін құрдас қылмақ болады, бұларға тәмәм орыс емес, жұрт сайлаған депутаттар қосылды. Өстіп думада біз орыс азда қаламыз. Осыған қарағанда Булыгин сөзі дұрыс, орыс пайдасы. Қазақ ақылсыз, мылқау болса, мұның депутаты жау жаққа шыққанымен зарары аз. Қазақ ақылды, шешен болса, бұл қазақты Думадан тысқары қылу керек», – деді Сухотин жандарал. 

1905 жылы жаз Булыгин һәм Сухотинді айтыстырып қойып қарап жататын уақыт емес еді. Қарқаралы, Павлодар қазағы патшаға телеграмм берді. Қол астындағы жұртқа шығарған жақсылығыңнан біздің қазақты тысқары тастама, біздің қазақ жұртына депутат бер, Булыгин, Сухотин адасып отыр деп. Бұл қазақ телеграмм берілген уақыт жұрт сөзі пұл-құнды уақыт, қазақ жұрты есепке алынып тұрған уақыт. Граф Витте Семей облысы, Павлодар уезі, қанжығалы Рахмет Әлдебек баласына патша саған тәңірі жарылқасын айтты деген телеграмм беретін уақыт. Булыгин һәм Сухотинді аударып тастап, «6 август» жолында қазақтан депутат сайлайтын болып шықты. 

Бірінші һәм екінші думада Сухотин айтқаны келіп, депутаттың көбі орыс патшалығы панасындағы жұрттың бәрін құрдас қылмақ болды. Думаның бұл пікірін біздің патшалықты билеп тұрған орыс дворяны ұнатпады, бүйтіп жұрт қатарға кірсе, төрт бөліп жұртты қойдай айдап жүрген байлар пайдасынан қалатын болды. 

Қазаққа депутат бермейміз дегенде Сухотин бетіне орыс ұлтының пайдасын ұстаушы еді. Елді бірінші һәм екінші думаны көрген соң байлар мұжықтан да құтылмас болды. 

Себебі, бұл екі думада мұжыққа орыс дворяны жерінен жер бермек болды. Үшінші дума депутаты сайланатын жол жасағанда мұжық депутатын неше қайтара бұрынғадан азайтты. Орыс патшалығының панасындағы жұрттың әрбір жүзіне сексен бес орыс мұжығы болады, қалған он бестің ішінде поляк, еврей, татар, қазақ һәм уақ жұрттар. Орыстың қаласынан «13 июнь» законымен сайланған адамдардың мұжық депутаты оннан бірі-ақ, думада мұжық депуттары қырық-елу, төрт жүз қырық екі депутат ішінде. Орыстың патшалығын арқалап асырап отырған мұжыққа мұны қылғанда аз, бытыраңқы, надан қазақты не қылсын? Думадан шығарды да тастады. 

17 октябрьдегі 1905 жылдағы патша манифестінің 3 бөлімінде жазылған еді «енді мұнан былай ешбір закон думада дұрысталмай шықпасын» деп. «Қолағаш мықты болса, киіз қазақ жерге кіреді». Үкімет орыс дворяны айтқаны қыламын деп патша манифесіне қосымша «3 июнь законы» деген депутат сайлайтын жол шығарды. 

Осы «3 июнь законын» дума партиялары «тарқы кадет, трудовая, рабочая закон емес, некесіз туған шала» деді. 

1912 жылы қысты күні Петербургта жүрген қазақ болып, кадеттен бастап дума партиясына сендер думаға закон жобасын кіргізіңдер, біздің қазаққа келер төртінші думада депутат беретін деді. 

«3 июнь» законын бұзбай тұрып біз қазаққа депутат бер деп жобасын кіргізсек, бұл законды мақұлдап қазаққа да мұның жоқ-жарағын шығар деген болады. Біз тура, ақ жолдан бұрыламыз, «сіздердің тілегіңізді қылсақ» деп кадет Сібір депутаттары бізге жауап қайырды. Үкімет қазақты анайы, надан деп думадан шығарып отыр ғой, қазақ «3 июнь законіне» кірем деп сұрамас, тоны су болып бара ма, қазақ өзі үкіметтен сұрасын деп думадағы депутаттар бізге ақыл айтты. 

Міне, биыл үшінші дума тарқап, төртінші дума сайланады, қазақ ақсақалы, жұрт басшысы патшадан сұраңдар «бізге думаға депутаттар бер» деп. Біз әр уезге қазаққа хабар қылып едік, жұрт болып жабыла, қаптай сұрай алмады. Нысанадан шығарып сұраған, Романов тойы деп Ақтөбе, Орал қазағының телеграмы болмаса. 

Қазақ сияқты аз, кеш жұрт мақсаты біреуге ілесіп жүріп болады ғой. Өз бетімен қазақ жол аша алмайды ғой. Граф Витте Рахмет Әлдебек баласына патшаның телеграмын бергендер, біздің қазақ орыстың түзу жолда жүргендерінің отына жылынып еді ғой. 

Жоғарыда жаздым ұзын сөз, мынау ақыры үшін. 24 июньде дума Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария, Самарқанд, Ферғана облысының үш жылға ұстайтын ақшасын қарады. Закон қылып шығарады. Осы қазақ облысының сметасы қаралған кеңесте қазақ пайдасын жүргіземін деген депутаттар құлағы жоқ саңырау, төртінші думаны сәулелі қылды. «Біз мұнда Петербургте отырып қазақ жұртының хал-жайын білмейміз, қазақ жерінен думада депутат болмағаны думаға закон жазғанда қиын болды. Енді мұнан былай қазақ жүрген облыстардан думаға депутат болсын», – деді. 

Осындай дума тілегін думаға положениесі дейді. Өкімет думаның айтқанын қылатын болса, енді қазақ облыстан қалай қылып депутат сайлайтын закон жобасы үкімет мойнына қарыз. Бірақ біздің үкімет өз мақсаты болмаса, дума тілегін қылмайтын рәсім қылған. Думаға қазақ жұрты тағы депутат сайлайтын болса, бұл жұрт сайлаған депутаттар жүйрік, жұртқа рас қызмет қылатын болса, қазақ баласы бірігіп жұмыс қылған жол ашылар еді. 

Қыр баласы. 

«Қазақ» газеті, № 23, 1913 жыл. 

Самар қаласы