Ұлттық топонимияның этномәдени ерекшеліктері
07.09.2021 2980

Адам баласы тұрған ортасының табиғаты мен өзге де ерекшеліктеріне қарай атау беріп, есте сақтайды. Сол атаулар тарихқа айналғанда өткен күннің куәсі сынды енді ел тарихынан хабар беретін болады. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіндегі «Халық қазынасы» ғылым-зерттеу институты шығарып келе жатқан «Қазына» ұжымдық монографиясының 6-шығарылымы «ДАЛАЛЫҚ ЕУРАЗИЯ ТӨСІНДЕГІ САРЫАРҚА МҰРАСЫ» жинағындағы Ирина Бекзатқызының «АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ТАРИХИ ТОПОНИМИЯСЫ» атты зерттеу жұмысының «Ақмола облысының ұлттық топонимиясының этномәдени ерекшеліктері» деген бөлімінде осы ерекшелікті терең зеделей түседі.


 

Ирина Бекзатқызы осы еңбегінде: «Географиялық орта, адам қоғамының шаруашылық және этномәдени қызметінің әртүрлі жақтары топонимдердің қалыптасу факторлары болып табылады. Қазақ топонимдерін этномәдени тұрғыдан қарастыру барысында этнографиялық факторлар маңызды рөл атқарады. Тарихи деректерге өте бай топонимикалық атаулар жүйесінде қазақ этносына қатысты орасан мол этнотанымдық ақпараттар жинақталған», – дей келе Ақмола облысына қатысты топонимдер мен оның тарихын зерделей түседі.

 

Бұл мәселені қарастырғанда «Этномаркерлі топонимдер» деген терминді алға тартады. «Этномаркерлі топонимдер» дегеніміз – өзінің құрамында этнографизмі бар мәдени-этнографиялық ақпаратқа ие топонимдер (Тлеубердиев, 1994, 20-б.). Археологиялық зерттеулердің нәтижесінде табылған ескерткіштер бұл аумақта халық барлық археологиялық дәуірлерде тығыз қоныстанғандығын және аумақтың белсенді түрде игерілгендігін көрсетеді. Облыстың жер-су атауларында өткен дәуірдің әлеуметтік жағдайы, тұрмысы, этнографиялық ерекшеліктері бейнеленген. Кез-келген мәдени этнобелгілер белгілі бір дәрежеде материалдық және рухани мәдениет жиынтығынан құралады. Ұлттық мәдениеттің аталған екі саласы қоғамдық формацияда қатар дамып, бірін-бірі толықтырып отырады.

 

Ақмола облысының өзіндік бай этномәдени мұрасы, қазақ халқының материалдық және рухани мәдениеті жергілікті географиялық нысандардың номинациясында көрініс тапты. Облыстың жер-су атауларында көшпелі қазақтардың өмір салтын, дүниетанымын, салт-дәстүрі мен шаруашылығын бейнелейтін атаулармен қатар, көшпелілердің ру-тайпа атауы мен кісі аттары да кездеседі.

 

Қазақ халқының көшпелі өмірі, әдет-ғұрпы, мәдени материалдық ерекше белгісін айқындайтын атаулар жер-су аттары құрамында айтарлықтай орын алады. Кез-келген алғашқы қауым өкілдерінің мәдени таным-түсінігі күнделікті тұтыну құралдары (ыдыс-аяқ, қару т.б.) мен мекен-тұраққа ие болуынан басталады (Мурзаев, 1996, 151-б.). Мал және егін шаруашылығы, тұрғын жай мен табиғатты пайдаланудың басқа да дәстүрлі элементтерінің функционалдық ерекшеліктері үңгір, шатыр, түндік, кереге, ошақ, қыстақ, қыстау, үй, қорған, ауыл, қала т.б. секілді терминдерден жасалған географиялық атауларда анық көрсетілген. Тұрғын-жаймен байланысты және жоғарыда аталған терминдер мен сөздердің қатысуымен жасалған облыс аумағында Үйжығылған, Қыстаукөл, Отаутүскен, Ошақ ауылы, Түндікжаппай т.б. атаулар кездеседі.

 

Қазақта ошақ пен ошақта жағылатын отты киелі санау дәстүрі көне дәуірден белгілі. Халқымызда отқа май тамызу және отпен аластау дәстүрлері сақталған (Кенжеахметұлы, 1998, 191–192-бб.). Көшіп-қону кезінде қазақтардың баспанасы киіз үй болды. Киіз үйдің кейбір элементтері географиялық атауларда көрініс тапты. Осы ұғымдарға қатысты облыс аумағында Шаңырақ, Шаңыраққойған топонимдері кездеседі. Көне түркі тайпа- ларында шаңыраққа белгі соғылып, ол уақыт мерзімін ажырататын сағат есебінде пайдаланылған. Шаңырақ апеллятивіне сәйкес атаулар ол топообъектінің киелі, биік ұғымында қолданылғанын білдіреді. Үйжығылған, Шаңыраққойған топонимдері көшпелі өмір жағдайында ежелгі Қазақстанның жартылай отырықшы қоныстарының пайда болғандығын көрсетеді (Шахматов, 1964). Мекен тұраққа қатысты жиі қолданылған апеллятивтердің бірі – «үңгір». Үңгірлердің ерте заманда адам тұрағы қызметін атқарғандығы белгілі. Ежелгі дәуірлерде алғашқы адамдар тұрағы, кейіннен жолаушы, аңшылардың уақытша мекені, кей жерлерде мал ұстайтын қора қызметін атқарған үңгірлер туралы аңыздар халқымыздың таным-түсінігі мен алғашқы мәдениетінен мол хабар береді. Олардың ішінде күні бүгінге дейін киелі саналатындары да бар. Бұл топтағы топонимдер қатарына Кенесары үңгірі, Айдаhар үңгірі т.б. жатады.


https://tilalemi.kz/article/1208

 

 

Халқымыздың ұлттық ерекшелігін бейнелейтін топонимдер облыс аумағында кеңінен таралған. Кейбір географиялық атаулар қазақтардың тұрмыстық бұйымдарын бейнелейді, мысалы: сандық, зерен, домбыра, моншақ, қоржын және т.б. көшпелі өмір салты кезінде өте қажет болды, олар қазақ терминологиясының ұлттық ерекшеліктерін көрсетеді (Зеренді, Домбыра- лы, Моншақты, Сандықтау, Шолақсандық, Қоржынкөл т.б.). Халықтық терминдер арқылы қалыптасқан географиялық атаулар өткен тарихымызға үңілуге мүм- кіндік береді. Мұндай этнографиялық реалий басқа ха- лықтарда болмағандықтан, басқа ұлттық орографиялық терминология құрамында бұл тәрізді сөздер кездеспейді. Этнографиялық топонимдердің ұлттық және аймақтық ерекшелікте қалыптасуына сол өлкені мекендеуші этностың тұрмысы, кәсібі, шаруашылығы, әдет-ғұрпы, наным-сенімі әсер етеді (Сапаров, 2007, 138–141-бб.).

 

Облыс аумағының табиғат жағдайы көшпелі мал шаруашылығының дамуына оң әсер етті. Көшпелі малшылар жердің табиғат жағдайын, жер бедерін, климаты мен табиғи ресурстарын жақсы білгендіктен, оларды шаруашылық жүргізуде тиімді пайдаланды. Мал шаруашылығы қазақтардың ежелгі дәстүрлі шаруашылық түрі ретінде облыс топонимиясының қалыптасуында үлкен рөл атқарды. Қазақтардың ғасырлар бойғы дәстүрлі мал шаруашылығын жүргізу ұғымы халықтың көшіп-қонуы, маусымдық қоныстар мен жайылымдарды пайдалану ерекшеліктерін қамтиды. Топонимдер номинациясынан көшпелі мал шаруашылығына қатысты халықтың түрлі тұрмыстық, қоғамдық көзқарастары, қоршаған ортаны мал шаруашылығына пайдаланудағы тәжірибелік, танымдық пайымдаулары, төрт түлік түрлеріне қатысты наным-сенімдері орын алып отырған (Сапаров, 2007, 89- б.). Көшпелі шаруашылықты жүргізу кезінде адамдарға мал жаю үшін белгілі бір тұрақтарды мұқият таңдау қажет болды. Көшпелі мал шаруашылығына байланысты атаулар көктеу, жайлау, күзеу, қыстау секілді маусымдық жайылым жерлерін білдіретін географиялық терминдердің көмегімен қалыптасқан. Шаруашылықпен шұғылдануға байланысты қора, қотан, суат терминдері топонимдерде (Ысқаққора, Бірсуат, Жарсуат, Байсуат, Құмсуат, Тассуат, Қызылсуат) жиі қолданылған. Суат термині қазақтардың көшпелі шаруашылығымен тікелей қатысты, яғни өсімдік өспеген, түбі құмды немесе тасты болып келетін ашық жайпақ жаға, өзен, бұлақ немесе көл маңындағы мал суару үшін ыңғайлы орын болып та- былады. Сондай-ақ, аумақта шаруашылық барысында жердің алыс-жақындығын білдіретін Қозыкөш, Шалғай топонимдері кездеседі.

 

Аумақтың географиялық атауларында төрт түлік мал атауларымен байланысты топонимдер ерекше орын алады. Мұндай атаулардың көп кездесуі халықтың дәстүрлі шаруашылық түрі, яғни көшпелі мал шаруашылығымен байланысты. Қазақтарда табиғатты пайдаланудың негізгі тәсілі XX ғасырдың ортасына дейін көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы болғандықтан, атауларда үй жануарлары аттарының кездесуі тұрақты жағдай.

 

Көшпелі өмір салты қазақтардың шаруашылық жүргізу барысында аумақтың (ең алдымен жайылымдық алқаптардың) табиғи ресурстарын пайдалану үшін қажетті ерекше байқампаздығын дамытты. Олар белгілі бір жайылымның табиғи ерекшелігін (жер бедерінің, климаттың, өсімдіктердің ерекшеліктерін, су көздерінің сипатын, оларды пайдалану мерзімін, төрт түлік түріне жарамдылығын және т.б) алдын-ала білді және географиялық нысанға лайықты атау беру арқылы төрт- түлікті ауа-райының қолайсыздығынан қорғады. Сондай- ақ, жер-су аттары қоныс аудару кезінде бағыт-бағдар қызметін атқарды (Конкашпаев, 1951, 85-б.). Бұл топтың жер-су атаулары бірде шаруашылық әрекет барысындағы белгілі бір оқиғаларды (Қойсоғым қыраты, Қойсалған өзені, Қойкелді ауылы, Сиырсойған орманы, Бұзауқорық қонысы, Нарөлген көлі т.б.) білдірсе, кейде төрт түлік малдың жасын, түр-түсін бейнелейтін (Тоқтықұдық, Торпақ, Қараөгіз, Қоңырбұқа, Кербие т.б) географиялық атаулар болды.

 

Әрбір аймақтың белгілі бір түлікті өсіруге аса қолайлы физикалық-географиялық мүмкіндігі болады. Физикалық- географиялық тұрғыдан негізінен жазық далалы, аласа таулы, төбелі, қысы қатты, жазы салқын болып келетін солтүстік өңірде жылқы малы көп өсірілген. Сол себепті де аймақ топонимдері арасында жылқы түлігіне қатысты қойылған топонимдер жүйесі жиі кездеседі (Атбасар, Атшұбар, Алтыайғыр, Бозайғыр, Айғыржал т.б). Қазақ халқының әдет-ғұрпы төрт-түлік, соның ішінде жылқы түлігімен тікелей қабысып жатады. Мысалы: дүниеге келген сәбидің атын сұрау (Жылқышы ма?, Ат байлар ма?), оған бәсіре ат дайындау, баланы атақты адамның үзеңгісінен өткізу және т.б. наным-сенімдер мен әдет- ғұрыпқа байланысты топонимдер Сарыарқа аймағында мол ұшырасады (Жартыбаев, 2008, 260–274-бб.). Ақмола аймағындағы бұл топқа қатысты атаулардың бірі Атбасар. Жартылай көшпелі ел қоныстанған бұл аймақта XVIII ғасырда Абылай ауылдары қыстағаны белгілі. Архив құжаттары бойынша Троицк бекінісінің коменданты П. Роденге 1761 жылы 3 шілдеде Орта жүз қазақтарының қытаймен қарым-қатынасының жайын білу үшін Абылай сұлтанның (Ол кез Абылайдың хандық лауазымын Ресей патшасының қолдамаған кезі) тұрағына барып қайтқан тілмашы Ф. Гордеевтің хабарламасында «...Абылай сол- тан кочует при речке Атбасар и урочище Колутон при горе Зиланды тав, то есть при Змеиной горе» деген де- ректер кездеседі. Осы деректің өзі Атбасар атауының қай кезеңнен бастап аталатынын көрсетеді (Әмірқызы, 1993). Атбасар қаласының номинациясын Е. Қойшыбаев мал саудасына байланысты қарастырған (Қойшыбаев, 1985, б.). Осыған орай көпшілік жұрт ертеден белгілі атақты Атбасар базарымен байланыстырып, «Ат базары» деген сөзден шыққан деп жорамалдайды. 1880 жылдан бері ғана белгілі болған Атбасар жәрмеңкесінде жылқыдан бастап төрт түлік малдың бәрі де сатылған. Сонда жоғарыдағы дерек Атбасар аты жәрмеңкеден, яғни «Ат базарынан» 120 жыл бұрын бар болғандығын көрсетеді. Тарихи деректер XVIII ғасырға дейін Ақмола облысындағы Атбасар жерінде отырықшы халық болмағанын, ол жерді оңтүстік қазақтарының жазғы жайлау ретінде ғана пайдаланғанын айтады.

 

Атбасар атауы жөнінде ел аузында сақталған аңыз- әңгімелер де аз емес. Соның бірін осы өңірден шыққан жазушы Сейітжан Омаров атақты Асан қайғы бабамыз желмаясымен жортып, ұрпағына жерұйық іздеп жүргенде Есілдің бір саласы осы өзенді көріп: «Шіркін, сен де ат тұяғы басуға жарар жер екенсің, сенің атың Атбасар болсыншы», – деп ат қойып кеткендігі туралы айтқан. Әрине, бұл тек аңыз ғана.

 

Келесі бір деректерде, шамамен XVIII ғасырдың аяғы, XIX ғасырдың бас кезінде Атбасар өзенінің жағасында Жабай ауылының қыстауы болғандығы туралы жазылады. Бұл ауыл жайлауға да өзен бойын жағалай көшіп-қонып жүрген. Уақыт өте өңір Атбасар атауымен қатар, Жабай ауылы деп те аталып, тіпті өзен де Атбасар емес, Жабай деп аталып кеткен екен. Атбасар қаласы арқылы ағып өтетін Жабай өзені жайында ертеде жағасына ел қоныстанған өзеннің нақты атауы Жабай емес, Атбасар болғаны жайлы 1779 жылы 27 маусымда Абылай ханның ордасына келіп, сапарнама жазған капитан Г. Лилигрейннің күнделігінде жазылыпты. Сондай-ақ Ф. Брокгауз бен Ефронның энциклопедиясында да осы дерек нақты көрсетілгені туралы айтылады (Әмірқызы, 1993). Е. Жартыбаевтың пікірінше, бұл атау ерте кездегі қазақтардың қашықтықты ат жүрісі мүмкіндігімен ша- малау, есептеу дәстүріне қатысты қойылған. «Ат тұяғы қалған жер», «ат баспас» тіркестерін осыған дәлел етеді. Атау қашық жер, қашық жердегі жайлау, алайда ат тұяғы жетер жер ұғымын білдірмек. Сарыарқа аймағында түрлі себептермен тау тастарында ат тұяғы бейнеленіп, таңбасы түсіп қалған жерлер халық ұғымында киелі саналып, ауырған жас балаларды ондай жерлерге аунатып алу дәстүрі сақталған. Осыған қатысты Қорғалжын өлкесінде Тұяқ аталатын бейіт бар.

 

Қазақта басқа малдың сүтіне қарағанда жылқы (бие) сүті қашан да жоғары, сапалы саналған, оны негізінен үстем тап өкілдері ішкен. Сауын айтып шақырылған той мен асқа саба-саба қымыз апаратын болған. Сондықтан қымыздың басқа сүт тағамдарына қарағанда түрі көп: саумал қымыз, түнетпе қымыз, қулық қымыз, құнан қымыз, дөнен қымыз, бесті қымыз т.б. Халықтың қымызға деген құрметі топонимдерден де орын алып отырған (Қымызынай, Саумалкөл т.б.). Ереймен өңіріндегі Саумалкөл гидронимі судың тұщылығын саумалға теңеу мәнінде қойылған метафоралық атау.

 

Сарыарқа өңірі тұрғындарының ежелден-ақ көшпелі және жартылай отырықшы өмір салтын ұстанғандығы белгілі. Халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлікке, тұрмыстық заттарға деген сұранысынан өңірде дәстүрлі шаруашылық түрлері қалыптасты. Осылайша, егіншілік жүйесімен байланысты атаулар өңірде шаруашылықтың мал шаруашылығынан басқа да салаларының болғандығын көрсетеді. Ақмола облысында егін шаруашылығын көрсететін топонимдер кең таралған. Егіншілікпен байланысты топонимдер арық, тоған, шығыр, бөгет, егін секілді халықтық географиялық терминдер негізінде құрылған. Аумақта кең таралған егін термині Ақмола облысы аумағында өткен дәуірде егіншіліктің дамығандығын білдіреді (Егінтомар, Егіндікөл, Қараегін, Қызылегіс). Суармалы егіншілікпен айналысатын халықтарда күрделі мамандандырылған ирригациялық терминология дамыды (Арықбалық, Арықты, Арықтыжон, Солтыбай шығыры, Көлтоған, Тоғансай, Тоғанкөл, Қарашалғы т.б.)

 

Топонимикалық талдау нәтижесінде табиғатты пайдалану мен адамдардың шаруашылық қызметімен байланысты қандай да бір әрекеттерді немесе оқиғаларды көрсететін және белгілі бір геотерминдердің қатысуымен қалыптасқан топонимдер анықталды: Қасқатөлген, Күйгентомар, Күйгенжар, Күйікқалған, Төреқонған, Қызқұлаған, Сұлтанкелді, Атбайлаған т.б. Күйікқалған, Атбайлаған сияқты топонимдерді қазақтардың көшпелі өмір салты кезінде уақытша қоныстардың пайда болуымен байланыстырамыз.

 

Географиялық атауларды зерттеу нәтижесінде қоғамның тарихи дамуын байқауға болады. Облыс топонимдерінде аумақтағы қоныстанудың тарихи кезеңдері, ежелгі көші-қон, этностардың таралуы бейнеленген. Этнонимдердің қатысуымен жасалған топонимдердің көпшілігі рулық құрылымы кең таралған халықтарда кездеседі. Қазақтар осындай халықтарға жатады. Аймақ топонимдерін саралау барысында Ақмола облысының аумағын мекендеген, географиялық нысандардың атауларында кездесетін бірқатар халықтардың атаулары, яғни этнонимдер анықталды (Қазақ көлі, Қырғыз шатқалы, Қалмақкөл, Үш қалмақ, Қалмаққырылған, Үшсарт ауылы т.б.).

 

Адамзат қоғамының өткен тарихи даму сатысына зер салсақ, қоғамдық бірлестіктердің алғашқы формасы ру, тайпа болғандығы мәлім. Ежелгі көшпелілер санатындағы халықтардың бәрінде де жайлаулар мен қыстаулар белгілі рулар, оның ішінде рубасылар иелігінде болған. Сол себепті де ру-тайпалар мен кісі аттары географиялық атаулармен тығыз байланысты. Ақмола аймағы Орта жүз қазақтарының мекені болып саналады. Көптеген географиялық атауларда бұрын осы аумақты мекендеген халықтар мен рулардың аттары бейнеленген. Ру атауларының қатысуымен жасалған географиялық атаулар генонимдер деп аталады. Облыс аумағында ру атауымен аталған Балталы, Бағаналы, Жағалбайлы, Қанжығалы, Итемген, Табын, Керейт, Айдабол, Қалқаман, Қоңырат, Естек, Керей, Қыпшақ генонимдері кездесті. Олардың көпшілігі Орта жүзге жатады, Солтүстік және Орталық Қазақстан аумағын ертеден Орта жүз өкілдері қоныстанғандықтан, бұл тарихи тұрғыдан шынайы болып табылады (Керімбаев, 1992, 32-б.).

 

Аймақ топонимиясының бір бөлігін киелі ұғымды білдіретін күмбез, зират, мазар, мешіт, кесене, сағана, мола, қабір, бейіт, сөре апеллятивтері арқылы жасалған некронимдер (Баршын моласы, Ботағай кесенесі, Әліптомар кесенесі, Нияз би кесенесі, Ақ Еділ қожа мазары, Айтмола, Балабейіт, Ақбейіт, Қосбейіт, Ақмешіт т.б.) мен діндар адамдардың қоныстары немесе жерленген жерлерінің (Науан Хазірет, Бейіс Хазірет, Бектемір сопы, Қылышбай әулие т.б.) аттары құрайды. Бұлардан басқа қай кезеңде, кімге арнап салынғаны белгісіз, қираған, қазіргі таңда тек некроним қызметін атқаратын топонимдерді де жеке қарастыруға болады: Ақмола, Тасмола т.б. Қазақ некронимдерінде мазар ұғымының орнына кейде «там» сөзі қолданылады (Сұлутам, Сырлытам, Қызылтам (Ахмет) кесенесі, Алтынбек тамы т.б.). Қазақ даласындағы әрбір тайпа мен рудың өздеріне ғана тән аймақтық сипаттағы киелі орындарының барлығы, олардың аймақтық сипатта некронимдік қызмет атқаратыны, әрбір некронимге қатысты жыр-аңыздардың ұшырасатыны да даусыз. Әрі барлық некронимдер тарихта болған белгілі адамдарға ғана арналып салынған. Олар жерленген жерлер кейін сол рудың ата қорымына айналған. Бұл дәстүр адам өмірі «о дүниеде» жалғасын табады, өз руластарымен бірге өмір сүреді, «о дүниенің» өзі де рулық сипатта болады» деп пайымдаудан туған. Сондықтан да елден қашық жерде қайтыс болған руластарын ата қорымға әкеліп жерлеу дәстүрге айналған. Кейбір жайларда дәулетті, атақты адамдар өздерін өлгеннен соң қайда жерлеуді өсиет етіп, тапсырып кеткен. Мәйітті айтылған жерге жеткізу мүмкін болмаған жағдайда оны сөрелеген. Сөрелеу дәстүрі екі түрлі жағдайда орындалған. Біріншісі, жаз айында қайтыс болған жағдайда мәйітті ит-құс жете алмайтын биік сөреге салып, етін ағызып, тек сүйегін ғана ата қорымға апарып жерлеген. Екіншісі, қыс айында қайтыс болса, мәйітті қайысқа орап, көктем шыға ата қорымға немесе өсиет етілген жерге жеткізіп, арулап көмген. Ақмола облысында осы дәстүрге қатысты Олжабай сөресі, Бөгенбай сөресі деп аталатын топонимдер кездеседі.

 

Бұл топонимдер осы өңірдегі ертеден жалғасып келе жатқан тарихи-әлеуметтік және мәдени-рухани өмірдің белгілері болып табылады. Қазақ халқында мешіт, кесене, зират ұғымдары сакралды мәнге ие. Олар түрлі тарихи дәстүрлер мен діни наным-сенімдердің тоғысқан жері болып саналады. Қоғам мен ғылым дамыған қазіргі таңның өзінде атақты адамдарға арнап салынған зират, бейіттерге зиярат ету, оны киелі санау жалғасын тауып келеді.

 

Аймақ антропонимдерінің қалыптасуын бірнеше топтарға бөліп қарастыруға болады: ру басы немесе билердің есімдеріне қатысты қойылған атаулар (Қарауыл Қанай би ауылы, Дүйсен би т.б.), ел қорғаған батырлар есімдеріне байланысты аталған топонимдер (Аңғал батыр, Андықожа батыр, Баубек батыр, Ағанас, Аманкелді ауылы, Қабанбай батыр ауылы, Наурызбай батыр ауылы, Р. Қошқарбаев ауылы, Мәншүк, Бөгенбай ауылы) және тарих және мәдениет қайраткерлерінің есімдерімен байланысты атаулар (Қажымұқан ауылы, Балуан Шолақ ауылы, Абай ауылы, С.Сейфуллин ауылы т.б.). Сондай-ақ, қазақ даласындағы қыстаулар мен жайлауларды мекендеген және беделді, елге жақсылығы тиген кісілердің есімдерін ұмытылмасын деген мақсатта жер-су атауларына беріп отырған (Бабатай, Жәнібекшалқар, Әлінің қарақасқасы, Қалибекбұлақ, Шәкі көлі, Қырық үй Төлек ауылы, Әйтімбет, Сейтен ауылы, Тоқсанбай тауы, Әжібай тауы, Мұжықай қонысы, Оразақ, Өтеміс, Тоқтамыс, Ақмырза т.б.) Некронимдер мен антропонимдер рулық көші-қон жолдары мен ата қоныс, жайлау шекараларын білдірген (Жартыбаев, 2008, 223–225-бб).

 

Ақмола облысының тарихы мен тарихи топонимдері XVIII ғасырдағы аса ірі саяси қайраткер, әскери қолбасшы Абылай ханның есімімен тығыз байланысты. Бұл өлке үш жүздің басын қосып, 40 жыл хандық құрған Абылайдың Хан ордасы болған. Сол себепті Көкше өңірінде Абылай ханның есімімен байланысты «Ханның қызыл ағашы», «Хан көлі», «Абылай хан алаңы», «Абылай хан тағы», «Төренің қызылағашы», «Абылай алқымы» секілді топонимдер кездеседі. Осы жерде туып-өскен Абылай ұрпақтарының есімдерімен байланысты Кенесары үңгірі, Кенесары ауылы, Наурызбай батыр ауылы топонимдерімен қатар, Ақылбай ауылы, Ақылбайасу, Оразбұлақ секілді жер-су атаулары бар. Ақылбайасу асуы сыртынан қарағанда шашылып жатқан тас үйінділеріне ұқсайды, олардың әрқайсысының диаметрі 5–6 метрге жетеді. Аңыз бойынша ертеде бұл асу арқылы сауда жолы өткен, саудагерлерді адасып кетпес үшін және қарақшылардың қолына түсіп қалмас үшін Ақылбай есімді беделді, бай кісі осы асу арқылы өткізетін болған. Ел арасында Ақылбай Абылай ханды жорықтан салтанатпен қарсы алып, оған ат сыйға беріпті деген де аңыз бар (Эксп.материалдары, 2017). Абылайдың жастық шағы туралы мынадай аңыз сақталған: «әкесі қайтыс болғаннан кейін оны Ораз атты құл құтқарып қалады, ол кезде 13 жаста болған Абылай біраз уақыт Дәулет деген байдың үйінде қарапайым жалшы болып жұмыс істейді, содан кейін туысы Әбілмәмбет бидің қолында тұрады». Қарабауырдан Бурабайға қарай жүргенде жақын жерде Оразбұлақ атты бұлақ кездеседі. Осы жерде Ораздың қыстауы болған деседі. Ертеден бұл тарихи орын Абылай ханды құлдықтан босатқан «Ораз құлдың бұлағы» деп аталады (Абуев, 2018, 264-б.).

 

Топонимдердің қалыптасуы мен дамуы этномәдени дәстүрлерге, тұрмысқа, экономикаға, дүниетанымға, халықтың этнопсихологиясына сәйкес қалыптасқан қағидалар бойынша қарапайым жолмен жүрді. Қазақ этносының шаруашылық-мәдени қызметінің ерекше дәстүрлі түрі ретінде көшпелілік облыс топонимиясының қалыптасуына тікелей және жанама әсер етті деп айтуға болады. Көшпелі мал шаруашылығын ұйымдастыру арқылы қазақ халқында табиғатты қорғау дәстүрі, оның қорларын шаруашылық мақсатта тиімді пайдалану жүйесі қалыптасты. Белгілі тарихи кезеңдерде қалыптасқан топонимдер көшпелілер үшін қажетті географиялық ақпарат көзі болғандықтан, жергілікті географиялық атауларда ғасырлар бойы сақталып келеді.

 

(Жалғасы бар) 

 

Пайдаланған әдебиет: 

 

«ДАЛАЛЫҚ ЕУРАЗИЯ ТӨСІНДЕГІ САРЫАРҚА МҰРАСЫ» ұжымдық монографиясы. Нұр-Сұлтан. 2020 ж.