Елбасы Н.Ә.Назарбаев — Тәуелсіз Қазақстанның Қытаймен қатынасының негізін салушы (1991-1997 жж. мақсаты, барысы, маңызы)
02.12.2015 2093
Қазақстан мен Қытай арасындағы шекараны өзара келісу, соның ішінде даулы өңірлерді екі ел мүддесіне сай шешу жолындағы бірлескен қызмет 1992 жылдан бастау алады

ХХ ғасырдың соңында егемендікке қол жеткізген Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі мақсаты өзімен тарихи көршілес елдермен саяси-экономикалық қатынас орнатуға арналғандығы белгілі. Солардың қатарындағы ең негізгісі – Қытай Халық Республикасымен арадағы әр салалы байланыстарға барынша назар аударылды. Олардың қатарында саяси-экономикалық, мәдени, мемлекеттердің қазақтар басым қоныстанған аудандары арасындағы қарым-қатынас, Семей және Лобнор ядролық сынақ алаңдарының жұмысын екі жақты келісім негізінде тоқтату, осылармен қатар мемлекеттер территориясының түйіскен жерлерін айқындап, оны құқықтық тұрғыда негіздеу мәселелері болды. Ал бұлардың барлығын тез арада және де екі жақтың мүддесіне сай шешу аса қажеттілікке айналды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жазуынша, «Біздің ұлттық тарихымыздың ұзына бойына Аспан асты Елімен қарым-қатынас ең басты маңызға ие болып отыр. Меніңше, адамзаттың ХХІ ғасырдағы дамуы көбіне-көп Қытаймен байланысты болады. Көптеген елдер Қытаймен ара-қатынасты өз сыртқы саясатының негізгі өзегі деп түсінеді. Ал Қазақстан үшін осынау болашағы зор, экономикасын қарышты қадаммен дамытып жатқан мемлекетпен ойдағыдай қарым-қатынас орнату айырықша маңызға ие. ...Қытаймен екі ортадағы бірқалыпты достық қарым-қатынас – бейбітшілікке бастайтын тағы бір сенімді жол», – [1, 205-206, 207] болды. Яғни, «Қазақстан үшін ҚХР-мен қатынас сыртқы саясаттың тұрақты және маңызды бағыттарының бірі. Мұнда Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүруіндегі осы азиялық мемлекетпен ойдағыдай қарым-қатынас орнатудың аса қажеттігі толығынан айқындала түсетін» [2] еді. 

Міне сондықтан да Елбасы Н.Ә. Назарбаев Еліміздің егемендігін алған алғашқы күндерден-ақ Қытай Халық Республикасымен арадағы байланысты негіздеу, ондағы Қазақстанның мүдделерін айқындау ісін басты назарда ұстады. Бұл елмен жүргізілетін қатынастың келелі мәселелерін айқындап, оның ойдағыдай шешілуіне мемлекеттің бүкіл дипломатиялық саясатын бағыттады. Осы тұрғыдағы жүргізілетін қызметтің салаларын саралай келе Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев: «ҚХР-мен достық және игілікті көршілікті қамтамасыз етудегі біздің өзгермес саясатымыз Азия құрылығындағы бейбітшілікті нығайту мен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі Қазақстанның сыртқы саясатының жүйелілігі мен бұлжымастығына қызмет етеді. Бұл мақсатқа жетісу Қазақстан ұсынған және көптеген мемлекеттер қолдаған Азиядағы өзара қимыл және сенім шаралары туралы кеңес өткізу туралы ұсынысы болып табылады. 

Бірлескен қимыл арқылы ғана бейбітшіл, қауіпсіз және тұрақты Азияны негіздеуге және азиялық нарыққа жол ашылатындығына сенемін. Осы жағдайда біз Қытайдың Қазақстанмен екі жақты қатынасты жандандыру мақсатындағы ұмтылысын біздің тәуелсіздігіміздің маңызды жағы екендігін қарастырамыз» [3] деген байлам жасады. 

Елбасы Қазақстан мен Қытай арасындағы дербес қатынастың тарихына тоқтай отыра: «Менің ҚХР-ға бірінші сапарым 1991 жылы болды. ҚХР төрағасы Цзян Цзэминмен, премьер Ли Пэнмен, Пекин, Шанхай шаһарбасыларымен кездестім. Шығыс Қытайдағы еркін экономикалық аймақтарды көрдім. Ол сапар бұл ел жайындағы пікірімді түбірімен өзгертті. ...Басшылармен де, қарапайым азаматтармен де болған кездесулерде тұрақтылыққа деген, елдің іші мен сыртындағы тыныштыққа деген құлшыныс айқын байқалды. Ол біздің көзқарасымызбен де сәйкесетін еді», – [1, 207] деп жазды. 

Міне осы мерзімнен бастап Қазақстан-Қытай қатынасы жүйелі түрде іске асырылу қолға алынды. Қытай жағы Қазақстанды тең дәрежедегі ірі саяси, экономикалық, т.б. салалардағы сенімді серкітес ретінде қарай бастады. Ал, мұның өзі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүргізіп отырған Қазақстанның сол мерзімдегі сыртқы саясатының Қытай Халық Республикасының осы бағыттағы істерінің көпшілігімен сәйкестігінен туындаған еді. Тәуелсіз Қазақстанның ХХ ғасырдың 90 жылдарының басындағы Қытаймен арадағы қатынасының алғашқы кезеңінің барысына талдау жасай отыра Н.Ә. Назарбаев оған «Таланты Китая» атты журналдың тілшісіне берген сұхбатында: «Біздің кездесуіміз (1993 жылдың күзіндегі кездесу – Ғ.Қ.) Қазақстан мен Қытайдың арасындағы әр бағыттағы өзара ынтымақтастықты дамытуға маңызды екпін берді. 

Біздің елдеріміздің арасындағы игі көршілік пен достыққа негізделген қатынас Қазақстан мен Қытайдың арасындағы қатынасты тереңдетуге, екі халық арасындағы әр салалы байланыстарды тереңдетуге жақсы негіз жасайды. 

...Қазақстанда сіздердің елмен жан-жақты қатынасты дамытуға үлкен маңыз береді, біздің қатынастардың қарқындылығы мен достық сипатын жоғары бағалайды. 

Қазақстан Қытайдың халықаралық саясатына сыйластықпен қарайды. Экономикалық қуаты және территориясының көлеміне қарамастан, барлық мемлекеттермен ішкі істеріне араласпау, таңдаған дамудың әлеуметтік-cаяси жолдарын таңдауларын сыйлау принциптері негізіндегі қатынас орнатуға ұмтылуына құрметпен қарайды», [4] – деген баға берді. 

Егер де Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы орын алған ХХ ғасырдың 90 жылдарының басындағы жоғары деңгейдегі өзара қатынастың тарихына талдау жасайтын болсақ, ресми мұрағат құжаттарындағы: «Екі ел арасындағы саяси байланыстар ең жоғарғы және аймақтық негізде іске асырылып келеді. 1993 және 1995 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев ресми сапармен Қытай Халық Республикасында және өз кезегінде ҚХР Мемлекеттік Кеңес Премьері болды. Ли Пэн 1994-1997 жылдары Қазақстанда болды, ал 1996 жылы Алматыға ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминь ресми сапар жасады. Бұлармен бірге Н. Назарбаев Цзян Цзэминмен Шанхайда (1996) және Мәскеуде (1997) Қытай жетекшілерімен көп жақты кездесулер кезінде әңгімелер өткізді. Аталған жоғары деңгейдегі кездесулер барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттер аралық басты талаптарды айқындайтын бірқатар құжаттарға қол қойылды. Оған алдымен: «ҚХР мен ҚР арасындағы өзара достық қатынастың негізі», «ҚХР мен ҚР арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту одан ары нығайту туралы» атты бірлескен Декларациялар, «Қытай-Қазақстан шекарасы туралы» келісім жатады. Жақтардың пікірі бойынша бұл құжаттар екі ел арасындағы ұзақ мерзімді және тұрақты қатынастар орнатудың іс жүзіндегі негізіне айналды» [5] деген айғақтар бұл қатынастың екі мемлекет және оның тұрғындары мүдделері негізінде жүргізілгендігін паш етеді. 

ХХ ғасырдың соңындағы Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастағы күрделілікке айналып, бірден шешімін таппаған мәселелердің қатарында еліміздің шығыс аймақтарының тұрғындарының денсаулығы мен табиғатына зиян тигізіп келген қытайлық Лобнор ядролық сынақ алаңының болашақтағы қызметін және екі ел арасындағы 1700 шақырымдық құрлықтағы шекараларды өзара тану, құқықтық негізде бекіту болды. Себебі бұл мерзімде Қазақстан жағы өз халқына ғана емес, Қытайдың көршілес аудандары тұрғындарына да кері әсер етіп келген Семей атом сынақ алаңының жұмысын біржақты тоқтатқан еді. Осы айтылғандармен қатар өз территориясынан барлық ядролық қару түрлері мен оны жеткізу құралдарын жаппай шығара бастаған Қазақстанға Қытай тарапынан ядролық қару қолданбау туралы кепілдеме берілмеген болатын. Міне осының барлығы тура сол мерзімдегі Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынасқа салқындық, біздің халқымызға деген алаңдаушылық әкелген болатын. 

ХХ ғасырдың 90 жылдарының басындағы Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының елшісі «Чэнь Ди Лобнор сынақ алаңындағы ядролық қаруларды сынау сиреп келеді және тек қана Қытай армиясының әскери қабілетін арттыру мақсатында ғана іске асырылуда деп көрсетті. ...Оның айтуы бойынша, Қытай сынақты тоқтатуға арналған мораторияға қосылмаған, алайда өзінің ядролық қызметінің деңгейіне сай оны іс жүзінде сақтауға таяп келеді» [6] деген мазмұндағы мәлімдеме жасаған еді. Ал мұның өзі шындығында сол уақыттағы Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастың салқындауына одан ары әсер ете бастаған еді. 

Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың осы күрделі мәселені шешудегі Қытай Халық Республикасы басшыларымен жүргізген мақсатты қызметі өзінің нәтижесін бере бастады. Мысалы: «...Биылғы жылдың (1996 жылдың – Ғ.Қ.) 30 шілдесіндегі Қытай жағының ядролық қаруларды сынауға мораторий жариялануы Лобнор сынақ алаңындағы жарылыстардың табиғат пен адамдардың денсаулығына қауіп төнуіне орай Қазақстан Республикасындағы алаңдау туғызуына орай Қытайға қарсы насихатты күшейту арқылы екі жақты қатынасты салқындатып келген тағы да бір қарама-қайшылықты реттеуге мүмкіндік жасады. Осының себебінен Лобнор және бұрынғы Семей сынақ алаңдары аданындағы экологиялық жағдайды реттеуге арналған негіздеу алдында келісілген екі жақты комиссияны құруға қол жеткізілді» [7] деген ресми құжат дерегі аталған күрделі істің Қазақстан мүддесіне сай шешілгендігіне айғақ болады. Жоғарыдағы аталған оңды шаралар бұл мерзімдегі Қазақстанға іске асырылған жоғары дәрежедегі Қытай мемлекеттік делегациясының ресми сапары кезінде іске асырылды. Атап айтқанда «ҚХР Төрағасы Цзян Цзяминның Қазақстанға сапары «Қазақстанның қауіпсіздігіне Қытай тарапынан қауіп тудыратындығы туралы қалыптасқан Лобнор сынақ алаңындағы ядролық сынауларға деген алаңдаушылықты алып тастады» [8]. 

Сонымен бірге бұл уақытта Қытай үкіметі тарапынан өз еркімен ядролық қарусыз мемлекет атанған Қазақстанға Қытай тарапынан ядролық қару қолданбау туралы кепілдік берілген болатын. 

Жоғарыдағы аталған екі мемлекет арасындағы шекараны өзара тануісі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың мемлекеттер арасындағы қатынастың негізіне айналып, қысқа мерзімде Отанымыздың мүддесіне сай толығымен және түпкілікті тұрғыда шешілді. Бұл қызметтің маңыздылығы: «көршілермен арадағы (Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан) территориялық мәселелердің болуы белгілі бір жағдайлардағы республиканың территориялық тұтастығына қауіп төндіретін бүлдіру қуатын сақтайды. Аталған мәселені шешу және қалыптасқан территорияны құқықтық тұрғыда бекіту сыртқы саясаттың бірінші кезектегі мәселесі ретінде қарастырылуы керектігінен» [9] болды. 

Міне сондықтан да Қазақстан мен Қытай арасындағы шекараны өзара келісу, соның ішінде даулы өңірлерді екі ел мүддесіне сай шешу жолындағы бірлескен қызмет 1992 жылдан бастау алады. Сол мерзімдегі елдер арасындағы бұл мәселенің күрделі сипат алғандығы мұрағат құжаттарындағы «Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық мәселені реттеуде Алматы аталған істің шешілмегендігіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Қытай жағы әзірге екі жақтың маңызды көлемі 300 шаршы шақырымнан артық Талдықорған облысындағы көлемі 600 шаршы шақырымнан артық (Cарышілді өзені) және Шығыс Қазақстан облысындағы (Шағаноба асуы және Баймырза) кең ауқымды тұрғыда енуге қолайлы, 60 жылдары Совет-Қытай арасындағы аса шиеленісті шекаралық қақтығыс болған екі бөлік бойынша келісім жасаудан бас тартып отыр» [10] деген деректерден белгілі болады. 

Қытай жағынан бұл маңызды мәселені шешуге деген осындай ықыласыздық тууына қарамастан Қазақстанның байсалды да дәйекті байламы мен қызметіне орай ақыр соңында «Екі ел арасындағы шекаралық мәселені айқындауда елеулі тұрғыдағы алға басу іске асырылды. 1994 жылғы 26 сәуірдегі Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келісімдік грамоталар ауыстырылғаннан кейін шекараны анықтауға мақсатындағы шаралар бастау алды» [11]. 

Атқарылған екі жақты жұмыстардың қорытындысындай, 1995 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қытайға барған сапары кезінде Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара мәселесі бұл мемлекеттердің ішкі және сыртқы мүдделеріне сай толығымен және түпкілікті шешілді. Ал мұның өзі Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың осы күрделі де аса маңызды өмірлік мәселені шешудегі халқының зор ризалығын алған баға жетпес еңбегі болды. 

Қазақстан Республикасы тәуелсіздің бастапқы жылдарында Қытаймен арадағы саяси, сауда-экономикалық қатынастарының ауқымдылығы мен тұрақтылығын негіздеп, дамытуға үнемі назар аударып келді. Аталған бағыттағы: «Үстіміздегі жылы мемлекеттер екі жақты, соның ішінде саяси бағыттағы өзара қатынасты нығайтуға назар аудара бастады. Биылғы жылдың шілде айында ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминның Қазақстанға тарихи сапары іске асырылып, екі жақтың пікірі бойынша келесі жүзжылдықта болашаққа арналған ынтымақтастықты жүзеге асыратын бірлескен Декларацияға қол қойылды. 

1996 жылы Алматыда Қазақстаннның АСШК (СВМДА) шақыру туралы бастамасына Қытай жағының оңды қатынасын орнатуға мүмкіндік жасалды. Мұнда осы жылдың 7-8 ақпан аралығындағы Қазақстан Республикасында өткізілген сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары дәрежесінде өткізілген Азиядағы ықпалдастық және сенім шараларына арналған Кеңестің жұмысындағы Қытай делегациясының оңды ұсыныстарын атап өтеді» [12] деген мағлұматтар ХХ ғасырдың 90 жылдарының ортасындағы Қазақстан-Қытай қатынасының ұғынысты және аймақ мәселесін шешуде өзара қолдау сипатын алғандығын паш етеді. 

Ал мына деректегі: «1997 жыл Қазақстан-Қытай қатынасы тарихқа экономикалық-сауда саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жолындағы ауқымды кезең ретінде енеді. Жақын шетелдер арасында Қытай Қазақстанның Ресейден кейін ең ірі сауда серіктестігі болып табылады. ҚР мен ҚХР арасындағы сауда айналымы өсіп келеді, іс істіндегі бағдарламалардың дамуы сақталынуы негізінде жылдың аяғына бұл көрсеткіш 600 млн доллар болды. Қытай Қазақстан Республикасынан болат прокаты, темір жолға қажетті бұйымдар, қалайы және Қазақстанның тағы да басқа металлургиялық өнімдерін алады, ҚР негізінен алғанда жеңіл және тамақ өндірісі тауарларын экспортқа шығарады. 

...ҚХР Мемлекеттік Кеңесі Премьерінің биылғы жылдың қыркүйек айындағы (1997 ж.) Қазақстанға сапары кезінде жалпы құны 10 млрд доллар мөлшеріндегі, шетел сарапшыларының бағасы бойынша Қытайдың өз елінен тысқары жағдайда жасалған ең қымбат жоба болып табылатын бай Өзен мұнай кен орнының жұмысын дамыту және Батыс Қазақстаннан ҚХР-дың Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданына баратын мұнай құбырын салу туралы ірі мемлекетаралық келісімге қол қойылды. 

Жекелеп айтқанда: Қытай Қазақстандағы мұнай-газ саласындағы төрт ірі нысанды: Өзен көмірсутегі шикізаты кен орнын (жобаның құны 4 млрд доллар), Ақтөбе ауданында мұнай өндіру (1,1 млрд доллар), Батыс Қазақстан – ҚХР-дың Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданы арасындағы мұнай құбырын салу (жоба құны 4 млрд доллар) және Батыс Қазақстан – Солтүстік Иран жеткізу құбырын салуды міндетіне алды. 

...ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев ҚХР мен арадағы аталған келісімдерді «Ғасыр келісімі» деп атады және Батыстан шығысқа қарай бүкіл Қазақстан арқылы өтетін ұзындығы 3000 шақырым жоспарлы жеткізу құбырын салу Қазақстанда мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашады және оған жақын аудандардың барлық инфрақұрылымдарының дамуына жағдай жасайтындығын көрсетті» [13] деген мысалдар Қазақстанның егемендіктің бастапқы жылдарындағы Қытаймен арадағы сауда-экономикалық қатынасының үнемі өсу қарқынын сипаттайды. 

ҚХР Төрағасы «Цзян Цзэминь ҚР мен ҚХР арасындағы 1995 жылы қол қойылған Қазақстаннан Қытайдың территориясы арқылы Тынық мұхитындағы Лян Юнь Чан портына дейін жететін жеткізу құбырын салу туралы жобаға Қытайдың қызығушылық танытып отырғандығын атап көрсетті. Соколов-Cарыбай тау-кен байыту комбинаты басшылығы Қытай жағымен 200 мың тонна темір кенімен қамтамасыз туралы келісімге қол қойды. 

Қарметкомбинат пен Қытайға құны 120 млн АҚШ доллары болатын болат прокатын беру туралы ұзақ мерзімді келісім жасалуда, комбинаттың ұсыныcына орай қытайлық серіктестердің қатысуымен ақ қаңылтыр шығару мақсатымен Қытайдан қалайы және қалайы концентратын алуға арналған уағдаластық дайындалуда. 

...ҚХР-мен сауда-экономикалық қатынасты дамыту мен оны өркендету үшін Қазақстан үкіметі ҚХР-ға кедендік салықты реттеуге арналған жүйені ұсынды. Қытайдан әкелінетін және оған апарылатын тауарлар қазіргі кедендік бағаның 50% көлемінде аз алынатын болады» [14] деген мысал да Қазақстан мен Қытай арасындағы орын алған экономикалық қатынастың келелігіне және оның аймақтық сипат ала бастағандығына, сонымен қатар ұзақ жылдық мерзімге арналғандығына дәлел болады. 

Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің алғашқы мерзімінен қалыптасқан Қытаймен арадағы көпсалалы байланысы екі мемлекетке де тиімділігімен ерекшеленді:

– Қытаймен осындай өзара қатынас арқылы Қазақстанның өзінің Орталық Азиядағы халықаралық саясатының мақсаты мен бағыты қалыптасып, осы көршісі тарапынан қолдау алды; 

– Қытай жағы Қазақстанды саяси, экономикалық, сауда, т.б. салалардағы сенімді әрі тұрақты әріптесі ретінде бағалады; 

– екі ел арасындағы осы мерзімдегі қатынаста өзара сыйластық, теңдік пен ұғыныстылық талаптары сақталынып келді; 

– Қазақстан-Қытай шекарасының тыныштылығы, бұлжымастығы және беріктігі қамтамасыз етілді; – осы тұрғыдағы Қазақстан мен Қытайдың шекара аймақтары арасындағы тұрақты түрдегі кең ауқымды өзара байланысы жолға қойылды; 

– Қазақстан мен Қытай арасындағы білім, ғылым, мәдени, т. б. салалардағы қатынастың негізі жасалынып, дами бастады; 

– әлемдік, аймақтық саясаттағы көптеген бағыттардағы Қазақстан мен Қытайдың ұстанған баыттарының үндестігі мен өзара қолдаушылықтары орын алды. 

Ал, екі мемлекет арасындағы осындай ізгілікті қатынасты орнатудың басында Республикамызың Президенті Н.Ә. Назарбаев тұрды. Сондықтан да Қазақстан басшысының Қытай Халық Республикасымен арадағы қатынасты өз Елінің мүддесіне сай негіздеп, дамытуы оның көреген де болашақты болжағыш ісінің барынша дәлелденген шындыққа айналуы болды. 

Ғани Қарасаев, тарих ғылымдарының докторы 

Әдебиеттер тізімі 

 1. Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. – Алматы: Өнер, 1996. – 272 б. 

2. РФ ССМ. қор-897, тір-1, папка-1, іс-5, п.-8. 

3. ҚР Президентінің мұрағаты. – қор 5-Н, тіркеме-1, іс 6070, пп. 27,60. 

4. ҚР Президентінің мұрағаты, қор 5-Н, тіркеме 1, іс 5059, п. 21. 

5. РФ ССМ, қор 897, тір 4, папка 14, іс 12, п. 197. 

6. РФ CCМ. қор 897, тір 1, папка 1, іс 5, п. 5. 

7. РФ ССМ, қор 897, тір 3 папка 10. іс 21, п.19 ү. 

8. РФ ССМ, қ.897, т. 3, п. 8. іс 7. п. 83. 

9. ҚР Президентінің мұрағаты, қор 5-Н, тіркеме 1, іс 431, п. 18. 

10. РФ СС М. қор 897, тір. 4, папка 14, іс 12, п. 20. 

11. РФ СС М. қор 897, тір. 3, папка 10, п. 198. 

12. РФ ССМ, қор 897, тір 3 папка 10. іс 21, п. 198. 

13. РФ ССМ, қор. 897, тір. 4, папка 14, іс 12. пп. 161, 197, 199-200. 

14. РФ ССМ, қор 897, тір 4, папка 14, іс 13, п. 61.