Сталинград үшін шайқаста
23.06.2021 2332

1941 жылдың 22 маусымында, 80 жыл бұрын, біздің тарихымыздың ең қанды беттерінің бірі – Ұлы Отан соғысы басталды. Неміс-фашист басқыншыларына қарсы күреске қазақстандықтардың белсене қатысқаны белгілі. Қазақстанның жүздеген мың жауынгері ордендермен және медальдармен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Солардың бірі - Амантай Дәулетбеков. Қазақстандықтар Жеңіске зор үлес қосты. Атаулы күн қарсаңында Qazaqstan Tarihy порталы Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, «Сталинградтан Днепрге дейін. Амантай Дәулетбековтің ерлігі» кітабының авторы Құндызай Мырзашқызы Ерімбетовадан Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың ерлігі туралы әңгімелеп беруді сұраған еді.



- Сәлеметсіз бе, Құндызай Мырзашқызы. «Сталинградтан Днепрге дейін» деп аталатын кітабыңыз туралы айтып берсеңіз, ол қандай мақсатпен жазылды, кітаптың басты идеясы не?

- Сәлеметсіз бе, Арман Мұратұлы. О баста менің мақсатым - Кеңес Одағының Батыры, Бас Қолбасшылық Резервінің Қызыл Тулы 1180-ші танкіге қарсы жойғыш артиллериялық полкінің (бұдан әрі - БҚР ТҚЖАП) аға сержанты Амантай Дәулетбековтың өмірі мен қызметін зерделеу болды. Ол ерлік жасаған кезде небәрі 23 жаста болатын. Алайда, тақырыпты зерделеу барысында ақпараттық материалдың көп болғаны соншалық, мен қазақстандықтардың ерлігіне қатысты тақырыпты кеңірек қарастыруды жөн көрдім. Тақырыпты зерделеу барысында жекелеген қазақстандық батырларға қатысты тарихи оқиғалар қарастырылды. Кейбір салыстырмалы тұжырымдар жасауға талпыныс жасалды. Атап айтқанда, қазақстандықтар қатысқан ұрыс алаңдарында бір уақытта басқа да әскери іс-қимылдар жүргізілгендіктен, 1942-1943 жылдардағы тарихи оқиғаларға қатысты сипаттамалар беріліп, ғылыми тұжырымдар жасалды. Кітаптың мазмұны соғыс қарсаңындағы Қазақстандағы қоғамдық-саяси үдерістерді жария етуден және халықты соғыс жағдайына жұмылдырудан басталады.


- Біздің оқырмандарымызды Амантай Дәулетбековпен жақынырақ таныстырасыз ба? Отбасы және жастық шағы туралы айтып берсеңіз.

- Бүгінгі күнге дейін баспа басылымдарында Амантай Дәулетбековтің жетім өскені туралы айтылған. Бірақ бұл басқаша болған. ҚР Орталық мемлекеттік мұрағат қорынан батырдың өмірбаяны мен жастық шағы туралы жаңа деректер табылды. Амантай дәстүрлі отбасында тәрбиеленген. Қысқаша тоқталатын болсақ, Дәулетбеков Амантай шын мәнінде 1917 жылы емес, 1920 жылы 10 қарашада Ақмола уезі (қазіргі Қарағанды облысы) Жаңа Арқа ауданының Шөпті көл ауылында батырақ қазақ Жайыл Әбілдаевтың отбасында дүниеге келген. Бала кезінде оны ағасы, әкесінің ағасы Дәулетбековтың тәрбиесіне берген, сондықтан ол асырап алған әкесінің тегінде болған. Амантайдың туған әкесі 1929-1930 жылдарға дейін байларда жалшы болған. 9 жасында Амантай Жаңа Арқа ауданының бастауыш қазақ мектебіне түсіп, онда 12 жасқа дейін оқыған.

ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатының тарихи құжаттар қорында аудандық әскери комиссариаттың өкілі мен аудандық мемлекеттік мұрағат меңгерушісінің Жайыл Әбілдаевтан жазып алған естеліктері сақталған. Осы мұрағаттық деректерге сүйене отырып, біз Амантайдың балалық шағы мен тәрбиесі туралы біле алдық. Амантай бала кезінен білімге құштар болған. Үйде ол әрдайым қолына мылтық алып, оқ жасауды және мылтық атуды үйренуге тырысқан. Ол тоғыз жасынан бастап әкесімен аңға шыққан. Салт мінуді жақсы көрген Амантай, аңға салт атпен, мылтықпен, тазымен шығатын.

Ауыр аштық жылдары Амантайдың да отбасын айналып өтпеді. 1932 жылы Жайылдың анасы – Шәли, әйелі – Амантайдың шешесі Мыңкеш, сонымен бірге Жайылдың Жөлеубек, Кемелбек деген және тағы да басқа туыстары қайтыс болады. Отбасындағы қиын жағдайларға байланысты оның ата-анасы Әулиеатаға көшеді.

1939 жылдың тамызында ол Жұмысшы Шаруа Қызыл Армиясы қатарына шақыртылады. Әскерге кетерінің алдында ол Сарысу ауданында тұратын әкесіне: «Сүйікті Отанымды қорғауға атттанып барамын. Келіп маған әкелік батаңызды беріңіз»,-деп хат жазған. Әкесі батасын беріп, Отан қорғауға шығарып салады.  


 Сталинград түбінде. Кеңестік жаяу әскердің қарсыласқа шабуылы.

- Амантай Дәулетбеков танкіге қарсы жойғыш артиллериялық полкте қызмет еткен, яғни ол артиллерист болған ба?

- Жоғарғы Бас қолбасшылық резервінің артиллериясы Кеңес армиясының негізгі әскери іс-қимылдарының бағытын сандық және сапалық толықтыру мақсатында құрылған. Соғыс басталған кезде 10 танкке қарсы артиллериялық бригада болған. Жоғарғы Бас қолбасшылықтың ставкасы жау шебін бұзу кезеңінде артиллерияны тығыз орналастырды және қажетті сәтте артиллерияның ірі бөлімдерін шешуші бағыттарға шоғырландырды. Жауынгерлік іс-қимылдар жүргізу үшін Жоғарғы Бас Қолбасшылық резервінің артиллерия құрамалары мен бөлімдері жалпы әскери бірлестіктер мен құрамаларға берілді және солардың жоспарлары бойынша әрекет етті. Дәл осы себептен де алғашқы кезеңде Амантай Дәулетбековтің майданындағы әскери ізін анықтау біршама қиындықтар туғызды. Мұрағат құжаттарын зерделеу нәтижесінде 1180-ші ТҚЖАП (ИПТАП) Қызыл Армияның шешуші операцияларындағы шайқастарға қатысқаны анықталды. 1942 жылы 1 маусымда 1180-ші Артполк Мәскеу әскери округінің қарамағында болған. 1942 жылдың 1 шілдесінен бастап 1180-ші ТҚЖА полкі ставка резервінің құрамына кіргізілген. Өкінішке орай, ұрыс кезінде Амантай мен оның жанындағы барлық жауынгерлер қаза тапты, соңғы шайқаста не болғанын айта алатын ешкім қалмады. Кітапты жазу барысында ҚР ОММ, ҚР ПӘ, Қазақ КСР әскери құрылымдарын қалыптастыру Қорының, РФ ҚМОМ жеке қорлары мен құпиясыздандырылған құжаттарының және КСРО майдандары мен әскери құрылымдарының соғыс қимылдары журналдарының материалдары пайдаланылды (62, 220, 417 және т.б.).  

- Кітаптың мазмұнына қандай заманауи тұжырымдар мен проблемалар енгізілді? 

- «Сталинградтан Днепрге дейін» кітабында Сталинград шайқасының жаңа бетбұрыс сәттері, «Уран», «Кольцо» операциялары барысындағы әскери іс-қимылдар, «Марс» операциясы барысында жекелеген қазақстандық атқыштар бригадалары мен құрамаларын құрудың алғышарттары зерделенді. Майдандағы ұрыс қимылдары туралы әскери қолбасшылардың пікірі ерекше маңызды.  Мысалы, Амантай 1943 жылдың шілдесінде Курск доғасындағы Поныри шайқасында, Орел-Курск бағытында жауды барлау және олардың қорғанысын бұзу бойынша шайқастарға қатысқан.

РФ ҚМОМ мұрағатында қазақстандықтар, олардың ішінде Нағи Ілиясов, Жақыпбек Махамбетов, Жәлел Қизатов қатысқан, Сталинград, Курск, Днепр үшін болған әскери операциялар туралы құжаттар сақталған. Мысалы, Кантемировсктегі бауырластар зиратында жерленген жауынгер Ахмет Станқұлов туралы материалдарды зерделеу барысында  қазақстандық 40 жауынгер туралы мәліметтер анықталғанын атап өткен жөн. Қазақстандықтар қатысқан осы шайқастардың оқиғалары мен негізгі сәттері тарих жөніндегі оқу құралдарына енгізілуі тиіс деп ойлаймын.


- Кеңес Одағының Батыры Амантай Дәулетбеков қандай ерлік жасады?

- 1942 жылдың шілдесінде кеңес әскері, жаудың Мәскеуді оңтүстіктен, елдің маңызды экономикалық өңірлерінен кесіп тастау үшін, кеңес әскерінің қорғанысын бұзып өту мақсатындағы «Blau» жазғы контршабуыл операциясының жоспарын бұзғандары белгілі. Бұл уақытта Ливна ауданы Кеңес армиясының қорғаныс орталығына айналды, сондықтан бұл жер «Ливенск қалқаны» деген атқа ие болды.

1942 жылдың 14 шілдесінен бастап КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Сталинград облысы қоршауда деп жарияланды. Алғашқылардың бірі болып жауды Клетск қаласы қарсы алды, ол жаудың шабуылына тойтарыс берген аудан ретінде тарихқа кірді. Сталинград шайқасы 1942 жылдың 17 шілдесінен 18 қарашасына дейін қорғаныс шабуылынан және 1942 жылдың 19 қарашасынан 1943 жылдың 2 ақпанына дейін қарсы шабуыл операциясынан тұрды. Қиян-кескі шайқас екі жүз күн мен түнге созылды. Бұл шайқасқа екі жақтан да 2,1 миллионнан астам адам қатысты. Осы ұрыстарда Амантай ЖБҚ резервінің 1180-ші ТҚЖА полкінің құрамында ерлік көрсетті.

1942 жылы 23 тамызда Сталинград түбінде генерал-фельдмаршал Фридрих Паулюс 14-ші танк корпусының күшімен Дон арқылы кенеттен қорғанысты бұзып, Еділге шығады. 31 тамызда қарсы шабуыл нәтижесінде 63-ші, 21-ші және 1-ші гвардиялық әскерлер Донның оң жағалауындағы плацдармды басып алып қана қоймай, оны одан әрі кеңейтеді де. Алайда, қыркүйектің басында Сталинград үш жағынан жау армиясымен қоршалады. 12 қыркүйекте қалаға 856 бомба тасталып, 300-ден астам бейбіт тұрғын қаза табады.

1942 жылы 28 қыркүйекте Жоғарғы Бас қолбасшылық ставкасының бұйрығымен негізгі күштері қаладан қарсыластармен бөлінген Сталинград майданы генерал-лейтенант К. К. Рокосовскийдің басқаруымен Дон майданы (63, 21, 24, 66 және 1-ші гвардиялық армия) деп өзгертіледі. Қала үшін соғысқан Оңтүстік-шығыс майданы Сталинград майданы деп өзгертіледі. Еділ мен Дон өзендері арасында жауға қатты соққы беріледі. Әлемдік басылымдар кеңестік жауынгерлердің ерлігі туралы жазады.  Мысалы, 1942 жылы 28 қыркүйекте ағылшынның «Дейли телеграф» газетінде «Сталинград – өнегелі табандылықтың салтанаты» атты мақала жарық көреді. Мықты жауынгерлердің арасында қазақ жауынгерлері де көзге түсті.

1942 жылдың жазы мен күзіндегі майдандағы Амантайдың жауынгерлік жолының іздері мұрағаттық құжаттарда көрсетілген. Орлов-Курск (Ливненск) бағытындағы операция кезінде жауынгер Амантай Дәулетбеков Клетск ауданында 226,7 және 228,0 биіктіктер, «Пять курганов», Сухановский хуторы және басқа елді мекендер үшін болған шайқастарда ерлік көрсетті. 1942 жылдың 11 қазанында ЖБҚ резервінің ТҚЖА полкі жау тылына барлау жасайды. РФ ҚМОМ 335-ші қорында артиллериялық полк штабы бастығының көмекшісі лейтенант Начальныйдың полктегі батареялар саны, жауынгерлер саны, олардың құрамы және қару-жарақтары туралы ақпарат көрсетілген құжаты сақтаулы. 1942 жылғы 19 қазанда Амантай Дәулетбеков 226,7 және 228,0 биіктіктері үшін ұрыста минометтен үздіксіз оқ жаудырып жау әскерінің 2 дзотын, 3 блиндажын және жаяу әскерінің бір взводын жойған. Көрсеткен ерлігі үшін Амантай Дәулетбеков «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Амантай Сталинград облысының Клетский, Перелазовский, Серафимович, Каганович хуторларын жаудан азат етуде ерлік көрсетті. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатының қорларында 1180-ші ТҚЖАП 3-ші батареясының зеңбірек көздеушісінің көмекшісі Амантай Дәулетбековтің Қызыл Жұлдыз орденіне ұсынымы сақталған.  

«19.11.1942 жылы Клетск ауданында болған шайқаста батарея жаудың алдыңғы шебіне оқ жаудырды. Қызыл Армия жауынгері Дәулетбеков көздеушінің көмекшісі ретінде өте тез және батыл жұмыс істеді. 1942 жылғы 22 қарашада Сухановский хуторы ауданында болған шайқаста жау танкілері зеңбіректің снарядсыз қалғанын байқап, оны және зеңбірек есептобын талқандауға ұмтылды. Дәулетбеков жаудың толассыз оғы астында снарядтары жылдам зеңбірекке көтеріп алып келді, шабуылға тойтарыс берілді. 24.11.1942 жылғы ұрыста неміс танкілерімен күшті ұрыс ауданындағы Бес қорған маңында зеңбірек есептобына неміс автоматшылары қатты оқ жаудырды. Дәулетбеков пулеметпен еңбектеп барып, жаудың 15 автоматшысын және пулемет нүктесін жойды. А. Дәулетбеков Қызыл Жұлдыз орденімен марапаттауға лайық. 

1180-ші танкке қарсы жойғыш артиллерия полкінің командирі майор Маз».

- Сіз қазақстандықтардың ерлігі туралы табылған құжаттар жөнінде айтқансыз.

- Иә, шынында да, зерттеу барысында Жоғарғы Бас Қолбасшылық Резервінің 1180-ші танкке қарсы жойғыш артиллерия полкінің қазақстандық жауынгерлері туралы мәліметтер анықталды. Атап айтсақ, олар: Муленов Абдрахман (Шу а.), Ниязқұл Қосымқұлов (Мерке а.), кіші лейтенант Орынтаев Өміржан Тойсарыұлы (Алматы қ.), Закиров Зинад (Жамбыл), Сарсымбаев Тансман (Шу а.), аға сержант Безлепкин Иван Степанович (Қостанай облысы, Семиозерный а.). Өкінішке орай, жауынгерлердің тағдыры белгісіз.   

4 тк сүйемелдеген ЖБҚ 1180-ші ТҚЖАП ұрыстық іс-қимылы туралы есеп

(19.11.1942 жылдан 28.11.1942 ж. дейін) 

Аса құпия 

С момента ввода танкового корпуса в прорыв 19.11.1942. в районе Клетская, ИПТАП РГК, действовавшей в период прорыва оборонительной полосы противника совместно с 76 с.д., переподчинился корпусу: две батареи 102-ой т.б., три батареи 69-ой т.б. Сопровождая танки огнем и колесами, разбивая узлы сопротивления, полк прошел по заданным ему маршрутам около 150 км в трое суток и выполнил в срок боевую задачу по разгрому глубоких тылов и резервов противника

ҚМОМ, Қор 335, Тіз.5122, Іс. 315, П. 411 

1943 жылы 2 ақпанда генерал-фельдмаршал Паулюс қалған армиясымен тұтқынға алынғаны белгілі. Бұл жойқын шайқас 200 күн мен түнге созылды.

Сталинград шайқасына қатысқаны үшін 750 мың солдат пен офицер, оның ішінде Амантай Дәулетбеков те «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталды.

(Жалғасы бар)