Ұлттың жаңа бейнесі қалай қалыптаспақ?
09.06.2021 2729

Ұлттық руханият, ұлттық болмысқа қатысты проблемалар – елінің ертеңіне алаңдайтын кез келген адамның көкейінде жүретін өзекті мәселе. Қоғамда, әсіресе қазіргі жедел ақпарат алмасу флагманы әлеуметтік желілерде жиі талқыланып жататын бұл ұғымдарға қатысты мемлекеттік әкімшілік, заң шығару билігі ауқымында көтеріле бастады. Атап айтқанда 3 маусымда ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени комитеті «Ұлттың жаңа бейнесін қалыптастырудағы шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. 


Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт Білім және ғылым; Ақпарат және комуникациялар вице-министрлері, облыс әкімдіктері, шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдар жетекшілері қатысқан бұл жиында ұлттық бет-бейнені қалыптастырудағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылаумен қатар, тағы бір ерекшелігі – Қазақстанның парламент тарихында бірыңғай мемлекеттік тілде өтуі болды. Еліміздің заң шығарушы билігі мұрындық болып ғаламтор желісі арқылы өткен жиында алғаш рет шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдары басшылары өз іс-қызметтерін жүргізу барысында кездесетін заңнамалық түйткілді мәселелерді де атап өтті.

Жиынға қатысқан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Вице-Министрі Нұрғиса Мұратұлы Дәуешов өз сөзінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өз құзіреті шеңберінде еліміздегі республикалық, өңірлік және жергілікті шығармашылық одақтармен өзара іс-қимылдар атқарып жатқанын, министрліктің барлық іс-қызметі Мемлекет басшысының Жолдауларына, «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларына, Nur Otan партиясының сайлауалды тұғырнамасына, саланың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына негізделгендігіне тоқтала келе келе биылғы жылғы шаралардың барлығы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтіп жатқанын баса айтып өтті.

Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан жалпы руханият, соның ішінде әдебиетті өрістету мәселесіне қатысты белгіленген, жоспарланған ауқымды іс-шаралар мен бағдарламалар туралы вице-министр мынадай мәліметтерді назарға ұсынды: 

«Биылғы жылғы шаралар Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жылы аясында өтіп жатыр. Сондай-ақ биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы. «2021 жылды – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» - деп жарияладық. Осы тұста кітапханалар жүйесі мен қызметінің заманауи үлгілерін ұйымдастыру ісі қолға алынады. Яғни оқырмандардың кітап оқуына мүмкіндігінше жағдай жасалады.

Бұл ретте ағымдағы жылы Алматы қаласында, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында жаңа коворкинг орталықтарын ашу жоспарланып отырғанын жеткіземіз. Дәстүрлі кітапхана қызметімен қатар, Ұлттық электрондық кітапхана жұмысы жетілдірілуде. 

Бүгінде Министрлік Заң аясында Қазақстан кітапханаларының Жиынтық электрондық каталогын іске қосу бойынша жұмыстарды жүргізуде. Сондай-ақ биллинг жүйесі арқылы оқырмандарға еліміздің кітапханаларының электрондық қорын қолжетімді ету жолдарын пысықтауда. Бұдан басқа елімізде Бірыңғай электрондық оқырман билетін қолданысқа енгізудің нормативтік тәртібін айқындауда. 

Министрлік 2021-2023 жылдарға республикалық бюджеттен бөлінген қаражат шегінде ағымдағы жылдың соңына дейін 61 431 800 теңге қаражатқа 7 аталым балалар әдебиетін 21 000 мың дана таралыммен басып шығаруды жоспарлауда. 


Жалпы таралымы 120 мың данамен басылып шығатын қоғамдық маңызы бар әдебиеттер, соның ішінде балалар әдебиеті бекітілген жіктемеге сәйкес республикалық облыстық мемлекеттік кітапханаларға (25) таратылады. Облыстық кітапханалар келіп түскен әдебиеттерді аудандық кітапханаларға таратады. Барлық әдебиеттердің электрондық нұсқалары ҚР Ұлттық академиялық кітапхана жанынан құрылған Ұлттық электронды кітапхана базасына жүктеледі. 

Мәдениет және спорт Вице-Министрі Нұрғиса Дәуешов барлық іс-шаралар мәдениет ұйымдары мен шығармашыл одақтардың өкілдерінің қатысуымен өтіп келе жатқанын айта келе бұл одақтардың жұмысын алаңсыз жүргізу барысында кездесетін, заңнамалық реттеулі қажет ететін көптеген кедергілі жағдайларға тоқтала келе бұлардың алдағы уақытта біртіндеп шешілетініне сенім білдірді. 

«Министрліктің 2021 жылға арналған бюджеттік шығындарында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа әдеби курстар өткізуге, жас ақындарды, жыршы, термешілерді қолдауға, театр ісі және кинематография мамандарының біліктілігін арттыруға, музыкалық-аспаптық орындаушылық саласындағы қазақстандық жетекші өнер шеберлерінің шеберлік сыныптарын өткізуге бағытталған іс-шараларға 138 млн 955 мың теңге көзделгенін, осыған орай қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес Министрліктің мемлекеттік сатып алу порталында жоғарыда көрсетілген бағыттар бойынша конкурс жарияланғаны жөнінде таныстырып, алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізілетін болады», - деп атап көрсетті. 

Аталған жиынға қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Әнапияұлы Тлепов өз кезегінде: «Ел тәуелсіздігінің 30 жылында рухани дамудың сан түрлі белестерін өткердік. Халқымыздың рухани-құндылық әлемі, ұлттық санасы мен дүниетанымы жаңарды. Өзін тану, өзін әлемге таныту, рухани және мәдени қазынасын әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында көптеген шаруалар атқарылды. Бұл тұрғыда, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – қазіргі заман жағдайындағы рухани дамудың басты алғышарттарын айқындап берді», - дей келе, министрлік тарапынан атқарылып жатқан ілкімді істер жөнінде баяндап өтті: «...Қоғамды рухани тұрғыда жетілдіруде шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлін ерекше атап өткім келеді. Өйткені, ұлтымыздың өркениет мінберінен көрінуі – шығармашылық одақтарға біріккен ұлттың зиялы қауымына байланысты. Ал, еліміздің тұрақтылығы ең алдымен азаматтық қоғамды құрайтын қоғамдық ұйымдардың белсенді қызметіне байланысты», - деп атап көрсеткен Вице-Министр «Рухани жаңғыру бағдарламасы басталған 4 жыл ішінде ел көлемінде жыл сайын 11 миллионнан астам халықты қамтитын 123 мыңнан астам іс-шара өткізілгенін, осы бағдарламаны қолдау бағытында «Ruh.kz» интернет-порталы ашылғанын және оның жұмыс істеп тұрғанын, бағдарламаның 6 бағыты бойынша 17 арнайы жоба сәтті жүзеге асып жатқанын айтып өтті. Мысалы, «Сакралды Қазақстан» жобасында – республика бойынша 831 танымал жерлер мен киелі нысандар анықталып, Электронды географиялық картаға 2 ГИС арқылы қосылған. 


Министрлік тарапынан жүзеге асырылған жобалардың бірі – «100 жаңа оқулық» жобасы екен. Жалпы жүзеге асырылу барысында қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болған бұл жоба ауқымында бүгінге дейін әлемдік бестселлер болған 77 кітап қазақ тіліне аударылып, барлығы да еліміздің жоғарғы оқу орындарына таратылумен қатар, олардың электронды нұсқаларын 100kitap.kz сайтынан алуға мүмкіндік жасалғанын ерекше айтып өтті. 

Шет ел оқулықтары қазақ тіліне аударылумен қатар, қазақ әдебиетінің озық туындылары да бірнеше тілге тәржімаланған. Қазақ руханияты – тарихы мен әдебиеті, мәдениеті мен өнері әлемдік деңгейде насихатталып, танылып жатқанын жеткізген Вице-Министр: Жалпы Бағдарлама аясындағы барлық бағыт бүгініміз үшін де, болашағымыз үшін де маңызы зор. Оны жалпылама сипаттан, халықтың жас ерекшеліктеріне сай жүйелеп жүргізу көзделіп отыр. Соның ішінде жастар буынына ерекше мән беріп, бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіру – негізгі міндет болмақ», - дей келе: «Сөз соңында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі еліміздегі шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рухани саладағы бастамаларын қолдауға және бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендігін мәлімдеймін», - дей отырып қоғамдық ұйымдармен, шығармашылық ұжымдарымен әріптестікке, өзара ықпалдастыққа әрқашан да дайын екендігін жеткізді.

Жиында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы, ақын ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлықбек Есдәулет республикадағы он сегіз мыңға жуық қоғамдық ұйымдардың атқарар ісіне, ахуалына, бағыт-бағдарына қарай жіктей, саралауды қолдайтынын айта келе, кейбір қоғамдық ұйымдардың мемлекет пен бұқара халық арасындағы алтын көпір екенін, қоғамдық ұйымдар мен шығармашылық одақтарға «мемлекеттің масылы» ретінде қарамауы керектігін назарға алуды ұсынды. Саннан гөрі сапаға мән беру, әр салада нақты қолдау алуға тиісті адамдар мен ұжымдарға көмектесу керектігіне баса тоқталды. Осы ретте Қазақстан Жазушылар одағы көркем әдеби аударма ісін өз қадағалауына алуға бейіл екендігін айтып өтті. «Одан басқа да шаруалар жеткілікті. Мысалы, әдебиет әлеміне қадам басқан жандардың кәсіби дайындықтан өтуін қамтамасыз ету. Сол мақсатта Одақ жанынан «Әдебиет Академиясы» арнайы курстары құрылуда», - деді. Ұлттық болмысты жаңадан қалыптастыру жолында Қазақстан Жазушылар одағы сырт қалмауы тиіс дегенді атап өткен одақ төрағасы ұлттық болмысты қалыптастыру жолында қызмет ететін ұйымдардың іс-қызметіне мүмкіндік берудің маңызына тоқталды: 

«...Ұлттық әдебиеттің қазақ ұлты мен мемлекеттігіне аянбай қызмет қыларына күмән болмасын. Өскелең ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық тұтастық пен қоғамдық келісімге біздің бел шеше кірісеріміз белгілі. Осынау баянды бағытқа біз өзімізді арнап, бар қажыр-қайратымызды қиғанымыз да хақ. Ал заманауи ұлттық болмысты қалыптастыру жолында қалтқысыз қызмет қылатын қоғамдық ұйымдардың әлі де ұлт игілігіне толассыз тер төгуіне мүмкіндік беру керек. Бұл — бүгінгі күннің, заманның заңды талабы! – деп аяқтады. 

ҚР Суретшілер Одағының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Өмірбек Орынбасарұлы Жұбаниязов ұлттың жаңа бейнесін қалыптастырудағы қоғамдық ұйымдардың рөлі туралы тоқталды. ҚР Суретшілер одағының осы ізгі мақсатты жүзеге асыру жолында қызмет атқарып келе жатқан, Қазақстандағы 90 жылдық тарихы бар алғашқы қоғамдық шығармашылық ұйым екен, өндірістік базасын дамыта отырып, жоспарлы экономикадан нарықтық құрылымға айналып, өзін-өзі қаржыландыруға көшкен құрылым екендігін айтып өтті. Қазіргі кезеңде білімнің, көркемдік деңгейдің төмендегенін, сын мен сараптаудың жоқтығын, көптеген талантты адамдардың өз мамандығын тастап кеткенін, талантты суретшілердің талай шығармасы жеке коллекцияларда кетіп, 1990-2000 жылдардағы бейнелеу өнері тарихы толықтай күйрегенін қынжыла айтты. «Мәдениетке ерекше қарау керек. Оны аялап, көмектесу керек, ал одан кейін құтқарып қалу кеш болады», - деді ҚР Суретшілер одағының төрағасы.

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қоғам қайраткері, режиссер, актер Асқар Әбдіғалымұлы Наймантаев өз сөзінде: «Біз ұлт болмысын оның рухынан, дүниетанымы мен ұстанымдарынан, мәдениеті мен философиясынан іздейміз. Әрине, ең алдымен білім беру, мәдениет пен өнер, жұмыспен қамту мәселелеріне көңіл бөлгеніміз жөн. Ұлттың рухы өзгермесе – даму да, жеңіс те, жетістік те болмайды. Даму, жаңғыру, ашықтық пен жаңаға құштарлық керек. Ауылдың өнерпаздары далада қалды. Осы мәселе көп ойландырды», - деп бүгінгі күннің ащы шындығын ашына мәлімдеген режиссер халықтың өнері де, әні де әлі де болса ауылдап екендігін, қазақтың ұлттық өнері бізден басқа ешқайда қажеті жоғын айта отырып, бекзада өнерге көңіл бөліп дамытпса, ертеңгі күні өкініш болып қалатынын ескеру қажет деді. 

ÓzgeEpic өнер кеңістігінің директоры Тоғжан Құрманжанқызы сөз алып, өз ұйымының бағыт-бағдары туралы таныстырып өтті: ÓzgeEpic – заманауи өнер кеңістігі. Біздің кеңістігіміз – бір сәтте бірнеше өнер жанрларын қамтитын трансформациялық алаң. Нақты айтсақ, бұл жерде театр, әдебиет, кино, бейнелеу өнері, музыка, би жанрларындағы жобалар жасалады. Басты мақсатымыз – қоғам мен өнердің арасын жақындату, өнерді қоғамның күнделікті тұрмыс салтының бөлшегіне айналдыру. Өнер арқылы қоғам мәдениетін өсіру» - деді.

Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының атқарушы директоры Аслан Ғафуров сөз алып, Абай қорының қоғамдағы атқарған жұмысы туралы айта отырып, қоғамдық қорларды біріктіру жөнінде ұсыныс тастады: «Қазіргі уақытта елімізде жүздеген қорлар бар. Бірақ олардың қызметі бірізге қойылмаған секілді. Нақты жүйе, идеологиялық бағыт айқындалмаған. Осы реттегі менің ұсынысым, бағыттас, тақырыптас қорларды біріктіріп ортақ «нетворкинг» жұмыстарын жүргізу. Бәлкім қоғамдық қорлар ассоциациясын құрып, өзара меморандумдар негізінде біріккен жұмыстар атқару үлкен жетістікке жетелейді деген пікірдемін. Президентіміз Қасым- Жомарт Кемелұлының «Біз біргеміз!» деген жалпыхалықтық ұранын осы қорлар арасында да болуы ләзім деп ойлаймын», - деп сөзін аяқтады. 

Жиында «Qyr balasy» қоғамдық қорының атқарушы директоры, жазушы-зерттеуші, алаштанушы-ғалым, ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Елдос Тоқтарбай да сөз алып «Ұлттың шынайы тарихы арқылы жастардың елшілдік санасын арттыру керек», - дей отырып, алашшыл жас ғалымдардың алға қойған мақсатын айтып өтті: «Біз, Қазақстан ғылымы мен өнер, мәдениетінің жас буын өкілдері мемлекетіміздің рухани-мәдени дамуы үшін бар күш-жігерімізді салып, жан-тәнімізбен қызмет етіп келеміз. Біздің мақсатымыз – ана тіліміз – қазақ тілінің ғылым тіліне айналуына күш салу, ұлт тарихын шынайы жазу. Осы жолда кешегі Советтік үкімет билік құрған сұрқия жылдарда жоғалтқан құндылықтарымызды тауып, қайта жариялап, ұлт санасын жаңғыртуды парыз, перзенттік міндет деп ұғындық», - деген жас ғалым аталған қоғамдық қорды құрып, Әлихан Бөкейхан атындағы «Алаш» тәуелсіз ғылыми-зерттеу институтын қалыпастырғанын, онда есімдері елге танылған, өзіндік ой-пікірі қалыптасқан жаңашыл жастар қызмет етіп жатқанын, «Алаш кітапханасы» сериясымен олар құрастырған жинақтар шығарыла бастағанын айта келе «Qyr balasy» қоғамдық қоры атынан тоғыз түрлі ұсынысы барын жеткізді: Олардың қысқаша мазмұны – қор тарапынан әзірленген кітаптарды шығаруда мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе; Алаш қайраткері Барлыбек Сырттанұлы тұрған үйдеАлаш зиялыларының мемориалды музейі жасақталса; Алматы қаласындағы Орталық зираттағы әйгілі қазақ зиялылары зиратына заманауи QR код орнатылып, жергілікті бюджет есебінен абаттандырылу жұмыстары жүрілсе т.б. болды. 

«jeVis » компаниясының директоры, киносценарист және режиссер, Болмыс», «Болмыс. Толғау», «Болмыс. Бастау» туындысының идея авторы, режиссері Көпбаева Жансая «Бұл – менің Болмысым! Бұл қазақтың мінезі» тақырыбындағы баяндама жасап, қазақ халқының кешегі мінезі мен бүгінгі қалпы туралы тоқталды. «Қазақ бұрығы мәрт мінезінен, бірегей болмысынан айырыла жаздады, - деген баяндамашы бейнероликтер көрсете отырып, мұны - тарихымыз бен болашағымызды байланыстырған, өткеніміз бен бүгінімізді айқындайтын жоба», - деп атап көрсетті. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына ыңғайластырып 7 бейне трактат болып түсірілген, 7 түрлі ұлттық аспаппен бөлек-бөлек музыкалық қатар жазылған, болмысы бөлек 7 жігіт таңдап алынған, 7 түрлі кадрлық шешім мен ортақ графикалық шешімге Күлтегін жазбалары енгізіліп көркемделген әрі қара фонда түсірілген бұл роликтегі «қара» ұғымының өзі қазақтың «қараға» қатысты киелі түсініктерімен астасып жатқанын айтып өтіп, өз ұсыныстарын ортаға тастады. Бұл ұсыныстардың мазмұны, жастар үшін тарихын жаңа сапада ұғындыратын бейнероликтер жасау, оларды мемлекеттің қолдауымен барлық телеарналарда көрсету, қазақ болмысын көрсететін жобаны жалғастыру сияқты мазмұнда екенін жеткізді.

Заманауи өнер – шектеуді білмейтін, қалыптасқан нормаларға бағынбайтын, өнердің барлық түрін ұштастыратын жаңашыл бағыттағы шығармашылық екендігін айт келе, озық мәдениеттен нәр алған жаңа сипаттағы қазақ азаматтарын қалыптастыру өздерінің басты мақсаттары екенін айта келе, ұлттық болмыс, руханиятты дамыту ауқымында бірлесе жұмыс істеу қажет дей отырып: «Бүгінде ел арасында кең танылған бірнеше ауқымды жобаны жүзеге асырып отырмыз. Заманауи қазақ музыкасы дәл қазіргі кезде жастар арасында өте өзекті, осы бағыттағы алғашқы платформа Jangyryq қазіргі кезде радио, live концерттер, youtube канал, стриминг жүйелердегі қазақ музыкасын дамытушы оператор, лейбл ретінде жұмыс істейді. Енді open air форматындағы Jangyryq фестивалін ұйымдастыруды межелеудеміз. Жоспарымызда халықаралық бағыттағы Jangyryq turk жобасын дамыту көзделіп отыр. Сонымен қатар, Maqpalsher музыкалық поэтикалық жобасының Германия музыканттарымен бірлескен каллобарациясын аяқтап отырмыз. Осыған дейін ақынның Ұлыбританиядағы концертін сәтті өткіздік. Биыл дәстүрлі музыка бағытындағы «Жауһар» видеожобасын бастағалы отырмыз», - деген кеңістік директоры заманауи соны форматтағы театр қойылымы жобаларын, тың премьераларәзірлеп жатқанын, олардың бәрі кеңістік қаражатымен жүзеге асырылуда екенін, болашақта бұл идеялар сәтті жүзеге асуы үшін мемлекеттің қолдауы қажеттігіне назар аудартты. «Біздің жобаларымыз қоғамның тамырын дөп басуымен, жастардың арасында кең таралуымен, шығармашылық қауымдастықтар қалыптастыруымен, мәдени трендтер тудырып, кешенді жұмыстар атқаруымен, қоғамдық өмірге ықпалымен ерекшеленеді. Бастамашыл шығармашылық топтың тәжірибесі мен мемлекет мүмкіндіктері түйіскенде, күрделі мәдени процестерді жеделдетуге жол ашылады деген сенімдеміз», - деп сөзін аяқтады.

Дөңгелек үстелге қатысушы министрліктер мен шығармашылық одақтар, қоғамдық ұйымдар жетекшілерінің жасаған баяндамасы тыңдалған соң қорытынды баяндаманы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі, ақын Қазыбек Иса жасады. 


«Бүгінгі өтіп жатқан Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени комитеті дөңгелек үстелінің тақырыбы айтып тұрғандай, «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудағы шығармашыл одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлін арттыру өте маңызды», - дей келе ұлттық болмыс ұлттық мүддені қорғауға тиіс екендігін өз сөзінің өзегі ретінде ала отырып, аталған дөңгелек үстелдің ұымдастырылу өзегінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында белгіленген мақсаттар жатқанын айтты: «Ұлттық болмыс дегеніміздің өзі – Ұлттың жаны! Осыдан 4 жыл бұрын Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарық көргенде мен бұл бағдарламаны «Қазақ үні» газетінде «Ұлтыңды сүюге рұқсат берілген құжат» деп жазып едім. Осы мақалада айтылатын Ұлттық код – Ұлттық болмысымыз», - дей келе, ұлттық болмысты қалыптастыратын – ең алдымен ұлттың руханияты мен мәдениеті, әдебиеті мен өнері, білімі мен ғылымы екендігін айтып өтті.

Депутат ҚР «Мәдениет туралы» Заңына өзгерістер енгізілгенде қабылданған «Шығармашылық одақтарды қолдау қорын құру туралы» енгізілген баптың жұмыс істемей тұрғанын қынжыла атап өте отырып, Жазушылар одағы, Суретшілер одағы т.б. шығармашыл одақтар өзге 22 мың одақтың қатарында қаралмауы тиіс екеніне қатысушылардың назарын аудартты. 

«Ұлттық болмысты қалыптастыру үшін оны ең алдымен жат болмыстан қорғай білу керек! Бүгінгідей жаһандану дәуірінде жат болмыстан қорғануда Ақпараттық-рухани қауіпсіздіктің рөлі зор, - деген депутат, ақын Қазыбек Иса Ұлттық мүддені қорғайтын болмыс қалыптастыру үшін ұлттық иедологияны қолға алу керек», - деді. «Ұлттық болмысты қалыптастырудың негізгі тірегі, Ұлт мүддесінің ең басты негізі – Тіл екені айқын! Ендеше, біз сөзіміздің соңын ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Тілді қорғау – ұлттық қауіпсіздікті қорғаумен бірдей» деген сөзімен түйіндейміз», - деп сөзін аяқтады. 

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінде өткен дөңгелек үстел отырысында билік өкілдері мен шығармашылық ұжымдары арасында талқылаған өзекті мәселелер бойынша алдағы кезеңде ілкімді істер атқарылады дегенге сенім зор.