Қазанның 29 күні ҚР Ұлттық музейінде публицист, аудармашы, қоғам қайраткері Сағат Жүсіптің «Ашаршылық ақиқаты: деректер мен дәйектер» кітабының таныстырымы болып өтті
Аталмыш еңбек қазақ халқының ХХ ғасырда тап болған Ашаршылық нәубетінің қыр-сырын әйгілейтін деректер мен айғақтарға, дәйектерге негізделген. Кітап болашақ зерттеушілерге, деректанушыларға, тарихшыларға және ҰЛТ тағдырына енжар қарамайтын қауымға арналған.
Жиын барысында автор Сағат Жүсіп: «Мені бұл еңбекті жазуға итермелеген екі нәрсе: біреуі – елбасымыз Н. Назарбаевтың бұрнағы жылы Украинаға барған сапарында аштық құрбандарына қойылған ескерткішке арнайы барып, арнайы тағзым етуі – мені бір жағынан толқытты, екінші жағынан жабырқатты. Ұқсас тағдырлы халықтар бола тұра және жарты халқымызды алып кеткен ашаршылыққа әлі күнге жайбарақат, енжар қарауымыз қалай? Ең болмаса укариндардан неге үлгі алмаймыз?! Сол сапар жайында да, тіпті, елдегі бір емес, екі ашаршылық туралы да әлі күнге тиянақты дүние жоқ, насихат жоқ. Бұл – бір. Екінші, мен Сыр өлкесіне лаң салған большевик Гержод туралы екітомдық кітап жазғанда Сыр бойындағы ашаршылық тақырыбына кездестім. Бұлар туралы жазбау мүмкін болмады».
Алғашқы болып сөз алған тарихшы, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Зиябек Қабылдинов: «Бұл – бізді сілкіндірген еңбек. Бұған дейінгі жүйесіз әңгімеден іске көшуге жұмылдырады. Жоғары оқу орындары демалыс кездерінде студенттер мен магистранттарды ашаршылық нәубетін көрген қариялармен сұхбаттасуға жұмылдырып, тірі куәліктерді жинауымыз керек. Тіпті, украин ағайындар әр жанұяны аралап, аштық құрбандарын тізіп, том-том қара кітап шығарды, соны біз де қолға алуымыз қажет. Жалпы, бұл іске мемлекет әлеуетін бұру үшін Қоғамдық кеңес құрған дұрыс еді», – деген пайымын білдірді.
Тарихшы, саясаттанушы Берік Әбдіғали: «Халқымыз психологиялық жағынан рухани ізденуге көшті. Мұндай жайтқа енжар қарамайды. Кенесарының басын іздеген адамдар Ресейге барып сабылып жүр, олардың ішінде тарихшы не ғалымдардан бөлек, қарапайым кісілер де аз емес. Демек, Сәкеңнің бұл еңбегі – сол көріністің бір ерекше түрі. Бағалы еңбек!» – деп бағалады.
Ал экономист-ғалым Орақ Әлиев еңбектің ғылыми жағын сұрастыра келіп, «...жалпы, бұған тиянақты түрде кіріскеніміз мақұл, өз басым бұл тақырыпқа енді студенттер мен магистранттарды жұмылдырамын, оларға осы тақырыпты қаузауға итермелейтіні боламын. Бұны экономикалық-демографиялық аспекті тұрғысынан қарауымыз керек!» – деді.
Қазақстандағы Украин елшілігінің бірінші хатшысы Л.П. Ясинский өз елінде болған голодомор мәселесіне қалай кірісіп, оны ұлттық тағзым мен тарихи тұрғыдан берілген баға мен жұмыстармен таныстыра келіп, Қазақстандағы ашаршылық тақырыбына өз тәжірибелерін қосатынын айтты.
Таныстырымды жүргізген Серік Ерғали Қоғамдық кеңес құру туралы ұсынысты ортаға тастап, оның осы сәттен бастап құрылғандығын жариялауға қатысушылардың келісімін алды. Ғалымдар осы жылдың соңына дейін Ашаршылық тақырыбына конференция ұйымдастыруды ұсынды.
Шараны қорытқан автор: «Әрине, мен тарихшы не ғалым емеспін. Бұл кітап – көркем әдебиет те емес, ғылыми деуге де келмейді. Бар болғаны қолымнан келген шаруам ашаршылық туралы дереккөздер мен айғақтарды барынша тізіп, келтіріп шықтым. Мақсатым – бұл тақырыпқа жүйелі жұмыс бастала екен деген тілек».
«Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы Ұлы ашаршылық жайлы көбірек айтып, жазып келе жатсақ та, 1918-1920 жылдарда басталған Кіші ашаршылық жайлы жазылған еңбектер көп емес. Мұрағат деректерінде Кіші ашаршылық 1921 жылдары Қазақстанның бес губерниясы мен бір уезінде, атап айтқанда 2,5 миллион халық тұратын Орынбор, Ақтөбе, Орал, Бөкей, Қостанай губерниялары мен Адай уезінде болғанын айтады» дей келіп бұл мәселеге мемлекеттік тұрғыдан қарайтын уақыттың жеткендігін білдірді.
Кітап таныстырымына тарихшылар, магистранттар мен студенттер, журналистерден құралған астаналық зиялы қауым жиналды. Таныстырымға Украина елшілігінен келген делегаттар қатысып, халықаралық сипат беріп жіберді. «Бақорда» компаниясы тарапынан «Ашаршылық ақиқаты» кітабының авторы Сағат Жүсіпке ақшалай шапан жабылды. Айта кететін жайт, шара «Elsana Amanat» қоғамдық қорының атсалысуымен атқарылды.
Серік Ерғали, «Elsana Amanat» қоғамдық қорының төрағасы