Қазақ байлары: Ескелді Саназар бай
18.02.2021 3586

Қазақ даласындағы экономикалық қарым-қатынастар ұзақ ғасырлар бойы мал өсіру мен Жібек Жолындағы сауда-саттықты негіз еткені мәлім. Ал XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басқы тұсында қазақ байлары арасында өнеркәсіп саласына да ынта танытына бастады. Кен ашу, телеграф тарту, баспа, фабрика ашу секілді істерді қазақ байлары өз қолдарына ала бастады. Былайша айтқанда, қазақ даласында ұлттық буржуазия қалыптасып келе жатқан болатын. 1928 жылы басталған кәмпеске ең алдымен Алаш зиялыларының артқы тірегі, ұлттың элитасы болған байлардың көзін құртып тынды. Үлкен арманды, ұлы мұратты мақсат еткен ұлт қаймағы сынды байлар шоғыры сөйтіп құрдымға кетті. Совет кезеңінде байлар тақырыбы тек жағымсыз бейнеде ғана суреттелетін езуші, қанаушы тап ретінде санамызда қалды. Соның салдарынан әлі күнге дейін советтік идеялогия негізінде жазылған әдеби шығармалар тарихи кітаптарды оқып өскен ұрпақ XX ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы байлардың рөлін әлі толық тани алған жоқ. Осы бір кемшін тұсқа аз да болса үлесімізді қосу мақсатында «Қазақ байлары» тақырбындағы желілес материалдарымызды назарларыңызға ұсынамыз.


Осы тақырыпты әр кезеңдерде үзіп-жұлып қозғаған жазармандар болғанымен тұтастай тоқталып, тарихи мән беріп, ішкеірлей зерттегендер жоқтың қасы. Осы орайда жас саясаттанушы, әуесқой тарихқшы Руслан Ақмағанбетовтың Қазына баспасынан жарық көрген «Құт» кітабы бізге көптеген деректер береді. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі ел ішіндегі аса беделді және қоғамның өсуіне мүдделі болған қазақ байлары туралы тақырыбымызды ең әуелі Ескелді Саназар байдан бастаймыз.

Ескелді Саназар бай Адай руының XVIII ғасырдың орта тұсында Маңғыстау жеріне қоныстана бастаған кезінде өмір сүрген болса керек. Ертедегі дәстүрлі қазақ өміріне қарайтын болсақ, әр ауылды асырап, елі мен жұртын қаңғытпай асырап отыратын бір-бір іскер байлар болады екен. Әрине оның қайырымды, жомарты да, қайырымсыз іші тары да бар. Бүгінгі сөзбен айтсақ әр бір байдың ауылы – бір-бір фабрика, завод сынды. Ел байдың малын бағып, шөбін жинап беріп, жалданып күнін көреді. Ақысының аз-көптігі әрине байдың ниетіне байланысты болмақ. Біз Ескелді Саназар байды айтқанда оның сондай айналасына қайырымы мол, жомарт бай болғанын мысал еткіміз келеді. 1928 жылы байларды тәркілеу қалай аяусыз жүрсе, 1931-1932 жылдардағы аштық та сондай қасіретті болды. Осыған қарап-ақ қазақ қоғамындағы байлардың орнын аңғаруға болады.

Адай елінде «Үш Назар» деп аталған ауқатты байлар болған екен. «Үш Назармыз» – Жарыұлы Назар, Жаңайұлы Қожаназар, Құдайназарұлы Саназар. Бұларды жергілікті халық «Қыдыр көрген», «Қыдыр дарыған адамдар» деп дәріптейді. Бұлар малдары жонға сыймаған, сол дәулетті ағайыннан аямаған, қаріп-қасірлер мен жарлы-жақыбайларын қамдаған айтулы байлар болған көрінеді. Шапағаттары барша елге тиген есімдері атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ұлықталып, аттары аңызға айналған халық қалаулылары деп танимыз. Қазақта «һәммеге Күн ортақ, Ай ортақ, Жақсы ортақ» дейді. Олармен бүгінгі ұрпақ арасында үш ғасырдан аса уақыт өтсе де есімдері көмескіленбей, халқының жадында өшпестей таңбаланып қалған адамдар деп білеміз. Сондықтан бұлар жөніндегі ел аузында айтылатын ұлағатты әңгімелер көп. Біз сол әңгімелерді ұрпақтарға жеткізу арқылы оларға осы ел ардақтаған аталардай болуды үлгі етеміз.

Біздің бала шағымыздан-ақ бай болса сараң «шық бермес Шығайбай» болады, малдан басқа мұңы болмайды деген сөздер көңілімізге ұялап, көңілімізге құйылып қалған ғой. Олар көбіне-көп ақылға жарты, сөзге шорқақ, қайырымсыз жатыпішер жағымсыз бейне ретінде суреттелетін. Бірақ, шын мәнінде барлығы олай болмаған. Бейнетінің зейнетін, дәулетінің сәулетін көрген жаны жомарт, жолы даңғыл, елге қайырымдылары да жиі кездесіп отырған. Мәселен солардың бірі Адай-ескелді руынан шыққан атақты Саназар бай. Бұл кісі шамамен бұдан 200 жылдай бұрын өмір сүрген адам. Оның өзінен алты бала болған екен. Олар Жарылған, Байкісі, Есіркен, Арық, Жәни, Жайық, Саназардың өз ұрпақтары қазіргі кезде көршілес Түркіменстанның Жебелі, Атырау облысының Сағыз жағында тұрады.

Әрине, Саназардың балалары кезінде әрқайысы әр ауыл болды. Бұлар бір бағытта ауылы аралас қойы қоралас малдың жайына, қоныстың қолайына қарай көшіп жүрген. Жаз мезгілінде Қаратау бойын жайлап, күздігі мен қыстауына «Жаңғақты» ойын жағалап, қоныстанған. Сөйтіп қысы-жазы бірнеше шақырым көшіп отырған.

Саназарда барлық балаларының малымен қосып есептегенде қырық мыңға жуық, мыңдап жылқы мен түйе біткен көрінеді. Себебі балалары «Мына мал Саназар әкеміздікі, билігі сол кісіде» деп оны қатты құрметтеген. Көне көз қариялардың айтуынша о заманда бұдан өткен бай болмаған. Ол кісі «тек жүрсең, тоқ жүресің» деген қағиданы берік ұстанып, көбіне шаруа жайымен жүрген. Қақпа-соқпадан сөз, болмайтын дауды қазбалау, барымта-қарымта дегендер оған жат болған. «Ел іші-ағайын арасы тату болса – бұлда байлықтың тұтқасы» деген сөзі артында қалған.

Ел ауызындағы Саназар бай жөніндегі әңгімелер де әр саққа жүгіртіліп айтылады. Солардың бірінде «Санекең қойының көптігінен қойшыларының бәрін бірдей тани бермеген екен, ал қойының етін жазбай танитын көрінеді. Себебі, Санекең қойларын шөлді қонысқа баққандықтан, шөлге бейімделіп өскен қойлардың еттері қазанға салынғанда су түбіне бірден батып кететін көрінеді, ал басқа ауылдың мол сулы жерге өсірілген қойларының еттері қазандағы су бетінде қағаз сияқты қалқып жүреді екен».

Саназар ақпа-төкпе шешен, қара сөзден қамыр илеген жорға тілді деп айту артық сияқты. Бірақ өзі хат білмесе де, оқығаны болмаса да, тоқығаны мол, қарсыласын сөзден жібермеген. Ол өз замандасы атақты Сырым бимен де Арқа жерінде бір сапарда жүріп кездесіп, оны сөзден тосылдырған екен. Сондықтан да Адайдың Қараш руының кәрі құлақ шежіресі, есімі көпке мәлім болған, кейінгіге «Адай шежіресі» деген толғау дастан қалдырған Ыбырайым ахун Құлабайұлы Саназар жөнінде:

«Атақты байдың бірі еді

Игіліктің ұлы Саназар

Санекеңнің билігі

Тоқтатқан екен Сырымды.

Осылай деп кезінде

Айтыпты жұртым бұрынғы» деп жырға қосады.

Адайдың биі атанған Атағозы батыр да Саназардың құрдасы екен. Сонда бірде Атағозы Саназарға:

–     Маған жал бітсе де, мал бітпейді, бұл қалай? – депті. Сонда Саназар:

–     Атағозы, сен ой бағасын бағамын деп қойдан құр қалдың, мен қой бағамын деп ойдан құр қалдым. Аржағын өзің біле бер, енді! – деп әзіл шыны аралас жауап қайтарыпты.

«Атағозыға айтқан» деген сөз атақты би әрі батыр Атағозы мен Саназар байдың жақсы әзілдері кезінде айтылған болуы мүмкін. Жалпы, Атағозы Саназардан сөзден кідіріпті деп айтылмайды. Осы Атағозыға бағышталыпты деген «Сен ой бағам деп қойдан құр қалдың, мен қой бағам деп ойдан құр қалдым» деген сөз басқаша айтылуда да жеткен. Біздің Көшке ауылы туралы әңгімемізде осы әңгімені келтіргенбіз, дегенмен, тағы да қайталап бергенді жөн санадық. «Бір сапарда Көшке Айтқұл ишан қасына 4-5 жолдас ертіп ел аралап жүріп Саназар байдың ауылына қонақ болыпты. Бай үйіндегі келелі әңгіме үстінде Айтқұл ишан бір ретті жерде Санекеңе қарап мынадай сауал тастапты: «Санеке, осылай шаруа шаруалап жүре бересіз бе? Бір кезек ел аралап біздің жаққа да бір қыдырып қайтпайсыз ба?» – депті. Сонда атақты бай отырып: «Әй, Айтқұлжан-ай, сен сен біздей сауатсыз надан емес, көп оқыған ылымды кісісің ғой. Дей тұрғанмен, көп оқудың түбі ойға тірейді, ал сол ойың далаға түнемейді, кешке келіп қойға түнейді ғой. Соны неғып ескермедің?» – деген көрінеді. Сонда ылымды әрі сөзге шешен би болғанымен Айтқұл ишан Саназар байдың орамды да ойлы жауабына капелімде кідіріп қалған екен дейді. Кейін Айтқұл ишан «Оқымаған адамда Санекемдей айтқышты кездірген емен» деп отырады екен» дейді...

Саназар байдың ауыз екі айтылып қалған ел ауызындағы тағы бір сөз бар. Ол: «Мен бармаймын биге, өзі келеді үйге. Мен бармаймын ханға, өзі келеді жайылып жатқан малға» дегенді.

Өмір бойы малдың бір шетінен қалмаған Саназарға сөзі өтетін тұстарының бірі:

–     Санеке, осы сіз қара билікті емес, дара билікті қайдан үйрендіңіз? – депті.

Сонда Саназар:

–     Қой мыңға жетсе керегеден бас кетпейді... деген ғой. Мен әрдайымда да қартаң малдың етін бір бөлек, жас малдың етін бір бөлек етіп кебежеге толтырып қоямын. Мұның себебі үйге ақылы айдынды, сөзі асыл дәмді, көреген қонақ келсе әлгі қартаң малдың етінен асарсың, егер сөз білмейтін «судырахмет» қонақ келсе жас малдың етінен асарсың, көп сөйлеп, басты ауыртпай тез кетсін деп бәйбішеме ескертіп қоямын» дейді екен. Қартаң қойдың еті әбден езіліп піскенше, сөзі жақсы қонақты тындай отырып, керегін аламын, керек емесін тастай саламын, мен билікті жалпы көптен үйренемін дейді екен.

Ол малын көбінесе сусыз шөл жерлерде жайлайды екен. Себебі мұндай өңірлердің оты мол болады, мал тұяғы көп түспейді. Оның малы да шөлге төзімді болатын көрінеді.

Саназардың ең үлкен баласы Жарылқап қолы ашық, көпке мейірманды, жомарт адам болған екен дейді. Сондықтан да оны хан да, қара да құрметтеген. Күндердің бір күнінде Саназар қой жайып жүрсе қасынан бір жолаушы адам қырық еркек қойды айдап бара жатады. Саназар бұлардың өз ауылдарының қойлары екендігін таниды. Қой айдап бара жатқан адаммен аман-түгел алысып, қай ауылдың баласы екенін біледі. Сосын «Шырағым, бұл малды кімнен алып бара жатырсың» деп сұрайды. «Бұл қырық еркек қойды Саназар байдың Жарылқап деген мырза баласынан жыл тәулігіне дейін тауып беретін болып қарызға әкеле жатырмын» дейді.

Саназар әлгі жігіттің қойын ілгері айдасып келе жатып: «Шырағым, қырық еркек қойды кім деген мырза берді?» деп қайталап сұрайды. Сонда әлгі адам «Есгелдінің байы Саназардың Жарылғап деген мырза баласынан жыл тәулігіне дейін қосатын болып қарызға алып келе жатырмын» дейді. Осылайша Саназар үшінші рет сұрақ бергенде үшіншісінде де жолаушы жігіт сол жауабынан танбайды. Таң-тамаша болып Саназар бай қарай береді.

Саназар бай қоштасар сәтті кеңпейілдене күлімсіреп: «Мен сол Саназардың өзімін, үш рет сұрағанда сен мені Жарылқаптан бұрын айттың, шырағым, бұл қырық қойды бермей-ақ қой, мен Жарылқапқа өзім айтармын» деген екен. Әлгі қаратер болып бара жатқан адам алғысын айта-айта ілгері кете береді. Сол Саназардың берген малы құт болып дарыпты да, дәулет бітіп, ел қатарлы күнелтіп кетеді.

Күндердің күні болғанда уақыт деген қызыл түлкі Саназардың көз алдынан көлбеңдеп өте шығады. Жасы жетіп, жер таянып жүреді де, бір күні төсек тартып жатып қалады. Оның дос-жаран, ат сабылтып, көңілін сұрайды.

–     Санеке, жаман айтпай жақсы жоқ деген бұл дүниеде арманыз бар ма? – депті келгендердің бірі.

–     Е, армансыз адам бола ма? – дейді ол ауыр күрсініп.

–     Айып етпесеңіз, ол қандай арман?

–     Үш арманым орындалмай кетті. Оларым қызымды әйелі өлген адамға бере алмадым. Себебі әйелі өлген адамның тігулі үй-күйі, даяр болады ғой. Итімді жүзге жеткізе алмадым, мың қара тоқтыны бір жылы туғыза алмадым, – депті. Әрине, мұның бәрі де өкінетіндей қиын арман емес. Бірақ Саназардың түпкірінде жүрген бұлар да бір түйіткілі болған ғой.

Бұл Ескелді Саназар бай туралы шағын деректер еді.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

Руслан Ақмағанбет «Құт». Алматы. «Қазына» баспасы.