Балуан Шолақ атамыздың туып-өскен жері Ақмола облысының Бұланды ауданы. Астана-Көкшетау бағытында Елтай атты шағын станса бар. Балуан атамыздың соңғы тұрақ тапқан жері, яғни зираты осы стансаның сыртындағы Тастыөзек шұрайлы қойнауында. Атамыз көзі тірісінде келімсектермен қатты жауласқан екен. Олар Шөкең өлген соң да тыныштық бермесін сезген елдің үлкендері Қайрақты өзенінің бойына жалған зират орнатып, оларды алдаған дейді, осы күнде Макинск ауылында тұратын өлкетанушы Ақшатай Изахметова апамыз.
Жоғарыдағы зейнеткер ұстаз Ақшатай Сәдуақасқызының айтуына қарағанда, Тастыөзекке таяу алты-жеті шақырым жерде Қызыл кордон атты ауыл бар. Кезінде бұл жерде ақ патшаның атты жасағы орын тепкен көрінеді. Бертінде ауыл орман қорғаушылардың орталығы болды. Балуан Шолақ атамыздың от-ошағы дәл осы жерде екен.
Балуан атамыздың ауылын былайғы жұрт кезінде «Керей елінің үйсін ауылы» деп атаған. Атамыздың арғы атасы Есентай деген адам 1850 жылдар шамасында Шу бойынан керей ішіне көшіп келген. Есентайдан – Қазанғап туады, Қазанғаптан – Жарықшақ, одан Баймырза атамыз туған екен. Ал Баймырзадан – Балуан Шолақ. Шолақ атамыздың анасы Қалампыр апамыз Жетпіс деген кісінің қызы.
Қалампыр апамыз көп құрсақ көтергенімен, содан аман-есен адам болғаны Төлеубай, Тәуекел және кенжесі Нұрмағамбет (Балуан Шолақ) үшеуі ғана.
Ал балуан атамыздың өмірден қалай өткені жайлы әртүрлі әңгіме бар. Біреулер «оқ тиіп өлді» десе, екінші біреулер «соқырішектен қаза тапты» деп жазып жүр.
Осы орайда, Ақшатай апамыз балуанның көзін көрген, өмірінің соңғы жылдары Шортан қаласында тұрған Сәкен Малдыбаев деген қариядан ертеде жазып алған естелікте төмендегідей оқиға баяндалады.
– Барлығы дәл бүгінгідей есімде, 19-шы жылдың (1919 жылды айтады) қыс айының соңы болатын, талма түсте біздің үйге Балуан Шолақ келді. Қасында баласы Құдайберген бар. Шөкең атама қарап: «Молдеке, менің қатты қиналып сырқаттанып келе жатқан бетім, сізбен бақұлдасайын деп әдейі бұрылдым», деді. Атам қазан көтертті. Шөкең жарықтық майлы еттен бір жапырақ аузына салды да, «Сіздің үйден татқан соңғы дәмім осы шығар» деп, орнынан көтерілді. Шанаға отырарда атама қарап: «Молдеке, мені шанаға мықтап байлап, таңып тастаңыз, ауруым қозып қиналсам, Құдайберген ие бола алмай, сүйегім жолда қалар», деді. Біз қинала-қинала балуанның айтқанын орындадық. Үш күннен соң балуан дүниеден өтті деген суық хабар келді...
Ал тірідей шанаға таңылып үйіне қарай беттеген Балуан Шолақ атамыздың жайына келсек, үйіне аман жеткен күш иесі бәйбішесі Қаныкейге төсек салдырып жатып қалады. Таң атқан соң ағасы Төлеубайды шақыртады. Үйде үрпиісіп отырған екі ұлы – Исажар мен Құдайбергенді және Исажардың әйелі Үмітжанды, тіпті жанындай жақсы көретін немересі Ақжүністі (Исажардың қызы) қосып бәрін сыртқа шығарып жіберіп, жары Қаныкей мен ағасы Төлеубайға былай депті: «Алдыңғы жылы жазға салым даладан қатты ауырып келгенім естеріңде болар. Ақбалақтың ну орманынан шыға бергенімде қарсы алдымнан мылтық атылды. Оқ ердің қасына тиіп, әлсіреп барып кіндігімнің төменгі тұсына қадалды. Үйге келдім де ішімді таңып жатып қалдым. «Балуан Шолақ қойдың құмалағындай қорғасынды көтере алмай ауырып жатыр» деген сөзден қорықтым. Сол, міне, ажал болып жабысты. Сендерге айтар өсиетім: сүйегіме басқа адамды түсірмеңдер, ана Сабыр қажыны қасыңа алып, Төке, өзің атқар. Менің өлгенімді білсе, қара шекпенділер де қарап қалмас. Бұл найсаптар өлігімді қорлаудан тайынбайды. Зираттың бір жағына құпия үңгір жасап, бөлек жерлеңдер де, басқа жерге жалған зират тұрғызыңдар», депті.
Жарықтық жаны қиналып, өлім алқымына тіреліп тұрса да, баяу үнімен қоңырлатып мына бір шумақтарды айтқан екен:
Атандым Балуан Шолақ бала күннен,
Ту ұстап, ерлік етіп, тұлпар мінген,
Ешкімге опасы жоқ жалған дүние,
Өттің ғой талай-талай кемеңгерден.
Өлімнен құтылу жоқ батыр болып,
Сөзге шешен, әнге жүйрік, ақын болып,
Барамын алыс сапар қайтып келмес,
Қалыңдар, елім-жұртым, бақұл болып.
Көп сәлем жақсыларға болған сырлас,
Дәурені жігіттіктің қолда тұрмас,
Көз көріп, заманымда бірге жүрген,
Жүріңдер дұға қылып, құрбы-құрдас.
– Мен бұл әңгімені 1959 жылы нағашы атам Ғаббастан естіп жазып алдым, – дейді Ақшатай апа. – Нағашы атам балуанның жары Қаныкейдің туған інісі еді. Жарықтық дүниеден өтер алдында, яғни 1934 жылы бұл оқиғаны інісіне айтып кеткен екен. Сондай-ақ бұл әңгімені дәл осы мәтінде Төлеубай атамыз өлер шағында ортаншы ұлы Есенжолға да айтып кеткен екен. Есенжол өзінің ұлы Талғатқа әкесінен естігенін жеткізіпті.
Бірақ «ел құлағы елу» дегендей, елдің адамдары балуанға оқ атқан кімдер екенін артынан сұрастырып жүріп білген. Олар қазақ көрсе қаны қараятын Евтушенко, Беляков дегендер екен. Бұлар Шөкеңнің өлгенін жыл асқан соң бір-ақ білген. Зиратын таппай аласұрған көрінеді. Аз ғана үйсін ауылының үстіне ат ойнатып, балуанның ұлы Исажарды атып өлтіреді.
Сөйтіп, Шөкеңнің жаны жай тапқан жер бертінге дейін белгісіз болып келді. Оның себебі жоғарыдағыдай. Шөкеңді жерлегенде бірге болған Секен Оспанов деген адам 1943 жылы Алаштың ардақты ұлының нақты жамбасы тиген жерді (Қызыл кордон ауылы) көрсетіп береді. 1999 жылы осы жерге балуанның немересі Шайдолда Шолақов атасына бағыштап ас беріп, азаматтармен бірге басын қарайтыпты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
www.egemen.kz