Қара өлеңнің тарихы мен жанрлық сипаты
12.10.2020 2905

Орыс ғалымы Лазутин өзінің орыс фольклоры поэтикасы еңбегінде «Фольклор- синтетикалық өнер болғандықтан онда басқа да өнерлердің элементтері жиі кездеседі» – деп атап өтеді. Қара өлең қазақ халқының фольклорлық мұрасы болғандықтан бұл өлеңдерде де басқа жанрларға тән ерекшеліктер жиі кезігеді.

Сөз тиегі қара өлең болған соң ең әуелі әрине оның қалыптасуы, туылуы, шығу тегі туралы әңгімені айырықша етіп өтсек.




Ал қара өлең жанрының қалыптасуы туралы ғалым А. Сейдімбеков: «Ешбір әдеби жанр дүниеге өзінің толысқан, кемелденген үлгісінде туа салмайды. Уақыттың сұранысына орай оның алғашқы нышаны, даму эволюциясы болады. Кез келген өнер, оның ішінде қара өлең де сырттан таңылған немесе алдын-ала кесіп-пішілген теориялық үлгі үшін дүниеге келмейді. Оны тудыратын халықтың өмірімен, тіршілігімен сабақтас рухани сұранысының ұлы заңдылығы» дейді.

Орыс ғалымдары В.П.Аникин мен Ю.Г.Круглов өздерінің орыс ауыз әдебиеті поэтикасы еңбегінде «Өлеңдегі кейбір жолдардар мақал-мәтелдерге ұқсас келеді»-деген де ой түйеді. Осы ойды жалғастыра келе зерттеуші Оразақын Асқар өз еңбегінде қара өлеңнің әр жолы неден, қалай құралатындығы туралы ой-пікірін жазады: «...ауыз әдебиетінің қара өлеңнен де ықшам жанры мақал-мәтелдер бар екенін еске алу орынды. Бірақ сол мақал-мәтелдердің өзінде қара өлеңнің нышаны бар: «Орамал тон болмайды, жол болады». Ол үш буынды сөзбен басталып, төрт буынды сөзбен аяқталатын кәдімгі он бір буынды қара өлеңнің айна қатесіз бір жолы»-дейді.

Жеке жол қалпында да образды ой туындап, мақал-мәтел ретінде өмір сүріп келе жатқан мұндай қара өлең жұрнақтарын айта берсек тіпті де көп. Расымен де қара өлең жинақтарындағы көптеген нұсқаларды оқып көрсек, жоғарыда айтылған пікірді дәлелдейтіндей көрінеді.

Бірақ бір ескеретін жайт   –   қара өлеңдер тек қана үш буынды сөзбен бастала бермейді, олардың ішінде тармағы төрт буынды сөзбен басталып, төрт буынды сөзбен аяқталатын төмендегідей де өлеңдер бар:

Ойлап тұрсам дүние бір бәйтерек,

Бақтан бұрын жігітке ақыл керек.

Тіршіліктің барында иман ізде,

Имансыз жан өлген соң кімге керек.  

Осы сияқты төрт буынна басталатын өлең жолдары құрайтын мақал-мәтелдер де жоқ емес.   «Ауыз әдебиетінің ең әріден келе жатқан түрлерінің бірі – айтыс десек, ол да осы қара өлеңнің бел баласы» – деп, жазады Оразақын Асқар. Қара өлеңді айтыс өнерінің негізін қалаушы деп қарастырған зерттеушінің пікірі әуелде жоқтан тумаған болуы керек. Сексенші жылдардың соңында қара өлең туралы толыққанды еңбек жазған А. Сейдімбеков бұл туралы: «М. Әуезов қара өлеңнің салт-дәстүрмен, әдет-ғұрыппен, ойын-сауықпен етене сабақтастығын ескеріп, оны айтыс өнерінің бір сала үлгісі ретінде қарастырады. «Түре айтыстың бір ауыз өлеңі екі үлгіге бөлінеді» деп жазады Мұхтар Әуезов. Оның біріншісі – бастауыш түрі, ең оңайықайым өлең, екінші үлгісі - қара өлең». Шынында да ойын-тойда, шілдехана-сауықта бас қосқан топ «ауылдың алты ауызы», «қонақ кәде» сияқты дәстүрді көлденең тарта отырып, кезектесе өлең айтатын дәстүр болған» - деседі.

Қара өлеңнің айтыс сияқты кезектесе айтылатын түрлері де болған. Осы өлеңдер туралы А. Сейдімбеков өз ойын: «Алайда қара өлең ақындар айтысынан мүлде бөлек... Қара өлеңдегі жауаптасу түріндегі рәсімнің үлгісі бұрыннан белгілі болып келеді. Ең бастысы екі жақ бірін-бірі жеңіп, иық асыруды мұрат тұтпайды. Жай ғана ойын-тойдың көркі үшін тапқырлық, айтқыштық сынға түседі» деп, баяндайды.

Осындай өлең түрлерін «қара өлең және қайым өлең» - деп Мұхтар Әуезов екі түрге бөледі. 1970 жылдардың ортасында белгілі зерттеуші, фольклоршы Бекмұрат Уахатов өз еңбегінде осы екі түрлі өлең туралы жазғанда: «Шынында да қара өлең мен қайым өлеңнің айтылу формасында болмаса өлең жасалу жолдарында, өлшемдерінде ешбір айырмашылық жоқ. Қайым өлең – қыз бен жігіттің бір-бір ауыз өлеңмен жауаптасу түрінде орындалса, қара өлеңде мұндай айтыс болмайды. Бірақ екеуінің шығу тегі, үлгісі бір. Қара өлеңнің де, қайым өлеңнің де құрылысы – он бір буынды, төрт тармақты болып келеді. Әр шумақтың екі жолы ауыздан-ауызға көшіп жүретін жаттанды, үйреншікті үлгіден тұрады» - дейді.

Қара өлең мен қайым өлеңнің осындай ерекшеліктерін атап өткен соң, зерттеуші бұл өлеңдердің шығу тегі, туылу уақыты жайлы пікірінде: «Академик Әуезов қайым өлеңнің бәдік, жар-жар алуандас әдет-салт қатарында тұрған аса ескілікті өлең түрлерінің бірі» - дейді.

Міне, соған қарағанда қара өлең мен бір тұста шыққан болуы керек. Мұның дәлелі «қара өлең», «қайым өлең» деген атаулардың жиі қолданылуынан да байқауға болады.

Болғанмен малға жарлы, тілім шешен,

Жасымнан қара өлеңге болдым көсем...

...Қара дауыл өлеңді әркім айтар,

Қайым өлең айтпаққа бар ма жайың –

деп келетін жолдардың мазмұнынан бұл өлеңдердің түп-төркінінің бір екенін көреміз» – деп, пікір білдіреді. Яғни бұл жерден ұққанымыз - қара өлең мен қайым өлеңдердің шығу тегі, пайда болуы туралы, ол өлеңдердің мазмұнынан білуге болады. Осы тақылеттес қара өлең мәтіндері де молынан ұшырасады

Мысалы:

       Қыз: Ауылым көшіп барады белден асып

                Белден асқан ақ бұлтпен араласып – десе,

      Жігіт: Ауылым көшіп барады, бел тұрғанға,

                 Ұзын ағаш қозғалар жел тұрғанда

– деп таң атқанша айтысатын болған. Төрт тағанның біреуі: Ауылым көшіп барадыны ұстайды, қалған үшеуіне ойын сыйғызып айтады. Бір кезде: «Ауылым көшіп барады, Сібір өніп» – деп, таусылып қалады. Жеңіледі. Табиғи түрде жеңіс пен жеңілісті формаға салып айтады. Осындай бұрқырап жатқан ішкі психология мен тартымды, тапқырлықтың кейін, қайнауын табып шығатын айтыстың түрі біздің қара өлең болып арттағы біздерге мұра болып қалып отырған. Ол біржағынан айтысты дәлелдеген, екіншіден қара өлең болып дүниеге келген. Үшінші құр бекер келмеген махабатын, қайғысын, қуаныш тарихын, сүйіспеншілігін, шаруашылығын өзінің ұлт болып қалыптасқан дағды-мінезін ала келген. Қалай десек те айтыс тарихы қара өлеңнен басталады. Айтыста қара өлеңнің еш сыры білінбей жатыр.Мұны этногрофтанушы ғалым Қадыр Жұмақанұлы себебін былай деп атап көрсетеді:

1. Сол дәуірде айтыстың қалай болатынын ешкім көре алған жоқ. Кітаптан оқу арқылы мағұлұмат алды.

2. Жазба ақындарға көп еліктеді. Жасампаз тәтті сөздер іздеп кетті. Жазба ақындарына көп еліктеді.

Бірақ бір шумақ қара өлеңнің ішінде сол шыққан уақыттың лебі сол заманның зары, сол кезеңнің сезімі сезілетін сияқты. Жоғарыда айтылған зерттеушілердің ойларынан кейін осы мәселе тұрғысында нақты пікірге келген әдебиет зерттеушісі Оразақын Асқар ойын: «Қара өлең» белгілі бір кезеңнен, жылдан басталады деуге, белгілі бір уақытта аяқталады деуге де болмайды. Ол халықпен бірге туылған. Барлық замандарда халықпен бірге қайнасып, өмір кешіп келеді. Бүгін де жалғасуда. Болашақта да өркен жаяры сөзсіз» – деп өз сөзін тәмамдайды.

Қара өлеңнің музыкалық сипаты тұрғысынан қарастыратын болсақ, қазақ халық әндерінің басын көпшілігінің негізгі мәтіні қара өлең болып табылады. Осыған байланысты ғалым Бағлан Бабажан осындай бір құнды пікір білдіреді. «Қара өлең әндетіп айтылатын болғандықтан, бұл атау музыкалық жағынан да мағыналы. Осы жағынан алғанда, он бір буынды қара өлең өз ішінде әуен жол – тармақ, бунақ, буындарға бөлінеді. Құрылысы мен өлшемі жағынан осындай ерекшелігі бар, әлі де ел ішінде айтылып жүрген қара өлеңдер, қазақтың әншілік мәдениетінен жанр ретінде өзіндік орнын алуы тиіс» дейді.

Жалпы әдебиеттанушылар қара өлең жанрын өткен ғасырдан бері зерттеп келе жатқан болса, музыкатануда қара өлең жанр ретінде 90 жылдардан бері ғана қарастырылып келе жатыр. Оған ден қойып, ең алғаш түбегейлі зерттеп, қара өлеңнің музыкалық сипаттарын қарастырған ғалым С.А. Елеманова болатын. Зерттеуші өзінің еңбегінде қара өлең туралы бөлімінде қара өлеңнің әуендік құрылысын, ерекшеліктерін, жалпы сыр сипатын егжей-тегжейлі қарастырған. «Қара өлеңнің кез-келген мәтіні ән әуеніне сай келеді, тіпті рифмалық, дыбыстық тұрғыдан әнге арналып шығарылған ба деп те ойлайсын»-дейді. Шынымен де қазіргі қазақ аузында айтылып жүрген көптеген әндер осы – қара өлең мәтіні екені ойландырмай қоймайды.

Тағыда бір назар аударатын жайт ол – этногрофтанушы ғалым Қадыр Жұмақанұлының қара өлеңді «Құтты өлең, үлкен өлең барлық өлеңдердің шыққан тегі деп қарастыруы, болашақта зерттеуді қажет ететін мәселе деп ойлаймыз» дейді.

Зерттеуші, ғалым Оразақын Асқар өзінің «Қара өлең» еңбегінде қара өлеңнің: «Өлең туралы өлең, амандасу-танысу өлең, той бастар, наурыз өлең, тәлім өлең, шежіре өлең, жер-су өлең, табиғат көріністері, ауыл өмірінен, тау өлең, қымыз өлең, жұлдыз өлең, балық өлең, көші-қон өлең, қамшы өлең, домбыра өлең, базар өлең, адам жасы туралы өлең, дүние-ғұмыр өлең, кәрілік өлең, кедейлік өлең, зағиптың зары, жыл өлең, ғашықтық-сүйіспеншілік өлең, хат өлең, шариғат өлең, жарапазан өлең, жұптыр өлең, жігіт өлең, қыз өлең, аужар өлең, сыңсыма өлең, сарын өлең, келін өлең, қайым өлең, аңшылық өлең, аңшы мен-қыз өлең, шай өлең, қойшы мен қыз өлең, құдаша мен құда бала өлең, қонақ пен қыз өлең, бойдақ пен бойжеткен өлең, жолаушы мен қыз өлең, бәдік өлең, түлік өлең, ойын өлең, жұмбақ өлең, өтірік өлең, қайырма өлең» түрлеріне бөліп, екі мыңға жуық өлең нұсқаларын жариялаған.

Ерте заманда қара өлеңнің кезектесе айтылатын түрі көп болған. Бұл қара өлеңнің түрлерінің біразына А. Сейдімбеков еңбегінде М.Әуезовтің келтірген классификациясы бойынша береді. Олар тақырыбына қарай «Тау өлеңі», «Жер өлеңі», «Ата өлеңі», «Шай өлеңі», «Су өлеңі», «Ет өлеңі», «Қоштасу өлеңі» – деп бөліне береді.

Осы сияқты қара өлең түрлеріне «Жөн сұрасу өлеңі» және жоғарыда айтылған «Амандасу өлеңі» де жатады. «Жөн сұрасу өлеңі» атқаратын функциясы бойынша да, рәсімі бойынша да «амандасу өлеңіне» ұқсас келеді.

Мәселен, жиын-той, отырыстарда ұшқыр ойлы бір өнерпаз «Амандасу өлеңін»:

Құндыздап киген киім жағаларын,

Тәңір артық жаратқан саналарын,

Көп айлар, көрмегелі көп күн болды,

Аман ба ақыл айтар ағаларың – деп, бастап әуелі ағалармен амандасады. Дастарқан басында отырған ағаларынан жауап алған соң, осы үлгі бойынша өлеңге туған-туыс, жекжаттарын қосып, барлығымен амандасып шығады.

Әдетте дәстүр бойынша адамдар амандасып болған соң жөн сұрасады. «Жөн сұрасу» өлеңі үлгілерін де А. Сейдімбеков өз еңбегінде орындалатын рәсімі бойынша суреттейді.

Мәселен:

   Жүргенде қараңғыда түн болады,

   Жорытқан жер көкше қоян жүн болады.

Адамға жөн сұрасу парыз екен,

Әуелі өз аттарың кім болады? – десе, қонақтар жағы:

   Ауылың алыста жүр, жақында жүр,

   Ақша қар жауайын деп бұлыттап тұр.

   Қалқатай, сен сұрасаң, мен айтайын

   Айтолқын менің атым, ұмытпай жүр» – деп, жауап берген.

Осы өлең нұсқаларына қарап ерте заманда қазақ мәдениетінде ауызша өнер – қара өлең қандай орын алғандығы туралы айтуға болады. Зерттеушілердің «қара өлеңді көбінесе жастар орындаған» деген сөздерінің мағынасы да бар. Себебі ертеректе жас-кәрісіне қарамай ұшқыр ойлы, тілі шешен, өнерлі адамдардың бәрі де өлең ұйқастыра білген. Тіпті шай ішіп отырып та алдындағы астарына өлең арнаған. Мұндай мысалдарды қара өлеңге арналған жинақтардан көп кездестіруге болады.

Қара өлеңнің тақырыбы жайлы жазушы А. Сейдімбеков терең зерттей келе: «Қара өлең – өмір тіршілігіміздің барша қасиетін әсерлі көрсетіп келе жатқан икемді де өміршең жанр» –дейді.

Қара өлең халықпен бірге туып, бірге жасап келе жатқан соң, тақырыбы жағынан кең өріс алуы да заңды. Бұл жайлы ғалым Сәбетқазы Ақатаев өзінің «Інжу маржан секілді» атты жинағындағы қара өлеңге арналған тарауында: «Қара өлең өз шама-шарқы жеткенше дүние кілтін ашуға талпынады, кейде ашып та тастайды» – деген пікір келтіреді.

Автор бұл тарауда қара өлеңнің мән-мазмұнына көп көңіл бөледі. Мағынасы жағынан қара өлеңді 3 категорияға: «дүние», «жақсы», «жаман» және үш топқа бөледі: философиялық, этикалық және лиро-философиялық.

Расында да қара өлеңнің ой-тақырыбы өмір-тіршілігіміздің барлық саласын қамтыған соң, осы күнде де көпшілік жиналған жерде, өз заманымызға сай қара өлеңдер туындап, айтыла беретіндігіне ерекше тоқталады.

Қара өлеңді түбегейлі зерттеген А.Сейдімбеков «Өзінің болмысымен, орындаушылығымен, халық мәдениетінде алатын орнымен, басқа халықтардың фольклорында да қара өлеңге ұқсас жанрлардың бар екендігін айтады. Өзінің «Мың бір маржан» атты еңбегінде ол: «...Орыстың «частушкасы», тәжіктің «рубоиы», «ашуласы», өзбектің «қошығы», түріктердің «маниі», жапонның «хоккуы», индонезиялықтардың «пантуны», скандинавиялықтардың «квазурасы» өзіндік дара көркемдік-эстетикалық ерекшеліктері болғанымен, бұқарашыл өнер ретінде күні бүгінге дейін ел ішінде тоқтаусыз туындап жататындығымен қазақтың қара өлеңіне мейлінше ұқсас» – деп жазады.

Қара өлең жанрының құрылысына тән өлшем мен әуен жолдары және бірқатар, яғни өзіндік қалыптасқан форма баршаға аян. Бұл үлгі көпшілік алдында шығарылатын поэтикалық импровизацияға негіз бола алады. Осы тұста импровизациялық поэтика заңдары жүзеге асады. Мұның өзі ауызша және жазбаша болып екіге бөлінеді. Ауызша айтылатын импровизациялық жанрлар үшін көпке мәлім дайын сөзтіркестер, поэтикалық «қалыптар» ыңғайлы. Мысалы , қара өлеңдердегі қалыптасқан сөз тіркестер келесі тізбекпен қара өлең шумақтарында кездесе береді:

Мұндай дайын поэтикалық құралдардың бар болғаны импровизациялауға жеңілдік туғызады және де қара өлеңнің белгілері бола алады. Бұл белгілер арқылы біз қара өлең сөздерін басқа жанрлар сөздерінен ажырата аламыз. Қара өлең жанры кәсіби әндермен байланысты болағндықтан, кәсіби әнші-композиторлар өз шығармаларында қара өлең жолдарын пайдаланған. Мысалы, Біржан-салдың «Жалғыз арша» әнінде кездесетін

Кішкентайдан бірге өскен сәулем едің,

Ғұмырың аз ба, көп пе, әлде қанша? – деп келетін жолдар қара өлеңнен алынған жолдар екеніне ешкімнің де дауы жоқ. Әнші-композитор Мұхит Мералыұлының «Демалыс» әніндегі екінші шумақ түгелдей қара өлең сөздерінен құралған:

Домбыра екі ішекті қолға алдым,

Сол үшін он екі алуан әнге салдым.

Алыстан ат сабылтып келіп едім,

Ақ жүзін бір көрсем деп қалқажанның .

Кәсіби әндердің қатарына жататын кейбір халық әндерінде де қара өлеңнің сөздері пайдаланылған. Мысалы, халық әні «Сұржекейде»

Мінгенім дәйім менің сұржекейім

Бүлкілдер әнге салсам көмекейім. Я болмаса «Екі жиренде»,

Көшкенде жылқы айдаймын аламенен

Аулыңа барушы едім саламенен – деп, қайталайтын жолдар кәсіби әндерде жиі кездеседі. Әрине, мұндай сөз тіркестердің көптеген түрлерін келтіруге болады.

Бұлардың көбісі көшпелілердің өмір-тіршілігін, күнделікті тұрмысын суреттейді. Ал қара өлеңдер ішінде ой қорытатын, сезім түйсігін тербететін, үлкен тақырыптарды қозғайтын қара өлеңдер де аз емес. Бұлардың да бірінші тармақтағы қалыптасқан сөз тіркестері өздерінің қара өлең сөзі екенін таныта алады. Өмірде көрген қиыншылықтарын, қуаныштарын – ата-бабаларымыз қара өлеңдер арқылы ел құлағына жеткізіп, Құдайға жалбарынып, іштеріндегі шерлерін тарқатқан.

Қара өлеңнің көпке мәлім тағы бір түрі – ән айтуға шақыратын сөзтіркестер:

                   Өлеңді айт дегенде айтамыз біз,

                   Өтінсе өздеріңдей өнерпаз қыз.

                   Өлеңді айт дегенде кетем өрлеп,

                   Айта алмас жаман өлең тойда терлеп.

Міне бұл да болса ел аузындағы халық жазбай танитын қара өлеңдердің сөз тіркестері. Өлеңдерің тақырыбына қарай бекітілген сөзтіркестер, мысалы:

          Ауылым көшіп барады... Алмалыға, Қоғалыға т.б.

Өлең деген немене... өнерпазға, білген құлға, ой емес пе т.б.

Есік алды... топ шеңгел, қарасу, жоңышқа т.б.

Халқымыздың бай әдебиетінде бұл сөзтіркестері «тайға таңба басқандай» болып ерекшеленеді. Яғни осы бекітілген сөзтіркестер бірінші тармақтағы «поэтикалық қалып» –   қара өлең жанрын басқа жанрлардан айыратын бірден-бір құрал.

Қазақта қара өлең шығарып әдеттенудің, жастарды өлең-жырға баулудың әр түрлі жолдары бар. Бұл әсіресе асық иіру, «қол соқпақ», «хан жақсы» сияқты талай көп ойындарды ойнаған тұстарда ерекше байқалады. Мысалы, «асық иіру» ойнында асығы жығылып қалған жігіт ойынды басқарушының жазасынан:

         Базардан алып келген тайлы бие,

         Демесң құлыны ереке сайлы бие.

         Асығым алшы иірген дейді шіге,

Бетіне жағар едім майлы күйе – деп өлең айтып құтылады. Айтпаса, бес арық, бес семіз қамшы алады немесе теке болып бақылдап, ойын басқарушыны арқалау жазасына кесіледі.

Жастар бір-бірімен танысып, қай жерде туып өскенін баяндайтын «Тау өлең», «Су өлең», «Жер өлең» деген өлеңдер туған. «Су өлеңнен» бір мысал:

         Жетісудың бірі – Іле, басы – Текес,

         Байынқол, Қақпақ өзені оған тіркес.

         Қарқара, Кеген, Нарын, Шелек, Түрген,

         Қаскелең, Күрті, Талғар о да еншілес.

Ойын-сауықтан кейін қыз бен жігіт бір-біріне қоштасу, қайта кезігер күндерін белгілеп, уәде байласып қалуға тырысады, әзілі аралас өлеңдер айтады.

Халық ішінде қара өлең ерекше жайылды. Кез келген жерде қара өлең орындалса, оны тыңдаушы халық бірден тани алады. Сан ғасырлық уақыттан бері үзілмей, жиын-тойларда туындап жатқан қара өлеңдердің есебіне сан жетпейді.

Қара өлеңде ең мол кездесетін тақырып – махаббат, ғашықтық тақырыбы. Адам сезімінің осынау ғажайып қыры қара өлеңде ұдайы халықтың орныққан талғам–талабы өрісінде ғана тілге тиек болып отырады. Ғашықтықты білдіретін сағыныш, аңсау, тілек-талаптар, сыны мол шарттар, адалдық пен кісіліктің үлгілері, мінез-бітімі, тіптен, киім кию үлгісіне дейін барша қасиеттерге, ең алдымен, халық талғамы төреші. Бұл орайда қара өлең айтушы–тыңдаушыны эстетикалық әсерге бөлеп қана қоймайды, сол қара өлеңді тыңдаған әлеуметтік ортаны реттеуші, пиғыл–ниетін тұтастандырушы, идеалын біріктіруші қызмет атқарады. Қара өлеңді өміршең ететін де, қанатты өнер деңгейіне көтеретін де қасиет–осы. Кез келген әнші суырылып шығып:

   –Ой, Алтай, басың биік, шөбің сұйық,

    Ойнайды бауырыңда арқар, киік.

    Кір жуып, кіндік кескен, қайран Алтай,

Кетеді сені ойласам ішім күйіп, -деп, шырқап қоя берсе, бұл өлең еш уақытта сол әншінің ғана сезімі болып қабылданбайды. Асыл өнерді дүйім иемденіп, ортақ сезімнің игілігіне айналдырады. Әрине, нағыз өнердің парқы мен нарқын білетін әркім-ақ бұған таң қалмайды. Солай болуға тиісті екенін біледі. Алайда қара өлеңнің ең бір типті қасиеті-жаңағы жақсы әнді тыңдағаны көпке ортақ сезім-күйі бар, сол әрбір субъектіні жеке басының мұңы мен сырындай тебірентеді. Бұл қасиет жазба әдебиетте, фольклорлық әдебиеттің кейбір жанрларында бола бермейді. Оларда тарихи белгілі жағдай суреттеліп немесе тарихи болған адамның сезім-күйі мен бастан кешкен оқиғасы нақтылы көрініп тұрады. Оқушы–тыңдаушы мұндай шығармаларға сырт көз ретінде қарап отырып, жақсысынан үйренеді, жаманынан жиренеді. Ал қара өлеңде әркім өзінің ғана арман– мұңын жеткізіп отырғандай сезімге бөленіп, әрі тыңдаушысын ұдайы құптайтын күйге түсіріп отырады. Мұның сыры көшпелі өмір салтында әлеуметтік-мәдени идеалдық біртұтас болғандығынан. Алты ай қыс біріне-бірі қатыса алмай, сағынысып,сарғайған жастардың көрісуі көңілді ойын–сауық, ән мен өлең базарына ұласатын. Міне, осындай шақтарда өлең шығарып, әзіл-қалжың айтып, сауық құрудың соңы қыз бен жігіттің бір–бірімен ұғынысып, табысып кетуімен аяқталған. Мұның мысалын қазақтың ескілікті өлең–жырларынан да көруге болады. Жібек пен Төлегеннің, Қозы мен Баянның, Әділбек пен Айманның алғаш кездесулері осындай әзіл-күлкілі өлеңдер айтудан басталады. Қазақта қара өлең шығарып әдеттенудің, жастарды өлең–жырға баулудың әртүрлі жолдары бар. Бұл, әсіресе, «асық иіру», «қолсоқпақ», «хан жақсы» сияқты талай көп ойындарды ойнаған тұстарда ерекше байқалады. Мысалы, «асық иіру» ойынында асығы жығылып қалған жігіт ойынды басқарушының жазасынан:

     Базардан алып келген тайлы бие,

     Демесең құлыны еркек сайлы бие.

     Асығын алшы иірген дейді шіге,

Бетіне пәстәуйдің майлы күйе -деп, бір-екі ауыз өлең айтып құтылады. Айтпаса, бес арық , бес семіз қамшы алады немесе теке болып бақылдап, ойын басқарушыны арқалау жазасына кесіледі.

Қазақ ойын–сауықтарының тағы да бірі–«Хан жақсы ма?» ойыны. Ойынның тәртібі бойынша хан мен ханша және бір уәзір сайланады. Жастар бір қыз, бір жігіттен араласып отырады. «Хан» жігіттерді кезекпен шақырып, өлең айтқызады. Өлеңдері бірін–бірі қайталамайтындай болса, әрі айтушы оны қызықты етіп орындап берсе, «хан» жігітті таңдаған қызының жанына отырғызады. Ал өлең айта алмаған жігіт өлеңдерінің төлеуін не ақшамен, не затпен өтейді. Оны да өтей алмаса, қыздар арасынан қуылып, «алты қатынның абақтысына» жіберіледі.

«Хан бұйрығымен» айтылатын өлеңдердің түрлері мынандай: бұйрық бойынша ақын жігіт әуелі ханды, онан соң ханшаны, сосын уәзірді мақтап, үш ауыздан тоғыз ауыз өлең айтуға тиісті. Содан кейін қасындағы екі қызды көтеріп тұрып, әрқайсысына арнап, үш ауыз өлең және де айтады. Бұдан соң ылғи жанды заттардың атын қосып, үш ауыз, жансыз заттардың атын қосып, үш ауыз өлең шығару міндетін өтейді. Онан кейін барып үш ауыз өлең ойлап табады. Ақыр аяғында, үш ауыз «кер өлеңмен» құтылады. Кер өлең айту былай болады, мәселен:

       «Базардан алып келген шай тостаған,

       Тар жерде қиын екен ән тастаған.

       Шешеңнен сені тапқан, айналайын,

       Бәйгеден келген кердей ойқастаған» деген өлеңді керісінше:

       «Бәйгеден келген кердей ойқастаған,

       Шешеңнен сені тапқан, айналайын.

       Тар жерде қиын екен ән тастаған,

       Базардан алып келген шай тостаған» деп айтса, кер өлең болып шығады.

Қазақ ескілігінде жастардың басы құралып, қынаменде ойын–сауықпен жүретін көңілді отырыс–жиындары көбіне елдің жазғы жайлауға шығып, малымен малы, жанымен жаны араласып кететін қызықты бір шақтарда өтетін. Мұндай кездерде ағайын-туыс, ауыл-аймақ, бір-бірімен шұрқырасып көрісетін де, оны жастар жағы өзінше пайдаланатын. Бұрыннан бір-біріне көзі түсіп, көңілдері күпті болып жүрген қыз бен жігіт осындай сәт үстінде амандық-саулық сұрасып, сөз тастасып, сағыныштарын басатын.

Амандықтарын айтып, есен–саулықтарын сұрасып болған соң қыз бен жігіт енді өздерінің ата–тегін, сол ата ішіндегі білікті, батыр, бағылан адамдарын атап, өлеңге қосады. Қазақта мұны «Ата өлең» дейді.  

Бір ғана А. Сейдімбеков монографиясына мың бір қара өлең үлгілерін енгізген. Бұл қара өлеңдердің алғаш рет үлкен көлемде жиналуы еді.

А. Сейдімбековтен кейін халық арасынан екі мыңға жуық өлеңдерді жинақтап, зерттеуші Оразақын Асқар 1989 жылы кітап етіп жариялады. Кең байтақ жеріміздің әр түкпірінде әр түрлі себептермен күн сайын туындап жатқан қара өлеңдер үшін бір мың не екі мың деген сандар сыйымсыз еді. Арада біраз жыл өткен соң, зерттеуші-ғалым өзінің жиналып қалған қорынан алғашқы жинаққа тағы екі мыңнан аса өлеңдер қосып, «Қара өлең» кітабын қайта шығарады. Бұл жинақ 1997 жылы жарық көрді. Алғашқы жинақ пен қара өлеңге арналған кейінгі жинақтың айырмашылығы біршама деуге болады. Бірінші жинақта тек қана «қаймағы бұзылмаған» қара өлеңдердің асыл үлгілері енгізілген.

Ал екінші жинақта автор қара өлең үлгілерін бұрынғыдан да молайтып, «Амандасу-танысу өлеңі», «Тәлім өлең», «Тау өлең», «Қымыз өлең», «Шежіре өлең», «Шариғат өлең» деген сияқты атаулармен топтастырылған.

Осы бірінші бөлімде филологтардың бекіткен қара өлең ерекшеліктерінің ішінде өлеңнің мазмұны туралы айтылған болатын. Яғни қара өлең өз айтар ойын бір шумақта ғана айтады, өлеңнің ойы келесі шумаққа жалғаспайды. Осы айтылған тұжырымдарға қарап он бір буынды қара өлең белгілі бір ойды арқалаған, өзінен бұрынғы және кейінгі келетін шумақтарға тәуелсіз екендігін айта аламыз.

Орайы келгенде, автордың жинаққа қосқан көп өлеңдері бұлталапқа сай келмейтіндігін айта кеткен жөн. Кітаптың кіріспе бөлімінде: «Тағы бір айта кететін нәрсе, бұл жинаққа қара өлең үлгісіндегі әлі авторы анықталып болмаған «Аңшылық өлеңі», «Елім-ай» сияқты бірді-екілі шұбыртпалы өлеңдер де алынады» – дейді, Оразақын Асқар.

Тек бұл екеуі ғана емес, «Шежіре өлең» деген бөлімінде бірі - 40 шумақтан, бірі – 58 шумақтан тұратын, формасы қара өлең тектес болғанмен, мағынасы жағынан қара өлеңге келмейтін белгілі бір ақындардың шұбыртпалы шежіре өлеңдері берілген. Осы сияқты тағы да «Адамның жасы туралы өлең» бөлімінде туылғаннан қартайғанға дейінгі адам өмірін суреттейтін басыбайлы авторға тән өлеңдер кездеседі.

Сонымен қатар, динаққа «Жолаушы мен қыз», «Аңшы мен қыз», «Құдаша мен құда бала», «Қонақ пен қыз», «Бойдақ пен бойжеткен», «Жыл өлең» сияқты айтыс немесе сұрақ-жауап өлеңдері енгізілген. Автордың жинаққа енгізген көптеген өлеңдері құрылысы жағынан қара өлең тектес болғанымен, мағынасы жағынан қара өлеңге келмейді. Жалпы қазақ фольклорында қара өлеңнен басқа да «хат өлеңдері», «өтірік өлең» сияқты жекелеген жанрлар кездеседі. Оразақын Асқар өз еңбегінде қара өлеңдер санатына тұрмыс-салт өлеңдерін, атап айтқанда, «Аужар», «Сыңсыма», «Сарын», «Жар-жар», «әдік өлең», «Жарапазан», «Өтірік өлең» сияқты өлең түрлерін қосқан.Бұл аталған жанрлардың кейбірі он бір буынды, төрт тағанды болып келіп, қара өлеңге құрылысы жағынан ғана сәйкес келетін болса, кейбірі ешқандай қасиетімен де үйлеспейді. Себебі, әр жанрдың өзіне тән орындаушысы, орындалу мезгілі мен ортасы, шығарушысы әрі өзіндік атқаратын функциясы бар. Демек, біздің ойымызша, жинақтағы берілген өлеңдердің бәрі бірдей қара өлеңнің негізгі шартына жауап бере алмайды. Әлі де елеп-екшеп қара өлең жанрын осы кітаптың негізінде бір жолға түсіру керек деген пікірдеміз. Музыкатану ғылымында қара өлең жанр ретінде бекітілмеген, «жанр» сөзіне саятын қара өлеңнің сипаттамалары молынан: біріншіден, қара өлеңнің өнер екендігі, екіншіден, қара өлеңнің жиын-той, отырыстарда орындалатындығы, үшіншіден, қара өлеңнің қоғамдағы орнының биіктігі және тағы басқа көптеген сипаттамалары бар. Бұлардың бәрін біз тек қана жай сөзбен айтып қоймай, дәлел ретінде қара өлеңнің бірнеше шумақтарын келтіріп, сөзіміздің ақиқатына көз жеткізуімізге болады. Дәлірек айтсақ, бұл мақаламызда қара өлең өзі туралы өзі айтып беретін жанр екендігін ептеп дәлелдегендей болдық.

                                                                   (жалғасы бар)