XX ғасыр басындағы мәдени жұмыстардың негізгі бағыттары
22.09.2020 3171

XIX ғасырда қазақ халықтың рухани өмірінде халықтың ауыз әдебиеті негізгі орын алды. Көптеген ғасырлар бойы ауызша дамып, авторлығы сақталған қазақтың ауыз әдебиеті – халықтың сөз өнерінің негізін құрап, ұлттың көркемдік ойлау қабілетін танытып келді. Сонымен қатар XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ поэзиясы сол кезде өлкеде болған тарихи оқиғалар туралы мәліметтер көрініс тауып отырды. 


Басы: XIX ғасыр аяғындағы мәдени жұмыстардың негізгі бағыттары

ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ халқының мәдени-саяси өмірінде «Айқап» журналының шығуы елеулі оқиғалардың бірі болды. Бұл - қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси және әдеби журналы.

«Айқап» журналы 1911 жылдың қаңтарынан 1915 жылдың қыркүйегіне дейін Троицк қаласындағы «Энергетика» баспаханасында «араб» шрифтімен басылады. Айына бір рет, соңғы жылдары екі рет, барлығы 88 саны жарық көрді.

Бұл журналдың «Ай, қап» аталуы барлық қазақ халқының артта қалушылығын өкінішпен бейнелеуге тиісті деген сияқты. Журналдың шығарушысы да, редакторы да белгілі жазушы-журналист М. Сералин болды. М. Сералинмен қатар журналдың негізгі мұрасын Б. Қаратаев, Ж. Сейдалин, С. Торайғыров сынды интеллигенция өкілдері құрды.

         «Біздің мақсатымыз – журнал шығарып, пайда табу емес, бәлки жұрт үшін бір қызмет болсын деген. Менің қолға алған мәселем:

1)   Егін шаруасына қолайлы жерлерде қала салуды халыққа шамадан келгенше түсіндіру.

2)   Елдің партия болып таласқандығы халыққа қанша залал келетіндігін... һәм қалай еткенде, партия жоғалуға мүмкін, сол жағын қарастыру.

3)   Оқу һәм оқыту жағына қалайша өзгерістер жасау керек, сол жағын қарастыру.

4)   Әйел, қыздарымыздың кемшілікте тұрғандығын халыққа ескерту” деп жазады Сералин.

«Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, етек-жеңін жиғызған келесі қазақ ұлттық баспасөзі «Қазақ» газеті болатын. Ол қажымас қайрат пен тапжылмас табандылықтың арқасында 1913 жылдың 2 ақпан күні Каримов – Хусаиновтар баспаханасынан аты кейін аңызға айналып кеткен «Қазақ» газетінің бірінші саны жарық көрген. Алғашында 3 мың дана болып басылған газеттің тиражы бір жылдың ішінде 8 мыңға жетеді .

Бұл туралы Ғалым Ахмедов «Алаш «Алаш» болғанда» атты кітабында былай: «Ахаң «Қазақ» газетін Орынборда 1913 жылы шығара бастағаны белгілі. Ол заманда қазіргідей өкімет күшімен емес, жай адамның газет шығаруы оңай шаруа емес еді. Баспахана жоқ, қазақша қаріп жоқ, қаржы тағы жоқ, авторлардың да, жаздырып алушылардың да табыла кетуі екіталай» еді деп жазады.


Алғашында газеттің өзіндік баспаханасы болмай, ақыға шығарылған «Қазақ» газеті 4-5 жылда өзінің баспаханасы, қағаздың үлкен қоры, айналым қаржысы, шағын кітапханасы бар мекеме деңгейіне көтеріледі. Мәселен газеттің екінші редакторы болған М. Дулатов былай деп жазады:

«А. Байтұрсыновтың шебер басшылығы мен жанқиярлық еңбегінің арқасында жоқтан барды жасаған деуге болатын және патшалық-полицейлік режимнің ауыр жағдайларында тіршілік еткен газеттің жабылар алдында өз баспаханасы, қағаз қоры, шағын кітапханасы болды, таралымы 8000–нан асты».

Патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы ашық түрде ұлт-азаттық саяси күреске шығуды қолдаған, халқының азаттығы мен бостандығы жолында белсенді де батыл күрес жүргізген қазақ зиялыларының басым бөлігі осы «Қазақ» газетінің жанына топтасты.

Оның редакторы қазақтың қоғам қайраткері, аса көрнекті ақын, көсемсөзші, түркі тілінің маманы Ахмет Байтұрсынов болды. Ал 1914 жылдың 19 мамыр айынан бастап «Қазақ» газетінің екінші жауапты редакторы немесе қазіргі ұғым бойынша оның орынбасары, редакцияның жауапты хатшысы қызметін Міржақып Дулатов атқарған. Газеттің ашылу тарихы жайлы

М. Дулатов былай деп жазады: «1913 жылдың бас кезінде мен Орынборға келдім, сондағы ғалым-жазушы, өзімнің ұстазым әрі ағам

А. Байтұрсыновқа барып, сәлем бердім. Ұзақ кеңесіп, қазақ халқына арнап газет шығармақ болдық. Бұл пікірді Ә. Бөкейхан ағамыз толық қолдады. Өкмет органдарының есігін тоздырып жүріп, әзер дегенде рұқсат алынды. Түркістанда жинаған мол қаржыны, Уфадағы «Ғалия» медресесі шәкірттерінің қосқандарын осы игі іске бағыштадық. Редакцияға қолайлы үй қарастырып, оны да таптық. Редакция құрамын, оның мүшелерін белгіледік. Шығарушы Бас редакторы А. Байтұрсынов, екінші редакторы мен болып, газетімізді «Қазақ» деп атап шығара бастадық».

Сонымен қатар, 1918 жылға дейінгі қазақ қоғамының саяси және рухани өмірінде үлкен рөл атқарған «Қазақ» газетін шығаруда және газеттің әжептәуір кеңселі мекеме дәрежесіне көтерілуіне қазақ халқының бостандық жолындағы аса көрнекті күрескер, тарихшы, саясатшы, этнограф, әдебиеттанушы Ә. Бөкейхановтың атқарған қызметі ұшан теңіз. Газеттің алғашқы санынан бастап ол «Қыр баласы» атты жамылғы есіммен мақалалар жазып, сол кездегі қазақ қоғамындағы ең күрделі және өзекті мәселелер бойынша 200-дей мақала жазған екен. Оның мақалаларының негізгі тақырыбы, әрине, жер тағдыры еді.

«Қазақ» газетінің төңірегінде бұлардан басқа қазақ демократиялық интеллигенция М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш. Құдайбергенов, М. Шоқай, М. Тынышпаев тағы басқалары болды. Олар «Қазақ» газетінде жұмыс жасай отыра орасан зор тарихи қызмет атқарып, халық өмірінің сан алуан көкейтесті мәселелерін жан-жақты көтерді.

Қазақ зиялыларының ұстанған негізгі мақсаттары «Қазақ» газетінің 4 - санындағы мақалада жазылған болатын: «Істің мәні жалғыз-ақ тамақ асырап, күн көруде қалмас, өз бетімен күн көре алмаса, өзге жұрттың есігінде жүріп, малайлықты тамақ асырап, қазақ тіршілігін өтер ғой... өз алдына дербес ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға шейін тұтас тұрған халық едік. Арамызға әр жұрт кіріскенде, солармен қатар атымыз жоғалмай қазақ ұлты болып тұра аламыз ба? Осы біздің төсекте дөңбекшіп ұйқымызды бөлетін нәрсе...» .

Сонымен бірге, ұлттық мерзімді басылымның көздеген ең басты мақсаты қараңғыда жол таба алмай, адасып жүрген қазақ халқына жөн сілтеу, қазақ жастарын оқу-білімге шақыру, қыз балаларды оқыту мәселелері мен қатар оқу-ағарту және білім беру сияқты ағартушылық бағытта болған. Мәселен, «Қазақ» газетінің бетінде «Бастауыш мектеп», «гимназия туралы», «ғылым үйрену туралы», «оқудың маңызы туралы», «мектеп-медресе салу және ашу», «оқу-ағарту ісі туралы» мақалалар жарияланған. Қазақ халқының сол кездегі азды-көпті зиялы қауымы «Қазақ» газеттің маңына үйіріліп, шаруашылық, мәдениет, денсаулық, оқу-ағарту мәселелері жайында өз ойларын айтып мақалалар жаза бастаған.

Газеттің ең алғашқы санында А. Байтұрсынов отаршылдық режим жағдайларында ұлттың тағдыры жайлы мәселені ашық айтып жазды: «Өзіміздің өзіндік ерекшелігімізді сақтап қалуымыз үшін біздің бар күш пен құралды жұмсап, оқу-ағарту және ортақ мәдениетке ұмтылуымыз қажет; бұл үшін біз әдебиетті ана тілінде дамытумен айналысуды бірінші борыш деуге міндеттіміз. Өз тілінде сөйлейтін және өз әдебиеті бар халықтың ғана дербес өмірге үміттенуге құқылы екенін ешқашан ұмытпау керек».

Мерзімді басылымның осы күресте баса назар аударған мәселелері: ұлт тілінің өркендеуі, ұлт әдебиетінің, этнографияның, мәдениеттің өркен жаюы еді. Газет демократиялық, тәуелсіз мемлекет болу үшін қазақ халқы ең бірінші ана тілі мен әдебиетін білу, кәсібилік, ұлттық экономиканың бай болуы қажет екенін дәлелдеді. Бұл жайлы А. Байтұрсынов былай: «басқалардан қалып қоймау үшін біз сауатты, бай және күшті болуға тиіспіз. Сауатты болу үшін, оқу керек. Бай болу үшін, кәсібилік керек. Мығым болу үшін, бірлік керек. Осы бағытта жұмыс істеу керек» – деп жазады. А. Байтұрсынов пен М. Дулатов сол кездегі алаш азаматтарына арнап 1913 жылы «Қазақ» газетінің бетіне былай деп мақала жазады: «Халық мәдениет жолында ілгері басып, ел қатарына қалмасына себепші болатын нәрселердің бірі - баспасөз, яғни газет-журнал, кітап екендігі шексіз. Олардың басылып шығып, жұртқа таралуына пұл керектігі де шексіз. Баспасөздің керектігін түсініп, білу қажет. Екінші, білгеннен кейін баспасөзден жұрттың пайдалану жағын ойлап іс қылу керек.

Сонымен қатар, газет бетінде «Ішкі хабар» және «Тілшілер сөздері» деген тұрақты айдармен берілетін ақпараттық мақалаларда шығып тұрған. Ондағы басты тақырып оқу-ағарту мәселесі болған. Мәселен, «Қазақ» газетінің 1913 5, 6, 11, 28, 31, 34, 40 және т.б. нөмірлерінде Ақмола, Қызылжар, Қостанайдағы оқу орындарының жұмысы туралы ақпараттар берілген.      

Хош... XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап өлкеде көптеген қоғамдық-мәдени өмір жандана түсті. Өлкедегі кітапханалар санының аздығына қарамастан көпшілікке ақысыз әдебиеттің берілуі халықтың кітапханаға деген ынтасын арттырды. Осымен қатар ұлттық баспасөздің дүниеге келді, қазақ халқының қоғамдық-саяси мәдени өмірінде және даму тарихында елеулі оқиғалардың бірі болды.

Сонымен қорытындылай келе, XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында өлкедегі әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени өмірдің дамуы, оқу-ағарту ісі патша әкімшілігінің жүргізген әкімшілік-отаршылдық реформаларымен, басқару жүйесін қайта құруымен тығыз байланыста болды. Қазақ халқы тек әлеуметтік, экономикалық, саяси қанауға алынып қоймай, өзінің дербес ұлт болып өмір сүруіне, келешегіне өте қауіпті рухани қысымнан да зардап шекті. Қазақ өлкесінде хандық билікті түгелдей жойып, оның орнына генерал-губернаторлық басқару жүйесін енгізуі - елді бөлшектеудің басты әкімшілік құралы болғандығының белгісі.


Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында болған көптеген өзгерістер қазақтардың рухани дамуына терең әсер етті. Экономикалық және саяси саладағы экспансиядан басқа отарлаушылардың мәдениетін, тілін және дінін күштеп ендірді. Отаршылдардың көздеген мақсаттарының бірі қазақ халқын орыстандыру болатын. Сондықтан патша үкіметі ислам дінінің толыққанды дамуына барынша кедергілер жасап өлкедегі мұсылман басқармаларын жауып, оны орыс әкімшілігіне бағындырды. Қазақ халқының арасында мұсылман дінінің таралуын тоқтату мақсатында некеге байланысты мәселелерде шариғатқа сүйенуге тиым салды. Қазақ елі ішінде ислам дінінің күшеймеуін көздеген патша үкіметі қазақтардың арасында православиені насихаттауды қолға алды. Ол табиғи жолмен емес, жасанды жолмен қазақ халқын алдау, “бос” жатқан жерлерді күштеп тартып алу, ғасырлар бойы ұстанып келген ислам дінінен айыруға іс-әрекет жасады деген тұжырым жасауға болады.

Патша өкіметі қазақтарды шоқындырып қана қоймай, қазақ халқының рухани - діни істеріне араласты, мешіт, медреселердің рұқсатсыз тұрғызылуына тыиым салды, олардың жабылуын көздеген Ресейлік патша медреселерде орыс тілін оқу ең басты міндет болып енгізілді. Ал мешіт, медреселердегі молдаларды отаршыл өкіметтің өзі тағайындайтын болды.

Осының бәрі қазақтар халқының, тіптен барлық мұсылман халықтарының тарапынан наразылық тудырды. Осындай жағдайда, патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық күресті бастайтын жаңа тұрпатты қоғамдық-саяси әрі әлеуметтік күш қажет болды. Бұндай мұсылмандық күш жәдидтік қозғалыс болды. Бұл қозғалыс қазақ халқының арасында ислам дінін аман сақтап қалу үшін тайсалмай күресетінің анық байқатты. Бірақ осындай патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарамастан қазақ халқы ата-бабаларымыздан келе жатқан ислам дінін келесі ұрпаққа жеткізе білді.     

XIX ғасырдың екінші жартысында патша өкіметінің отаршылдық саясаты мұсылманша оқуға да өз ықпалын тигізді. Отарлаушы аппарат мұсылман оқу орындарына шек қоюға тырысты және оларға қарсы ашық күрес жүргізе бастады. Сондықтан отарлаушылар мұсылман мектеп-медреселері патша өкіметінің рухани отарлау саясатын жүзеге асыруға кедергі жасайтынын біліп, мұндай оқу орындарының санын біршама қысқартып, өлкеде орыс халқының мүддесін көздейтін оқу ағарту жүйесін енгізді. Мұндағы негігі мақсат жергілікті халық арасынан патша өкіметіне қажетті шенеуніктер дайындау және қазақтарды «орыстандыру» арқылы тілінен, салт дәстүрінен қол үздіру болғанын атап өтуіміз керек.

Дегенмен өлкеде жүргізілген Ресей империясының оташылдық саясатына қарамастан XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында мұсылмандық оқу орындары қарқынды түрде жұмыс жасады. Әсіресе, мұсылмандық хадими (ескіше) мектептердегі ғасырлар бойы сақталып келген оқу-тәрбие жұмыстарының жүйесін қайта құруды ұсынып, ілгершіл бағыт ұстанды. Патша өкіметінің мұсылман дініне қарсы жүргізілген шаралары, қазақ халқының ұлттық және идеологиялық қызметіне тосқауыл бола алмады. Керсінше, қазақ халқы өзінің салт-дәстүрін дінін қорғауға ұмтылды. Оған дәлел ретінде жәдидтік қозғалысты айтуға болады. Жәдиттік қозғалыс Ақмола облысында да насихатталған болатын.  

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында патша өкіметінің отаршылдық саясаты халыққа білім беру саласынан мейлінше айқын аңғарылды. Отаршыл билік қазақ халқының мүдделері мен құқықтарын елемей, оның рухани дамуын тежеді. Өйткені патша өкіметі қазақ халқының білім деңгейінің жоғары болуын қаламады. Сондықтан қазақ халқының халық-ағарту ісі мен білім беру жағдайы және деңгейі патша үкіметінің саясатымен жүргізіліп отырды. Ресей отаршылдарының алдында тұрған тағы бір мәселе, ол - отар елді басқару үшін отаршыл әкімшілікке жергілікті халық ішінен білімді шенеуніктер қажет еді. Міне, мұндай шенеуніктері дайындау мақсатында, өлкеде жекелеген оқу орындары ашылды. Орыс-қазақ мектептері, мұғалімдер семинариясы, тағы басқаларында шамаға қарай миссионерлік ағартушылық мақсатта ұстап отырды.

Ақмола өлкесінде оқу орындарын ашуға ат салысқандардың ішінде патша өкіметінің оқу ағарту істерінің саласында қызмет атқаратын орыстың ірі шенеуніктері, жергілікті жерлердегі басқару орындарының қызметкерлері мен православие шіркеуі миссионерлері болды. Олар қазақтар арасында миссионерлік жұмысты жүйелі түрде жүргізді. Ондағы негізгі мақсат қазақ халқының сауатын ашып, білім мен мәдениетін көтеруден гөрі, өлкеде ашылған орыс оқу орындары арқылы қазақтарды православие дініне шоқындырып, орыстандыру болатын. Дегенмен патша өкіметінің отаршылдық саясатын көздеген бұл оқу орындары сол кездегі қазақ қоғамда орын алған интенсивті әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени өзгерістер жағдайында зайырлы оқыту жүйесі заман талабын толығымен қанағаттандыра алмаған.

XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап өлкеде көптеген қоғамдық-мәдени өмір жандана түсті. Өлкеде оқу орындарының кітапханаларымен бірге, жалпы жұртқа қолайлы көпшілік кітапханалар жұмыс істеді. Бұлардан басқа жекеленген көпестерде, қоныстанушыларда, шіркеу қызметкерлерінде, оқыған зиялыларда өздерінің шағын жекеменшік кітапханалары болды.

ХХ ғасырдың басында Қазақстанда халықтың салауаттық қамқорлық қоғамы ақы төлеп оқитын қоғамдық кітапханаларға қарсы көпшілік жерлерде тегін кітапханалар мен оқу залдарын жандандыра түсті. Өлкедегі кітапханалар санының аздығына қарамастан көпшілікке ақысыз әдебиеттің берілуі халықтың кітапханаға деген ынтасын арттырды.

XIX ғасырдың екінші жартысында патша өкіметінің үкімімен алғашқы қазақ баспасөзі пайда болды. Бұл баспасөз беттерінде патша үкіметінің заңдары, жарлықтары жарияланды және оның реакцияшыл, отаршылдық саясатын уағыздады. Алайда, патша өкіметінің отаршылдық саясатының мақсатына қарамастан, мерзімді басылымдардың пайда болуы қазақ мәдениетінің дамуына үлкен әсер етті. Газет беттерінде саяси-экономикалық мәселелермен қатар, оқу ағарту ісі, өнер, білім, әдебиет жайлы мол мағлұмат берілді.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының қоғамдық-саяси мәдени өмірінде және даму тарихында елеулі оқиғалардың бірі қазақтың ұлттық баспасөзі дүниеге келуі болатын. Өйткені баспасөз беттері оның ішінде газет, журналдар негізгі ақпарат көзі ретінде сол кездің өзінде сауатын енді аша бастаған қазақ халқы үшін жалпы дүниежүзінің ғылым-білімінен, мәдениетінен хабар алу мүмкіндігін берді. Сол ұлттық баспасөздер бетінде жазылғандай, қараңғылықта жатқан елді оятуды басты мақсат етіп, қазақ халқына жол сілтейтін, болашақ күнін болжауға мүмкіндік беретін, өнер-біліммен таныстыратын түсінікті тілде жеткізетін құрал ретінде болды.


XIX ғасырда қазақ халықтың рухани өмірінде халықтың ауыз әдебиеті негізгі орын алды. Көптеген ғасырлар бойы ауызша дамып, авторлығы сақталған қазақтың ауыз әдебиеті – халықтың сөз өнерінің негізін құрап, ұлттың көркемдік ойлау қабілетін танытып келді. Сонымен қатар XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ поэзиясы сол кезде өлкеде болған тарихи оқиғалар туралы мәліметтер көрініс тауып отырды. Қазақ халқының тарихындағы ірі тұлғалардың атқарған іргелі істері де қазақ поэзиясында жырланды. Қазақстанның солтүстік өңіріндегі күміс көмей, жезтаңдай әншілер, төкпе ақындар, шешен билер, жыршылар XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы халықтың ауыз әдебиетінің дамуына үлесін қосты.

XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиеті дамуында жаңа дәуірдің басталғанын білдіреді. Яғни халықтың ауыз әдебиетімен бірге қазақтың жазба әдебиеті де дамыды. Оның негізін қалаушы Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтар болды. Олар орысша білім алып, еуропалық мәдениетпен танысып, өз еліне қызмет етуді жәны жаңа заманның өнерін, білімін, ғылымын, мәдениетін меңгеруді мақсат етіп қойды. Сол арқылы алдыңғы қатарлы елдерге теңелуге, теңдікке жетуге болатынына сенді.

XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Ресей империясында орын алған қоғамдық-экономикалық қатынастардағы өзгерістер қазақ қоғамына да әсерін тигізді. Мұндай елеулі өзгерістер қазақ қоғамының рухани және саяси өмірінің оянуы, ұлттық сананың ояна бастауымен көзге түсті. Ал ұлттық сананың оянуы қазақ зиялы қауымының қалыптасуының тікелей нәтижесі болды.

Олар патша өкіметінің, негізінен, қазақ даласын отарлау саясатын өз көздерімен көріп білді. Елде болып жатқан ұлттық теңсіздіктің, қанаудың не екенін жақсы түсінді. Соның нәтижесінде отарлау мүддесіне қызмет етуші зиялы қауымнан ұлт-азаттық қозғалысты бастаушы зиялы қауымға айналды. Азаттық, еркіндік, тәуелсіздік жолындағы күресте қолдарына қару алып, қазақ халқының ұлт-азаттық жолындағы қозғалыстарды басқарған қазақ батырларымен бірге Алаш қозғалысының өкілдері де өздерінің шығармашылық қызметтері арқылы қазақ халқын ұйқыдан оятуға тырысып, рухани идеологиялық күрес жүргізді. Сол кездегі қазақ зиялылары да жастарды оқу-білімге, ғылым үйренуге шақырып қана қоймай, оның пайдасын да көруге үндеді. Жастарға оқу-білімді игеруді, оның парқын білудің қажеттілігін өз өнегелерімен көрсетуге талпынды.