«Жас азамат» - жастар ұйымының орган газеті
04.07.2020 1859
Аса өміршең, әрі жүйелі Алаш идеясы мен Алаш партиясының бағдарламасы жарым-жартылай болса да жүзеге асып, елдікке деген үміт молайған Ақпан төкерісінен кейінгі кезең қазақ зиялылары үшін аса қолайлы мезгіл боп есептелді. «Теңдік, бостандық күні туды!» деп жар салып, қазақ жұртының мақсат-мүддесі үшін жан сала кірісті.

Осы орайда Алашорда үкіметі өмірге келіп, автономия алу, мемлекеттік құрлымды жүйелеу істері жүргізіле бастайды. Алдыңғы толқын ағаларына көмек беріп, қолғабыс болу, Алаш үнін жастар арасына тарату мақсатында 1918 жылдың сәуір-мамыр айларында Омбы қаласында қазақ жастарының тұңғыш құрылтайы өтеді. Осы құрылтайға қазақ жерінің түкпір-түкпіріндегі ұйымдардан өкілдер келіп қатысып, жалпы жұрттың шешімі бойынша барша ұйымдардың басын біріктіріп, бұрынғы Омбыдағы «Бірлік» ұйымының негізінде «Жас азамат» атты ұйым құрады. Құрылтайда жастар саяси-әлеуметтік мәселелермен қатар, ұлтымыздың мәдени-ағарту мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінеді. Құрылтайда әр түрлі көзқарастар орын алады. Жалпы жастар бір жолда жиналмағандықтан, құрылтай уақыты да біразға созылады. Бұл сьезде сол кездегі қазақ қоғамы үшін аса маңызды тақырыпқа айнала бастаған «қазақ жастары кеңес үкіметін жақтай ма, жақтамай ма?» деген сауал талқыға салынады да, көпшілігі жақтамауды қолдап шығады. Арада екіұдай болғандар мен жақтаймыз дегендер де белең алады. Сонымен екі ұдай болғандар мен жақтаймыз деген топтың саны аз болса да, қазақ жастарының бірлігін көздеген ұйым лажсыздан «өзімізге тимесе, кеңес үкіметін танимыз» деген қарар шығарады. Осылайша алаш ұранды жастардың тұңғыш жалпықазақтық жастар ұйымы дүниеге келді. Ұйымның төрағалығына М.Мырзаұлы, басқарма мүшелігіне – С.Садуақасұлы, М.Сейітұлы, Г.Досымбекқызы, А.Байділдаұлы бекітілді. [18] Ұйымның үні болып «Жас азамат» деген газет шығарылмақшы болады. Газет редакторлығына Қошке Кемеңгерұлы бекітіледі. Газеттің алғашқы саны сол жылы 30 шілдеде жарық көреді.

«Жас азамат» ұйымының құрылуы мен оның жарғысы туралы Мұтар Әуезов «Абай» журналының 1918 жылғы 6- санында «Бірінші жалпы жастар съезі», «Жастар ұйымдарына ашық хат» атты қатарынан екі мақала жариялайды. Бірінші мақалада съез хабары сөз болады. Бұдан біз өзімізге керекті біраз ақпаратты ала аламыз, «Өткен майдың бесінен он үшіне шейін Омбы қаласында жалпы қазақ жастарының сьезі болды. Сьез шақырушы Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» ұйымы. Съезге қазақ-қырғыз жастарының әрбір ұйымынан бір-бір өкіл шақырылып еді. Өкілін жіберген ұйым он бес болды» деген ақпараттан ұйым көлемінің шынымен де зор болғанын байқаймыз. Одан әрі: «Сьездің шақырылған себебі әр кімге мәлім. Еркіндік, жұрттық жауы большевик билігі дәуірлеп жұрттың ақ жолды қамқорын істеп келе жатқан ісінен, көздеп келе жатқан мақсатынан айырып әкеткендігі. Тұтынған жолына кедергі болып шыққан большевикке қазақ басшысы келін болып, бетін көрсетпей кете алмайды. Беті ашылып, ниеті көрінген соң большевик сиғызбады: әрбірін әр жаққа қуып, бытыратып, тоздырды. Басшының жоғын көрсетпей, жұрттық тізгінін мықты ұстап қалуға тырысу әрбір ұлттың рухы сіңген азаматтың борышы еді. Жастар әр жердегі ұйымдар арасында бұл борышын бұрын ұғып, аз қайратымен көсемдік қылған «Бірлік» ұйымы» деген ақпарат біздің жоғарыдағы сөзімізді растайды. Ал екінші мақалада жастар ұйымының съезде мақұлдаған жобасын мәлім етіп, ұйым өкілдерінің атын атайды. Мақұлданған қаулы алты баптан тұрған: «1. Қазақ-қырғыз жастарының бар ұйымдары біріксін; 2. Бар ұйымдар ортасынан бір кіндік комитет сайлансын; 3. Кіндік комитетке әрбір ұйым өзінің барлық қазынасынан 15 процент берсін; 4. Бар ұйымдарда бір-ақ программа, бір-ақ ат болсын. Бұған съездің қойған аты – «Жас азамат»; 5. «Жас азамат» атынан газет шықсын; 6. Мәтбуғат пайдасына кіндік комитетке ұйым басы 300 сомнан ақша берсін» делінген. Ал ұйым құрамына сайланған мүшелерді былай атайды: «Съез бес кісілік кіндік комитетін сайлап кетті. Бұл комитет Омбы қаласында тұрмақ. Комитетке сайланған адамдар: председатель Троицкідегі «Үміт» ұйымының өкілі Ғазиз Мурзин жолдасы Г.Досымбекова, екі мүшесі Ғабдырахман Байдильдин,  Мұратбек Сейітов,  секретарь  Смағұл Садуақасов». Біз осы ақпатаррың сенімдірек екендігін ескеріп, «Жас азама» ұйымының кіндік комитетінің төрағасы М. Мырзаұлы емес, Ғазиз (Абдулғазиз) Мурзин деп тұрақтандырамыз. Тұрсын Жұртбайдың көрсетуінше Жетісу өлкесінің қазағы, жоғары білімді, ағарту саласының қызметкері. Ал бұдан өзге басқарма мүшелері бізге өзге әдебиеттерден таныс болған соң, және біздің нысана газет болғандықтан, тақырып шақ, уақыт шектеулі болғандықтан өзге мүшелер туралы терең қаузамаймыз.


Ұйымның екі жылға жуық уақытта атқарған істері туралы Дихан Қамзабекұлы «Ілгерідегі мәдени ұйымдар» атты мақаласында «Ұйым 1918-1919 жылдары ел арасында мәдени-ағарту шараларын жүргізіп, жиған қаржысын газет пен қамқорсыз шәкірттер қажетіне жұмсаған» [18, 48-б] деп көрсетеді. Мәдени-ағарту шаралары дегені – ел арасында қойылған концерттер, сахналық қойылымдар. Осы шаралар арқылы халықтың санасын оятып, «төніп келе жатқан большевик дауылына» елдің қарсылығын, күресін күшейте түсуге тырысқан. Ұйым мен газет ісі туралы сол тұстағы Алаш үні болған «Қазақ», «Сарарқа» газеттерінде де жазылған. Жастардың бірігіп ұйым құрып, алдыңғы толқын ағаларына қолғабыс болуын олар да алақайлап қарсы алады.

«Қазақ» газетінде: «Жазғытұрым Омбыда қазақ-қырғыз жастары ұйымдарының съезі болған. Съезде байланған қарардың бірі газет шығару еді. Сол қарар бойынша, Қырылжарда 30 июльден бері жеті сайын «Жас азамат» атты газет шығып тұр. Газеттің мақсаты-бағыты туралы бірінші нөмірінде айтылған» дей келе, газеттің алғашқы санындағы мақаладан үзінді келтіреді де, соңында: ««Жас азаматтың» ғұмыры ұзын, алды ашық, жүзі жарқын болсын. Жігерлі жастар, кең ойлы қарттар «Жас азаматты» көркейтуіне біз де сенеміз. «Жас азамат» қазір серіктік пұлымен шығады. Серіктік жарнасы 50 сомнан кем емес. Артық болса, тым жақсы. «Жас азаматтың» жылдық бағасы 20 сом, жарты жылдығы 11 сом, үш айлығы 6 сом. Адресі: г. Петропавловск. Акмолинс. Обл. «Жас азамат»» [7, 439-б] деп жас газеттің басқан қадамына оң сапар тілеп, үлкен үміт күтеді. Ал материялдың соңындағы газет бағасы, адресі туралы мәліметтер «Қазақ» газетімен қоса, «Сарыарқа» газетінің әр санында дерлік соңғы бетке беріліп отырған.

Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешуінде» Совет үкіметі орнағанға дейінгі шыққан қазақ газеттері турасында мәлімет бере келіп, «бұл газеттер, «Тіршіліктен» басқасының бәрі, бір бетте болды. Бәрі Орынбордағы «Қазақ» газетінің ықпалымен жүрді. Бәрінің құлақ күйін «Қазақ» газеті бұрап беріп, нұсқау беріп отыратын болды» [17, 63-б] деп көрсетеді. Оның бірі һәм бірегейі болып «Жас азамат» та жүрді. Былайынша айтқанда «Жас азамат» ұйымы Алаш партиясының заңды түрдегі жас қанаты болды. Д. Қамзабекұлы «Тар жол, тайғақ кешуден» дерек келтіре отырып, Әлихан Бөкейхан бастаған алаш ардақтыларының Омбыдағы жастарға жиі барып, кеңес құрып, олардың пікірлерімен бөлісіп, жол нұсқап отыратындығын айта келіп, «Жас азамат» ұйымының құрылуы тікелей Алаш Орданың жол көрсетуімен болған дейді. [18] Өте қисынды, әрі орынды пікір деп қараймыз. Ақпан төңкерісінен кейінгі, патша үкіметінің қатаң режимі аяқталған мезгілде, жалпы Ресейдің өзі асты үстіне шығып жатқанда қазақ зиялылары да осы бір оңтайлы мезгілді өз пайдасына шешуге тырысты. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Алашорда үкіметі құрылып, бөлек автономия алу ісі қолға алынды. Қазақ даласында Алаш идеясы мен Алаш партиясының бағдарламасын қолдаған жастар да оянып, саяси өмірге араласа бастады. Міне «Жас азамат» ұйымы мен газеті осы мақсатқа жұмылған ұжым еді. Бұл туралы Дихан Қамзабекұлы жоғарыда аталған мақаласында «Қазақтың ұлттық баспасөз тарихында елеулі орны бар «Қазақ» газетінің бағытын жалпы жұртқа мәшһүр етуге жәрдемдескен, азаматтық ой-сананы ілгерлетуге септігі тиген газет-журналдардың ішінде «Жас азамат» атты басылымды ерекше атаған жөн. «Жас азамат» ұлт тәуелсіздігін жоқтап, отаршылдық егізге қарсы тұрған қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси газеті»,[18] – деп бағалайды. Шынымен де газет сол тұстағы «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері және «Абай» журналы іспеттес ашық көзқарас білдіріп, ұлтшылдық жолын ұстанды. Алашорда үкіметінің бағдарламасын елге жаяды.

Алаш үнін ту еткен газеттің 1918 жылдың 30-шілдесінен 1919 жылдың 3-ақпанына дейін 22-нөмірі жарық көрген. Қазір біздің қолымызға түскені 18 саны. Мұның ішінде 2, 9, 10, 19 - сандары жоқ. Қызылжар қаласында шығып тұрған газеттің негізгі редакторлық міндетін атқарған Қошке Кемеңгерұлы болған. Ал газеттің әр санында «бастырушы Алаш серіктігі» деп жазылса, 1- ден 11- ге дейінгі сандарының  «уақытша шығарушы – Хошмұхамед Кемеңгерұлы», 12-нөмірінде «уақытша шығарушы үшін – Біләл Малдыбайұлы», 13-тен 16-ға дейін «уақытша шығарушы – Біләл Малдыбайұлы», бұның себебін газеттің осы 12-санында: «Газеттің шығарушысы Қошмұхамет мырза Кемеңгеров Қызылжар уъезі қазақтарына земствоны түсіндіріп һәм болосной земстволар ашу үшін 12 ноябрьде қырға шығып кетті», - деп түсіндіреді. Ал қайтадан 17- ден 22- ге дейінгі сандарда: «уақытша шығарушы – Хошмұхамед Кемеңгерұлы» деп көрсетілген. Осы қысқа ғана жеті ай уақытта 22 саны ғана шығып үлгерген газетті бүгінгі есеппен қарасақ аз деуге болады. Алайда тар заманға тұспа-тұс келген қазақ жастар баспасөзінің алғашқы қарлығаштарына бұның өзі оңай тиген жоқ. Мемлекеттен босатылған бір тұтас қаржы болмады. Сол себепті көп қиындықтарға ұшырады. Әуелі жастар әр түрлі ойындар қойып, мәдени кештер ұйымдастырып, содан түскен қаржыға газет жұмысын жүргізді. Ол көмектің де бірде келіп, бірде келмей қалатын кездері көп болды.

«Сарыарқа» газетінде жарияланған «Қазақ-қырғыз жастарының ұйымдарына» деген мақалада бір жағынан Алаш арыстарының жас буынға деген зор қамқорлығын аңғартса, енді бір жағынан жастардың газет шығару барысындағы қиыншылықтарын да көрсетіп кеткен.

«5 майдан 13 майға шейін болған қазақ-қырғыз жастарының бірінші жалпы сьезінде сайланған кіндік камитет «Жас азамат» іске кірісті», - деп басталған мақалада жалпы қазаққа алақайлап, құттықтау айту сарыны болғанымен де, ұйым басындағы қиыншылық пен жастар арасындағы берекенің жетіспей тұрғанын да аңғарта кетеді. Одан әрі: ««Жас азамат» камитеті сьезде тапсырылған жұмыстардың іске асуына шын көңіл, өткір жігермен қызмет қылмақ, һәм келешекте қазақ-қырғыз жастарының басына түсетін қандай ауыр жұмыс, қиын істер болса да, барлық қолдан келген дәрмендерді жұмсамақ. Әрине «Жас азамат» деген сөзге біздің ұғынып, сенуімізше һәм съездегі қаулышада бар қазақ-қырғыз жастарының ұйымдары кіреді. Бұл бірігіп, ынтымақтасып іске кіріскен қазақ-қырғыз жастарының тағдырының басындағы күзетшісі. Сондықтан «Жас азамат» не жақсы пайдалы жұмыс істесе, ол – жастар еңбегінің жемісі; қай істе кейін қалса, о да иелерінің шабандығынан һәм көмек күшінің кемдігінен болмақ», - дей келіп: «Жолдастар! Күш-көмекпен талапты «Жас азаматқа» көмек күшін аямай көрсетіңіздер! Қазірде «Жас азамат» құралақан, жалғыз-ақ Омбыдағы «Бірлік» ұйымынан тиісті жарнасын алып, әзірге сонымен күн көріп тұр.

«Жас азаматқа» сіздердің көмектеріңіз өте қажет. Әсіресе тығыздықпен сұрайтын:

1) Съезде бекіткен төлер уақытындағы ақшаларыңыздың 15% і;

2) «Жас азамат» газетасы тез арада шығады, соның шығарушы серіктігінің жарнасы екі жүз сомнан кем болмайды, артық бола береді.

3) Ұйымдарыңыздың шартын (уставъ) – осы көрсетілген үш нәрсені кешіктірмей тез жіберулеріңізді «Жас азамат» қатты өтінеді.

Кеңес басшысы үшін Мұратбек Сыдықов, мүше Асығат Сайдалин, секретарь Ғабдірахман Байділдин» [19] деп аяқталады.

Бұл «Жас азамат» газеті жарық көруден бұрын шыққан мақала. Бұ мақала туралы «Жас азамат» газетінің 1918 жыл 19 ноябрьдегі 11 санындағы «Қазақ-қырғыз жастарына ашық хатында» былай деп келеді: «... Апрельдің 5-13 де шейін болған жиылыс қазақ-қырғыз жастарының сьезі деп танып һәм сьездің бекіткен қаулыларын іске асыратын уақытша қазақ-қырғыз жастарының ұйымдарының кіндік комитеті «Жас азаматты» сайлап еді. Сьез қаулысы «Сарыарқада» жазылды һәм кітапша болып басылып шықты. Мінеки сол сьез 6 айға айналды. Содан бері өкілдер жіберген, жібермеген ұйымдар да (біразын шығарғанда) кіндік комитетпен хабарласқан жоқ. Бұлардан күтілген махы-мағнуи жардем болмаған соң кіндік комитет «Жас азамат» дағдарып тұр. Әзіргі комитеттің істеген жұмыстары: 1) «Жас азамат» газетінің аяққа басуына себепкер болды; 2) Земствомен бірігіп Ақмола облысына қараған мұғалім-учителдер сьезінің шақырылуына мағнауи күш берді; 3) Омбыда екі айлық һәм екі жылдық курстердің ашылуына себепкер болды; 4) Бұл күнде кіндік комитет кітапхана ашуға қам қылып жатыр. Іс ауданын кеңейтуге қаражаты кемдігінен, тым болмасаұйымдар ниеттестігін білдіріп дауыс бермегендігінен «Жас азамат» комитеті бөгеліп отыр. Басындағы баспанасы «Жас азамат» камитеті мұндай халде болған соң жас балапан «Жас азамат» газеті де ойлаған ойына жете алмауға айналды», - дейді. Аталған ұйым жарғысын біз қолымызға түсіре алмадық, жоғарыда біз келтірген «Сарыарқа» газетіндегі материял ұйым жарғысы емесі мәлім. Ал ашық хаттағы айтылған қиындықтарға келсек, бұл мәселе газет шыққан мезгілден басталып, оның тоқтаған кезіне дейін оңайлықпен шешіле қоймаған. Біз сонымен қатар бұл үзіндіден «Жас азамат» ұйымының атқарған істерін көріп отырмыз. Бұнда көрсетілген төрт мәселе де сол кезең үшін аса маңызды, кезек күттірмейтін ірі жұмыстар еді. Бір жылға жетпейтін уақытта Алаштың талапты жас буынының мұндай жұмыстар істей алуы сүйіншілерлік іс еді. Және осы материялда: «Толып жатқан ұйымдар ат шығарғанға мәз болып, жемісті іс істей алмасақ, біраз бір жобада бола алмасақ ұлт алдында, тарих алдында не деп жауап береміз? Мұнымыз ақылдан қайғы жегендікке ұқсайды», - дейді. Бұдан байқағанымыз «толып жатқан ұйымдардың» тек «ат шығарғанға мәз боп», елдің ісі, болашақ бақыты дегенге бас қатырмай бастағаны, берекесіздіктің белең алғаны байқалады. Бұған әрине большевизмнің де ықпалы бар. Осы себептерден орталық камитет етіп сайланған «Жас азамат» ұйымына көмек қолын созғаннан гөрі, өз атын шығарып, дара шапқысы келген келеңсіздердің себебінен ұйым жұмысы көп шабандағаны байқалады.

Газеттің осы жылғы 18 августағы 3-санында «Орал, Ырғыз облыстық қазақ съезінің бекіткен қаулылары» жарияланған. Оның соңына «Басқармадан» деген ескерту берілген. Онда: «Орал облысындағы бауырларымыздың саяси барлыққа жетіп, ат төбеліндей жерде үкіметті ел болғандарына қуаныштымыз. «Алаш Орданың» үстіндегі ауыр жүкті бөлісіп алғаны жақсы ғой. Бірақ, жалпы Россия құрылтайын сылтау қылған ауыруға шалдығып (Орал үкіметі балығы болмаса бақасынан деп) ала қойды бөле қырқып жүрмесе, жарар еді», - деп ескертеді. Осының өзінен аңдағанымыздай «Жас азамат» ұжымы жастардың өз бетімен бірлесіп ұйым құрып, тарам-тарам жол алып, әр қайсысы өз алдына тартуынан алаңдайды. Барша қазақ жастары бірлікте болса екен дейді. Осы өзім болсамның кеселінен жастар ұйымдары да зардап шекті. Бұдан кейін де газеттің шығарылуы тоқыраған сәттер болғанға ұқсайды. Себебі газеттің кейбір сандарында қаржы мәселесіне байланысты кешігіп шыққаны турлаы құлақ қағыс беріп отырған. Тіпті әлде неше қиындықтарға ұшырап тоқтап қалу қаупі туғаны да, жат пікірлі жұрттың қарсылығы болғаны да деректерден байқалады. «Жас азаматтың» Қызылжарда қалай шығып тұрғанын, қазақ жастарының, жалпы қазақ қауымының тәуелсіздікке деген арман-мұңын айғақтап, қоғамдық сананы оятуға күш салғанын Жүсіпбек Аймауытов көрсеткен. Ол Семейдегі «Сарыарқа» газетінің 1919 жылғы 20-ақпандағы санына «Газет, журнал оқушыларға» деген мақала бастырып, Семейдің орысша газетінің қазақ баспасөзін ғайбаттап, «оқушылары болмағандықтан қазақтың бір газеті мен журналы жабылып қалыпты» деген хабарына қарсы сөйлеп, түсінік берген: «Бұл хабар бекер, - депті Ж. Аймауытов, - «Жас азамат» күні бүгінге дейін шығып отыр. Қаржы жағынан кемдік көріп, тоқтай ма, деген кірбің болып еді. Енді тоқталмас дейміз. Өйткені, Омбы жастары әдебиет кешінен мың сом, Семей жастары бес мың сомдай көмек жіберіп отыр. Тағы сондай көтерушілер табылатын көрінеді» [20], - деп «Жас азаматтың» болашағына үміт артады. Алайда бұдан кейін газеттің жалғасты шыққан-шықпағаны туралы толық мағлұмат жоқ. Біз кезіктірген газеттің барлық саны осы жылдың 3 ақпанымен аяқталады. Дихан Қамзабекұлы да осы пікірде. Соған қарағанда газетті шығаруға одан әрі мүмкіндік болмаған.

Жоғарыда көрсеткен жат пікір деп отырғанымыздың бірі Жүсіпбек Аймауытов көрсеткен орыс басылымдары болса, енді бірі ел ішіндегі алауыздық болатын. Бұл кез большевиктердің де бірде жеңіп, бірде жеңіліп, күн өткен сайын күш алып келе жатқан тұсы. Осы тектес жағдайлар жас қаламгердің және олардың тілектестерінің бұлайша алаңдауына себеп боп еді. Қазақ жастарының Омбыда өткен бірінші съезінде (С. Сейфуллиннің көрсетуі бойынша) Ақмола уезі жастарынан құрылған «Жас қазақ» ұйымының атынан барған А. Асылбеков сияқтылар нақты жағдайды түсінбей, қазақ тұтастығын бұзып, өздерінше төңкерісшіл, большевикшіл бола қалған еді. Орыс төңкерісшілерінің желбуаз, жалған ұранына сенген қазақ жастарының бұл тобы саяси күрес тәжірибесінен ада, қоғамдық құбылыстарды өз бетінше, саналы бағалай алмайтын. Тіпті, олар саяси күрес, пікірталас дегеннің не екенін білмегендіктен, өздеріне қосылмағандарды балағаттап, жала жабудан тайынбады.  [21] Ұйым алғаш құрылған кездің өзінде осынша анық белең алған бұл жай кейін Қазақстанда Большевиктер орнай бастаған тұста одан арман етек алды. Социялистік жүйенің жарға жығарын, патшалық отарлықтан да қауіпті жау екенін ерте сезген Алаш зиялыларының соңынан ерген жастар да большевизмге барынша қарсы тұрды. Газеттің әр нөмірінде большевик салған лаң туралы мақалалар басылып тұрды.

Бұдан сырт сол кездегі қазақ газеттерінінің жарыққа шығуының шындап қиындаған біраз халі де «Жас азамат» газетінің бетінде көрініс тапқан. Мысалы газеттің 1918 жылы 25 қазандағы санында баспасөзге шектеу қойылып, цензура жүре бастағаны айтылады. Онда: «Газеттерге шаштаразы (цензор) қойыла бастады. Мәтбуғат бостандығы жансыз сөзге айналды. Ашына сөйлеген газеттердің беті ақ құйқаланып шығатын болды», - дейді. Мұндағы мәтбуғат сөзі – баспасөз деген сөз. Осы атпен кезінде газет те шыққан. Яғни баспасөз бостандығына шектеу жасала бастағаны, ұлттық бостандық, елдік мәселелерінің кеңінен талқылануы – отаршыл жүйені алаңдата бастағанын айтып отыр. Бұл әрине сол кездегі газет шығару ісіндегі бір ғана қиыншылық. Газетті таратып сату, халық қолына жеткізу де ол тұста үлкен жұмыс болған. Ал бұл проблема «Жас азаматтың» да басына түскен. Сондықтан ұлтқа жанашыр, идеялас тұлғалардың көмегі көптеп ес қатты. Бұл туралы осы санда мынадай бір шағын өтініш кезігеді: «Басқармадан өтініш: бұл уақытқа шейін ұйымдарға, кейбір «Алашорда» советтеріне, қадірлі ел ағаларына ауыр да болса ұлт қызметін өтер деген сеніммен «Жас азаматты» таратып сатуға, топтап жіберіп тұрмыз. Кейбір орындардан сатылғаннан түскен соманы алып та жатырмыз. Басқалар да солай жібереді деген үмітіміз бар. Енді жоғарыда айтылған ұйымдар «Алаш Орда» советтері һәм қадірлі ел ағаларының бұдан былай таратып сатуға халдерінің келетін-келмейтінін, келген күнде қанша данаға дейін жіберудің мөлшерін хат арқылы білдірулерін өтінеміз!»

Осыған қарап отырып-ақ жастар газеттің қандай қиындықпен жарық көріп тұрғанын аңғаруға болады. Әрине бұл ескертуден кейін, газет таралуы да мүмкіндігінше кеңейген секілді. Бұл аралықтарда газет өз уақытынан көп кешігіп шықпаған. Алайда халық арасына тарады дегенмен де, нарықтық қатынастар әлі жетілмеген, халықтың өзі газет-журнал ісінен хабарсыз, һәм нарау шақта, жастар газеті алдына тағы да үлкен кедергілер пайда болды. Ол жұрттың ықыласы тұғын.

Газеттің 1919 жылы 5 қаңтардағы санында да осындай өтініш-ескерту кездеседі. «Газета алдырушылар мен агенттерімізден өтініш!» деген шағын ескерпеде: «1) Қарызға газета алып тұрғандар, тиісті ақыларын жіберсе екен; 2) Үш айға жазылғандардың күні толды. Мұнан былай газетаның барып тұруы үшін қайтадан жазылмаса газета жіберілмейді; 3) «Жас азамат» газетінің квитанциясы берліген агенттеріміз жазылған кісілердің адрестерін, почта баратын қалаларын анықтап жазып және жазылған ақшаларды көбейтіп бірақ жіберіп тұрам демей уақытында жіберіп тұрса екен. 4) Көптеп газета жіберіліп тұрған ауылдар, тұрған жерлерінде газета өтпесе, қырдағы болыстарға таратып тұрса екен. Сатылып ақша болғаны бір пайда болса, қара халық оқып, газетаның не екеніне түсінгені екі пайда болар еді. Басқарма», - дейді. Бұр арадан біз жоғарыда айтқан жұрт ықыласының кемдігін байқаймыз. Болмаса, сол тұста жарық көріп тұрған қазақ басылымдары да саусақпен санарлықтай тым аз болды. Газеттің көптігінен еленбей қалды деуге келмейді. Ал көтерген мәселесіне қарасақ та газет ұтылып тұрған жоқ. Сол тұстағы ең актуалды тақырыптарды көтерді. Ел болу, жер мәселесі, отарлаушылардың ашық келбеті, дүниежүзілік бірінші соғыстың хабарлары мен зардаптары, большевиктердің, ақтардың ортасындағы соғыс – мұның бәрі сол тұстағы назардан тыс қалмайтын мәселе болатын. Ал халықты хат танымады деуге келмейді. Себебі газет Ахмет Байтұрсынов жүйелеген араб жазуына негізделген төте жазу әліппесімен шығып тұрды. Молладан сауат ашқан қазақтың бәрі тани білуге тиісті. Сондықтан бұл мәселенің бірнеше қырын көреміз. Жас Мұхтар осы «Жас азамат» газетінің 1918 жылы 15 қазандағы санында жариялаған «Ескеру керек» атты мақаласында қазақтың бұрынғы ата-баба салтын, мінезін, жолын айта келіп, әр дәуірдің халық санасына әр түрлі таңба түсіретінін білдіріп, тура өз заманы туралы былай дейді: «Бірақ заман ыңғайы еріксіз «қорқақты көп қуып батыр қылды ма», жоқ өздігінен сүйегіне сіңген мінезі ме еді, әйтеуір бұрынғы қазақтың бұл күнге дейін бар мінезі нәрлі екені анық еді. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Бұл күнде қазақтың сол нәрлі мінезінің бәрі де азды. Сыртқы халы қысып, күнде айдап, тысқырып отырғандықтан болса да, басшыдан қалмайтын намыскер, шыныққан, тарамыс қайратты елдің орнын бұл күнде қуанышқа -қуана, күйінішке-күйіне білетін салбыраған, намыссыз, қорқақ, ұсақ өтірікші жұрт алды. Бұл ұсақтық – бастан кешкен дәуірдің қазақтың мінезіне қалдырған әсері». Біз де болашақ ұлы жазушының сол тұстағы қазақ қоғамына қойған диагнозын тура деп білеміз. Яғни біз іздеген сұрақтың жауабы да осы болмақ. Елдің азып-тозуы, отарлық билік әбден жүдеткен жұрт мең-зең күйге түскен де, кімді жақтау, кімнің пікірін тыңдау деген мәселеге бас қатырғысы келмеген. Тіпті осы бір аласапыран заманнан шаршағаны сонша, әйтеу бір жағы жеңіп, одан әрі тыныш күн орнаса екен деп қана тілеген. Болмаса, асқақ мұраттар жетелеген, ұлы мақсаттарды нысана тұтқан Алаш жолы халықты қалай да өзіне тартуға тиісті еді.


Жоғарыда келтірілген өтініш-ескертпе газеттің ең соңғы санында да басылған. Одан кейін газеттің шықпай қалу себебі, осы өтініштің орындалмауынан ғана дей алмаймыз. «Жас азамат» газеті тіс-тырнағымен қарсы болған большевиктердің күш алуы да газеттің жабылуына басыт себеп болған. Кеңес үкіметі жеңіске жетті де, енді Алаш зиялылары амалсыз Кеңес құрамында халық ағарту ісімен шұғылануға кірісті.

Ал «Жас азамат» газетінің жарық көруіне кедергі болған тағы бір мәселе – баспа. Газеттің үшінші санында « «Жас азамат» газеті мұсылман әріптері аз типаграфияда басылады; оның үстіне жаңа қазақ емілесіне қажет харіптер жоқ. Сол себепті сөздер қате кетеді: осындай кемшіліктері үшін оқушыларымыздан кешірім сұраймыз» деген ескертпе кезігеді. Шынымен де газеттің бір неше жерінде әріптер ауысып кеткен, кей әріптер түсіп қалған кемшіліктер анық байқалады. Газеттің алтыншы санында да осы сарындас бір ескертпе бар. Онда: «Мәдбұғаттағы жұмыскерлер 30 августен (жаңаша) бастап забастовка (іс тоқтату) жасағандықтан газеттің 6-нөмірі бір ай кешігіп шықты. Забастовка әлі де тоқтатылған жоқ. Мәдбұғат иесі жаңа жұмыскерлер алып жатыр. Біз де жаңа харіп терушілер алдық. «Кісідегінің кілті аспанда» деген осы: газетіміздің тағдыры бөтен мәдбұғаттың қолында», - мән-жайды қысқаша ескертіп, оқушылардың бұған бола ықыластарын суытып, газет оқуды тоқтатып қоймауын өтінеді. Патша үкіметі қазақ тілді баспа ашуға, газет шығаруға, кітап басуға қатты тиым салды. «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының өзі әр түрлі қысыммен әрең шығып тұрған. Біз атап өткен «Садақ» пен «Балапан» журналдары қолжазба, оның үстіне негізінен әдеби бағытты ғана ұстады. Осы жетіспеушілік себебінен, патша үкіметі құлап, еркіндік күні туғанда да бірден бұл жұыстарды қолға алып, алға сүйреп кету көп қиыншылықтар тудырды. Солай да қазақтың бір туар ұлдары кілтең кзеңде халық жүгін көтере білді. Өз міндеттерін жеріне жеткізе атқарды.

Бұл саяси-қоғамдық, экономикалық басылымның 1918 жылдың 30-шілдесінде шыққан алғашқы нөмірінде «Жас тілек» атты бас мақала жарияланып, онда «Жас азаматтың» мақсат-мүддесі: «Өмір тәжірибесінің, білім аздығының кемдігіне қарамай, төрт түлігі сайланбай «Жас азамат» тәуекел кемесіне мініп, тұрмыстың таласатын, күресетін майданға шықты. Келешектің қараңғылығы, саяси һауананың күн сайын құбылуы, қалың өрттей, кеселді дерттей апаты күшті күндердің тууы, дүниеде болу-болмауы, әлінің майданға қойылуы ұлттың өмірлі құқықтары аяқ астына тапталып, зорлықтың қан соруы «Жас азаматтың» үстіне ауыр жүк салып отыр. Қоғамдасып, қолтықтасып, күш беріп, ауыр жүкті тиісті орнына жеткізу – жастардың бас міндеті, үлкен борышы. «Жас азаматтың» алтын идеалы, әулие мақсұты, негізгі жолы ұлт бостандығы, ұлт теңдігі» деп көрсетілді. Бұл біздің айтып отырған халық жүгін шындап көтеруге деген үлкен ынта мен ұлы мұраты еді жастардың. Өздерінің осындай ұйым құрып, газет шығару сырын оқырмандарына жолдаған 11-нөміріндегі «Қазақ-қырғыз жастарына ашық хатында» осы ұйымның кіндік комитеті: «Ел көп топырдың ортасында аяқасты бас қосайық деген пікір туып еді. Бұл пікірді туғызған – көкті қаптаған қара бұлт большевик дауылы еді. Бұл дауылдан қырғыз – қазақ елін шамамыз келгенше қорғасақ тарих алдында кінәсіз болармыз, өлсек бір шұқырда, тірі болсақ бір төбеде деген мақсұт еді», - деп түсіндіреді. Жастардың мақсұты осы болған соң да, Кеңес үкіметі оларды әріге жібермеді.

«Жас азамат» газеті жарыққа шыққаннан жабылғанға дейінгі аралықта осы «әулие мақсұтынан» айныған жоқ. Жастардың саяси көзқарасын жоғарылатуда, әлемдік саясатпен де танысытырп отыруда аса үлкен рөл атқарды. Оның алашпен сабақтастығы, негізгі көтерген тақырыптары, қатысушы авторлары туралы келесі тарауда сөз болатындықтан, газеттің қысқаша жарық көру ерекшелігін осы арада доғарамыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы. – 1995.

2. Пірманов Ә. Қапаева, А. Қазақ интеллигенциясы. – Алматы. – 1997.

3. Жұртбай Т. Ұраным – Алаш. Түрме әфсанасы, 1, 2-том. – Алматы: Ел-шежіре. – 2011.

4. Әшкеев Н. «Ә.Бөкейхановтың ұлттық мемлекет құрудағы ұстанған негізгі принциптері» // Ақиқат. – 2002. – №3.

5. Журтбай Т. «Движение Алаш» (сборник материалов судебных процессов над алашевцами) том 1. – Алматы: Ел-шежіре. – 2011.

6. Жәдит және Алаш: ұғымдар мен терминдер сөздігі. – Астана. – 2011.

7. Субханбердина Ү. Дәуітов С. Сахов Қ. «Қазақ» газеті. – Алматы. – 1998.

8. Кәкішев Т. «Ғалияда» оқыған қазақтар // «Егемен Қазақстан» газеті. – 2008. – 30 тамыз.

9. Рақымқызы Р. Талаптыға жол нұсқаған «Ғалия» // «Алаш айнасы» газеті. – 2009. – 22 сәуір.

10. Бекхожин Х. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. – Алматы: ҚМБ. – 1964.

11. Бөкейхан Ә. Шығармаларының толық жинағы, 5-том. – Астана. – 2010.

12. Асылбекұлы С. Қазақ прозасының қалыптасуындағы баспасөздің рөлі// Қазақ тілі мен әдебиеті. – 2008. - №8.

13. Сәдуақасұлы С. Үш томдық шығармалар жинағы. – Астана. – 2013.

14. Қамзабекұлы Д. Руханият, Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы мақалалар мен зерттеулер. – Алматы: Білім. – 1997.

15. Кемеңгерұлы Қ. Үш томдық шығармалар жинағы, 1-том. – Алматы: Ел-шежіре. – 2013.

16. Жұмабаев М. Балапан қанат қақты// «Жас Алаш» газеті. – 2011. – 16 тамыз.

17. Сейфуллин С. Тар жол тайғақ кешу. – Алматы. – 2009.

18. Қамзабекұлы Д. Алашқа тыныс болған «Жас азамат»// «Ана тілі» газеті. – 1994. – 14-сан.

19. Қазақ-қырғыз жастарының ұйымдарына // «Сарарқа» газеті. – 1918. – 8 шілде.

20. Аймауытов Ж. Газет, журнал оқушыларға // «Сарарқа» газеті. – 1919. – 20 ақпан.

21. Тайшыбай З. «Жас азамат» – Алаш ұранды жастардың газеті// http://old.abai.kz/node/40315 .

22. Аллаберген Қ. Нұсқабайұлы Ж. Оразаев Ф. Қазақ журналистикасының тарихы (1870-2008 жж.). – Алматы. – 2009.

23. Кәкішев Т. Сандалтқан «Садақ». – Астана. – 2002.

24. Қамзабекұлы Д. Түсініктер// Қошке Кемеңгерұлы шығармалары, 1-том. – Алматы. – 2013.

25. «Садақ» қолжазба журналы. 1914 – 1918 жж.

26. «Жас азамат» газеті. 1918 -1919 жж.