Шәңгерей Жәнібеков. Соғыс естеліктері
01.06.2020 1680
Шәңгерей Жәнібеков Қарулы Күштер қатарында бес жылын Отанға қызмет етуге арнап, оның екі жылын Ұлы Отан соғысының майдан даласында өткізген

Жеңіс күнінен 75 жыл уақыт өтсе де, сол кездің кейбір сәттері әскери дәрігердің жадында мәңгілікке қалды.

Qazaqstan Tarihy порталы Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары Шәңгерей Жәнібеков тікелей өзі қатысып, ұрыс даласында көзбен көрген бірнеше оқиға туралы әңгімелемекші  

Шәңгерей Жәнібеков 1925 жылғы 15 маусымда қазіргі Қостанай облысы Денисов ауданының Жауғашты ауылында дүниеге келген. Шәңгерейдің өзінің айтуы бойынша әкесі Жәнібек ауыл молдасынан сауат ашып, кейін орысша да сауат оқыған. Шәңгерейдің өмірбаянында әкесі Жәнібектің 1916 жылы тыл жұмыстарына шақырылғаны, кейін социалистік мемлекет құрылысы кезінде «өзінің ауылсоветіндегі бір дайындаушы ұйымда агент» боп еңбек етті деп жазылған. Жәнібек екі рет үйленген кісі. Бірінші әйелі 1920 жылдарғы аштықта көз жұмады, ал екінші әйелі Зайтуна Мұсабайқызынан Шәңгерей туады. Шәңгерейдің өзінің айтуынша, ол мектепке барарда сабақ арасында азық (паек) алуға мүмкіндігі болуы үшін оның жасын бір жылға ұлғайтып жазған. Аштық жылдары бұл балаларды аштықтан сақтап қалудың бір тәсілі болған. Оның үстіне, аштық жылдарында Жәнібек пен Зайтунаның сегіз баласынан тек үш баласы ғана тірі қалады, олар – Жәнібек, Қадима және Заида. Алайда, Заида көп жасамаған, 1944 жылы қайтыс болған. Шәңгерей Жәнібековтың әке-шешесі ерте қайтыс болған. Шәңгерейдің естелігі бойынша әкесі Алматы облысына көшкеннен кейін көп ұзамай 1935 жылы 7 шілдеде өмірден озған. Отбасының асыраушысынан айырылғаннан кейін бұларға Қостанай облысына қайта оралуға тура келеді, бұл жерде Зайтуна Мұсабайқызы сауыншы болып жұмысқа орналасып, көршілердің тапсырысы бойынша күнделікті киетін киім де тігеді. Алайда, 1936 жылдың күзінде ол өкпе ауруына шалдығып, 1938 жылғы 4 маусымда туберкулезден қайтыс болады. Шәңгерей былайша еске алады: «Сол күні мен 4 сыныптың емтиханын тапсыруым керек еді. Таңертең анам жай-күйінің жаман еместігін айтып, мектепке шығарып салды. Ал соңғы сабақта оның қайтқаны туралы хабар алдым». Жетім қалған Шәңгерейді Первомай кентінде тұратын ағасы өз қарауына алады. Шәңгерейді Киров атындағы мектеп бесінші сыныпқа қабылдамайды, есесіне басқа мектеп – Жамбыл атындағы мектеп қабылдайды. Сабақ қазақша болғандықтан, бала біраз қиналады, оның үстіне сыныптастары да келеке етеді. Мектептің оқытушылар құрамы да кермет еді – әдебиеттанушы Алакөзов, орыс тілінің мұғалімі Башарина, ботаника мұғалімі Мырзағалиев, математика мұғалімі Берденов, репрессияны бастан кешірген Құсайын Мұхамеджанов және Ахмет Байтұрсыновтың танысы Александр Тененякин. 1939 жылы Шәңгерей мектептен кетіп, Қостнай қаласындағы медицина техникумының даярлық бөліміне барады. Бұл шешімді ол материалдық мүдде тұрғысынан түсіндіреді. Өйткені, 5-6-шы сынып бітіргендер бір жылдық курсқа баруға құқылы болды, одан кейін оларды техникумның бірінші курсына қабылдап, ай сайын 60 рубль стипендия тағайындалатын. Шәңгерей Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы техникумның бірінші курсын бітіреді.өз естеліктерінде Шәңгерей Жәнібеков Вячеслав Молотовтың 1941 жылғы 22 маусымда сөйлеген әйгілі үндеуін есіне алып отыратын. Соғыстың алғашқы жылдарында фашистер жолда кездескен барлық қалалар мен селоларды басып алып, елге дендеп ене берді. Соғыс жылдары барлық халыққа 400 грамм нан берілетін, ал техникумның қамқор директоры студенттерді, оның ішінде Шәңгерей Жәнібеков те бар, донор ретінде рәсімдейді. Студенттер ауық-ауық тиісті мекемелерге барып, жаралы сарбаздарға қан тапсыратын, сол үшін оларға қосымша 400 грамм нан беретін. 1942 жылдың тамызында Шәңгерей техникумды бітіреді, бір ай өтпестен, 1942 жылғы 4 қыркүйекте, ол Қарулы Күштер қатарына шақыртылады. Әскери фельдшер әрі комсорг Шәңгерейді Челябі түбіндегі Шұбаркөл стансасына 1301-ші артиллерия полкіне аттандырады. Ол кезең туралы Шәкең былай деп еске алады: «Бізде 7-ші, 8-ші, 9-шы батареялар болды. Әр батареяда санитарлық нұсқаушы, медицина қызметкерлері болды, олар тәртіпті, жаралылардың жай-күйін қадағалайтын, командирге көмектесетін... Тырнақ ал, ананың шұлғауын жу, ананың жейдесін ауыстыр, шаш ал-қырын, тағысын-тағы» Өмірбаянында Шәңгерей Жәнібеков майдандағы екі жылдың зымырап тез өте шыққанын, бірақ көңілде ұмытылмас із қалдырғанын жазады. Ол жақтан «Ерлігі үшін» медалі мен ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен қоса бірнеше естелік те алып келді. Солардың бірі кіші офицерлер құрамының атыс қаруын қалай үйренгені туралы баяндайды. Сөйтсе, кіші офицерлер құрамы қару алып жүру құқығына майданда ғана ие болған екен. Шәңгерей Жәнібековтың айтуынша, бірде бес-алты жас жігіт қысқаұңғылы қаруды жинауды үйрену үшін жертөлеге жиналады. Артиллерия технигі Виктор Стоякин тапаншаны жинап жатқанда, қару кенеттен атылып кетеді. Оқ жертөле иесінің аяғына тиеді. Шәңгерей Жәнібеков жаралыны таңып жатқан кезде, басқалары болған оқиға туралы тіс жармауға келісіп алады, өйткені бұндай оқиға орын алса, кінәлілерді аяусыз жазалайтын. Жаралыны госпитальге алып кетеді, онда жара шиқанның нәтижесінде пайда болды деп сендіреді. Тағы бір естелікте әскери бөлімшелердің қалай жол жүргендігі туралы баяндалады. Әдетте зеңбірек есептоптары өз қаруларымен жол жүретін. Олар ебін тауып зеңбірекке орналасып, басқалары снарядтармен бірге тіркемеге орналасса, үшіншілері жаяу жүретін. Фельдшерлер, солардың ішінде Шәңгерей Жәнібеков те бар, тіркемемен жүретін. Бірде, Харьков түбінде, жүргізуші тіркемеге қарап үлгермей қалады да, тіркеме жардан құлайды. Шәңгерей тіркемеден секіріп үлгереді, үлгермегендері де болады, олардың көбі снарядтардың астында қалып, аяқ-қолдарынан айырылады. Ақырында, сол жерде Қызыл Армия оннан аса жауынгерінен айырылды деп еске алады Шәкең. 1944 жылы КСРО-ның одақтастары американдықтар мен ағылшындар екінші майдан ашып, Франция мен Италия аумағын иеленеді. Олардың ұшақтары итальяндық аэродромдардан ұшып шығып, немістердің қорғанысын бомбалап, КСРО аумағына, Полтава ауданына ұшып келетін. Бұл жерде ұшқыштар қонып, қайтадан бомба салып алып, келесі күні кері қарай ұшатын. Жол бойында жауды бомбалап, Италия аумағына барып қонатын. Осындай сәттердің бірінде ұшақтар Шәңгерейлердің әскерінің үстінен ұшып өтеді. Фельдшердің айтуынша, бәрі де бастарын көкке көтеріп, қол бұлғап, оларға сәт сапар тілейді. Аяқ астынан үш ұшақ бөлініп шығып, бұлардың үстіне бомба тастап жібереді. Әуедегі бомбаны көріп, «Ауа» пәрмені беріліп, бәрі де тығыла жөнеледі. Бәрі басылып, тыныштық орнағаннан кейін қараса, бомбаның жарқыншағынан лейтенант Лейкин қаза тапқаны анықталады. Оны сол жерге жерлейді.

Харьков бағытындағы ұрыстарда Шәңгерей Жәнібеков өзін қайсар және батыл фельдшер ретінде көрсетті. Жауып тұрған зеңбірек оғына қарамастан ол жаралыларға жылдам медициналық көмек көрсетіп, тылға аттандырып отырды. 1301 БҚР ЗАП командирі подполковник Котолевский «07» қыркүйек 1943 жыл

Марапаттау туралы бұйрықтан

Шәңгерей Жәнібеков соыс кезінде темекіге үйір болып, соғыстан кейін осы жаман әдетінің кесірінен мансабынан айырыла жаздайды. Өмірбаянында ол 1949 жылы партия жұмысына ұсынылып, әріптестерінің арасында құрметке ие болады. 1952 жылы ол Қостанай обкомының партия, кәсіподақ және комсомол органдарының бөлім меңгерушісінің орынбасары болады, алайда жемісті еңбек ету үшін білімінің жетіспейтіндігін түсінеді. 1955 жылы Қазақ КСР КП ОК оның оқуға бару туралы өтінішін құп көреді, бірақ оқуға түсу емтиханын сәтті тапсыруымен қатар оның «денсаулығында кейбір кемшіліктер» бары анықталады: «Мен оқи алатындығымды табанды түрде дәлелдеп, тіпті партия мектебінің ректоры Митроновтың жеке қабылдауына да сұранып бардым. Ол медкомиссия басшысын өзіне шақыртты, ал ол болса, өз кезегінде менің темекіні көп тартатынымды, оның ағзама теріс әсер ететінін жайып салды. Осы жерде айта кету керек, 1943 жылы майданға келгесін, мен жанымдағы кейбір жолдастарымның әсерімен осы жаман әдетке үйір болып кеттім. Облыстық партия комитетінде жұмыс істеп жүрген кезде, темекі жұмыс қабылеттілігін белсендіре түседі деген қате пайыммен, күніне бір жарым қорапқа дейін темекі тартатынмын. Мен медкомиссияның ескертпесіне құлақ асып, темекіні тастаймын деп ректор мен докторға уәде бердім. Олар маған түсіністік білдіріп, маған сеніп, оқуға рұқсат берді, тек бір айдан кейін мен темекі тастағанымды оларға дәлелдеуім керек болды. Мен сөзімде тұрдым, осылайша өмірімдегі ең пайдалы істердің бірін істедім дап ойлаймын».

Оқу бітіргеннен кейін ол жеті айға жуық Қостанай облыстық комитетінде бөлім нұсқаушысы болып қызмет етеді. 1959 жылдың көктемінде Рудный қалалық комитетінің екінші хатшысы болып тағайындалады. Кейін оның еңбек биографиясында Рудный қалалық атқару комитетінің төрағасы, Қостанай қалалық комитетінің бірінші хатшысы, Қостанай облыстық комитетінің екінші хатшысы және де Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары лауазымдары болады. Соңғы лауазымда ол мәдениет, халыққа білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, баспа ісі, бұқаралық ақпарат құралдары мен спорт қозғалысын әрі қарай дамыту, шығармашылық одақтар және басқа да қоғамдық ұйымдар мәселелерімен айналысады. Зейнетке шыққаннан кейін және тәуелсіздікке қол жеткізгеннен соң ол Шетелдегі қазақтармен мәдени байланыс бойынша республикалық қоғамды басқарды, Соғыс және еңбек ардагерлерінің республикалық кеңесіне төрағалық етті. 2001 жылғы наурызға дейін Осы Кеңестің Төралқа мүшесі болды.