Тарихтың беймәлім беттері: халықты жаппай көшірудің сыры неде?
02.11.2016 3170
Жалпақ жұртты жаппай қоныстандырудың көлеңке тұстарына үңіле келе тарихымыздың тарғыл тұстарын тарқатуға болады

Жаппай қуғын-сүргін, террор, халықтарды қуғындау кеңестік жүйенің ажырамас бөлігіне айналды. Оның шыңы соттан тыс органдар – «үштіктер», «ерекше мәслихаттар» дейтіндер құрылған 30-шы жылдарға орайлас келді. Қуғын сүргіннің қатарына лагерьлердің құрылуы мен кісілердің атылуы ғана емес, өткізілу барысында миллиондаған адамдар қаза тапқан әлеуметтік «тәжірибелер» де жатқызылуы керек.

Ақын әрі азамат А.Твардовский кезінде «халықтың өзі өзіне жау болған» сталиндік саясат тұсындағы елдің ахуалын ойлап қатты қажыған еді.

Жалпы, халықтарды күштеп көшірудің тарихи тамыры тереңге кеткен. Бұл саясатқа бірнеше мысал келтірейік. Қытайдың б.д. дейінгі ХІІ-ХІ ғасырындағы Инь империясының жылнамасында аты аңызға айналған патша Пань Гэн халқына басқа жерге қоныс аударуға бұйрық бере отырып, былай дейді: «Сендердің барлықтарың менің малым және адамымсыңдар». Оңтүстік Америкада ХІІІ ғасырда пайда болған және қазіргі Эквадор, Боливия, Перуді, Чили мен Аргентинаның бір бөлігін алып жатқан инктердің мемлекеті халықты күштеп көшіруді үлкен аумақта жүргізді.

«Кейде көшіп-қондыру этно-саяси талаптардан туындады. Кейде оның астары саясатқа келіп тірелді-негізгі мекен тұрғындарын жаулап алынған провинцияларға көшіру немесе кері әрекет жасау, бағындырылған тайпаларды империяға бейілді (лояльность) халықтың ортасына орналастыру жүзеге асырылды». Ал иезуиттер мемлекетінде (Парагвай), XVII ғ. үндістерді «редукциялар» деп аталған ірі мекендерге орнықтыру қолға алынды.

Көшіріп-қондыру, жаулап алынған аймақтардың халқын моңғолдармен араластыру Шыңғысхан мен оның жолын қуушылардың саясатындағы басты да өзекті бағыт болатын. Бұл саясатты Қытай императорлары да кең ауқымда қолданып бақты. Сондықтан да көші-қон, қоныстандыру саясаты Кеңес өкіметі үшін пәлендей жаңалық емес-ті, ол оны патшалық Ресейден үйренген. Социалистік құрылыс басталғаннан бері елу жыл бойына Қазақстанға қуғындалған, жер аударылған өзге халықтардың қоныстану процесі жүргізіліп келді. Өткенді еске түсірелікші.

Әрине, соғыс кезіндегі қиын-қыстау кезеңге қарамастан қазақтар мен елді мекендеген өзге де халықтар қоныс аударғандарға барынша көмектесуге талпынып бақты. Қазақ жері партия мен үкімет басшыларының тікелей кінәсінен халықтардың көз жасына суарылды. Біздің тарихымыз сол халықтардың өмірінің жылнамасы болғандықтан, бұл халықтарды біздің елге қоныстанғанын ретімен таныстыра кеткенді жөн деп көрдік.

Сталинизмнің көші-қон саясатының тауқіметін алдымен кәрістер тартты. Бұл сұмдық саясаттың «байқастау тәжірибесі» 1935 жылы жүзеге асырылды. Соғысқа дайындық барысында жапондық билік орындары шекара маңындағы кәрістерге сенімсіздік көрсетіп, оларды елдің ішіне қарай көшірді. Бұған жауап ретінде Кеңес үкіметі де өз кәрістерін елдің тереңіне қарай ығыстырды. Кінәлаудың түрі мынадай: Кәріс халқының өкілдері жапон армиясының жандайшаптарының рөлін орындауы мүмкін. «Тәжірибе» оңға басты. Кезекті соғысқа әзірленіп жатқан әлемдік қауымдастық оқиғадан көз жазып қалды. Сондықтан айқай-шу болған жоқ. 1935 жылы қоныс аударған кәрістердің бір бөлігі Қазақстанға ығыстырылды. Олар көп ұлтты ортаға ұсақ-ұсақ топ болып келді де, араласып сіңісіп кетті, сөйтіп өзіндік бет-бейнесін жоғалтып алды. Бүгінде қазақстандық кәрістер өздерінің тарихи Отанымен тығыз қарым-қатынас орнатып отыр. Ұлттық мәдени орталықтары, қоғамдық бірлестіктері бар, өзіндік өмірі бар.

1941 жылы 26 тамызда КСРО Жоғары Кеңесінің Неміс автономиялық облысын жою жөнінде М.И.Калинин қол қойған жарлығы шықты. Сол жылдың қыркүйегінде билік басындағылар құпия бұйрық бойынша неміс ұлтты солдаттар, сержанттар,офиерлерді еңбек армиялары мен арнаулы лагерьлерге жөнелте бастады. Оларға тағылған айып- жаппай сатқындық, қашқындық және тыңшылық әрекет жасады. Бір таңғаларлығы, тарихи оқиғадан екі күн бұрын, яғни 24 тамызда «Комсомольская правда» газеті жиырма жасар неміс жігіті Генрих Гофманның ересен ерлігі жайлы көсілте жазған еді. Жан аямай қарсыласқан қатардағы қызылмарияшыны әбден ашынған фашистер қол-аяғын шауып тастап, көзін ойып азаптап өлтірді, сонда Генрихтің қалтасынан қан-қан болған комсомол билеті шыққан.

Ал, осы оқиғадан кейін екі күн өтісімен 1918 жылы құрылған Еділ бойындағы неміс автономиясын құлатып, халқын шартарапқа таратып жіберді. Негізгі бөлігі Қазақстанға көшірілді. Неміс халқының өкілдері тыйым салынып, қуғынға түссе де Ұлы Отан соғысы кезінде жанқиярлықпен соғысты. Оған дәлел осы халықтың 9 өкіліне Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Біз жоғарыда 1941 жылы 26 тамыздағы жарлыққа сәйкес неміс жауынгерлері кері алынып еңбек армиялары мен арнаулы лагерьлерге жіберілуі тиіс болғандарын айттып өттік. Ал кейінде көптеген немістердің Отанын қорғау үшін аты-жөндерін өзгертіп майданға кіргендері мәлім болды. Мәселен, Венцель-Венцев, Рихард-Смирнов, Шахт-Шахтов,Зайдель-Иванов т.б.

Тарихшылар дәйектегендей, бұл «мәселе» Сталинге бұрыннан таныс екен. Ол сонау 20-шы жылдардың өзінде Грузия әскері ревкомының мүшесі, ақын Омар Файктаны орыс фамилиясынан бас тартқаны үшін аттырып тастаған екен. Сталин өзі сүйіп тыңдаған опера әншісі Краузенің тегі түрік екенін білген соң, оған Петров деген фамилия берген. Осы деректердің өзі тарих беттерінің ақтаңдақтарын анықтай түседі.

Соғыс қызып жатқан 40-жылдары Солтүстік Кавказ халықтарын үдере көшіру проблемасы жан-жақты әзірленді. Оны жүзеге асыру үшін Чешенстан-Ингушетияның астанасы Грозный қаласына Л.Берияның өзі келді. 1944 жылдың басында Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті чешендер,ингуштер,қалмақтар,қарашайлар, балқарларды Қазақстан мен Қырғызстанға көшіруге шешім қабылдады. Ол үшін 15 мың жабық вагондар, 1 мың жайдақ платформалар бөлінді. Кейін үш мәрте жүргізілген операцияның нәтижесінде Одақтың әр түрлі шығыс аймақтарына 650 мың чешен,ингуш,қалмақ,қарашайлар күштеп көшірілді, олардың ішінде 124 эшелонға тиелген 344 584 адам Қазақстанға көшірілді.

Ал соғыстан кейін, 1948 жылы Грузияның аймағынан Месхетияның ежелгі тұрғындары месхеттік түріктерді көшіру жүзеге асырылды. Месхеттік түріктерге бұйырған жер Өзбекстан болды, бірақ ол да көпке созылмады, Оштағы белгілі қайғылы оқиғасы мен түріктер толқуларынан кейін оларды Қырым гректерімен қоса Қазақстанға жер аударды.

Міне, бұл көптеген халықтардың басына түскен, әлі де өткеріп жатқан сан нәубеттің бір парасы ғана. Одан қалды патша заманы мен Сталинизм дүркіреп тұрған заманда еркін ойшылдар мен жоғарыға дауыс көтерушілерді қойша айдап жер аударғаны мәлім. Оған куә біздің еліміздегі қабырғасы қанмен жазылған ГУЛАГ қала бере Қарлаг, АЛЖИР,Степлаг тағысын тағылар (Қазақстанда бас-аяғы 29 лагерь-колониялар болды).

Өткен жол – бұл біздің барша халықтың қуаныштары мен қайғыларынан, жеңістері мен жеңілістерінен тұратын жалпы тарихымыз. Сондықтан біз қуғын-сүргіннен, күштеп көшіруден тиісті қорытынды шығарып, сабақ ала білуге тиістіміз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев оларды тоталитаризмнің қаралы сабақтары деп таныды.

Түйіндей келе, осы тұтастай тазалаудан әлеуметтік топтардың жойылуы мен тарихи сахнадан сан халықтың жоғалып кетуін аңғарамыз. Бұған бір ғана дәлел КСРО халқының этностық құрамы 1926 жылғы 194 этностық бірліктен 1979 жылы 101 бірлікке дейін күрт кеміген. Сайып келгенде, тарихи аренадан 96 халық жоғалып кеткен.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)