Қазақ Хандығы: аңыз бен ақиқат
21.06.2019 5190
Бәріміз мектепте, сосын университетте «Қазақстан тарихы» деген жүз бетке әзер жететін оқулықпен таныспыз ғой. Бұл кітаптың ақпары тым аз, мәліметі жұтаң, ақтаңдағы көп әдебиет еді

Мысалға, сол кітап Қазақ Хандығы қалай құрылды деген сұраққа мынадай дерек келтіреді: Шейбанид Әбілқайыр хан деген болды. Оған Жошының басқа баласынан тарайтын Керей және Жәнібек сұлтандар қарсы шықты. Бөлініп Моғолстанға кетті. Қазақ хандығы осылайша құрылыпты-мыс. Сөйтіп, оның Әбілқайыр ұрпақтарымен соғысы басталады. Болды, «Қазақ тарихының» білетіні осы. Ал, осы оқиға болардан оншақты жыл бұрын ғана болған Ақ Орда, Көк Орда дегендерің не? Орыс хан, Барақ хан деген кімдер? Қасым хан өлген соң Хақназар таққа отырған уақытқа дейін қандай оқиғалар болды? Мамаш, Бұйдаш, Тоғым атты қазақ хандары не бітірді? Бұл сұрақтардың нақты жауабын «Қазақстан тарихы» кітабынан табу қиын...

Бұл мақалада тарихымыздың ақтаңдақ тұстарына қатысты мықты ғалымдардың версияларын ұсынбақпын. Сонымен қазақ хандығының шын тарихын оқуға дайынбысыз? Кеттік!

Қазақ Хандығы 1465 жылы құрылды ма?

Қазақ елінің тарихын нақты бір датадан бастау – тарихи сананы қалыптастыру үшін маңызды. Бірақ тарихшы ғалымдар «Қазақ хандығына 550 жыл болды» деп кесіп айтуға әсте болмайды» дейді. Себебі, «қазақ дейтін ұлт – Керей мен Жәнібектің көшінен кейін пайда бола қалған жоқ. Оған дейінгі Ұлы Далада болған басқа оқиғалардың, халықтардың, мемлекеттердің әрқайсысының әсері бар. Оларды ескермеу – ессіздік» деп есептейді. Екіншіден, Радик Темірғалиев сынды ғалымдар Қазақ хандығының тарихын бір ғасырға тағы «қартайтады». Қазақтың тарихын беріден тарту керек болғанның өзінде Керей мен Жәнібектен емес, сәл әрірек қыпшақтардан бастау керек деген ойда. Олай болса, сол қыпшақ заманынан, қазаққа дейінгі тарихты бір түгендеп, қысқаша мәлімет бере кетейік.

Қыпшақтар. Ештеңе жоқтан болмайды, Қазақ хандығы мен қазақ елі де аспаннан түскен жоқ, оның тарихы қыпшақ этносымен тығыз байланысты. Қыпшақтың «половецтер, кумандар» деген де аттары бар. Бірақ, негізі өздерін қыпшақпыз деп білген. Алтайдан Дунайға дейінгі жерді ұстағанымен, қыпшақтарда біртұтас мемлекет болмаған. «Қыпшақ хандығы» деген мемлекет жоқ, қыпшақтың бірнеше тайпасының біріккен одақтарын хан басқарыпты. Ұлы Далада мұндай 3-4 одақ болған. Орыстарды біраз уақыт билеп-төстеген қыпшақтардың қазақтармен байланысын білдірмеу үшін совет заманында «қазақ этносының құрылуында шығыстағы қыпшақтар роль атқарды» деген көзқарас айтылды. Орысты жаулаған қыпшақтар ол батыста өмір сүрген сендерге қатысы жоқ дегенді меңзегені ғой. Бірақ шығыс қыпшақ, батыс қыпшақ деген екі халық жоқ, Сырдарияны қыстап, жазда Еділ, Дон, тіпті Дунайға дейін барып жайлаған, яғни батыстан шығысқа және керісінше көшіп жүрген бір халық болған.

 

Моңғолдар. Шыңғыс ханның заманындағы моңғолдар мен қазіргі моңғолдар бір халық па? Бұл – әлі күнге басы ашық мәселе. Біз бұл тақырыпқа ұрынбай, моңғолдар қыпшақтың жері Ұлы Далаға қалай келіп қалды дегенді әңгіме етейікші. Білетініміз, ол заманда Орта Азияда Хорезм дейтін дәулетті, қуатты ел болады. Бұл мемлекетке қыпшақ аристократтарының әсері алапат еді. Не керек, 1218 жылы сол Хорезмге қарасты Отырар қаласына 500 түйеден тұратын моңғол керуені келеді. Оны әкім Қайырхан тонап-қырады. Сөйтіп ұлы соғысқа себеп ашылады. Қайырхан не үшін мұндай іске барды? Көп тарихшылар айтып жүргендей, моңғол көпестерінің тыңшылықпен айналысуы себеп емес. Көпестер шпиондықпен қашанда, қай жерде де айналысқан. Себеп – экономикада. Хорезмде көпестердің ықпалы күшті еді. Ал Моңғол мемлекеті пайда болғаннан кейін бұл аймақтың рыногындағы жағдай өзгерді. Қытайды 10 жылдың ішінде талқандап жеңгеннен кейін моңғолдың бәрі байып шыға келді. Енді ше, 500 миллион қытайды тонау арқылы, салықпен ұшан-теңіз дәулет жиналды емес пе?

Хорезмдіктер кезінде қуып жіберген Мауреннахр және Түркістан көпестері енді сол бай Моңғолияға барды. Шыңғыс хан өз еліндегі сауданы солардың қолына берді. Бұлардың Хорезмге әкелетін тауарының бағасы арзан болды. Өйткені, ол моңғол әскері Қытайдан олжалап әкеп, көпестерге су тегінге сататын тауар еді. Сөйтіп, Хорезм көпестерінің табысы азая бастады. Яғни, Отырарға моңғол керуенінің келуі жергілікті хорезмдік көпестерді «банкротқа» ұшыратады. Сөйтеді де, сарт саудагерлер керуенді тонауға Қайырханды көндіреді. Ал Шыңғыс ханның дәл сол уақытта бұл елмен соғыспақ ойы жоқ еді. Бұл оның Хорезмшахқа жазған хатынан да көрінеді. Бірақ, шахтың дандайсуынан соғыс өрті тұтанды.

Алтын Орда – біреу, Ақ, Көк Ордалар оған тіреу

1224 жылы Шыңғыс хан империяны төрт баласына бөліп бергенде сонау Мәскеуден қазіргі Қазақстанның басым бөлігін Жошы иеленді. Жошының мемлекеті «Ұлы Ұлыс» (орыс әдебиетінде «Алтын Орда») атанды. Ұлық Ұлыстың алып жатқан территориясы тым үлкен, басқаруға икемсіздеу болғандықтан, Жошының ұлы Бату хан мемлекетті үлкен-үлкен ұлыстарға (облыстарға деп түсініңіз) бөлді. «Ақ Орда», «Көк Орда» дейтін өлкелері осылай пайда болды. Бату хан империяның үлкен бөлігін алып жатқан, негізінен қыпшақтардан құралған Ақ Орда дейтін облысты ағасы Орда-Ежен еншісіне берді. Оған қазіргі Қазақстан территориясының басым бөлігі қарады. «Ақ Орда», «Көк Ордалардың» өзі шағын ұлыстарға бөлінді. Қазіргі масштабпен қарасақ, ауданнан ірірек географиялық бөліністер ғой. Мысалға, өмір-бойы қазақ хандарымен соғысып өткен Шибани әулеті, кезінде Ақ Орданың батыстағы ұлысын басқарған еді.

Шамамен 1252 жылдары Орда-Ежен өліп, орнына баласы Кунг-Кыран Ақ Орданың ханы болды. Осы уақытта біртұтас Моңғол империясы бөлшектеніп, Мөңке-Темір Алтын Орданы тәуелсіз хандық деп жариялады. Мөңке-Темір өлген соң Алтын Орданың «премьер-министрі» Ноғай таққа өзінің адамдарын отырғыза бастады. Мұның аяғы азамат соғысына ұласты. Ноғайды Тоқта хан жеңді де, өлерінің алдында баласы Елбасмышты мұрагер етіп тағайындап кетті. Әкесіне көңіл айта келген Өзбек дейтін сұлтан әлгі Елбасмышты хан ордасында өлтіріп, тақты иеленді. Қалайша бұлай болды?

Өзбек хан мұсылман еді. Бұл кезде моңғолдар қыпшақтарға сіңіп кеткен-ді. Былайша айтқанда, империяның титулды ұлты деген мәртебені қыпшақтар иеленіп болған кез. Ал негізгі этнос қыпшақтар бұл кезде қарқынды мұсылмандықты басынан өткеріп жатқан. Алтын Орданың хандары болса, тәңіршілдік бағытта еді. Бұл халыққа ұнай қойған жоқ. Мұсылмандықты ұстанатын Өзбек сұлтанның буддист Елбасмышты өлтіруін қыпшақтар қолдамаса, қарсы болғаны жоқ. Не керек, Алтын Орда билігіне Өзбек хан отырды. Тарихшылар осы кезде Дәшті-Қыпшақтың көшпенді жұрты «өзбек» атала бастады дейді. Бірақ қыпшақ этносы ешқайда жоғалған жоқ. Халық сол халық, тек оның жылнама беттеріндегі атауы ғана өзгерді.

Ақ Орда жеке мемлекет болуға талпыныс жасап көрді

Жәнібек хан билігін нығайтамын деп, сарай интригаларымен әуре болып жатқанда Мүбәрак атты хан Ақ Орданың тәуелсіздігін жариялап, өз ақшасын шығарды. Бұл анық сепаратизмнің көрінісі болатын. Жазалауға орталықтан Өзбектің ұлы Тыныбек бастаған әскер шықты. Мүбәрак жеңіліп, Алтайға қашты. Өзбек хан Ақ Орданың әкімі етіп жеңімпаз ұлы Тыныбекті тағайындады. Өзбек хан өлгенде сол Өзбектің бір баласы Жәнібек сұлтан билікті басып алды. Таққа келе сала Ақ Орда ұлысын басқарып отырған ағасы Тыныбектен бір қауіп келер деп, оны өлтіртті. Ақ Орда облысының басшылығына Шымтай ханды қойды. Жәнібектің тақ үшін туған бауырды өлтіруі – үлкен кесапатқа жол ашты. Жәнібек ханды туған баласы Бердібек өлтірді. Онымен қоймай, әлгі қандықол хандыққа таласуы мүмкін жақын туысының ішіндегі еркек кіндіктіні түгел жойды.

Соңында өзі де қастандықтан өлгенде Бату әулетінен ел басқаратын ешкім қалмады. Алтын Ордада жаппай бүліншілік басталды: таққа талас жүріп жатқанда Хорезм, одан соң Бұлғария бөлінді. 1362 жылы Литва шабуыл жасап, Украин жазығын тартып алды. Сол жылы түменбасы Мамай өз алдына ұлыс құрып алды. Алтын Орда осылайша ыдырады. Осы кезде шығыстағы Ақ Орда облысын басқарып отырған Шымтай ханға, баласы Орыс сұлтан «ендігі заман біздікі» деп, әкесін орталық билікті қолға алуға, сөйтіп Жошы ұлысын қалпына келтіруге үгіттеді. Бірақ, Мүбәрактың кебін киюден қорыққан Шымтай хан көнбеді.

1368 жылы Шымтай хан қайтыс болып, таққа Орыс отырды. Ол амбициясы күшті, мазасыз, қатал және жігерлі адам болатын. Орыс хан билік тізгінін қолға ала сала, әуелі өз ақшасын шығарды. Яғни, Ақ Орданың тәуелсіздігін жариялады. Осы кезден қыпшақтар өзін «Алаш» деп атай бастады. Көптеген зерттеушілер, атап айтқанда Левшин, Сәбитов, Уәлиханов, Нұров сияқты ғалымдар, қазақ фольклорындағы Алаша хан мен Орыс хан бір адам деген пікірде.

Жошыдан тарайтын төре-тұқымдары державаның ыдырғанын пайдаланып, жеке ұлыс құрғысы келді. Бірақ Орыс хан қиқаңдаған ақсүйектерді қырып салды. Айтпақшы, «алаш» деген сөздің моңғол тілінде «қаныпезер», «жаналғыш» деген мағына беретіні бар. Бұл жай ғана сәйкестік емес болар?! Орыс ханның репрессиясына ұшырағандардың бірі Тоқтамыстың әкесі Түй-Қожа еді. Маңғыстау өңірін жеке-дара билеп-төстеймін деген ниеті үшін ол өлім құшты. «Майлы қиянды» өз ырқына келтіріп, Ұлыстың ішіне тәртіп орнатып болған соң, Орыс хан батысқа жорық жасады. 1472 жылы ол Сарайшықты, сосын Сарай-Беркені алды. Енді дандайсыған Мамайды орнына қою қалып еді. Бірақ осы уақытта оңтүстікте Ақсақ Темір деген кісі пайда болды.

Темір Шыңғыс тұқымына жатпайтын. Бірақ, амбициясы Шыңғысханнан кем емес, ұлы жаугерші болмақ ниеті бар, билеуші еді. Осы кезде Маңғыстау өңірін билеп тұрған Түй-Қожа Орыс ханның қолынан қаза болып, оның баласы Тоқтамыс Әмір-Темірге қашып барды. Сайыпқыранға да керегі осы еді.  Ол Алтын Орда империясының күшін сарқу, экономикасын құлату үшін, Тоқтамысты пайдаланбақ болды. Сөйтті де, оған әскер жасақтап беріп, Ұлы Далаға жұмсады. 1376-1377 жылдары болған бірнеше шайқаста Орыстың ұлдары Құтлық-Бұқа, Тоқтақия және Темір-Мәлік тақтан дәмелі Тоқтамысты күл-талқан етіп жеңді. 1377 жылы Орыс хан өлді. Тақты иеленген мықты қолбасшы Темір-Мәлік ішкілікке салынып, беделінен айырылды. Оның айналасындағы ақсүйектер енді Тоқтамысқа қашып бара бастады. Ақ Ордадағы ахуалдан хабардар Тоқтамыс тағы бір рет бағын сынап көрді. Бұл жолы жорық жеңіспен аяқталды. Дешті Қыпшақ тайпалары соғыссыз берілді.

Жаңа хан аз уақытта Алтын Орданы қалпына келтірді. Болашақта бөлініп кетуі мүмкін Ақ Орда, Көк Орда ұлыстарын таратып жіберді. Бұл Ақсақ Темірге ұнамады. Ұзамай Тоқтамыс пен Темірбектің арасында соғыс басталды. Орыс ханның балаларына адал қызмет еткен маңғыт әмірі Едіге Ақсақ Темір жағында болды.

Темірдің қолдауымен Едіге Ақ Орда облысын басып алды. Тоқтамыс біртұтас империяның бір бөлігін бөліп алып, жеке мемлекетке айналдырмақ болған маңғыт әміріне қарсы жорыққа шықты. Бірақ, талқаны шығып жеңілді. Не керек, 1405 жылы Темір, келесі жылы Тоқтамыс өлді. Едігенің өзі қалған өмірін шайқаспен өткізді. Оның ендігі жауы ұлыстағы сепаратизм және өз қолымен қойған хандар болды.

Жалғасы бар...