Ұлы Абайдың ізімен. Қарқаралы
20.08.2019 2825
Жол, жол, жолдар... Жолдың беті теп-тегіс. Көз жанарымды алысқа тіктедім. Сайын дала Сарыарқаның кең төсінде сағым ойнап, көз бұлдырайды

Жолға шықтық. Нұр-Сұлтан қаласынан басталған сапар қасиетті өлке Қарқаралыға бет алды.

Жолдар, жолдар, жолдар-ай!

Сүттей ақ шаңқан жаңа Sprinter қара жерді таспадай тіліп зулап барады. Бас қаладан небары 10 шақырымнан соң Жалтыркөл тұсынан бұрынғы патшалық Ресей кезіндегі Семей губерниясының (кейіннен облысының) территориясы басталды.

Жалтыркөл – атақты ұлт күрескері Иман Жүсіптің жайлаған жері, ағасы Шоңайдың ат байлап, жылқы қайырған өлкесі. Былтыр бұл қасиетті жерлерге арнайы келіп, азат басы ешқашан еңкеймеген ердің ізімен жүріп, өлкені бір шолып шыққан едік. Қазір ел-жұрт Жібек жолы мен Қызылсуат деп атаған ауылдардың ортасындағы алқап – шынында да Сарыарқаның кіндік жазығындай сағым дала, көркем өңір. Шоң бай Шоңай қымыз баптап, онысын Қараөткел жәрмеңкесіне тасыған, сөйтіп елдің аузын аққа тигізген, қылған ісі хаққа жаққан ардагер азамат болыпты.

Біздің бағытымыз – Иманжүсіптей тағдырлас Мәдидің елі еді. Ханды да, қарашаны да қызықтырған Қарқаралы жері. Бауырын жазып шапқан ақ бозаттай жүйрігіміз қамшы салдырмай жүйткіп-ақ келеді. Тұп-тура он сегіз адамдық ұзындау келген көлікте есімі елге белгілі ғалымдар мен ақын-жазушылар, журналистер, блогер және суретші құрақ-құрақтай болып бас құрап, әңгіме қыздырып отыр.

Бұл – Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Руханият орталығы ұйымдастырған «Ұлы Абайдың ізімен» атты ғылыми-танымдық экспедициясының жолы. Сапардың мақсаты біреу емес, бірнеше: Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының басталуын паш ету, хакім Абайға тағзым ете отырып, оның рухани әлемін кеңінен ашу, Абайдың рухани мұраларын елдің санасына сіңіру, ұлы ақын өмір сүрген, жүріп өткен қасиетті өңірлердің тарихын, рухани мәдениетін көпшілікке насихаттау, киелі жерлер туралы танымдық материалдар жазу.

Қарқаралыға дейінгі сапардың орта тұсына жеттік-ау дегенде әрі оразамызды ашып, әрі бой жазу мақсатында Ботақарада ат тізгінін тартып, аз-кем аялдадық. Бұқар жырау ауданы – біздің арамыздағы профессор Сағымбай Жұмағұлдың туып, кіндік қаны тамған жері, ғалым сөз арасындағы туған жерінің кейбір ахуалын сөз етіп отырды.

Жол, жол, жолдар... Жолдың беті теп-тегіс. Көз жанарымды алысқа тіктедім. Сайын дала Сарыарқаның кең төсінде сағым ойнап, көз бұлдырайды. Сонау алыста мұнартқан көгілдір таулар тізбегі, беткейі толы қарағай мен шыршалар сахараға жайған жасыл кілемдей әсер береді. Тау басына дейін қасқайған қалың ағаш орман болып, Қарқаралының сұлу табиғатына сұлулық, ажарына ажар қосып тұр. Өлкенің көркем келбеті жаныңды әсемдікке баурап, жақсылыққа әлдилейді. Ерте кезде бұл өлкеде аю менен қасқыр жортып, сан алуан құс біткен ұялап, түз тағысы құлан, керілген кер марал, ерке елік жайлап, сұлу да жыртқыш жолбарыс та жүгіргенін білсек, жердің жаннаты дер едік. Ал туған жердің сұлулығы үшін мақтана алған адам үшін Қарқаралы жердің ұжмағы ғой, шіркін!

Ақ Sprinter-дің қара дөңгелегі Қарқаралы жеріне тигенде әңгіме өзегі қасиетті мекенге ойысты. Абайдағы ақыл-парасат, ел қамын жеген Едігедей қайраткерлігі әке Құнанбай мен ата Өскенбайдан дарыған болса, сол қайраткерлік пен парасатқа тән шыншыл, шешен және тапқыр қасиеттері нағашы жұртынан қонған. Абайдың анасы Ұлжанның руы қаракесек, оның бертіс, шаншар бұтағынан тарайды. Шаншар тұқымы шетінен қушыкеш, әзілқой келетінін ұлы суреткер Мұхтар Әуезов Абай өмірбаянын түзген еңбектерінде талай мәрте жазған. Соның бірінде Тонтай қудың өлерінде «Жазыла-жазыла қожа, молдалардан ұят болды, енді өлмесем болмас...» дегені қазір жұрттың аузында сақталып қалды. Ұлжан – Тонтайдың інісі Тұрпанның қызы. Міне, Абайда бар сыншыл қасиет, өткір мысқыл мен өзі жазғандай, «улы сия, ащы тіл» ақындық-азаматтық болмысы нағашы жұртынан дарығаны бәрімізге белгілі.

Осылайша біздің сапарымыз ұлы ақынның нағашы елімен басталып отыр.

Бүгін күн ыстық, аптап қуырып тұр. Көз ұшындағы Қарқаралы тауларының басында шөкімдей бұлт та жоқ. Аспан шайдай ашық. Қарқаралы кентінің кіре берісінде бізді күтіп тұрған аудан басшылығы хал-жай сұрасқан соң, елдің жайын айта жөнелді. Күннің ыстығынан далаға өрт тиген, әкім мен жауапты мамандар тілсіз жауды сөндірудің қамымен сыртта жүргенін жеткізді. Күтіп алушы екі тұлғаның бірі өзін «әкім орынбасары Сайлау Әлиұлымын» деп таныстырып, жол бастады.

Аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасарының өңір тарихымен таныстығы екібастан, ел шетіне тиген өртті айтып ел жағдайына алаңдаушылығын білдіруімен жанашырлығын көрсетті. Ол жол бастап бізді 1870 жылдары салынған көпес Рязанцевтің үйіне әкелді. Ғимарат қазір Қасым Аманжолов атындағы Қарқаралы аудандық кітапханасы қызметін атқарып тұр. Бір жарым ғасырға жуық уақыт болса да, замана лебі мен табиғат желіне жұтыла қоймапты. Сылағы түсіп, кірпіші үгітіліп дегендей ештеңе байқай қоймадық. С. Әлиұлының айтуынша, Шоқан Уәлиханов атақты Григорий Потанинмен осы жерде кездескен екен.

Екі ғасыр бұрынғы ғимараттары сол күйінде сақталуына қарағанда бұл Қарқаралы біздің Зайсанды да еске түсіреді. Семей губерниясының екі шетіндегі екі уездің тарихи оқиғалар куәгерілері ретінде тек ғимараттары қасқайып-ақ тұр. Қарқаралыдағы Әлихан Бөкейхан оқыған мектептен өзгесі мемлекеттік ұйымдарға берілген, ал Зайсандағы жиырмаға жуық көне тарихи орынның бірде-біреуі де мемлекеттік қорғауға алынбаған.

Қош, көне ғимаратта түскі асты ішіп алған соң, Құнанбай қажы мешітіне қарай қадам бастық. Ел ағасының мешітті салу идеясы және орындалу технологиясы жайлы әңгімелерге тарихи орында өз көзімізбен көре жүріп қанықтық.

Тобықты болысының управителi Құнанбайдың 1849 жылдан кейін бағы асып, дәуірі жүре бастайды. Бұған дейін аға сұлтан боп дүрілдеп тұрған Құсбек төре Алшынбаймен араздасып, қызметінен айырылып қалады. Алшынбаймен әрі құда, әрі дос-жар, жақсы қарым-қатынаста болған Құнанбай Қарқаралының аға сұлтаны болып шыға келеді. Құнанбай бұл қызметті 1849-1852 жылдар аралығында атқарған.

Солай болғанымен, мешітті салу идеясын алдымен Құсбек Тәукеұлы бастағанын тарихи құжаттар айғақтайды. Ол қызметінен кеткен соң, жаңа аға сұлтан мешіттің орнына берілген жердің тарлығын ойлап, басқа орын бөлуге Қарқаралыдан Семейге шығар жолдан жер беруді сұрап хат жазады. Оның үстіне оған кететін қаражатты жергілікті халық пен болыстықтар көтеріп алады, жетпей жатса өз тарапымнан қосамын деуді де ұмытпайды. Ақыры дегеніне жетіп Құнанбай мешіт құрылысын бастайды.

Аға сұлтан мешітті Қарқаралының қарағайынан салатын болып шешіп, оған балташы орыс-кержақтарды жалдайды. Ресей цивилизациясының шет-жағасынан, ойып ортасынан келген олар мешіттің жоспарын сұрайды, қазіргіше айтқанда сызбанұсқасы (чертежі). Қыр қазағында ол қайдан болсын?! Мұжық орыстар: «Не саламыз?» деп сұрапты.

Тілмаш сияқтанып жүрген сөзге пысығы «Құдай үйі» деп тіл қатса керек. Түсінгенін білдіріп басты изеп жіберіп, іске кіріскен балташы мұжықтар часовня эскизімен мешітті салып шығады. Мешіт күмбезіндегі дөңгелек ойықтар соны әйгілегендей. Сонымен не керек, мешiттiң 1850 жылдың 7 қаңтарынан бастап қолға алынып, келер жылы аяқталған. 170 жылға жуықтаған көне мешітке экспедиция мүшелерінің де табаны тиіп, көңілі сеніп, көз айым боп қалды.

Мұның бәрі белгілі жайттар. Ал 1976 жылы Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Д. Қонаевтың Қарқаралыға келіп, Құнанбай мешітінің ғимаратына арнайы соғуы, 1980-інші жылдардың ішінде жасырын түрде әйгілі Өзбекәлі Жәнібековтің мешітті сақтау жолындағы ерлікке толы еңбектері – ел тарихының қағазға түспеген естеліктері.

Қарқаралыдағы сапарымыз мұнымен бітпейді, жалғасы бар...

Фотосуреттерді түсірген Алтай ШОЛТЫҚ.