#Елордаескерткіштері. Керей және Жәнібек хандар
19.08.2019 5446
«Елордада тұрғызылған Керей мен Жәнібек хандардың еңселі ескерткіші — мызғымас мемлекеттігімізге арналған мәңгілік белгі»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Керей мен Жәнібек хандардың монументалды мүсіндік-көркем композициясының ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде осылай деген болатын. 

Хандарға арналған алғашқы ескеркіш комиссия қорытындысы бойынша қазақ халқының антропологиялық ерекшеліктеріне мүлдем сәйкеспей, олардың қару-жарақтары, киімдері мен басқа да тұрмыстық элементтер сәйкессіздіктерге жол берулеріне сәйкес қойылмай қойған болатын. Бірақ, Қазақ хандығының негізін қалаушы екі ұлы тұлғаға Елорда төрінде ескерткіш қою бақыты бұйырды.

Ескерткіштегі екі ханның бейнесі еркіндіктің орнауын бейнелейтін екі мүсіннен тұрады. Әрбір мүсіндік бейне өзіндік ерекшелікке ие: қазақ хандығының тұңғыш басшысы болу жолы берілген Керейдің қазақы ер-тоқымда мығым отыруы және ерлік пен өрліктің, дала көшпенділеріне тән тас-түйін тұлғалы толық бойымен тік тұрған Жәнібектің бейнелері сол кездегі олар құрған қазақ хандығы оқиғасының мазмұнын ашып тұрған сыңайлы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіштің ашылу рәсімінде

«Нақ сол кезде тарих сахнасына шыққан «қазақ» деген сөз «егемен, еншісін алған еркін ел» деген мағына береді. Біз өз тарихымызда Керей мен Жәнібектің қазақ мемлекеттігінің негізін қалауға қосқан үлестерін ерекше бағалаймыз. Сондықтан бүгін зор ризашылығымыз бен құрметіміздің белгісі ретінде біз осы ескерткішті ашып отырмыз. Бұл үшін символдық ерекше мәні бар орын таңдалды. Осы жерде 1997 жылы желтоқсанда Тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа астанасы орнықты», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, композицияда хандардың қолдарына сығымдап, қадай ұстаған ту бейнеленген. Бұл көрініс жаңадан құрылған хандықтың беріктігін, тұрақтылығын, өр рухты мақсаттарды көздеген өміршеңдігін аша түседі. Бұл орайда, композиция тарихтың үздіксіздігі мен дәуірлер сабақтастығын білдіреді.

Ескерткіштің іргетасынан бастап, найзаның ұшына дейінгі жалпы биіктігі 12 метрді құрайды. Қолына найзасын нық ұстап тұрған Жәнбек ханның бойы 5,25 метр болса, Қазақ елінің тыныштығын күзетіп тұрғандай отырған Керей ханның биіктігі 4 метр. Барлық элементтері таза қоладан құйылған. Жалпы салмағы 16,20 тонна. Жобаның авторы Нұр-Сұлтандық жас мүсінші Ринат Әбенов. Орналасқан жері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Мұражайы алдында орналасқан. Алып ескерткішке қоса Елорданың көркі болған Есілдің сол жағалауында екі ханның есімімен аталатын көше бар. 

Керей хан - Қазақ хандығының негізін қалаушылардың ұлы екі тұлғаның бірі. 10 жылдай Қазақ хандығын басқарған Керей, 1458 жылы ақ киізге көтеріп хан сайланған. Жәнібек хан Керей мен бірге Қазақ хандығының негізін қалаушы екінші тұлға. Он бесінші ғасырдың соңында дүниеге келген. Алты-жеті жылдай хандықты басқарған. Жәнібек хан тақта отырған жылдары тарихи маңызы бар көптеген оқиғалар орын алды. Оның бірі, 1470 жылдың басында Шайх-Хайдар хан өлтірілген соң, көшпелі өзбектер мемлекеті толық күйреп, Дешті Қыпшақтың басым бөлігінде Жәнібек хан басқарып отырған Қазақ хандығы билік етеді. Қазақ хандығының құрылуының соңғы кезеңі Жәнібек ханның тұсында табысты аяқталады. Осы тұста Қазақ хандығы өз алдына жеке мемлекет болады.

Ел басқарған елеулі ердің артында ханның жолын жалғастыратын ұрпақтары қалған. Солардың ішінде Қазақтың ханы болған Тәуекел, Жәңгір, Тәуке хандар.