Барлық саналы ғұмырын бір мақсат пен мүдде жолына арнап, өмірінің ең қызықты шақтарын махаббатына толық беретін жанкешті ғылым иелерінің қатарын археологтар толтырады
Өзі таңдаған бағыт бойынша өмірінің қымбат кезеңдерін сүйікті ісіне арнай білуді ерлікке баласақ, арғы дәуірлерде қалған бабалар ізін іздеуді мақсат тұтқан олардың еңбектері расында да қыруар еңбек. Көне дәуірлерден рухани тамырлары үзілмеген қазақ дүниетанымының бүгінгі алтын арқауын жалғастырып отырған отандық ғалымдардың бел ортасында жетпіс атты жеті белеске жеткен қадірлі жанның бірі һәм бірегейі Зайнолла Самашев екенін айту парыз.
Зайнолла Самашев және 70 жас мерейтой
Бұл есім тек қазақ археологиясы үшін ғана емес, түркі әлемі қала берді, әлемдік археология тарихында алтын әріппен жазылуы тиіс екенін көзі қарақты оқырман түсінер. Адамзаттың алтын бесігі Алтайдай ұлы мекеннің құпияға толы сырларын жалпақ әлемге паш ете отырып, ұлтының түпкі тамыры сонау адамзаттың жыл санауына дейінгі алғашқы кезеңдерде басталғанын дәлелдегендігімен құнды.
Алып Алтайдың етегі Ұланның Бестерек өлкесінде дүние есігін ашқан сары бала сол асқар Алтайдың қадір-қасиетін танып, ондағы бай қазынаның кілтін тауып, құлпын ашуды мақсат тұтады деп кім ойлады дейсіз?! Тегінде адам бойындағы әлдебір қабілеттердің туған топырақпен, ішкен сумен, араласқан ортамен тығыз байланысқан көзге көріне бермес нәзік, сәулелі жіптері болатынын ғылым сөзі әлдеқашан айтқан.
Зайнолла Самашұлы осыдан тура жетпіс жыл бұрын, яғни 1947 жылы 17 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Бестерек ауылында дүниеге келген. Бұл – өзі көзді ашып көрген, бауырын салып жүгірген қарт та қаһарлы Алтайдың адыр-адыр шоқылары көп, қарағайы мен қайыңы, самырсыны қатар мол өскен аңызды дала, абызды өлке. Алтайдың асқар шыңдарына бала шақтан көз тігіп өскен зейінді Зайноллаға сол алғашқы әсер, алғашқы суреттер әсер етпеді деп кім айтады?!
Жайылып жатқан Алтайдың соңғы сілемдері тұнған тарих. Қатпар-қатпар тастардағы әр қилы заман таңбалары бала Зайнолланың болашақ мамандығын дұрыс таңдауына себеп болғанға ұқсайды. Ұлы Ертістің оң жағасындағы тарих іздері мектеп бітірген жас түлекті ешқайда бұрмастан өз қалауына жеткізген секілді. Олай дейтініміз, біздің кейіпкеріміз 1970 жылы Өскемен педагогикалық институтын тарих мамандығы бойынша аяқтап, археология саласындағы ғылыми еңбек жолын бастайды.
Оның еңбек жолындағы, ғылым бағытындағы алғашқы жұмыстары негізінен туған жерден тыс, яғни Қазақстанның әр өңірлерінде орналасқан, тас дәуірінен қазақтардың этнографиялық суреттеріне дейінгі уақытты қамтитын жүзден астам петроглифтер аумағын зерттеуден басталды. Және бұл көне жазуларды алғаш ғылыми айналымға енгізуші ретінде де есімі ғылыми ортаға белгілі болады.
Алғашқы еңбек жолын петроглифтер мен олардың тарихы, тағдыры жайынан бастаған ол кейін тарихтың, оның ішінде археологияның жықпыл-жықпылына сүңгіп кете берді. Қараңғыда жүрер бағытынан жаңылып, әлдебір жарық сәулеге кез болған жолаушы қандай болса, Алтай қойнауындағы Берелге дейінгі еңбек Зайнолланың ғылымдағы жүрген жолын еске түсіргендей еді.
Зайнолла Самашұлы – Қазақ даласын ерте темір дәуірінде мекен еткен және дүниежүзілік тарих толқынына әсер еткен сақ, сарматтардың бірегей ескерткіштерін кешенді түрде, барлық жаратылыстану ғылымдарының соңғы жетістіктерін қолдана отырып, тұңғыш зерттеуді бастаған ғалым.
Зайнолла Самашев және Берел қорғандары
Отандық археология ғылымына қосқан айрықша үлесіне – Қазақ Алтайындағы тоң басқан Берел обаларын ашуы мен зерттеуін ерекше атау керек. Бұл ескерткіш бүгінде мәдени ландшафтысымен бірге жаңғыртылып, елдің көзайымы мен мақтанышына айналған «мемлекеттік Берел музей-қорығы» құрылып, нәтижелі жұмыстарды жалғастырып отыр. Сонымен қоса Қарақаба тау аңғарындағы тоңның астындағы ежелгі түркілік бес қарулы жауынгерлерінің ашылуы мен сол замандағы қобыз тәрізді музыкалық аспаптың табылуы да әлемдік сенсациялық жаңалықтар қатарына жатады.
Алтайдың құпияға толы қойнауы адамзат баласын таңдандырумен келеді. Бұл жолы да Қарақаба жазығында қазақ археологиясына тың жаңалықтар қосылды. Археолог, тарих ғылымдарының докторы Зайнолла Самашев мырзаның екі жыл бұрынғы қазба жұмыстарының кезінде бұған дейін табылмаған, кездеспеген жаңа археологиялық ашылулар болғаны жайлы сұхбат бергені бар.
«Бұл табылған қорым көне түркі дәуіріне тән. Шамамен 7-8 ғасырларға келеді. Жерлеу рәсімі былай атқарылған: алдымен осындай көлемде шұңқыр қазып, оған жылқыны қойған. Бір жақ шетіне лақат жасаған да, оған адамның өзін жерлеген. Оның үсті жабық тұратын болған», – деп түсіндірді археолог ғалым. Бұл табылған мүрде – жас баланікі екенін айтқан зерттеуші оның ер екенін, құлағында екі сырғасы болғанын, ол сырғалардың күмістен жасалғанын тілге тиек етті. Баланың жасын, түрін антрополог ғалымдар қазіргі заманның озық зерттеу әдістеріне сүйене отырып анықтайтын болады. Бұған дейінгі қорғандарды қазған кезде үлкен, егде кісілердің табылғанын ескерсек, жас баланы жерлеу ғұрпы алғаш реті кездесіп отыр.
«Және бір байқасаңыздар, баланың аяқ жағында көлденеңінен садақ жатыр. Садақтың сынығы табылған, онысы – адам қолы ұстайтын ортаңғы бөлігі, серіппе беру үшін сүйектен жасалған екен. Жерлеу рәсімінде тағы бір ерекшелік бар: аттың басын кесіп алған да, оны сол жерден бір қабат, шамамен 60-70 см жоғары – бөлек шұңқыр жасап, үңгірлеп қойған. Қабірдің бір шетінде жатқан бұйым – ол аттың ерінің мүйізден жасалған айылбасы. Жалпы жерлеу рәсімі біздің экспедицияның 2012-2013 жылдардағы қазған жұмыстарындағы қорымдармен салыстырғанда көбіне сәйкес келеді, бірақ та мұнда жерленген адам бала болғандықтан бірге қойылатын дүние-мүліктері азғантай. Аттың өзі баланың жасына сәйкес жас жылқы. Тай болуы керек, таңдап алып қойған.
Археологиялық ескерткіштерді, оның ішінде әсіресе осындай қорғандарды зерттегенде әр түрлі категорияларды зерттеген дұрыс болады. Өйткені сол қоғамның әлеуметтік ерекшеліктерін анықтауымыз керек, діни нанымындағы өзгерістер, ұқсастықтар деген сияқты құндылықтарын білу үшін тек алтын-күміс қойылған қорғандарды зерттесек, онда бұл біржақты ғана зерттеу болып қалады. Ауқатты, бай қорғанды да, кедей және орташа қорғанды да, содан кейін бұлардың қоныстарын толық, жан-жақты зерттеуіміз керек», – деп тәптіштеп түсіндірді танымал археолог.
Сонымен қатар биылғы қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған бірқатар құнды бұйымдар экспедиция мүшелері мен қонақтарының алдында алғаш рет таныстырылып жарияланды. Зайнолла Самашев мырза түсіндіріп сипаттама берген құнды ескерткіштер, мұралар: ат әбзелдерінің бөліктері: жүген мен құйысқан және ауыздықтың қалдықтары, ондағы сол заманның тұрмыстық ерекшелігіне сай өсімдік мотивіндегі өрнектерді қолдану кең көрініс табуы анықталған.
«Содан кейінгі құндылық – қылыштардың қынабы, онда таңбаланған аттардың, жылқылардың суреттері. Бұл жерде табылған дүние мүліктің бәрі бүкіл Еуразия кеңістігі бойынша мықты, айқын зооморфтық (?) заттар болып есептеледі. Қылыштар бұл елде табылғанымен, дәл осындай күйде сақталуы, сапалы болуы сирек кездесетін құбылыс. Мұндағы бір қылыштың ерекшелігі сол, мұның сабы сонау Тынық мұхитында ғана кездесетін скат деген балықтың терісімен қапталған. Қазақстанда бұл балық кездеспейді, бұл сол кездегі өркениеттің алыстағы Тынық мұхиты жағалауларымен қарым-қатынасын айғақтайды. Бұл қылыштар басқа жақтан келген жоқ, осы өзіміздің Алтайдан табылып отыр», – деді археолог.
Ешқандай шірік белгілері жоқ, таза қалпында жеткен қорамсақтың сол күйінше сақталуы белгілі археологтың өзін таңдандырып отыр. Қазақтың қасиетті жері мұғжизаға толы екенін ескерсек те, адам баласын таңданбасына қоймайтын тарихи жәдігерлердің қатарына осы табылған қорамсақ пен садақ қалдығы қосылды.
Ғалымның айтуынша, «ортағасырлық түркілердің садағының бір бөлігі ғана сақталып жетті. Құрылымы өте күрделі, үш-төрт қабат ағаштан жасалған, балық терісі оралған мұндай сипаттағы садақты дайындау үшін, кейбір ғалымдардың айтуынша, 1 жылдай уақыт кететін болған. Бұл садақ көп құрамды садақ деп аталады. Садақтың ұстайтын тұсы сүйектен жасалып, оған түрлі жапсырмалар жабыстырылатын болған».
Бізді әлемге әйгілеп отырған осы Қарақаба қорымдарынан осыған дейін 3 музыкалық аспап табылды. Бұл – отандық археологияның кезекті бір белесі. Бүкіл Еуразия кеңістігінде бұған дейін осындай 3 музыкалық аспап табылып көрмепті. Мұндай жаңалықты Самашев бастаған қазақ археологтары әлемге сүйіншілей жариялағанын оқырман ұмытпаған болар. Осылайша қазақ пен жылқыны ажыратып алу мүмкін емесі секілді ғылымда Берелсіз Самашевті, Самашевсіз Берелді айыру мүмкін емес формула пайда болды.
Зайнолла Самашев және Сарайшықты сақтау
Өткен ғасырдың 80 жылдарынан бастап Қазақстанның батысында кешенді зерттеулер ұйымдастырып, энеолиттік Тоқсанбай қонысынан бастап сарматтық Бәйте, Қызылүйік, Тасастау және ортағасырлық астана Сарайшық қаласын және т.б. зерттеулердің басында да Самашев есімі тұрды.
Жайық бойындағы Алтын Орда хандарының жазғы ордасы мен Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшық қаласының бүгінде табиғи әсерден сақталып, зерттеулердің жалғаса түсуі мен объектілердің қайта жаңғыртыла бастауы ғалым еңбегінің жемісі екені даусыз.
Сарайшық қаласы – бүгінде сан мыңдаған турист сапарлайтын қала. Өйткені әлемнің әрбір тұрғындары Алтын Орда тұсындағы дүниенің ең сұлу, ғажайып қаласының орнын тамашалағысы келеді. Сондықтан Сарайшық ескі қала орнына үлкен мемориалды кешен тұрғызып, туристік әлеуетін дамытсақ деген пікірлерде көп. Бірақ әлем туристерін өзіне ынтықтырған Қазақ хандығының астанасының туризм әлеуеті зор деп айта алмаймыз.
Ал профессор Зайнолла Самашев Сарайшық қаласын сақтаудың екі нұсқасы бар дегенді айтады. «Біріншісі – ұзындығы бір жарым шақырым болатын қорған төсеп, өзен жағасын бекіту болса, ал екіншісі – Жайықты көне ағысына қайтадан бұру болып табылады. Бірінші нұсқа шамамен 11 млрд теңгедей қаржы жұмсауды талап етеді. Жағада алып құрылыс жұмыстары жүргізілуі тиіс. Және де бұл жұмысты жүргізгенде жағада орналасқан археологиялық маңызы бар құнды жәдігерлерді жойып жіберуіміз мүмкін. Ал екінші нұсқа бойынша жұмсалатын қаржы одан екі-үш есе арзан. Әрі Сарайшықтағы қазба жұмыстарына ешқандай зияны тимейді. Тек бір қолайсыздығы, сол жерде орналасқан қазіргі Сарайшық елді мекенін басқа жерге көшіру керек», – дейді.
Зайнолла Самашұлының жетекшілігімен Қазақстанның ежелгі мәдениеті мен тарихы, мемлекеттілігі, тау-кен ісі тақырыптарында көптеген халықаралық жобалар атқарылып, бірлескен экспедициялар (қазақ-француз, қазақ-герман, қазақ-моңғол, қазақ-корей) ұйымдастырылып, өзінің тиімді ғылыми нәтижелерін беруде.
Тау-тас асып, қар жастанып, мұз төсенген археология сарбазы жылдардың зырғып ағып, қалайша сардарға айналып, жетпістің желкесіне келгенін аңғарар ма?! Бүгінде Зайнолла Самашев – археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, жалпыұлттық тәуелсіз «Платин Тарланы» сыйлығының иегері, Герман археология институтының корреспондент мүшесі. Отандық және көршілес өлкелердің археологиясы тақырыбында жазылған 400-ден астам ғылыми еңбектердің, соның ішінде 37 кітаптың авторы. Қазіргі қазақ археологы дегенде есімізге есімі бірден түсетін санаулы мамандарымыздың бірі, бірегейі.
«Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға» деп айтқан ұлы Абайдың даналығын бойына сіңірген археология ақсақалының жаңа жасына – жарқын белесіне құтты болсын айтып, NDH порталы ұжымы мен ғылымдағы шәкірттері келешектегі жұмыстарына жетістіктер, отбасына бақыт тілейтінін зор ризашылықпен білдіреді.