Мәлік Ғабдуллинді шешендігімен тамсандырған жас ғалым
14.08.2017 2271
«Мәңгілік Ел» қайраткерлері» шарасы аясында, ҚР Президентінің Мұрағаты Қазақстанның партия және мемлекеттік қайраткері О.Батырбековтың туғанына 90 жыл толуына орай еске алу шарасын ұйымдастырды

Дөңгелек үстел форматында өткен шараны ҚР Президентінің Мұрағаты директорының орынбасары Қайрат Шәкәрімұлы Әлімғазинов ашты. Модератор мерейтойлық іс-шараның қатысушыларын құттықтап, О.Батырбековтың Қазақстанның партиялық және кеңестік номенклатурасы кадрларының қалыптасуына қосқан үлесін атап өтті.   Сонымен қоса, ол ҚР Президенті Мұрағатының қорқұрастырушысы болып табылады.

2000 жылғы маусымда О.Б.Батырбековтың жеке қоры оның отбасының құжаттарымен толықты. Қорға ғалым және қоғамтанушы, тарих ғылымдарының докторы Ғазиз Оразайұлы Батырбековтың (1959−2003) Қазақстанның ғылыми интеллигенциясының шығармашылығын зерделеген, оған қоса академик Қ.И.Сәтпаевтың ғылыми мұрасын зерттеген құжаттары, сонымен қатар қазақ әдебиеттанушысы, филология ғылымдарының кандидаты Райхан Оразайқызы Батырбекованың (1967−2002) да құжаттары кірді. Жеке қор құжаттарының құрамына соған қоса ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі (1979 ж.), филология ғылымдарының докторы, профессор,Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1991 ж.) Шәмшиябану Қанышқызы Сәтпаеваның (1930−2002) ғылыми еңбектері кірді.

Оразай Батырбековтың өмірі мен қызметі туралы ҚР Президенті Мұрағатының бас сарапшысы Жібек Тұрарбекқызы Байқаш егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Оразай Батырбекұлы Батырбековтың құжаттары мемлекеттік сақтауға 1998 жылы қабылданды. О.Б.Батырбековтың жеке қорында оның өмірбаянынан, еңбек жолынан сыр шертетін құжаттар, хаттар, еңбектер, ғылыми зерттеулердің нәтижелері, мақалалар, құттықтау хаттар, естеліктер, түрлі жылдардағы фотосуреттер және басқа да материалдар сақталуда.

Батырбеков Оразай Батырбекұлы өзінің өмірбаянында былай деп жазады: «Мен 1927 жылдың 23 сәуірінде Қарағанды облысының Жезқазған ауданында №9 ауылда дүниеге келдім. Әке-шешемнің ең кенже алтыншы әрі әкемнің атын ата тегім қылып алған жалғыз баласымын. Үш ағам мен екі әпкем (тұрмысқа шыққанға дейін) Баржақсыновтар – әкемнің ата тегінде болды. Шешем Қатша 1930 жылы қайтыс болды. 1937 жылы Қарсақпай орта мектебінің 1-ші сыныбына оқуға түстім. 1941 жылы әкем қайтыс болғаннан кейін, мені, Алматы қаласында тұратын әпкем Қатира Ақанова өз тәрбиесіне алды». Соғыс жылдарында, 6-7 сыныптың оқушысы бола тұрып, оқуын «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясының курьері жұмысын ұштастыруға тура келеді. «Тағдыр толқынында» кітабында Оразай аға газет редакциясында жұмыс істеп жүрген кезінде өз басынан кешірген бір қызықты оқиғасын еске алады.

1943 жылы батыр Мәлік Ғабдуллин майданнан демалысқа келеді.  Редакциядағылар оны жылы қарсы алып, дастархан жаяды. Жас баланы көріп қалып, үлкендерше, салт бойынша «Кімнің баласысың?» деген сұрағына, ол: «Мен - кімнің баласы емес, редакцияның қызметкерімін»,-деп жауап береді. Бәрі күліп жібереді.  Содан соң Мәлік Ғабдуллин: «Мына балаға оқуынан қалмайтындай, жұмыс беріңдер» дейді.

Осы сөз әсер еткен болу керек, көп ұзамай оны дауыстап оқушы қылып, ал кейін корректордың көмекшісі қылып ауыстырады. 1946−1951 жж. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқиды. 1952-1954 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің саяси экономика кафедрасының аспирантурасында оқиды, оқуымен қоса «Казпромсоветтің» оқу комбинатында және Алматы мемлекеттік медицина институтында саяси экономикадан сабақ береді. Экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғап, доцент ғылыми атағын алады.

1954-1961 жж. Алматы қаласының Фрунзе аудандық комитетінде, кейіннен Қазақстанның Коммунистік партиясының Алматы қалалық комитетінде қызмет етеді. 1961 жылы Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті аппаратында алдымен жауапты ұйымдастырушы, кейін келе инспектор, партиялық органдар бөлімі меңгерушісінің орынбасары және меңгерушінің бірінші орынбасары болып жұмыс істейді. 1971−1977 жж. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұйымдастыру-партия жұмысы бөлімін басқарады. 1977−1990 жж Алматы Жоғары партия мектебінің ректоры болып еңбек етеді. Оразай Батырбекұлы туралы оның жақындары, туыстары, жолдастары көптеген жылы сөздер айтып, лебіздерін білдірді.

ҚР Президенті Мұрағатының қорқұрастырушыларының бірі, Шәңгерей Жәнібекұлы Жәнібеков, өмірінің соңғы жылдарында О.Б.Батырбековты жақсы білді. Барлық кеңестік, партиялық, комсомолдық органдар соның қарауында болды. Барлық мәселелердің шешілуі осындай тұлғаларға байланысты болды. Ол ОК бөлім меңгерушісі болып тағайындалған кезден бастап оны таныдым. 1976 жылы мен Алматыға көшіп келгенде, онымен іскерлік кездесулер болды.  Кеңес уақытында айрықша іс-шаралар, қазіргі сияқты қабылдаулар, кештер, мейрамханалар құпталмайтын еді. Бізге, кеңес органдарының қызметкерлеріне, ондайға рұқсат етілмейтін. Ысырапшылдыққа айыпталмас үшін. КСРО ыдырағаннан кейін, шетелдік қазақтармен байланыс орнату бойынша «Қазақстан» қоғамын басқардым, бірде жиналысқа бардым. Жиналысқа қатысушылардың ішінде Оразай да бар екен. Үндемей ғана бұрышта отыр, ештеңеге араласпайды. Мен оған жақындап, жұмысыма соғуын сұрадым.   Келесі күні ол келді, мен оған «Қазақстан» қоғамынан жұмыс ұсындым. Бізге посткеңестік республикаларда қалған қазақтарды қолдау бойынша іспен айналысатын қоғам өкілі керек болатын. Ол келісімін берді, біз екі жыл бойы бірге жұмыс істедік, құдайдың құтты күні көрісіп тұрдық.  Туған жері Жезқазғанға барар алдында, ол телефонмен хабарласып, туған өлкесіне барып қайтқысы келетінін айтқан еді, бірақ көп ұзамай, туған елге бара жатқан сапарында қайтыс болды деген қаралы хабарды алдық. Менде ол туралы мынадай ой қалыптасты: бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін  өте сауатты, адал ниетті, жүріс-тұрысы игілікті адам. Ол келер ұрпақтың алдында құрметке ие болуы керек.

Ниретина Надежда Васильевна, академик Қ.И.Сәтпаев мұрағатының басшысы, Батырбеков туралы керемет естеліктер сақтап қалыпты.  Оразай – мықты әрі данышпан адам. Ол үлкен қайғыны, әйелі мен балаларының қазасы, басынан кешірді, бірақ мойыған жоқ, ызаланған жоқ, бұл ретте не тағдырды, не адамдарды кінәлаған жоқ. Бұлай өзін-өзі тек данышпандар ғана ұстай алады. Біз оның соңғы күніне дейін барлық сәтпаевтық іс-шараларда араласып тұрдық. Ол мені аса құрметтеді, оның осындай үлкен рөлін көріп тұрып, оның бұл құрметін бұрынғыдан да артық бағалаймын. Ол Қ.Сәтпаевтың Халықаралық қоры істерімен белсенді айналысты. Салықов қайтыс болғаннан кейін бұл қорды қайтадан жандандырмақшы болды, бірақ заман басқа еді. Осы елді тұрған бұл ұрпақтың бұрынғыдай күші мен мүмкіндігі жоқ еді.  Иманды болсын.  

Мемлекет тарихы институтының директоры профессор Бүркітбай Аяған партия жұмысы бойынша О.Батырбековпен Алматыда болған кездесуін есіне алады. Оның кезінде партия-идеология жұмысы жоғары деңгейге қойылған болатын. Бірақ осы жүйенің тарихи қызығы мынада еді:  Алматы ЖПМ социализмді құру үшін басқарушы кадрларды дайындады, ал ол кадрларға егеменді Қазақстанның нарықтық экономикасын құруға тура келді. Сонымен қатар, Оразай Батырбеков сияқты қайраткерлердің еңбегі мен үлесін ұмытуға болмайды, олар туралы арнайы фильм немесе кітап шығару керек.

 

Анықтама: О. Батырбеков Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің VIII және IX шақырылымдарының депутаттағына екі рет, бірнеше рет Алматы қалалық Халық депутаттары кеңесінің депутаттығына сайланған. КОКП XXV Съездінің және Қазақстан Компартиясының бірнеше съездерінің делегаты болып сайланады. Бес рет Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитеті съездерінің: XII (1966 ж.), XIII (1971 ж.), XIV (1976 ж.), XV (1981 ж.), XVI (1986 ж.) және бірнеше рет Алматы қалалық партия комитетінің құрамына кірді. Тәжірибе алмасу бойынша КОКП ОК делегациясының құрамында Чехословакияда (1971 ж.), Куба Республикасында (1978 ж.), ал 1989 жылы Коамбоджаға делегация басшысы болып барды.  Үш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет Белгісі» орденімен, КСРО-ның төрт медалімен және Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан КЖЛК (ЛКСМ) ОК, Халықтар достығы қоғамының Құрмет грамоталарымен, КСРО ХШЖК-нің (ВДНХ) күміс және қола медальдарымен марапатталған.  Оразай Батырбекұлы – бірқатар кітаптардың («Сағынамын сендерді» (2006 ж.); «Тағдыр толқынында» (2011 ж.) және экономика мен политология бойынша басқа да мақалалардың авторы.