Тарихи сабақтастық: Ермұхан Бекмаханов пен Ілияс Есенберлин
23.07.2015 3349
Биыл 100 жылдық мерейтойы аталып жатқан ұлы жазушы Ілияс Есенберлиннің тарихи ой-санасының қалыптасуына атақты тарихшы Ермұхан Бекмахановтың әсері мол болған

Атақты тарихшының да туғанына биыл тура 100 жыл. Кенесары туралы ғылыми зерттеу жазу үшін деректер жинау кезінде Есенберлин оған өзінің қол ұшын бергенін жазады. Бұл туралы қазақтың қолбасшысы Бауыржан Момышұлының 30 томдық шығармалар жинағының 10-томында жарияланған. Онда батыр Баукең әлдебір суретті қарап отырып, жазушы Есенберлиннің Бекмаханов туралы естелігінен үзінді келтіреді. 

«Ермұхан Бекмаханов менің қазақ тарихын зерттеп білуіме соншалық әсер етті, өйткені бұл ғалым қазақ елінің ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы экономикасы, әлеуметтік құрылысын зерттегенде Кенесары қозғалысына байланысты нақтылы материал жетіспейтін және соны толтыруға Орткомның жәрдемдесуін сұрапты. Сол жұмысты Жұмекең (Жұмабай Шаяхметовті айтып отыр – ред.) Дінмұхаммед Ахметұлы арқылы маған жүктеді», – деп бастайды естелігін жазушы І. Есенберлин. 

Соғыс уақыты болса да, орталық партия комитеті Бекмахановқа көп көмектескен. Есенберлин осы шаруаларды реттеу үшін алдымен Петропавлда, кейін Омбы қалаларында болады. Сырттан бақыланатын көздердің қаптаған кезі, қырағылықтың аса қажеттігін ескерген жазушы сөзін «ортком қызметкері неге сонша архивте көп отырады деген сезік болмау үшін, кейбір архив материалдарын қонақ үйінде алдырып оқимын. Отарлау саясаты қалай жүргенін, Орынбордан бастап бекіністердің не үшін тездетіп салынғанын әбден түсіндік», – деп сабақтайды. 

 

Ілияс Есенберлин жас оқырмандарының ортасында

Бір жақта соғыс, заман болса қысып тұр. Мұндай іске нар тәуекел керек. Не үшін бұл қадамға барғанын да түсіндіріпті: «Негізгі сүйенген ұстанымымыз – ұлттық намыс, Сталиннің орыс халқы туралы және «бізді ата-баба аруағы қолдасын» деген сөзі еді. Біз де өзіміздің тарихи қаһармандарымызды дәріптеуіміз керек болды». 

Қаһармандарды дәріптеу соғыс кезінде де аса керек болды. Сталиннің үндеуінен екпін алған Қазақстанның сол кездегі басшысы Жұмабай Шаяхметов қазақтың батырлық жырларын қазақ майдангерлеріне насихаттап, сол сыпатта жаңа шығармалар жазу керек деп жар салды. 1942 жылы Жамбыл Жабаевтың әйгілі «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңі жариялануына осы үндеу себеп. Сондай-ақ Исатай-Махамбет, Кенесары, Амангелді көтерілістері туралы шығармалар жазылуы тиіс делінген. Сол екпінмен ата-баба ерлігін дәріптеген туындылар дүниеге келіп, жұртшылыққа таныстырылып жатты. Солардың қатарында тарихшы Е. Бекмахановтың Кенесары туралы әйгілі ғылыми зерттеу еңбегі осы кезде жарияланып, қоғам талқысына түскен болатын. 

Ал осы жұмыстың о басында қалай басталып, қалай жүргенін, қандай процестерден өткенін жазушы Есенберлиннің естелігінде: «Кенесары қозғалысы туралы жинаған материалды машинкаға бастырып бір данасын өзіме алып отырдым. Екі данасын тікелей бастығым Дінмұхаммед Ахметұлына табыс етемін. Ол кісі Шаяхметовке көрсеткеннен кейін ғана Ермұханға береді. Сөйтіп келесі іссапарының бағытын Бекмаханов белгілеп, Димекең қолына жазып береді, ол маған тапсырады, сөйтіп жүріп тарихшы болып алдым». 

Бірі таза ғылыми тұрғыдан Алаш қайраткерлерінің көрнекті өкілі Х. Досмұхамедовтің аманаты орындаса, сол аса маңызды еңбектің жазылуына көмек қолын созып жүріп, кейін «Абай жолы» романынан кейінгі қазақтың ұлы романына айналған «Көшпенділер» трилогиясының «Хан Кене» (Қаһар) романын дүниеге әкелді. Тарихшы Е. Бекмаханов 1943 жылғы маусымның 28-і кандидаттық диссертациясын қорғады. 1946 жылы күзде «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» деп аталатын монографиясын аяқтап, СССР ҒА ғылыми кеңесіне ұсынды. Сөйтіп қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы 1947 жылы аталған еңбегін жеке монография етіп шығарды. 

 

Ермұхан Бекмаханов дәріс оқып тұр

Алайда 1945-1955 жылдардағы советтік репрессияның үшінші толқыны осы еңбектері арқылы Бекмахановты ұлтшыл деп кінәлауда тілге тиек болды. Оны ғылыми ортадан аластап, заңды атақтарын тартып алған соң, 25 жылға бас бостандығынан айырып, Бодайбо түрмесіне айдады. Алайда, қазақ оқығандарының қаламгерлерінің арасында өшпеген хан Кененің рухы, бейнесі араға 23 жыл салып, Ілияс Есенберлиннің қаламына қонды. Оның бұл тақырыпты жазуына түрткі болған екінші адам Әлкей Марғұлан деп есептейді ғалымдар. 

Ілияс Есенберлиннің Ермұхан Бекмахановтың шығармашылығына қатысты жазған естелігін батыр Бауыржан Момышұлы сақтап, оның шығармаларын құрастырушы авторлар ұжымы кейін жарық көрген көптомдықтарының біріне енгізген екен.