ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ ЖАҢА БЕТТЕРІ
20.01.2017 4047
Кеңес және тәуелсіз Қазақстанның атақты ғалымы Клавдия Пищулинаның «Қазақ хандығы тарихының очерктері» атты кітабы жарық көрді

«Қазақ хандығы тарихының очерктері» атты кітапта кейінгі ортағасыр тарихы Қазақстан, Орталық Азия және Шығыс Түркістан аумағындағы кейінгі ортағасырлық мемлекеттердің Қазақ хандығының, Моғолстанның, Ақ Орданың және Әбілқайыр хандығының этникалық, саяси және әлеуметтік-экономикалық тарихы баяндалады. Оқулық авторы парсы және түрік тілдеріндегі шығыс жазба деректері саласындағы тарихшы және шығыстанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, озық маман Клавдия Пищулина.

Автор оқулыққа ғылыми еңбектері мен мақалаларын кіргізген. Клавдия Пищулина қазақ ғалымдары ішінде ортағасыр тарихын зерттеп жүрген ғалымдардың бірі. Көп жылдар бойы Клавдия Пищулина қазақстандық тарихтың ең күрделі және белгісіз беттерін зерттеумен айналысып келеді. Оның көптеген еңбектері қазақстандық медиевистика, шығыстану тарихының маңызды межесіне айналды.

Пищулинаның алғашқы болып ашқан ғылыми жаңалықтары жалпыға танылып, әртүрлі басылымдарда, монографияларда, оқулықтарда, энциклопедияларда кеңінен жарияланып, еліміздің өткен тарихын нақты зерттеулермен беріп келеді. Кітапқа автордың әр жылдары жазған атақты және белгісіз еңбектерін біріктірілді.

Қазақстанның озық тарихшыларының және шығыстанушыларының ғылыми еңбектерінің бастауы ретінде ойластырылған басылым егемен Қазақстанның тарихи ғылымы басынан өткеріп отырған қиын сынақтар барысында тарихнама қуыстарын толықтыруға бағытталған. Көпшілігі қазақстандық шығыстану және тарихнаманың алтын қорына енген. Клавдия Антоновнаның зерттеулері мен мақалалары таихшылардың жаңа буынына қазақ хандығының өткенін зерттеуге ғылыми және жүйелі тәсілдер қалыптастыруға көмектеседі.

Қазақ хандығының, қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихы саласындағы маңдай алды маманы Пищулинаның барлық еңбектері Санкт-Петербордың, Ташкенттің, басқа қалалардың мұрағаттарынан алынған сирек қолжазбаларды жете және жоғары кәсіби зерттеуге негізделген. Ол алғашқы болып парсы тіліндегі қиын оқылатын мұсылман ортағасыр шығармаларын орыс тіліне аударды. Оның негізінде Қазақстанның және Орталық Азияның тарихын жазды.

Оның көптеген еңбектері Қазақстан егемендік алғаннан кейінгі жылдары жарық көрді. Жас тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жағдайында қазақ мемлекеттілігі тарихының мәселелері жаңа тыныс алды. Осы жылдары Клавдия Пищулина өз зерттеулерінің қорын кеңейтті, қазақ мемлекеттілігінің әртүрлі мәселелеріне нақты тоқтала отырып, қазақтардың этникалық теориясын зеттеумен айналыса бастады. Бұл мәселелердің көпшілігі «Ежелгі заманнан бастап біздің заманымызға дейінгі Қазақстан тарихы» (2-том, Алматы, 1997), сондай-ақ «Қазақстан тарихы. Очерк" (Алматы, 1993) жаңа басылымдарында көтерілді.

Тәуелсіз Қазақстанның осы алғашқы іргелі зерттеулерінде қазақ халқының өткеніне жаңаша көзқараспен қарау талпынысы қолға алынды. Бұдан басқа, К.А. Пищулина – ЖОО және мектептерге арналған бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Ол тек қана ғылыми басылымдарда ғана емес, БАҚ беттерінде де әртүрлі мақалаларын жариялап отырды. Қазақстанның басқа ғалымдарымен бірге қазақ мемлекеттілігінің, қазақтардың этникалық аумағы тарихын қорғады. Оның қазіргі заманғы бірқатар мақалалары тарихты зерттеулдегі ғылыми әдістемені дәріптеуге арналған.

К.Пищулина тарихқа, өткенге жеңіл-желпі қарауды, дереккөздерге деген еркіндікті сынға алады. Бұл нәрселер қазіргі заманғы Қазақстанның тарихы әдіснамасын іздеу және қалыптастыру жағдайында өте бағалы. Сондай-ақ ол «Қазақ КСР тарихы», «Қазақстан тарихы", "Қазақ энциклопедиясы» көп томды басылымдардың редакторы және тұрақты авторы болды. Осы басылымдар арқылы оның көптеген ғылыми жаңалықтары оқырмандарын тауып, құрметке бөленді. Клавдия Антоновна Пищулина өте қуатты, еңбекқор адам, өз саласының озық және майталман шебері бола тұра, қарапайымдылығы мен кішіпейілділігін өз бойында сақтаған кісі. Қазақ халқының тарихын, оның маңызды мәселелерін зерттеуге үлкен үлес қосты.

Санкт-Петербургтік әріптесі және оппоненті профессор Тұрсын Сұлтанов оған: «Қазақ ортағасырының қажымас зерттеушісі» деген баға берді. Клавдия Антоновна Қазақстанда тарихшы-медиевистердің жаңа буынын даярлауда көп еңбек сіңірді, онымен бірге шәкірттері еңбек етуде. Клавдия Антоновна керемет ана және тоғыз дарынды немелеренің ардақты әжесі. Оның балалары атақты қазақстандық саясаткер және экономист Ораз Жандосов, ираншы және ауғаншы, СПМУ доценті Заринэ Жандосова және дизайнер Лааль Жандосова. Бүгін К.Пищулинаның өмірбаяны мен ғылыми қызметі энциклопедиялық зерттеу нысанына айналды. Оған жаңа көп томдық ұлттық энциклопедия беттерінде мақалалар арналған, қызметінің әртүрлі қырларын аша түсетін жекелеген ғылыми және ғылыми-танымдық мақалалар жарық көрді.

Махаббат БОЛЬШИНА

Аударған: Гүлнұр Серікқызы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)