Қазақстан жолы: жасампаздық пен өркендеу
13.12.2016 2615
2016 ж. 8 желтоқсан күні ҚР Президенті Мұрағатында ҚР Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған тарихи-құжаттамалар көрмесі және «Қазақстан жолы: жасампаздық пен өркендеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Іс-шараның мақсаты – еліміздің егемендік жылдарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген жетістіктерін кеңінен таныту және насихаттау. Көрмеде Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасу тарихы бойынша заңнамалық және заңшығарушылық құжаттардың түпнұсқалары, стратегиялық жоспарлары, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының құжаттары, Тәуелсіздік тарихынан фотохроникалар көрсетілді. «Қазақстан жолы: жасапмаздық пен өркендеу» тақырыбында дөңгелек үстелі барысында ҚР Президентінің Телерадиокешені ұсынған «Тәуелсіздік Хроникасы» деректі фильмі көрсетілді. 

Бұл іс-шара барысында ҚР БҒМ ҒК-нің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Әбжанов Хангелді Махмұтұлы негізгі баяндама оқыды. «Мәңгілік Ел» идеясы біздің мемлекетіміздің барлық жақтарын қамтиды. Идея, іс-қимыл нұсқауы ретінде. «Мәңгілік Ел» идеясы жас ғалымдардың конференцияларында, баяндамаларында қозғалады.  «Мәңгілік Ел» идеясы біздің халқымыздың  жұмылдырушы факторы болып табылады. Оптимистик мінез-құлық иелері мәңгілік, іргелі, негізгі нәрселерді қалыптастыруға тырысады. «Мәңгілік Ел» идеясы дәл осыған бағыттайды.  «Мәңгілік Ел» идеясы ежелгі түркілердің мұрасы, олар өзінің және көршілес елдердің тәжірибесінде осы  «Мәңгі Ел» деген сөзді тасқа қашап жазып кеткен. Олар Мәңгі Ел жасауды арман етті. Ал біз бүгін ата-бабаларымыздың армандарын жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндіктерге иеміз, өйткені біз ақыр аяғында өзіміздің тәуелсіз мемлекетімізді құрдық. «Мәңгілік Ел» идеясының мәнісі осында.

БҰҰ-дағы Қазақстан Республикасының тұңғыш тұрақты өкілі, ҚазССР сыртқы істер министрі (1989-1991), тарих ғылымдарының докторы,  профессор Арыстанбекова Ақмарал Хайдарқызы Қазақстан Республикасының БҰҰ-на мүшелікке кіру тарихын баяндады.

АҚШ-тың Алматыдағы Бас Консулы Марк Муди мырза барлық қатысушыларды Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады. Ол соңғы 25 жыл ішінде екі ел арасындағы достық қарым-қатынастардың тарихы туралы айтып берді. 1991 жылдың 16 желтоқсан күні өзінің тәуелсіздігін жария етіп, Қазақстан әлемге дағдарыс кезеңінде келіп қосылды. Қазақстан экономикалық қиыншылықтарды, электр энергиясының жетіспеушілігін, өңірлердегі тұрақсыздықты басынан кешірді. Келесі күні АҚШ Президенті Джордж Буш Президент Назарбаевқа Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде ресми мойындауы туралы хат жолдады, осылайша Құрама Штаттар Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған ел болып табылады.

АҚШ Бас Консулы Президент Буштың Президент Назарбаевқа 1991 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстанның тәуелсіздігін ресми мойындауы туралы хат көшірмесін мақтанышпен көрсетті, сондай-ақ сол хатта Президент Буш  Президент Назарбаевты Вашингтонға өзінің бірінші ресми сапарын жасауға шақырды. Он екі абзацтан тұратын осы тарихи құжат ҚР Президентінің Мұрағатына АҚШ пен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастардың 25 жылдығына орай салтанатты түрде сыйға тартты. Екі ел достасып, серіктеске айналды, кейін ол ұзақ және берік қарым-қатынастарға ұласты.

Ресей Федерациясының Алматыдағы Консулы  Ирина Переверзева өзінің баяндамасында осы жерге алғаш рет келе жатқанында бір жас жігіттің: «Сіз мектепте оқып жүргеніңізде Ресейдің Қазақстандағы елшісі болам деп армандадыңыз ба?» деп сұрақ қойғанын есіне алды. «Мен мектепте оқып жүргенімде маған осындай сұрақ қойған болса, мен сұрақ қоюшыға шеке тұсымнан саусағымды айналдырар едім. Жас жігіттер мен қыздар елші болғылары келетін шығар, бірақ Қазақстанда елші боламыз деп біз ешқашан ойламаппыз, өйткені біздің еліміз ортақ болды. Біз бір-бірімізді тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтаған кезімізде біз Тәуелсіз мемлекеттер достастығының 25 жылдығы туралы айтамыз», – деді Переверзева.

Дөңгелек үстел жұмысына сондай-ақ дипломатиялық корпустың, мемлекеттік мекемелердің жетекшілері, ғылыми және шығармашылық интеллигенция, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері, қор құраушылар және ардагерлер, Алматы қ. ЖОО-ның оқытушылары қатысты. 

Арман СҮЛЕЙМЕНОВ

Аударған: Гүлнұр Серікқызы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)