Ыбырай Алтынсарин: Жаназама 99 молда шақырыңдар
02.11.2016 6701
Биыл қазақтың аса көрнекті ағартушы педагогы, жазушы, балалар әдебиетінің негізін қалаушы, этнограф Ыбырай Алтынсаринның туғанына 175 жыл

Ұлы Торғай топырағы дарынды данышпандарды, күміс-көмек әншілерді,  тарихи тұлғаларды, ержүрек батырларды дүниеге әкелген. Сол киелі топырақтан ұлтымыздың ұлы ұстазы, білім қайраткері Ыбырай Алтынсарин да туған. Ағартушы ғалымның өмірі мен өнегелі істері оқырман қауымға таныс. Десе де көпшілік біле бермейтін қызықты деректері де баршылық. Соларды оқырман назарына ұсынсақ.

1. Ибраһим есімін иеленген ұлы тұлғалардың бірі қазақың бас ақыны – Абай Құнанбаев, екіншісі қазақ ағарту саласының ұлы қайраткері Ыбырай Алтынсарин.

2. Ыбырай Алтынсаринның әкесі Алтынсары Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісті басуға қатысқан. Көтеріліс шапқыншылығы кезінде Алтынсары мерт болып, Ыбырай 3 жасында әкесінен айырылады.

3. Ыбырайдың атасы Балғожа Жаңбыршыұлы жүзбасы, Қыпшақ руының ұзын тармағын басқарған. Ол ұзақ уақыт Орынбордағы погран (шекара) комиссиясы қол астында, қыпшақ старшина болып қызмет істеген, патша үкіметінен шен-шекпен алған ірі феодалдың бірі. Белгілі би, дәулетті кісі болған.

4. Ыбырайдың шешесі Айман Шегенқызы жау жүрек, һас батырдың ұрпағы.  Әскери «Тархан» атағын қазақта тұңғыш алған асқан батыр, мәмілегер Жәнібек Қошқарұлының Ыбырайдың нағашы ұлы атасы.

5. Ыбырай Алтынсарин сот саласында да қызмет атқарды. 1866-1868 жылдары Ыбырай Торғай уезінде уақытша судья болып істейді. 1869 жылы  уезд бастығының аға жәрдемшісі болып тағайындалады. 1871 жылдар аралығында  Торғай уезінің судьясы болып жұмыс істейді.

6. Орыс географиялық қоғамына мүше болған қазақтардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. 1874 жылы орыс географиялық қоғамы Орынбордағы бөлімінің толық мүшесі болды.

7. Ыбырай Алтынсарин әйгілі орыс ағартушысы, миссионер Ильминскиймен жақын араласса да, орыс достары көп болса да, жаназасына бірде бір орыс адамын қатыстырмаған. Өйткені өлер алдында Ыбырай Алтынсарин: "өзінің қазасын аза тұтуға бірде бір орыс адамын араластырмаңдар, тіпті маған етене жақын жүрген жандар болса да жуытпаңдар",-деп тапсырған. 

8. Ы.Алтынсарин этнография саласындағы еңбектері халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын қарастырады. Оның бірі өлген адамды жерлеу және оған ас беру, екіншісі құда түсу, қыз ұзату салттары туралы айтылады.

9. Ыбырай Алтынсарин өлер алдында: "Жаназама 99 молда шақырыңдар" деп өсиет қалдырған. "Мұсылмандық шарты" деген діни оқулық жазған. 

10. Ұлы ағартушының талантты шәкірттері қатарында ізін жалғастырған шәкірттері, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушыларда түлеп ұшты. Олардың қатарында: Ахмет Бірімжанов, Әліби Жангелдин, Спандияр Көбеев, Нұржан Наушабаев, Бекет Өтеуілов, Жиһанша Сейдалин, Смағұл Майоров, Біләл Асфандияров, Ахмет Балғымбаев,  Әбубәкір  Алдияровтар бар. 

11. Ыбырай Алтынсарин кәсіби мектепте мұғалім атанған тұңғыш қазақ. Қазақ жеріндегі тұңғыш қыздар мектебі, оқу саласында қызмет атқаратын мұғалімдер мектебінің, еңбекке баулитын қолөнер мектептерінің ашылуына да Ыбырай Алтынсариннің есімімен тығыз байланыста. 

12. Ыбырайдың әйелі Айғаныс үй ішінде немесе ауылдас адам­дардың үйлеріне қонаққа барғанда жаулық тартып жүретін болса, орыс таныстарының үйле­ріне ерімен барғанда мақпал қам­зол, кәмшат бөрік киіп барған. 

13. Ы.Алтынсарин жазба әдебиетке тән проза жанрының да негізін қалады. Ол - тұңғыш рет балаларға арнап әңгіме жазған жазушы.

14. Ыбырай мен Айғаныстан үш ұрпақ өрбіді. Тұңғыштары Абдолла 1880 жылы дүниеге келді. 1887 жылы Әбдірахман деген екінші ұлы, 1888 жылы Шарипа атты қызы туды. Балалары Әбдірахман мен Шарипа жас кезінде ауырып қайтыс болады. Нағима Абдоллақызы — Ыбырай Алтынсариннің жалғыз немере қызы. Нағима атасын көрмесе де, 1924 жылы қайтыс болған Айғаныстың көзін көріп өскен.

15. Ыбырай Алтынсариннің жас кезінде шашы сиректеу болған. Сондықтан басына парик киіп жүрген.  

Әзірлеген: Алтынбек БЕКНҰР