Желтоқсанның 30 жылдығына орай конференция өтті
25.10.2016 1496
Бүгін Астанада «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен көтерілістің 30 жылдығына орайластырылған мемлекеттік іс-шаралар аясында халықаралық форумды Астана қаласының әкімдігі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Қазақстан Тарихшылары қауымдастығы ұйымдастырды. 

Форум жұмысына әлемнің сегіз мемлекетінен арнайы өкілдер, тарихшы ғалымдар мен елшілік қызметкерлері, сонымен қатар еліміздің маңдайалды тарихшылары мен Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары қатысты.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысы барысында ғылыми баяндамалар жасаған ғалымдар тобы патриоттық көтерілістің шынайы мәні мен жаппай ерлікті жоғары ғылыми-теориялық деңгейде ашуға, ЖЕЛТОҚСАН-86 феноменінің тарихи және халықаралық маңызын бағалауға, оның Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрестегі рөлі мен орнын анықтауға, сондай-ақ осы оқиғалармен байланысты басқа да маңызды мәселелерді халықаралық ғылыми және саяси стандарттар негізінде талқылауға тырысты. 

Шараның Бедел сөз бөлімінде, яғни ресми құттықтаулар аясында ҚР Мемлекеттік елтаңбасының авторы, сәулетші Ж. Мәлібеков, ҚР Мәжілісі депутаттары С. Еңсегенов, Б. Смағұл, т.б. құттықтап сөз сөйледі. 

Ал нақты баяндамалар оқылатын Кемел сөз бөлімінде сөйлеушілер Желтоқсан ақиқатының әр қырынан танытып, байыпты баяндамаларға кезек берді. Академик Ғ. Есім социалистік елдердің еркіндікке ұмтылып, тұтас бір жүйенің құлдырауына себеп болған желтоқсанның осы жолдағы мәртебесі айқындалуы шарт десе, көршілес Қырғыз елінен келген экс-спикер, тарих ғылымдарының докторы, профессор З. Курманов Жллтоқсан-86-ның Қырғызстанға әсері хақында ой толғады. Ал отандық тарихшы М. Қойгелді Алаш және Желтоқсан көтерілістерінің тарихи сабақтастығы жайында айта келіп, «тәуелсіз мемлекетімізге сай Бостандық философиясы қажеттігін» баса мәлімдеді. Түркия елінен жеткен Эржиес университетінің профессоры А. Юбалы мырза Желтоқсанды резонанс тудырған ұлы құбылыс ретінде бағалайтынын, түрік мемлекеттерінде мұндай болмағандығын жеткізді. 

Баяндамалар ішінде көпшіліктің қызығушылығын туғызған Польша ғалымы, Азиялық зерттеулер институтының директоры В. Соколовски болып шықты. Ол желтоқсан көтерілісінен кейінгі польша елінде жарық көрген саяси-қоғамдық ахуалға және сол елдегі басылымдарда жарық көрген материалдар негізінде көптеген құнды деректерді айтты. Желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбековтің құрметіне арнайы марка шығарылғаны, сол маркадан жиналған қаржының «Еркіндік пен бейбітшілік» қозғалысына жұмсалатыны жазылған дейді. 

Ал белгілі мұрағатшы, тарихшы Болатбек Нәсенов өз мақаласында мемлекеттік орган қызметкерлері мен зиялылар арасындағы тартыстарды, жала жабулар мен көрсетулерді, әсіресе ғалым А. Сейдімбектің көрген теперішін мұрағат деректері арқылы көрсетуді жөн санаған. Сондай-ақ ғалым республиканың түкпір-түкпір бойынша желтоқсан ісімен 92 адамның сотталып түрме жазасын өтегені жайындағы деректерді де көпшілікке ұсынды.

Конференцияға 70-ке жуық материал келіп түскен. Бұл мақалалардың барлығы да арнайын жинаққа еніп, университеттер мен мектептерге таратылатын болады. 

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)