Қазақ тарихы тағы бір құнды жәдігермен толықты.
Абылай ханның замандасы, атақты би, ділмәр шешен Қараменде би Шақаұлының қорамсағы табылды, деп хабарлайды «Qazaqstan Tarihy» порталы «ortalyq.kz» сайтына сілтеме жасап.
Жәдігер бидің шөбересі Рахымберлінің қызы Дәметкен ананың қолында сақталып келіпті. Кейін қорамсақ әулеттің Балқаштағы жиендерінің қолына көшсе керек.
Жәдігер тарихы туралы 73 жастағы ардагер ұстаз, Қараменде бабаның шөбересі Рахымберлінің жиені Жұмагүл Жаңбырбайқызынан сұрап білген едік.
– Қазаққа батыр мен би ортақ қой. Мен нағашыларымның тәрбиесінде өстім. Бабамыздың қорамсағы үшінші баласы Бықыға берілген. Бықы баласы Жанаққа табыстапты. Жанақ баласы Рахымберліге тапсырған көрінеді. Рахымберліден ұл жоқ. Дәркен, Дәметкен, Үміт есімді қыздар туады. Нағашы әжеміз Зағипа Сәттіқызы менің анам Дәметкенге қорамсақты аманаттап кеткен екен. Мен қорамсақты бір жылдай қолымда сақтадым.
Кейін анам сіңліміздің қолына көшіп, қорамсақты ала кетті. Сол үйде көз жұмды. Бабадан қалған тәбәрікті қазір қыздың балалары сақтап отырмыз. Би бабамыздың «менің ақырым қыздың және қыздың баласының қолында қалады» деп айтқан сөзі бар. Сондықтан, анам қорамсақты сақтауға айрықша көңіл бөліп келді, – деген Жұмагүл апаның сөзінше, қорамсақты ұстап тұратын кісе қолды болған.
Үш ғасырдан астам уақыт сақталған қорамсақ шебер қолдан шыққаны көрініп тұр. Қалың былғарыдан тігілген. Екі қайыс ілгегі бар. Бетіне ою-өрнек бедерленген.
«Ұрпақтары қорамсақты елдің назарына көп көрсете бермейді. Баба көзі – құнды жәдігерді сақтап, келешекке аманаттау – біздің басты міндетіміз» – дейді ардагер ұстаз.
Қысқаша айта кетер болсақ, Қараменде Шақаұлы (1720-1818) - Тобықтының атақты биі, шешен. Абай әкесі Құнанбайдың аузынан Қараменде бидің шешендік, даналық сөздерін көкейіне түйіп өскен. Әсіресе Қарқаралы өңіріне барып жүргенді естіген Қараменде бидің:
«Елі көшсе, бел жетім,
Үйрек-қаз кетсе көл жетім,
Ері жоқ ел жетім,
Елі жоқ ер жетім,
Жоқтаусыз кетсе, қыз жетім,
Жасы жеткен қарт жетім,
Парықсыз болса сөз жетім» -
деген өнегелі сөзін әрқашан үлгі тутып, балаларына өнеге ретінде айтып отырған. Қараменденің денесі қазіргі Жезқазған облысы Ақтоғай ауданы жеріндегі «Жұмбақ қара» деген таудың етегіне қойылған.