Зайсандағы Алаш
14.05.2019 2345
Алаш арыстарының негізгі мақсаттарының бірі Алаш автономиясының өрісін кеңейтіп, мүмкіндігінше жер-жерлерден өкілдіктер ашу болатын

Осы мақсатта Алаштың Батыс және Шығыс, Жетісу, Ақмола бөлімдері құрылды. Сонымен қатар 1918 жылдың жазында Орынборда Алаш Орданың Торғай облыстық бөлімі құрылғаны белгілі. Петропавл қаласында да Алаш бөлімі болды.

Алаш Орда көсемдері мұнымен тынбай 1917 жылғы революциялар нəтижесінде пайда болған Самара қаласындағы Комуч, Омбыдағы Сібір уақытша үкіметі,  Қоқан қаласындағы Түркістан (Қоқан) автономиясы және Башқұртстан автономиясы секілді уақытша үкіметтермен де тығыз байланыс жасауға тырысты. Алайда бұл үкіметтердің ғұмыры ұзаққа бармады. Алды бірнеше ай, ал кейбірі бірнеше жыл өмір сүрді. Осыдан кейін амалсыз, шекаралас аумақтарда Алаш үкіметінің филиалдарын ашуға ниеттенді.

Солардың бірі – Зайсан филиалы. 1918 жылы құрылған бұл бөлімше «Теңдік заман» деген атаумен жұмыс істеп тұрды. Арнайы Алаш жасағы құрылып, өз заманының белгілі байы, алаш жақтасы Жүніс Татановтың үйі атанып жүрген ғимаратта Алаштың штаб-пәтері орналасты. Оған белгілі Алаш қайраткері Райымжан Мәрсекұлы басшылық жасады. Кейін өзі Алаш қозғалысына тікелей араласқанда зайсандықтарға да бағыт-бағдар сілтеген. Зерттеушілердің айтуынша, алғашында ұйым жұмысына Міржақып Дулатұлының өзі бас-көз болып жүрген.

Оқи отырыңыз: Алаш қозғалысының Шығыс Түркістан іздері

1918 жылдың жаз айында 24 сәуірінде Міржақып өзінің идеялық серіктері Ахмет Байтұрсынов, Райымжан Мәрсековтер осы жақтан барып, арғы беттегі Райымжанның інісі Шерияздан, Қабанбай батырдың ұрқы Қанағат Сүлейменұлы бастаған бір топ делегация  Қытайдың Шәуешек қаласында кездескені белгілі. Бұл басқосуды о жақта беделі зор, әйгілі адам Таңғыт үкірдай ұйымдастырған. Делегацияның ондағы негізгі мақсаты – Қытайға қарасты Шығыс Түркістан өлкесін мекен еткен қазақтармен тығыз байланыс орнатып, арғы бетке босып барған ел мен жергілікті қазақтардың басын қосып Алаш Орда үкіметінің Шығыстағы эмиграциялық бөлімін ашу әрі бұл қазақтарды Алаш Орда үкіметінің азаматтары ретінде Қытай үкіметіне ресми тіркетіп  дербес автономиялық басқару жүйесін құру болатын.

Тарихшылардың айтуынша, Алаш арыстары алдымен Таңғыт төре Еңсеұлының ауылына барады. Олар Таңғыттан әскер және басқалай көмек сұрайды. Таңғыт төре Тарбағатай еліндегі төрт үкірдайдың басын қосып ақылдасу мақсатында Шәуешек қаласына келеді. Алайда осының бәрінен хабардар Шәуешектегі Совет үкіметінің консулдығы іске араласып, кедергі болады. Осылайша, Алаш арыстарының ұлы мақсат арқалап барған сапары нәтижесіз аяқталған. Ұзамай «Алашордамен тіл біріктірген. Совет үкіметіне қарсы адам» деген айыппен Таңғыттың өзін қамауға алады. Кейін ату жазасына кесілді.

Оқи отырыңыз: Таңғыттың тағдыры

Өкініштісі сол, бұл Алаштың Зайсан бөлімшесінің ғұмыры да тым ұзаққа бармайды. 1918 жылдың көктемінде большевиктер билікке келіп, Алаш Орда қайраткерлері қуғынға ұшырай бастайды. Райымжан бастаған зайсандық алашшыл азаматтар мен қызылдар арасында қақтығыс басталады. Ұзамай 500 кісілік қызылдар отряды жеңіске жетіп, Райымжан тұтқынға түскен. Алаш Орда үкіметі күшпен таратылып, автономия мүшелерінің біразы мәжбүрлі түрде қоғамдық жұмыстарға тартылды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан Мәскеуге үй қамағында ұсталды.

Р. Мәрсекұлы да солардың қатарында үкімет жұмысына тартылады. 1920 жылдан 1922 жылдың маусым айына дейін Семей губерниялық атқару комитетінің ақпарат-нұсқау бөлімінде нұсқаушы-тексеруші болып қызмет атқарады. Алайда мұның арты жақсы болмайтынын біліп 1922 жылы Қытайға өтіп кетеді. Сол жерде жүріп Алаш идеясын жалғастырды. 1937 жылы «халық жауы» деген атпен ұсталды. Райымжанның Қытайдағы тағдыры туралы дерек аз. Алайда сол деректердің өзі қарама-қайшылықтарға толы. Керек болса, арыстың қашан, нақты қай жерде қайтыс болғаны белгісіз. Бір деректерде «Құлжа түрмесінде өлді» делінсе, екінші бір деректерде «Семей түрмесінде өлген» делінеді.

Райымжанның інісі Шериязданның қызы Тұрдыханның айтуынша, Совет үкіметінен қысым көрген Райымжан қызы Гүлсағылды алып, 1922 жылы Қытайдың Алтай өлкесіне өткен. Сол өңірдің қазақ бай-билері Райымжанның бұл өңірге тұрақтап қалуы үшін туған қызын бір байға әйелдікке беруін өтінеді. Бірақ бұған келіспей, бір түнде қазақ жеріне кері өтеді. Алайда аңдушылардың көрсетуімен қолға түсіп, Сібірге айдалып бара жатқан жерінен қашып шығып, қайта Қытай топырағын басады. Бақты арқылы Шәуешектің Толы ауданына өтіп, Қызыр төре ауылын паналайды. Қызыр төре Райымжанды Нұржамал деген жас қызға үйлендіреді. Содан соңынан қудалау басталғанша, 1932 жылға дейін Қызыр төре ауылында тұрған.

«Ақиқат» журналының 1992 жылғы санында Мемлекеттік архивтен алынған құжат деп мынадай деректер жарияланды: Шекараның арғы бетінен түскен материалдардағы мәлімет бойынша арғы беттегі ұлтшыл қазақ контрреволюциялық орталығының жетекшісі Мәрсеков өткен жылдың (1931) соңғы күндерінде Джаирдан – Шарасуме (Жайырдан Сарысүмбе (Алтай) қаласы ауданына келген. Жолшыбай Мәрсеков Қобықтағы бай Ақыш Шерединовке тоқтаған. Мәрсеков кейбір қазақтарға өзінің Алтайдағы моңғол байларымен бірігуді көздейтінін, сөйтіп СССР территориясына шабуыл жасауды мақсат ететінін мәлімдеген. Дам мекенінде Қонысбеков Қасенге тоқтаған. Отряд Алтайға кетіп барады екен. Сапарларының мақсаты анықталмаған. Мәлімет тексеруді қажет етеді. №50- шекара отрядына Алаш отрядының Алтайға аттану мақсатын анықтау тапсырылды (ҚР Мемл. Қауіпсіздігі Комитеті архиві, 106 -Т. Архив № 9, 569-п).

Оқи отырыңыз: Қазақтардың Қытайға қоныс аударуы

Яғни Қытаймен үздіксіз жасырын байланыста болған ОГПУ және НКВД топтары шекарадан өткен әрбір қазақ пен қазақ ұйымдарының басқан ізін әбден біліп отырған. ОГПУ деректері бойынша Райымжан Мәрсекұлы басқаратын қазақ орталығының мақсаты төмендегідей болған: а) ССРО жерінде контрреволюциялық топтар ұйымдастыру, оларға басшылық жасау; ә) халықты Қытайға өткізу үшін және шекаралық аудандарды көтеріліске көтеру үшін қарулы бандылар ұйымдастыру; б) көтерілісшілерге нақты көмек көрсету; г) эмиграцияға кеткен қазақтардың Қытай жерінде хандығын құру»  Т. Омарбеков. Шетелдегі қазақ жасақтары // Ақиқат, 1994, №11, 40-б.

 

Райымжан Мәрсекұлы 1879 жылы Семей облысы Өскемен уезінің Айыртау болысында туған. Қайда, қашан қайтыс болғаны белгісіз.

Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері, Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, заңгер, публицист. Қазақтан шыққан білікті заңгерлердің бірі.

Өскемендегі уездік орыс-қазақ мектебін бітірген соң, Омбыдағы классикалық гимназияға оқуға түседі. Қазақша, орысша екі тілге бірдей жетік болып, зеректігімен жұрт назарына ілігеді. 1897 жылы гимназияны жаксы нәтижемен бітірген ол жоғары білім алуды армандап, алғаш Қазан университетіне түседі.

1899 жылы Санкт-Петербургтегі Император университетінің заң факультетіне ауысады. Университетті 1902 жылы заңгер мамандығы бойынша бітіріп шығады. 1902-1908 жылдары Семейдің округтік сотында қызмет атқарды. 1908 жылдан 1912 жылға дейін Омбының сот палатасында жұмыс істеген. 1912-1917 жылдар аралығында Семейде заңгер, адвокат болып қызмет еткен.  

1917 жылы Семейде қазақ комитеті құрылғанда оның төрағасы болып сайланды. Сонымен бірге уақытша үкіметтің облыстық атқару комитетіне мүше болады. 1917 жылы 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында Семей облыстық қазақ съезі өтеді. Сол жылы күзде Алаш партиясы атынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутат болып сайланды.

1918-1919 жылдары Семей облыстық жер басқармасының төрағасы болды. Осындай жауапты, лауазымды қызметтерде жүріп, қазақ қоғамында жаңаша сот қағидасын қалыптастыру, соттар ұйымдастыру, Алаш әскерін жасақтау, жер дауын шешу, елді азық-түлікпен қамту, қазақ жастарын оқыту ісін жүйелі жолға қою сияқты істер атқарған.