Қан қақсатқан кім?
13.05.2019 2627
Ұлт тарихына қанды күндер болып еніп, халық арасында бүлік туғызып, зорлық пен қорлықтың үрейлі естелігі болып таңбаланып қалған қасіретті оқиғаның бірі «Қараноғай-Шала оқиғасы» деп аталады

Бұлардың жоқ жерден пайда болып бас көтеруіне түрткі болған Дорошенконың әрекеті ақтарлық шаруаға жата ма? 1922 жылдың соңғы күндерінде Шу бойындағы халықтың аза бойын қаза қылған қанды оқиға қалай басталған еді?

Ел арасында «Байсейіт-Мұқыш әңгімесі» деп те айтылатын бұл жағдай күзеуден қыстауға оралып енді орныққан ел-жұртқа байланысты туындаған, зомбылық пен озбырлық үстемдігі бейбіт халыққа қатты батты.

Қазақ жерінің тұтастығы әлі дұрыс қалыптаспай тұрған өліара шақта Шу бойы мекендеген болыстар терістігіндегі ҚазАССР құрамына кіруден гөрі Түркістан АССР өтуді құп көреді. Осыған орай болыс жерлерін Түркістан Асср құрамына кіргізіп, заңды ресмилендіру мақсатында 1922 жылдың күзінен бастап аймаққа белгілі адам Мұқыш Әділұлы іске кіріседі. Қазақ тарихындағы алғашқы театрдың директоры болған Дінше Әділов осы кісі. Сырдария облыстық атқару комитетінен арнай мандат алған ол ауыл-ауылды аралап жүріп, жиналыстар өткізіп, ел тілегіне орай тұжырымдалған қаулы-қарарларды жинастыруды ұйымдастырады.

Осылай абыр-сабыр күй кешіп жатқан Шу бойы халқын көршілес ауылдарда Совет үкіметінің атынан үкім кесіп, жаза тағайындап жатқан «Қараноғай» есімді біреудің зорлық істері естіле бастайды. Көп ұзамай, Қараноғайдың шын есімі анықталады: Ақмола уездік атком мүшесі Ғалым Әбубәкіров болып шығады.

Тұрсын Жұртбай «Ұраным – Алаш» кітабында 1928 жылғы тергеудегі Дінше Әділевтің Қараноғаймен таныстығын былай баяндайды: «Мен өзімнің ауылыма келген соң ел-жұрттың есін шығарған Қараноғай дегеннің бүліншілігі туралы көп естідім. Кейіннен оның Ақмоладан келген Әубәкіров (Әбубәкіров) деген екенін білдім. Бұған дейін бұл Әубәкіров Ақмола өкіметінің атынан құрылған Ақмола мен Қарқаралы уездерінің арасындағы барымта дауын реттейтін комиссияның төрағасы болып істепті».

Күз түсе Шуға аттанған Ғалым Әубәкіров ол жақтағы 7 болыс тама, 2 болыс тарақты Ақмола уезінен Әулиеатаға ауысып кеткелі жатыр, соның жұмысын реттеуға тапсырма алады.  Большевик Ғ. Әбубәкіров басқарған комиссия іссапарға шыққанымен, елеулі нәтижеге қол жеткізе алмай, қайтып кетеді, ал Әбубәкіров қарамағындағы сегіз милиционермен салық жинауды желеу етіп ел ішінде қалып қояды. Ақтау, Ортау болыстарын аралап жүріп, жаңа жақтастар, ел ішінен барымташылар жинайды, өз құрамын қаруланған милиционерімен жасақтайды. Тергеудегі көрісіндіде Дінше: «Соның нәтижесіне Әубәкіровтің қарамағындағы жасақтардың саны 50-60 адамға жетіп, аңшылар мен тұрғындардан қаруды тартып алуға көшіпті. Әубәкіровке Жолдыбаев Шана (Шала) деген біреу ерекше жақын болып, оның оң қолына айналыпты. Ал ол болса кезіндегі әйгілі барымташы еді. Сондайлардың бірі, милиционер Мұстафин Сапар деген де жасақтың қатарына алыныпты» деп баяндаған.

Қараноғай бастаған құйынды топ Шу бойындағы болыстардың ішін алатайдай бүлдіріп, әр алуан жүгенсіздіктерге жол береді. Жаңа өкіметтің атын жамылып, ойына келгенін жасап жүрген Әбубәкіровтің бейбастақ әрекетіне жергілікті жұрт шағымданады. «Соған байланысты Ақмола өкімет орындары тәртіпсіздікті жөнге келтіру үшін коммунистік взвод жұмсайды, алайда қарулы текетіреспен де оң нәтижеге қол жеткізе алмай, кері қайтады. Бұдан соң Әбубәкіров жасағымен тарақтыларға қарай жылжып, Шу өзені бойынан орын тебеді. Сонда өзіне қыстау салып алады. Қыстау маңына қыз-келіншектері бар үйлерді көшіртіп әкеліп, айнала қондырады, күніне кешкісін әйелдер мен қыздар алдыртып, сауық құрады» деп жазады тарихшы Б. Қойшыбаев.

Осылайша тал түсте халықты талан-таражға түсіріп, қыз-келіншекті басынуды, ар-намысты аяққа таптауды ойыншыққа айналдырған Қараноғайдың қаны бұзық тобына халық наразылығы күрт артып, ашу-ызаға булыққан жұрттың шағымына орай ауданы милицияның өкілдері қатысқан халық кеңесінің шешіміне сәйкес, Қараноғай мен Шаланы тұтқынға алуды ел арасында беделі зор Байсейіт Әділұлы, аудандық милицияның бастығы Байжанов және тағы бір абыройлы тұлға Мәдібек Кеншімов жүзеге асырады.

Тарақты елінің ойран-топырын шығарып, соңынан жасағын екіге бөліп, Ғ. Әбубәкіров өзі бастаған тобы ағайынды Әділовтерге енді тама елінің арасына барғысы келетінін айтып жеткізеді.

Байсейіт барғаннан көп өтпей, Әубәкіров пен оның жақтастарын тұтқындап, жасақтарының қарусызданғанын айтып, інісіні хат жазып, келіп кетуін сұрайды. «Әубәкіров ұсталған жерге келсем, Байсейіт онда жоқ болып шықты. Онда қолға түскен Әубәкіровтің өзі және оның көмекшісі Жолдыбаевпен бірге жүрген барлық милиционерлер бар екен. Оларды қолға түсіру барысындағы қарбалас кезінде Жолдыбаевты сол отрядтың бұрынғы милиционері Жексенов деген жаралап алыпты, ол жаралы күйінде жатыр екен. Тұтқындалған адамдарды Әубәкіровтің жасақтарының қаруымен ауыл тұрғындары күзетіп тұр екен» дейді Дінше.

Әбубәкіров милиционер Шала Жолдасбаев екеуінің ұсталған жердің аты – Ұланбел. 1921 жылдың аяғында Ақмоладан Атбасар уезіне қызметке ауысып, демалыс алып ауылында жүрген Әділдің Байсейіті Қараноғай-Шаланы аттырып, Шудың мұзын ойып тастатып жібереді. Анығында бұл үкім қалай іске асты?

Дінше тергеудегі жауабында: «Халықтың қатты наразылығына ұшыраған Әубәкіров пен Жолдыбаевты алдын-ала сұрақтан өткізіп, олар өздерінің кінәсін толық мойындаған соң, екеуін ату жазасына кесіпті. Оны орындауды маған тапсырды, – дейді де, ары қарай үкімнің қалай орындалғанын баяндайды: – Бәріміз ақылдаса келіп үкімді Шу өзенінің жағасында орындау туралы бәтуға келдік, сөйтіп, олардың денесін өзеннің мұзының астына тастау керек деп шештік. Осы шешімге байланысты мен тұтқындалған Әубәкіровті ертіп Шу өзеніне қарай жүрдім...

...Бұдан кейін Әубәкіров мұздың үстіне барып тұрды, сол кезде оны аудандық милицияның милиционері Жайлаубай Байларов атып салды... Өлікті мұздың астына батырып жібердік те, біз жақын маңдағы ауылға бет алдық».

Соылайша халық кегі алынып, Әбубәкіров жасағы елден зорлықпен тартып жинап алған дүние-мүлік иелеріне қайтарыла бастайды. Ал құм ішіне сіңіп кеткен Сапар Мұстафиннің жасағын тауып алып, оның отрядын қарусыздандыру жұмысы Дінше Әділұлына тапсырылады. Алайда ол барғанша бұл жасақты халықтың өзі қарусыздандырады. Жұрттың қолынан жиып алған мылтықтарды Дінше Әулиеатадан келген қылмысты тергеу басқармасының бастығы Сингаревке тапсырады.

«Біздің ізімізге түсіп, бәрімізді тұтқындады да, ешбір кеңес мекеменің нұсқауынсыз 16 винтовка, 5 берденкамызды тартып алды. Ойларын жүзеге асырған соң Әулиеатаға өз өкілдерін жіберіп, түрлі жаламен бізді қаралады» дейді Сапар Мұстафин қарсы жазылған арызында.

Ең қызығы сол, Қазақ атқару комитетінің басшылығына жазған Сапар Мұстафиннің арыз-шағымында  48 қазақ болысынан тұратын Ақмола уезінің, оның ішінде тама руының 7 болысы және тарақты руының 2 болысы үш жылданбері Ақмола облысынан Сырдария облысының Әулиеата уезіне Дорошенко сияқты элементтердің заңсыздық әрекеттерінен әр түрлі мемлекеттік салықтардан құтылу мақсатымен көшуге ұмтылуының жай-жапсары толық сипатталады.

«Ақмола облысынан ауқатты 9 болыстың қашуына Дорошенконың қарақшылық қылмыстары себеп болғанын тағы да айтқанымыз артық болмас. Аға милиционер Дорошенко 1921 жылы елден қажетті көмек жинау уақытында (мобилизация) осы болыстардың ешбір кінәсі жоқ 15 адамын атып тастаған.

Қазақтарды күнде ұрып-соғып арамдығын жасаған. 1922 жылы көрші болыстардың бірнеше адамын атып тастап, кез келген тәртіпсіздікті жасады, қазақтарды қылышпен тілгілеп, елді тонады. Дорошенко Ақмола губерниясының оңтүстігіндегі елді мекенге айуандықпен зорлықтың аса қорқынышты күшіне, қанаушыға және төгілген көздің жасы мен қанына айналдырып отыр. Оны бар ақмолалықтар білуге тиіс. Енді ол тағы да бостандыққа шығып, осы ісін жалғастырар болса, Ақмола облысының бүтін оңтүстік шет аймағы Түркістан республикасына кетіп қалып, тұрғындар арасында тонау, барымта, жаулаушылық жорықтары, т.б. одан әрі көбейеді» деп жазады С. Мұстафин.

Қараноғайдан халық кегін қайтарған ағайынды екеудің тағдыры қалай қалыптасты? Қандықол қылмыскерді құртқаны үшін Байсейіт айыпталып, 1924 жылға дейін түрмеде тергеуде болып әрең құтылады. Содан былай оны совет үкіметі жұмысына жуытпайды. Байсейіт кәмпескеге қарсылық білдіріп, елді көтеріліске дайындап жүр деген көрсетіндімен оның соңына түседі. Ақырында Шолаққорған маңындағыҚанжуған деген жерде Науан деген туысының үйінде жатқанда ОГПУ-дың бастығы Егімбаев жасағы Байсейіт жатқан 5-6 үйді қоршап алып атқылайды. Ол жасақта Байсейіттің туған бөлесі Жағалбайлы Тоқсанбайдың Нығыманы, Сарысу ауданы атқару комитетінің төрағасы Макин Құсайын, Түсіпов Рақымжан деген қаратаулық жігіт бар еді. Осы айқаста Байсейіт тірідей берілуден бас тартып, өзін-өзі атады.

Ал бауыры Дінмұхамедті ұстауға 1928 жылы Сырдария уезінің ОГПУ-інен И. Шумилов деген аттанады. Ол құм ішіндегі үш-төрт үйде бой тасалап жүрген Діншені тұтқындайды. Шумиловқа ол жатқан ауылды көрсетіп, бірге барып ұстасқан Сапалай деген өңірге белгілі, асқан әнші, ақын жігіт болған дейді.

Қалай болғанда да алақұйын аласапыран уақытта халықты мидай сапырып, қойдың құмалағындай бытыратқан ел билеушілердің әрекеті де тарих тезі мен уақыт сынына түсері хақ. Ақмола болысының адамдарын Әулиеатаға бермеймін деп шабылған «Қараноғай» Әбубәкіровтің жанталасы мен жай жатқан елдің жанайқайын шығарып, бас сауғалап, жан арашалауға мәжбүр еткізген Дорошенкодай дойыр найсаптың басбұзарлығы – бірін ақтап, біріп жақтап қоя салатын теп-тегіс дүние емес.