Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

2013 жылдың 12 желтоксанында Астана қаласында мемлекет тарихы институтының ұйымдастыруымен "Қазақстан тарихын дәуірлеу туралы" республикалық семинар-тренингі өткізілді

29876
2013 жылдың  12 желтоксанында Астана қаласында мемлекет тарихы институтының ұйымдастыруымен "Қазақстан тарихын дәуірлеу туралы" республикалық семинар-тренингі өткізілді - e-history.kz

Ұлттық тарихты зерделеуде жаңаша көзқарастар қалыптастыру мен Қазақстан тарихының мәселелер ауқымын қалың көпшілікке жеткізу мақсатында,  семинар-тренинг жұмысына Қазақстан Республикасы ғылыми-зерттеу институттары ғалымдары мен  ЖОО-ның оқытушы-ғалымдары, БАҚ қызметкерлері қатынасты. Күн тәртібінде қарастырылған «Қазақстан тарихын дамыту тұжырымдамасы туралы» және «Қазақстан тарихын дәуірлеу мәселелері» жөнінде пікір алысып, ой бөлісті.

Төменде семинар-тренинг аясында ғалымдардың сөйлеген сөздерінен үзінді беріп отырмыз.

41831f76f1965b847073d26972ca8e37.jpg


-Бүркітбай Ғелманұлы Аяған, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Құрметті әріптестер! Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ, тарихи зерттеулердің «Халық тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Ғылым комитеті жанынан Мемлекет тарихы институтының ұйымдастыруымен бағдарлама тұжырымдамасы мен жобасы жасалынды. Республикалық тарихшылар қауымдастығы академиясы оқулықтар мен оның бағдарламаларын жаңғыртуға қатысты жұмыстар атқаруда, Тарихшылардың Ұлттық Конгресі жұмысы жандануда, «Мемлекет тарихы», «Мәңгі ел» ғылыми-көпшілік тарихи журналдары шығарылады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Қазақстан-2050» Стратегиясының тақырыптық жоспарына сәйкес, Ұлттық тарихтың мәселелері бойынша 2013 жылдың желтоқсан айында республикалық төрт семинар-трениг өткізілгені баршаңызға мәлім. Онда «Қазақстан тарихын дамыту тұжырымдамасы», «Қазақстан тарихын дәуірлеу» туралы өзекті мәселелер қарастырылған еді.Басты мақсат - ұлттық тарихымызды бүгінгі көзқарас тұрғысынан зерделеу және жаңа ғылыми тұжырымдарды көпшілікке жеткізу арқылы елдің тарихи санасын жетілдіру.

Бүгінгі аймақтық бесінші семинар-тренингте «Қазақстан тарихын дәуірлеуге» байланысты жаңаша көзқарастар мәселелері жөнінде және оның өзектілігіне байланысты туындаған сұрақтар төңірегінде біршама ойымды білдіргім келеді: Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан тарихына қатысты жұмыстар легі неден басталып еді? Тәуелсіздік қарсаңында «Қазақстан тарихы» 1990-1991 оқу жылынан бастап қана мектептің оқу жоспарына жеке пән болып енгізілді. 1992 жылы «Қазақстан тарихын оқыту» тұжырымдамасы қабылданды. Онда «негізгі бағдарламаның да, оқулықтың да 2-3 нұсқасы жасалғаны тиімді» делінді. Соған сәйкес бірнеше нұсқалар ұсынылды. Өтпелі кезеңге арналған уақытша нұсқалардың бірінде жаңа тарих 9 сыныптан (ХVІІІ ғасырдың аяғы - ХІХ ғасырдан бастап 1915 жылға дейін), қазіргі кезең 10-11 сыныптарда (1916-1945 және 1946 жылдан бүгінге дейін) екіге бөлінді. Ал екінші бір нұсқасында Жаңа дәуірдегі Қазақстан ХVІІІ ғасырдың ортасынан – 1915 жылға дейін, ал Қазақстанның қазіргі заман тарихы 1916-1945 және 1946 жылдан бүгінге дейінгі аралықты қамтыды.

1995 жылы «Тарихи сананы қалыптастыру» тұжырымдамасы қабылданды. Сонда да жалпы білім беретін мектептер мен арнайы-кәсіптік және жоғары мектептерде Қазақстанның жаңа тарихы ХVІІІ ғасырдың ортасынан, яғни Қазақстанның Ресейге қосылуынан бастап, ал Қазақстанның қазіргі тарихы1917 жылғы қазан революциясынан, яғни Қазақстанда кеңестік биліктің орнауынан бастап оқытылып келді.  Әрине, Қазақстан тарихына бетбұрысты кезеңнің алғашқы жылдарындағы немесе жоғарыда айтылғандай өтпелі кезеңдегі дәуірлеу бүгінде өзін-өзі ақтады деуге болады. Бірақ, бұл дәуірлеу қазіргі жаңа ғылыми тұжырымдарға сай келмейді.

Осы күнге дейін ғылыми айналымға енген тарихи құжаттар мен материалдар Қазақстан тарихын ұлттық мүдде тұрғысынан қайта қарастыруға жол ашты. Көптеген іргелі тарихи зерттеулер мен монографиялар шықты, көне дәуірден бүгінге дейінгі ұлттық тарихымызда жаңа концепциялар пайда болды. Кейбір тарихи фактілердің қарама-қайшылығына қарамастан, тарих ғылымының жетістіктері мектеп оқулықтарына енгізіле бастады, бұл процесс әлі де жалғасын табуда.

Келесі мәселе, Қазақстан тарихын дәуірлеуге қатысты: Соңғы кезде тарихшылар мен оқулық авторлары Қазақстан тарихын дәуірлеудің әртүрлі нұсқаларын ұсынып жүр.  Зерттеу обьектісі Қазақстан тарихының қазіргі кезеңімен тікелей байланысты, Мемлекет тарихы институты да дәуірлеудің жаңа және қазіргі кезеңі бойынша мынадай нұсқаны назарларыңызға ұсынады:

I) Ерте дәуірдегі Қазақстан; II) Ортағасырлардағы Қазақстан; III) Қазақстанның жаңа тарихы (1920 – 1990 жылдар); IV) Қазақстанның қазіргі заман тарихы  (1991 жылдан бүгінге дейін).

Біріншіден, Қазақстан тарихын Дүние жүзілік тарихтың құрамдас бірі бөлігі ретінде қарастыратын болсақ, алдымен ұлттық тарихты дәуірлеуді осы 4 кезеңнің (ерте, ортағасыр, жаңа, қазіргі) аясында қарастыруымыз керек. 

Екіншіден, 1917 жылғы Алаш автономиясы мен 1918 жылғы Түркістан АКСР-ымен салыстырғанда, кеңестік жүйеде болса да ресми мойындалған Қазақ мемлекетінің жаңа тарихы 1920 жылғы Қазақ АКСР-ның құрылуынан басталады. Бұл - тарихи факт. Алғашқы Қазақ Республикасының астанасы ХХ ғасырдың басында Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ зиялылары шоғырланған Орынбор қаласы болды. Осы кезде қазақтың саяси элитасының мемлекет басқару тәжірибесі қалыптасты және солардың ат салысуымен қазақ жерінің шекарасы бекітілді.

Үшіншіден, 1922 жылы құрылған Кеңес Одағының құрамында болуына қарамастан, кеңестік республиканың атауы «Қазақ» деп аталды.

Төртіншіден, тәуелсіздік қарсаңындағы 1990 жылдың 4 сәуірінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұңғыш рет Қазақ КСР-нің Президенті болып сайланды. Басқаша айтсақ, еліміздің тарихындағы алғашқы Президенттік билік «Қазақ» атауымен жаңғырды.

Бесіншіден, тәуелсіздік тарихын жасаушы тарихи тұлғалар (қоғам және мемлекет қайраткерлері, заңгерлер, экономистер, тарихшылар т.б.) кеңестік дәуірдің төл перзенттері. 

Өзекті мәселелердің бірі, Қазіргі заман тарихының бастауын қалайша негіздеуге болады? Қазақстанның қазіргі заман тарихынәлемдік саяси маңызы бар оқиғалармен, түбегейлі экономикалықөзгерістермен сипатталатын 1991 жылғы 16  желтоқсаннан бастауға негіздер жеткілікті. Біріншіден, 1991 жыл  Дүние жүзілік тарихтың аясындағы қазіргі кезеңнің соғыстан кейінгі екінші кезеңіне кіреді. Екіншіден, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздіктің жарияланған жылы және әлемдік кеңістікке дербес мемлекет ретінде шыққан жыл.  Үшіншіден, бұрынғы жоспарлы экономикадан бас тартып, бәсекеге қабілетті нарыққа көшкен бетбұрысты кезең. Төртіншіден, еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы алғашқы реформалар мен оларды қайта жаңғырту кезеңі. Бесіншіден, Қазақстан мемлекет ретінде аяғынан тік тұрып, қалыптасқан кезең. Алтыншыдан, 1991 жылғы тәуелсіздікпен бірге жаңа ұрпақтың өмірге келген кезеңі болып отыр.

Осы негіздерге сүйене отырып,  алдағы уақытта Қазақстан тарихын оқыту тұжырымдамасына, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен типтік оқу бағдарламаларына Жаңа және қазіргі тарихты кезеңдеуге байланысты жоғарыда аталған өзгерістерді енгізуді ұсынамыз.

Қазақ тарихының ең жарқын беттерінің бірі тәуелсіздік жылдары болып табылады. Енді Тәуелсіз Қазақстан тарихын  кезеңдеу бойынша ой бөлісе, негіздеп көрелік:

Бірінші кезең – бұл «Тәуелсіздікке қол жеткізу» дәуірі. Бұл  1991-1996 жылдар аралығындағы кеңестік мемлекеттік жүйенің күйреуі және қазақстан мемлекеттілігі негізін қалыптастырудың бастапқы кезеңіндегі маңызды оқиғаларды қамтиды. Мемлекеттің ауыр жағдайына қарамастан, мемлекет білім беру, ғылым, мәдениет және спорт сияқты маңызды салаларды депеп отырды. Дәл осы кезеңде, Қазақстан басшылары ұлтаралық бейбітшілік және тұрақтылықты сақтай алды. Жүргізілген реформа барысында қазақстандықтардың жылдан жылға өздерінің болашаққа деген сенімін нығайта түсті.

Екінші кезең бірінші кезеңнің табиғи жалғасына айналған «Жаңа мемлекеттің қалыптасу (1996-2012жж.)» дәуірі. Бұл кезеңде экономикалық, әлеуметтік және қоғамдық-саяси салаларының «үш жақты өтпелі» кезеңді табысты жүзеге асырды. Біріншіден, ұлттық мемлекет қалпына келді және жаңа саяси жүйе құрылды. Терең нарықтық реформа қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге мүмкіншілік берді және дамудың мықты институттарын құрды. Нәтижесінде қоғамдық санада түпкілікті және іргелі қайта ойлау жүйесі, яғни коммунистік идеология аңызынан, нақты еркін әлем және тәуелсіз мемлекет түсінігін қалыптастыруға ықпал еткен  өзгеріс пайда болды. 90-жылдардың екінші жартысында өң өзгерістер байқалды: экономикалық жағдай тұрақталды, тұрғындар көші тоқтады. Жүргізілген реформадан кейін саяси жүйе нығайды. Қазақстан көптеген беделді халықаралық ұйымдардың белгілі мүшесі болды. Бұл қысқа мерзімде ұлттық экономика әлемдік шаруашылықта кіріге бастады. Қазақстан дүниежүзінің серпінді дамыған елдерінің бестігіне, ал 2012 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) көлемі бойынша  экономикасы ірі 50 елдің қатарына енді. Қазақстан бұл кезеңде өзінің егемендігі мен аймақтық тұтастығы жөнінен халықаралық сенімге ие болды. Қазір азаматтық бейбітшілік пен ұлтаралық келісімнің Қазақстандық моделі әлемдік эталон ретінде мойындалған. Астана жаһандық конфессияаралық үнқатысу орталығы бола отырып, дүниежүзілік және дәстүрлі діндер көшбасшылар съездерін үнемі өткізіп тұрады.

Үшінші кезең – елде қайта құрулар жүргізілгеннен кейін Қазақстан өзін қалыптасқан мемлекет ретінде бекіте алғандығын айқындайды (2012 жылдың желтоқсанынан бүгінге дейін). Елбасының басшылығымен қысқа мерзім ішінде, қақтығыссыз, кең ауқымды реформалар жүргізілді. Қазақстан ядролық қаруды таратпау саясатын ұстанды. «Қазақстан жолы» Стратегиясы өзін ақтады. «Қазақстан-2030» Стратегиясында қойылған мақсаттар мерзімінен бұрын орындалды. Сондықтан да Мемлекет басшысы Тәуелсіздік күні мерекесінде әлемнің 30 көшбасшы елінің тізіміне ену міндетін қойды. Қазақстан XXI ғасырдың бірінші онжылдығының соңындағы жаһандық дағдарыс сынынан өтті. Мемлекет нарықтық реформаны жүзеге асыра отырып, адам капиталының дамуына және тұрғындардың өмір сапасының көтерілуіне басты мән берді. Қазақстан халқы бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан 140 ұлттар және 17  конфессия өкілдерін біріктіріп отыр.

eca9fb52d9560fdadcc63c6f208adccb.jpg

-ҚР ҰҒА академигі Оразақ Ысмағұлов: Халық қайдан шықты? Тарих осы мәселеден бастау алу қажет. Оны талдағанда және айтқанда ғылымның шегіне қарай сөйлеу керек. Адам баласының мәдениеті өз қолында, мамандар бар. Осы мамандар легі кешенді зерттеу жұмыстарын үйлесімді ұйымдастыра алуы шарт.

-Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембайұлы: 1993 жылы Қазақстан тарихын кезеңдеуге қатысты  академик М.Қ. Қозыбаев (9 кезеңге бөліп қарастырды), академик О. Исмагулов және т.ғ.д. В.З. Галиев өз көзқарастарын білдірген еді. Менің көзқарасымда негізгі тарихи кезеңдерді: әлем тарихымен байланыстыра  Тарихқа дейінгі кезең (2 млн. жылдан б.э.д. VIIIғ.дейін) және Ежелгі немесе прототарих кезеңі (б.э.д. VIII ғасырдан б.э. Vғасырына дейін); Орта ғасырлық кезең (б.э. V-XVғғ.); қазақ хандығы кезеңі (XV-XIXғ. басы), Ұлттық тәуелсіздік үшін күрес кезеңі; Қазақстанның отарлық тарихы кезеңі (Ресей патшалық отары және Кеңестік кезең); Қазақстанның тәуелсіздік тарихы кезеңі ретінде қарастыруға болады.

2a7fb406755b8181e6fb7ab7102c6ea8.jpg


  -ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, тарих ғылымдарының докторы Ғани Мұқашұлы Қарасаев: қазақтарихының өзіндік ерекшеліктерін  ескере, Қазақстанның қазіргі территориясы  туған ұлтымыздың тікелей арғы ата-бабалары - бастауларын тас, қола дәуірлерінен алатын рулар мен тайпалардың қалыптасқан, дамыған  орны болғандығын, сондықтан да  ол қазақтардың  тарихи мекені, ал кейін осы халық  негізі болған көпұлтты аймаққа айналғандығын дәріптеу арқылы  Қазақстан тарихын сабақтастық тұрғысында  оқытудың өзара байланысты  мөлшермен бес  кезеңін айқындауға болады. Оны қысқаша тұжырымдасақ:

     Қазақстан тарихының бірінші, ерте дүниелік кезеңі:Бұл уақыт  еліміздің территориясында  тас дәуірінен бастап (мөлшермен  800 мың-140 мың жыл бұрын) -  біздің заманымыздың  6-ғасырының  ортасына дейінгі кезеңді қамтиды.

  Қазақстан тарихының екінші, орта ғасырлық кезеңі -біздің заманымыздың  ҮІ ғасырының ортасынан, яғни, түркі қоғамының негізделуінен  басталады. Бұл кезең ХҮІІІ ғасырдың ортасына дейінгі мерзімге созылады.

Қазақстан тарихының ХҮІІІ ғасырдың ортасынан  үшінші, жаңа тарихтық кезеңі бастау алады. Бұл уақыт ХХ ғасырдың 20 жылдарына дейін созылды. 1917 жылғы  Ресейдегі орын алған ақпан және қазан төңкерістері осы мемлекеттік құрылымның құрамында болған Қазақстанға да әсер етті. Қазақ халқы өзінің еркінен тыс бір саяси жүйеден екіншісіне өтті. Төңкерістер мен азамат соғысының зардаптарын басынан кешірді.

РКФСР құрамындағы  байырғы қазақ территориясының  басым бөлегін қамтыған  Қазақ Автономиялы Кеңестік  Республикасының негізделуімен Қазақстанның төртінші, кеңестік дәуірдегі  қазіргі заман тарихы басталады. 1985 жылғы КОКП-ның Сәуір Пленумынан бастау алған  қайта құрулардың нәтижесіндегі кеңес халықтарының толық еркіндікке ұмтылуы, т.б. құбылыстар  Кеңес Одағының тарауына әкеліп соқты. Қазақстан өзінің егемендігін жариялап, тәуелсіздігін алды.

     Ел тарихының  көпұлтты  тәуелсіз мемлекет ретіндегі бесінші кезеңі 1991 жылдың желтоқсан айынан  басталады. Қазақстан тарихын  көрсетілген кезеңдерге бөліп  оқыту оның өткені мен болашағының, соның ішінде қазақ халқының  осы территорияда  ұзақ мерзімді  тарихи құбылыстар негізінде  қалыптасқандығының жүйелілігін де қамтамасыз ететіндігі белгілі. 

-Абай атындағы Қазақ ҰПУ-і, тарих ғылымдарының докторы Әзімбай Ғали Бейсетбайұлы: Қазақстанда тарихты кезеңдеудің негізгі сұлбасы бар. Тарихшы қалай болу керек? Қазақ тілін, ағылшын тілін қосымша білсе тіпті жақсы меңгерген адам болу керек. Ақпараттық қауіпсіздік сақтауда, тарихшылардың ғылыми еңбектерін ағылшын тіліне аудару қажет. Сонда шетелдік ғалымдардан сұраныс болады. Ресеймен қатарласып тарих жазуға болмайды. Тарихшылар бірлескенде ғана нәтижеге жетеміз. Алты алаш тарихы болды. Сонымен қатар, мәселен, Абылай ханмен Нұрекеңді салыстырамыз. Дұрыс түсініңіздер менің ойымша, ол Елбасы қызметі мен әлемдік танымал әлеуетін  кемсіту. Ара жігін ажырату керек. Жаһандық кеңістіктегі жаңғырту үрдістерінен қалмай елін бастаған Ұлт көшбасышысының деңгейі тіпті бөлек дүние. Қазақстандық ғалымдар батыстық зерттеушілер тәсілдерін көшіріп алмаса да, әдістерін қолдануға әбден болады, тек өз деңгейінде. Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен жүргізілген елдегі әлеуметтік-экономикалық реформа ерекше зерттеу объектісіне айналу қажет.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе аймақтық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Ақышұлы Абдуллаев: Тарихтың, оның ішінде отан тарихының маңызды мәселесі, оның методологиясы болып табылады. Тарих теориялық негіздейтін емес, ұғындыратын ғылым. Ол әлеуметтік-гуманитарлық ғылым жүйесінде басты орын алады, тарихи сана ұлттық мәдениеттің өзгертілмейтін құрамдас бөлігі болып табылады. Тарих қайталанбайды, адамзаттың барлығы әр кезеңде өздерінің өткенін зерделеген, өткеннен үлгі алған, қорытындылар жасаған, бүгіні мен келешегіне қажетті дүниелер іздеген. Тарих заңдылықты бекітпегеннің өзінде, жинақталған фактілердің шешімін табуға кілт боларлықтай, белгілі бір фактілердің  құндылықтар, жіктеулер және саралау жүйесін ұсынады. Тарихтың әрбір кезеңі белгілі бір деңгейді көрсететін өткен құбылыс туралы түсінік. Қоғам қозғалысына қарай оны танудың да тәсілі өзгеріп отырады. Тарихи зерттеу объективтілігіне екі фактор әсер етеді: тарихшының іштей ақиқатқа жету талпынысы және түпнұсқалық фактілер мен олар туралы негізделген көзқарастарға қоғамдық сұраныс.

4ea263065523979797831cf16437eb05.jpg

Қарастырылған «Қазақстан тарихын дәуірлеу»  мәселесі жөнінде аймақтар мен орталықтардан пікір білдірушілер тарапынан ұсыныстар күтеміз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?