Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Қорқыт ата кітабындағы» жырлардың сюжеттік желісі

29818

Аңдатпа: Көптеген халықтардың әдебиеті мен мәдениеті үшін зерттеу жұмыстарына негіз болатын келелі тақырыптары болады. Түркі тарихында осындай ауқымды тақырыптың бірі-«Қорқыт ата кітабы». Бұл тақырыпта жасалған зерттеу жұмыстары көптеп саналады. Дегенмен-де, бұл салада да зерттелмеген бағыттар, әрі сол феноменді терең түсінуге көмектесетін мәселелер-де бар. Аталған мақалада «Қорқыт ата кітабындағы» жырлардың сюжеттік ұқсастықтары сөз болады. 

Бұл жалпы түркілерге ортақ эпостың сюжетіне, оның мотивтеріне жан-жақты салыстырмалы талдау жасаудың өзіндік бір қадамы. Кілт сөздер: Қорқыт ата, оғыз, сюжет, мотив, эпос. «Қорқыт ата кітабы» оғыз тайпаларының өмірі мен тұрмысын, салт-дәстүрін суреттейтін он екі жырдан тұратын жалпы түркі әлеміне ортақ ұлы туынды. Сол кездегі оғыз тайпалары туралы жырларды оқи отырып, олар үшін мораль мен сенімділік, батырлық, батылдық қаншалықты маңызды болғандығын көреміз. «Қорқыт ата кітабы» эпосының толық атауы «Китаби дедем Коркут ала лисани таифеи огузан» — яғни «Оғыз тайпалары тіліндегі Қорқыт атамның кітабы» деп аталған [1,1]. Бұл эпостың екі түрлі варианты белгілі. Біріншісі- 12 батырлық дастаннан тұратын неміс ғалымы Генрих Фридрих Дитц тауып, жария еткен Дрезден нұсқасы. Екіншісі- 6 дастаннан тұратын Ватикан нұсқасы. Неміс шығыстанушы-ғалымы Т.Нёльдеке (1836–1930) «Қорқыт ата кітабының" Дрезден нұсқасын неміс тіліне аудара бастады. Бірақ ол бұл жұмысты аяқтай алмай, өзінің жинаған материалдарын шығыстанушы академик В. В. Бартольдқа береді. Ол бұл жұмысты әрі қарай жалғастырып, 1894–1904 жылдары бұл эпостың төрт тарауын орыс тіліне аударады. Сөйтіп, 18 жылдан кейін В. В. Бартольд эпостың бұл нұсқасын толықтай аударып бітеді. Екінші нұсқаны итальян ғалымы Э.Росси Ватикан кітапханасынан табады. Бұл нұсқадағы дастандарды Э.Росси 1952 жылдан бастап түсініктеме бере отырып аударып, жариялай бастайды. Эпостың кіріспе бөлімінде Қорқыт баба туралы мәліметтер беріледі. Эпостың 12 тарауы өзіндік сюжеті бар жекелеген жырлар болып табылады. Оның ішіндегі он тарауы бір-бірімен тығыз байланысты. Оларда Баяндур хан бастаған оғыз батырлары мен жігіттерінің батырлық, батырлық-романтикалық ерліктері баяндалады. [2,45]. Эпостағы он екі жырдың барлығы бір-біріне ұқсамайтын бөлек сюжетті шығармалар дегенмен, олардың ішінде сюжеттік ұқсастықтар кездеседі. Оларды былайша топтастыруға болады.

1. «Қорқыт ата кітабындағы» барлық жырларға Қорқыт ата «Оғыз-нама» деп бірдей атау берген. 

2. Әр жырдың басталуы бірдей. «Дирсеханұлы Бұқашжан туралы жыр», «Қазан Салордың ауылын жау шапқаны туралы жыр», «Байбөрі баласы Бәмсі Байрақ туралы жыр», «Қазан бектің баласы Ораздың жауға қалай тұтқын болғаны туралы жыр», «Оғыз Қазылық баласы Иекенк», «Бекіл ұлы Эмран батыр туралы жырларда» Баяндүр хан мен Қазан бектің ала шатырын құрғызып, сән салтанат құрып отырған кездерінен басталады.

3. Хандардың ханы Баяндүр жалпы жырлардың басында кездеседі-де, жырдың соңғы бөлімдерінде айтылмайды. Өйткені, болып жатқан оқиғалардың ішінде болғанымен ортаға шығарылмайды. Күші бар, бірақ ортада көп көрінбейтін көлеңке тәріздес. 

4. Жырлардың барлығына ортақ ең маңызды ерекшеліктердің бірі-оқиғалардың өрбуі. Әр жырдың басында кейіпкерлер бір сәтсіздікке ұшырайды, болмаса жамандыққа тап болады. Сәтсіздіктер мен жаманшылықтар жалпы гәуірлер (кәпірлер) тарапынан келіп отырған. Кейіпкерлердің басы бәлеге душар болады немесе тұтқынға түседі. Жырдың соңына қарай есімдерін тек қана құтқару кезінде еститін, бұрын-соңды жырдың еш жерінде кездістірмеген оғыздың жігіттері бас кейіпкерді құтқарып, әр түрлі қиындықтан алып шығады. 

5. Кейіпкерлер бір адамның бойынан табылатын ерекшеліктерден-де көп таңғажайып жаратылыстың бойынан табылатын қасиеттерге ие. Кейіпкерлердің өте мықты және күшті болғандығы сондай, бір орда әскермен жалғыз күреседі. Мысалы: Оғыздың әлі келмеген Төбекөзді Басат жалғыз өзі жеңіп тастайды. Қан Төрәлі ешкімнің жеңе алмаған күштерін жеңген. Секрек алпыс қарулы әскерге қарсы шығып, жеңіп, ұйқыға кеткен. Айғырының оятқанымен оянып, кейін тағы келген жүз адамды жеңіліске ұшыратады. Соңында бауыры Екрек екеуі жауды жеңіп, үлкен жеңіске жетеді.

6. Жырлардағы басты кейіпкерлер жағымды болып суреттелгендіктен оқырмандар әрдайым олардың жағында болады. Жыр, кейіпкерлерімен бірге қайғырып, солармен бірге қуанады, шаттанады. Өйткені жырлаушының ұстанған басты принципі ондағы негізгі кейіпкерлердің іс-әрекеттері арқылы оларды жағымды етіп көрсету. Мысалы: Бәмсі Байрақ жеті қыздың үміті, қалың оғыздың сүйіктісі ретінде танылған.

7. Кейіпкерлер көп ауырмайды, тек жараланады немесе аттан түсіп бір жерлерін сындырып алады, болмаса тұтқынға түседі. 

8. Кейіпкерлер батыл, тез ашуланып, ашуы тез тарайтын, аттың құлағында ойнайтын, қылышты жақсы қолданатын болған. Кішкентай кездерінен бастап шайқастарда қан төгіп, үлкен жетістіктерге жеткен. Осы жетістіктеріне орай оларға Қорқыт ата тарапынан есім берілген. Әрі батыр әрі батыл кейіпкерлер тек қана ер жігіттер емес, қыздар да болған. Мысалы: Байрақ әкесіне үйленетін қыздың ерекшеліктерін былай деп суреттеген: «Мен орнымнан тұрғанша орнынан тұруы, атыма мінгенше атына мінуі, дұшпанға барғанымша дұшпанымды алдыма алып келуі тиіс» Байрақ Бәну Шешектің әйел екеніне қарамастан, онымен бірге атқа мініп, садақ атысып, күреседі. Сейілжан сұлу болса, Қан Төрәліні гәуірлердің қолынан құтқарады. Дирсехан мен Бекіл әйелдерінің берген, ақылдарын тыңдап отырған. Бұл эпостағы әйелдер бейнесі сенімді, өз ері мен еліне берілгендігімен қатар өз ары мен жақындарын қорғауда батыл, жар таңдауда, ақылды болып суреттеледі. 

9. Жырларда оғыз бектері жиі- жиі гәуірлердің тұтқыны болады. Бірнеше жылдан кейін тұтқынды құтқаруға бір жақыны келеді. Мысалы: Қазанды баласы Ораздың құтқаруы, Секрек он алты жылдан кейін Алынджа қамалынан бауыры Екректі, Иекенек Дизмерд қамалында тұтқынға түскен әкесі Қазылық оғызды құтқарды. Тұтқынға түскен жақындары туралы жағдай құтқарушысына бұрыннан айтылмайды. Он бес, он алты жасқа келгенде өздеріне дұшпандары тарапынан айтылады. 

10. Жырдағы кейіпкерлер барынша жақсы немесе керісінше нашар болып суреттелген. Әр тайпаның бектері жақсы, гәуірлер тобы болса керісінше. Гәуірлер туралы айтыла бастаса жыр «жарымай қалғыр» деген қарғыспен басталады. Бірақ гәуір қыздары сұлу болып суреттелген. Оғыз мырзаларының олармен үйленуі табиғи құбылыс ретінде көрсетілген. 

11. Тағы бір ерекшелік жырда кездесетін есім атаулары. Әр жырда кездесіп отыратын есім атаулары: Баяндүр хан және Қорқыт ата. Есімдері жыр атауларына негіз болған оғыздың бектері: Дирсехан, Бұқаш, Қазан Салор, Бейрек, Қан Тұралы, Ораз, Басат, Ержүрек Домрул, Иекенек, Бекіл, Эмран. Тек қана бір жырда кездесетін, бірақ олар туралы көп нәрсе білмейтін оғыздың жігіттері және олардың әкелері-де кездеседі. Мысалы: Тоқа, Байбөрі, Байбіжан, Қазылық қарт, Ұшан, Ақсақ оғыз, Елік оғыз, Қиян Селжук, Дукер, Рүстем, Ержүрек Дондаз, Қара Бұдақ, Қара Көнеұлы, Аруз, Теріс Ұзамыш Қисық оғыз, Оқшы, Алып Ерен. Сонымен қатар белгілі бір оқиғаларды суреттеуде ғана сюжеттік элемент ретіндегі кейіпкерлер-де бар. Олар: Ержүрек Қаршар, Жалғаншы баласы қара ниет Жорташық, Кұлбас, Қара қойшы, Қоңыр оғыз қойшы, Қабан қойшы, Жапағылы қарт, Қапық хан. Басқа бір топқа гәуір аттарын қоюға болады. Олар: Шөкли, Қара Тагавор, Жайхан, Соно Сандал, Қыпшақ патшасы, Ақ патша, Қара Төкен, Бұқашық, Қара арслан, Тагавор Тірек. 

12. Қорқыт ата жырларының барлығы бірдей өрбіп, бірдей бітеді. Жырларда қан төгіледі, бас жарылады, соғыстар болады. Жырдың сегізінде гәуірлермен оғыздардың арасындағы соғыс, екеуі (Бұқашжан, Бәмсі) оғыздардың ішінара, екеуінде (ержүрек Думрул, Басат) соғыс жоқ, бірақ қиын қақтығыстар бар. 

13. Оғыз бектері мен гәуір мырзаларының танытылуында қолданған сөздер жырларда ортақ. Оғыздар үшін: «……баласы…..: Илік оғыз баласы Алып Ерен»; «……қызы…..; Байбибіжан қызы Бәну Шешек»; «…..Оғыз;Ұшан оғыз»; «…..Бек; Қазан Бек»; «…..Хан; Дирсехан»: «…..сұлу: Бөрлі сұлу» Осылардан басқа есімдердің алдына сын есім қойып қолданған есімдер-де көптеп кездеседі. «Боз атты Бейрек, сары киімді Селжан, ұзын бойлы Бөрлі» Гәуірлер үшін «…..тагавор» қолданылған. 

14. Әйелге деген құрмет барлық жырларда кездеседі. Кей жерлерде әйелдер алдыңғы орында көрсетіліп тіпті матриархаттық дәуірді елестетеді. Жырдың алғы сөзінде Қорқыт атаның айтқан: «Ұлдың кімнен туғанын ана білер» деген сөзінен әйелге деген құрметті көруге болады. 

15. Жырларда ананың балаға, баланың анаға деген сүйіспеншілігін жиі көреміз. Қазан Салор гәуір қолындағы тұтқындар арасынан тек қана анасының босатылуын сұрап, әйелімен баласынан бас тартады. Гәуірлер болса Қазанның анасын Жайханның баласына беріп, одан ұл туса сенің аманатың етеміз дейді. Гәуірдің өш алу үшін анасын қолданғаны, бұған қойшының көрсеткен наразылығы, баласының анасына деген сүйіспеншілігі мен құрметін ең салиқалы түрде көрсетіп отыр. Дирсеханның әйелі баласының алғашқы, аңшылығы үшін дайындық жасайды, баласының кері қайтпағанына шарасыз қалып, іздеу салып жолға шығады. Ана баласы үшін қандай қиындық болса да дайын еді. Осы сияқты Бөрлі сұлу да баласы, аңнан кері оралмағандықтан баласы мен күйеуін іздеп ауыр жолға шығады. Иекенктің анасы болса әкесінің тұтқынға түскенін баласынан жасырып, оның амандығын ойлайды. Дәл осындай жағдай Секректің бауыры Екректің тұтқын болғанында да айтылады. Екі баласының біреуін Төбекөзге жем қылған бір ананың жалғыз баласын аман сақтап қалу үшін Басаттың алдына барып жалынуы- ананың балаға деген сүйіспеншілігін көрсетеді. Пері қызы да сырттан келетін қауіп қатерден қорғану үшін ұлы Төбекөзге сақина берген болатын. 

16. Жырларға ортақ сюжеттік сарын ретінде әйелдердің күйеулеріне деген құрметін айтуға болады. Бегіл мен Дирсе ханның әйелдерінің күйеулеріне қолқанат болғандығын, ержүрек Думрулдың әйелі өз жанын күйеуі үшін пида етуі, Селжан сұлудың ұйықтап жатқан Қан Тұралыны жаулардың шабуылынан қорғап күзетуі, Бөрлі сұлудың Қазанға көрсеткен көмегінен күйеулеріне деген құрметті көреміз. 

17. Жырда көп кезедесін ортық мотивтердің бірі -қайталанатын жерлердің бірі, аңға шығу. Дирсе хан, Бейрек, Ораз, Емренің тайпасы барлығы да, аңшылықпен айналысады. Бектер мен оғыздың үлкендері жиі, аңға шығады. Аналары болса алғаш рет, аңға шығатын балаларын жолға дайындайды. Аңнан қайтпай қалу мен онда кездескен қиындықтар бір-біріне ұқсас болып келеді. Аңға шықпаған бектердің әңгімелерінде болса оғыз жігіттерінің жиналып ішіп- жеп көңіл көтергендері туралы айтылады. 

18. Жырлардағы айтылатын жер атаулары да бір-біріне ұқсас. Солтүстік Анадолы аймағындағы Пасинлер, Дербент, Сүрмели, Хамид, Мардин сияқты қалалар. Мухаррим Ергин Оғыз аймағының нақты белгіленбегені, бір бектің бір елі, бір ордасы болғандығын, бірақ бұл жерлердің де нақты шекаралармен көрсетілмегені туралы айтады[3]. Ергиннің пікірі жырдағы оқиғалардың баяндалған жерлерде болмағандығы, негізгі Оғыз тайпасының Орта Азияда өмір сүргендігі, жер атауларының жырды жазып алу кезінде ортаға шыққандығы жөнінде айтылған. 

19. Жырдағы кейіпкерлердің бір-бірінен айырылу сарындары да ұқсас болып келеді. Мысалы: елден, анадан, атадан, сүйіктісінен, тайпасынан, бауырынан айрылу. Бірақ Байбөрі баласы Бәмсі-Байрақ туралы жырдан басқа жырдың соңы қуанышпен, тоймен, үйленумен бітеді. Бұл қуаныштар Қорқыт атаның суреттеуімен бітеді. 

20. Жырларда оқиғалардың баяндалуы қара сөзбен, кейіпкерлердің диалогтары өлең жолдарымен берілген. 

21. Жырлар қуанышты жағдайлармен, Қорқыт атаның сөздерімен аяқталады. Бірі ұзын бірі қысқа жыр болса да, арасында өзгеше оқиғалар болып тұрса да барлығына ортақ ерекшелік -Қорқыт атаның келіп жыр жырлап, күй шертуі, бата беруі. 

22. Барлық жыр Қорқыт атаның сөздерімен аяқталады. Кемал Абдуллаевтың «Құпия Қорқыт ата» атты еңбегінде Қорқыт ата мен Баяндүр ханның кісіліктерін анықтап көрсеткен. Осы көрсеткен мәліметтерге сүйенетін болсақ, жыр Қорқыт атамен басталып, Қорқыт атамен аяқталады. Қорқыт Ата жырларының бір бүтін жыр ретінде қаралуы осы қайталанып отыратын тақырып, уақыт, жер, кісі атаулары, әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер, оқиғалардың өрбуі сияқты сюжеттік ұқсастықтармен байланысты. Жырдағы ортақ ерекшелік, кейіпкерлердің әрі әйел, әрі еркек, әрі ана, әрі ата, әрі сүйікті жар ретінде бір бірлеріне ұқсауы, әр жырда осылардың қайталанып келуінен болады. Бір жырды оқып бітіріп, екінші бір жырды оқи бастаған оқушы өзіне таныс ортаны көргендей болады.

КАМИШЕВА Гүлнұр,

ҚорқытАта атындағыҚызылорда мемлекеттік университеті «Қазақстан халқыАссамблеясы» кафедрасының ағаоқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты.

 Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. Баширова Г. И. Место военно-лексических единиц в эпосе «Китаби деде Коркут» // «Журнал научных публикаций аспирантов и докторантов» ISSN 1991–3087 № 5 С.45. Курск, 2012

 2. Краткая Литературная Энциклопедия, т.3., изд. «Советская Энциклопедия»,М., 1966.

 3. Muharrem Ergin Dede Korkut kitabi Istanbul MEB, 1969.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?