Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Құқықтық саясат тұжырымдамасының Қазақстанның құқықтық жүйесін дамытудағы ролі мен маңызы

29768

Кеңестік жүйе құлауының нәтижесінде Қазақстан Республикасы өз егемендігін алып, халықаралық қоғамдастықтың тең құқылы мүшесіне айналу мақсатында бірқатар шаралар атқарыла бастады. Бұл кезеңде 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларациясы және 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңдарынан соң 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан тарихында Жоғарғы Кеңес тәуелсіз Республиканың бірінші Конституциясын қабылдады.

Егеменді Қазақстанның бірінші Конституциясының ең алдымен өте үлкен моральдық-саяси маңызы болды. Қазақстан көп ғасырлардан кейін бірінші рет біртұтас, егеменді, демократиялық мемлекет деп жарияланды. Сонымен бірге бұл Конституция жаңа заман өзгертулерімен байланысты жақын маңдағы міндеттерді, сондай-ақ шешіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси проблемаларды заңдастыруға бағытталған өтпелі кезеңнің Негізгі заңы ретінде қарастырылады.

Сондықтан, тәуелсіздік жылдары кезінде қабылдаған конституциялық заңнаманың негізгі идеялары қорытылып, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда тәуелсіз Қазақстанның екінші конституциясы қабылданды.

Жалпы, мемлекеттік конституциялық заңнаманың дамуы өте күрделі процесс. Жаңа мемлекет құру, өтпелі кезеңде өмір сүру тек бір ғана конституциялық актіні қабылдатып қоймайды. Қазақстанның конституциялық заңнамасы әлі де жетілу үстінде және көп мәселелерге жаңаша қарауды талап етеді.

Осыған орай Қазақстан Республикасында жаңа ұлттық құқықтық жүйе құрылып жатыр. Бұған мемлекетіміздің тәуелсіздік алғаннан кейін құқықтық реформа жүзеге асырыла бастаған алғашқы жылдары қабылданған барлық бағдарламалық құжаттар бағытталған. Бұл құжаттардың ішіндегі ең маңыздылары ретінде 1994 жылғы 12 ақпандағы «Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасын», Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 20 қыркүйектегі Жарлығымен мақұлданған «Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасын» және Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасын туралы» 2009 жылғы 28 тамыздағы Жарлығын атап өтуге болады.

Қазіргі таңда еліміздің құқықтық даму саясаты саласында, оның ішінде ұлттық заңнаманы жетілдіру ба­ғытында жаңа мақсат-міндеттерді көздеп отырған Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасының маңызы өте жоғары. Құқық қорғау мен сот жүйесін дамыту, сондай-ақ бүгінгі әлемдік тәжірибені ескере отырып, құқықтық-демокра­тия­лық қоғам құру осы тұжырым­даманың басты мақсаты болып табылады.

Жаңа Құқықтық саясат тұжырымдамасының маңызының жоғарылығын Елбасының өзі де төртінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясын ашу барысындағы сөзінде оның қағидаларының негізінде қа­зақстандық заңнаманы жаңалау, заң шы­ғару үдерісін нығайту, оның сапасын арттыру керектігін айтуы дәлелдейді.

Бұл құжат тұтас мем­лекеттік институттар мен білікті мамандардың бірлесе отырып жасаған тұжырымдамасы. Оны қабылдаудағы басты себеп ­– 2002 жылғы ескі тұжырымдаманың өзіне жүктел­ген міндетті толығымен атқарып, мақсатын абыроймен аяқтауы. 2002 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасы елдің 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық жүйесі дамуының негізгі бағыттарын айқындады. Өткен жылдары мемлекеттік және қоғамдық институттардың қарыштап дамуына ықпал ететін, Қазақстанның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін бірқатар аса маңызды заңнамалық актілер қабылданды. Тұжырымдаманы іске асырудың басты қорытындылары ұлттық заңнаманың негізгі салаларының (конституциялық, әкімшілік, азаматтық, банктік, салық, қаржы, кеден, эколо­гиялық, қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, қылмыстық-атқарушылық заңнама) айтарлықтай жаңаруы болды. Яғни, 2010 жылға дейінгі тұжырымдама арқылы тәуелсіз Қазақстан заңнамаларының негізі қаланды. Ал кезекті тұжырымдаманың мақ­са­ты оны тереңдетіп, кейбір сала­лардың қатынастарын на­рықтың қажетті бағыттарымен жіберу.

Жаңа стратегиялық құжатты – 2002 жылдан бері қолданыста болып келген осындай тұжырымдаманың заңды жалғасы болып табылады десе де болады, ал ол кезеңнің құқық саясатының басты нәтижесі – ұлттық заңнаманы түбегейлі реформалау, оны озық әлемдік стандарттарға жақындату болғаны белгілі. Бұл кезеңде елімізде зайырлы, құқықтық, демократиялық мемлекет пен қоғамның нормалары, барлық құқық қолданушы жүйені, әсіресе қылмыстық жазаны қолдану мәселелерін ізгілендіру қағидалары заң және іс жүзінде орнықты. Бұл ретте отандық қылмыстық кодексте өлім жазасы қарастырылған санкцияларды елеулі қысқартып, жазаның осы түріне мораторий енгізуді еске алсақ та жеткілікті сияқты. Сонымен бірге 2002 жылдан бастап барлық нормативтік базаны жүйелеу жөнінде кең көлемдегі жұмыстар жүзеге асырылып, еңбек, бюджет, жер, экология, салық сияқты республикамыздың аса маңызды кодекстері жасалып, бекітілді. Сондай-ақ, еліміз үшін соны жаңалық болып табылатын Адам құқықтары жөніндегі өкіл институты жұмысын сәтімен бастап, сот реформасы түбегейлі жүргізілді.

Алайда өмір бір орнында тұрмайды. Барлық құқықтық саланың одан әрі дамуы, әртүрлі мемлекеттік және құқыққорғау органдарының қызметтерін үйлестіріп отыру, сот жүйесін жетілдіру – елімізде құқықтық саясаттың жаңа тұжырымдамасын қабылдау қажеттігін алға тартты. Және де оны 2020 жылға дейін он жылға бірақ жасау керек болды. Осы стратегиялық құжатты бекіткен кезде Мемлекет басшысы бәрінен де бұрын жалпы мемлекет пен оның азаматтарының игілігін көздегені анық. Тұжырымдама барлық норма жасау үдерісінің сенімді қағидаттарын қарастырған. Қолданыстағы заңдарды жүйелеу, оларды топтастыру, ескірген және қайталайтын нормалардан арылту жөніндегі жұмыстар да, сол сияқты сілтеме нормаларды неғұрлым азайтып, тікелей қолданылатын заңдарды қабылдау тәжірибесін кеңейте отырып, ішкі қарама-қайшылықтарды жою да осыған жатады.

Бұл үдерістегі соны жаңалықтың бірі азаматтар мен бүкіл қоғамның мүддесін неғұрлым толық қамти алатын, нормативті құқықтық актілерді бағалаудың халықаралық стандартын енгізу болмақ. Сондай-ақ, жаңа тұжырымдама заң техникалары деңгейін көтеріп, құқықтық реттеу механизмін жетілдіруді де, озық ақпараттық технологиялардың құқық шығармашылығы және құқық қолданушы үдерісін енгізуді де қамтамасыз етті. Құқықтық саясатты бұлайша кешенді түрде қарастыру – еліміздің жалпы дамуы барысында, оның бүкіл нормативтік-құқықтық базасын жетілдіріп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге кепілдік бере отырып, нәтижелілік, шынайылылық пен есеп беріп отыру қағидаттарына негізделген мемлекеттік басқарудың жаңа сапалық үлгісін жасауға мүмкіндік береді.

Бұл арада мынаны атап айтқан жөн: ұлттық құқықтық жүйенің іргетасы болып конституциялық құқықтың өзі алынған.  Оның қарыштап дамуы 2007 жылғы конституциялық реформа нәтижесінде елеулі түрде жаңарған Қазақстанның қолданыстағы Конституцияның принциптері мен нормаларына сүйенеді. Ал, өзінің аса мол қуатын үйлестірілген құқықтық жүйе арқылы жүзеге асыратын, тікелей қолданыстағы негізгі заң ретіндегі еліміздің конституциясының қағидалары мен нормаларын толыққанды жүзеге асыру – таяудағы жылдардың аса маңызды міндеті болмақ. Өйткені біздің мемлекетіміздің Конституциясында бекітілген Республика қызметінің түбегейлі принциптерін (бұл: қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, барша халықтың игі­лігі үшін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекеттік өмірдің неғұрлым маңызды мәселелерін демо­кратиялық әдістермен шешу) сақтау мен іске асыру елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық және саяси-құқықтық дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондықтан Қазақстан Республикасы конституциялық құрылысы­ның негізі, мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығы конституциялық заңнаманы және оны қолдану практикасын жетілдіру арқылы нығаятын болады. Ал, Конституциялық құқықты дамыту перспективалары тұжырымдамада атап көрсетілгендей мемлекеттің құрылымын, мемлекеттік биліктің біртұтастығын, оның тармақтарының жұмыс істеу тетіктерін және Қа­зақстан Республикасының бүкілхалықтық сайланған Прези­денті тарапынан стратегиялық басшылықпен, бақылаумен және төрелікпен олардың өзара іс-қимылын анықтайтын қол­даныстағы конституциялық заңдарды жетілдірумен байланысты болып табылады.

Бұл жерде елде құқықтық мемлекет принциптерін одан әрі бекіту процесінде, бір жағынан, адамның және азаматтың консти­туциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асырудың ең жоғары ықтимал кепілдігіне қол жеткізу, ал екінші жағынан барлық мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың, азаматтар мен ұйымдардың конституциялық міндеттерді бұлжытпай және толық орындауы маңызды екендігін де атап өткен жөн. Мұндағы мемлекеттің міндеті адамның және азаматтың құқықтары мен бостан­дық­тарын қамтамасыз ету үшін біздің Конституция талап ете­тін­дей, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағ­дайы­­­на, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өз­ге жағдаяттарға қатыссыз құқықтары мен бостандық­тары­ның теңдігіне кепілдік беретін жағдай жасау болып табылады. Бұл мәселе Елбасының 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында да ерекше аталып өтілді. Жолдауда көрсетілгендей «алда тұрған онжылдықтың аса маңызды міндеті – Қазақстанның барлық азаматтарының өмір сапасы мен деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғалуды нығайту». Осы орайда ұлттық келісімді сақтау мен нығайтуда, Қазақстанның көпұлтты халқының бірлігін қамтамасыз етуде құқықтық тетіктердің рөлі арта түсетін болады.

Сонымен, 2009 жылдың тамыз айында қабылданған 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасымен еліміздегі құқықтық саланың жаңа дәуірі басталды. Оның қабылдануымен ұлттық заңнама жүйесі жетіле түсті. Осыған орай елімізде заңнамалық актілер қабылданды. Атап айтсақ, Орман, Жер, Кеден ісі, Су, Еңбек, Бюджет, Салық кодекстері қабылданды.

Қорыта келе айтарымыз, тәуелсіз, егеменді Қазақстан мемлекеті қазір құқықтық реформаларды үсті-үстіне енгізуде. Әрине жаңаша бетбұрыстар өзіміздің ұлттық мүддемізге лайықты мемлекеттік саясатпен жүзеге асырылғаны жөн. Бұл дегеніміз – халқымыздың діліне сай, әрі етене жақын, ұзақ ғасырлар бойы қанымызға, тәнімізге сіңген, адамгершілік пен имандылыққа толы заңдарын ұмытпай, ескеру, қоғам кәдесіне жарату деген сөз. Сонда ғана қабылданған заңдардың орындалуы да жеңіл тартады, олар халық көңілінен шығып, құрметтеледі. Қазіргі ғаламдастыру кезеңінде еліміздің өте сақ болғаны дұрыс. Ғаламдастыру нәтижесінде ұлттық мемлекеттердің егемендігі мен дербестігіне нұқсан келеді, ұлттық және стратегиялық тәуелсіздігіне қауіп төнеді. Сондықтан, заңнама жүйесі өз елінің құқықтық мәдениетін дамыту, оны сыртқы теріс ықпалдардан қорғау әрекетін заңдастыру, ұлттық намыс, ұлттық сананы дамыту жолдарына жағдай жасауды қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен бірге, посттоталитарлық елдердің қазіргі құқықтық жүйесі ерекше қоғамдық жүйе ретінде қалыптасып отырғанын, құқықтық құбылыстар қоғамның саяси ұйымдастырылуынан шығарылатынын атап өткеніміз жөн. Құқықтық жүйе рухани-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, мемлекеттік-саяси алғышарттармен қатар және олармен өзара әрекеттесе отырып, қоғам дамуының дербес және өзіне-өзі жеткілікті, жоғары мәнді және тиімді факторы болып отыр.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.   Нұрсұлтан Назарбаев. Лайықты болашаққа сенімді болайық. Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясын ашу барысындағы сөзі. //Егемен Қазақстан. 2009 жылдың 2 қыркүйегі.

2.  Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» 2009 жылғы 28 тамыздағы № 858 Жарлығы. // Егемен Қазақстан. 2009 жылдың 28 тамызы.

3.  Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы: Юрист, 2011.

4.  Н.Ә.Назарбаев «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері». Қазақстан халқына Жолдауы. // www.akorda.kz.


Жарылқасынов Алтынбек 

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, «Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы» кафедрасының аға оқытушысы


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?