Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Мыңбай батыр

29713

Мыңбай батыр

Ә.Қ. Мұқтар т.ғ.д., профессор

Тарихымызда  із қалдырған тұлғалар қатарында  Мыңбай Құлғараұлының өзіндік алар орны бар. Ол жөнінде ата шежіре мен мұрағат  деректері біраз мәліметтер береді. Оларды пайдаланған,  мәселен, 2000 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Атырау» энциклопедиясы «Мыңбай батыр (т.ж.б.-1795) – ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан батыр. Тегі – Есентемір. Сырым Датұлы көтерілісінің басты тұлғаларының бірі. Есім хан айламен қолға түсіріп өлтірген» деп анықтаса (Атырау: Энциклопедия. – 304 б.), келесі зерттеушілер «Арманда кеткен батыр қазасы Сырымды қатты толғандыра  күйіндірген жағдай болыпты, ақыры 1797 ж. көктемде Есімді өлтіріп, досының кегін қайтарған» деген қорытындыға келеді (Каспий қайраңы. Тарих тағылымы. – Алматы, 2006.-293 б.).

  Ата шежіре «Есентемір Көктаубай,

  Сұлтангелді, Ер Мыңбай,

  Ұлтарақ, Байпақ, Шеңгелді-ай,

  Жау көрмесе сағынды-ай» - деп жырлап, есте қалдырған. Бұл арада Көктаубай есентемір – тағашы - әжімбет руларының пірі ретінде саналған. Ал Мыңбай батыр есентемір – тағашы – қожамбеттің Құлғара атты ұлынан тараған (Маданов Х. Кіші жүздің шежіресі. Алматы, 1964, 57-58 бб.). Осы кезеңді зерттеген кеңестік тарихшы М.П. Вяткин 1787 жылдары есентемірлер 3000 түтінге жетіп, Бөкен би басшылығында болғандығын атап, өткен-ді (Вяткин М.П. Батыр Сырым.- М.-Л., 1947. – С.253). Бұл мәлімет тарихта Қобда съезі кезеңінде хатталып, көптеген қазақ старшындарының Нұралы хан Уфаға жер айдалғаннан кейінгі шиеленіскен қазақ-орыс келіссөзінің жүзеге асуымен ерекшеленеді. Патшалық Ресейдің  Қазақ мемлекетінің мемлекеттік негізі болған хандық басқаруды жойып, өз жүйесін енгізуге жанталасы жүзеге аспады. Қазақ Ресейдің түпкі мақсатын сезініп, қайта атқа қонды. Міне осы тұста Мыңбай батыр есентемірлер арасынан суырылып алға шықты. Мыңбай батырдың есімі алғаш рет орыс мұрағатындағы құжаттарда 1788 жылы аталады. Осы жылы Қаратоқай Бөдене Тілеуұлы, Есенқұл Шойтас батырлар теңіз жағалауындағы Әжімбай – арал мекенінде адай Мәметәлі, есентемір Мыңбай, беріш Балқынбайлардың ел ішіндегі белсенді қимылдарына куә болды  (АОММ 1қ, 9 т, 163 іс, 31 п.). 1789 жылы 6 ақпандағы байұлы руларындағы молда  Габдулкарим Уразбаевтің хатында «Есентемір Мыңбай және адай Мәметәлі Гурьевтің орыс-казагын жаралап, олардан 2 атты тартып алып кеткен»- делінеді. Осыдан кейін Гурьевтің жоғары жағын жайлаған қазақтар қоныстарын ауыстырып, соғысқа әзірлене бастаған (ОрОММ 5қ, 1 т., 29 іс, 6 п.)..

  XYIII ғасырдың аяғында Есентемір руы 12 ата байұлдарымен бірге жазда Жайық - Жем аралығында, Қалдығайты, Бұлдырты, Жусалы т.б. өзен бойларында, қыста Маңғыстау тауларының оңтүстігіне дейін, Жем тармақтарын, Каспий теңізі жағалауларын, Гурьев қалашығынан Сарайшық қорғанына дейін, одан арғы жерлерді өзге де қазақ руларымен бірге жайлаған.

  Мыңбай батыр кейін 1791 жылдан бастап  орыс тыңшылары хаттарында жиі атала бастады. Осы жылы 3 маусымда Мыңбай, Беріштер Балқынбай, Досарылармен бірге 300 адамның Орал қалашығынан төменгі фарпосттарды шабуға аттанды деген хабарлар Орынборға жетті (ОрОММ. 5 қ, 1 т, 1 іс, 152-153пп). Ал 7 маусымда Мыңбай, кете Наурызәлі, табын Елекбай, Бармақ, беріштер Балқынбай, Досары Сырыммен кеңесіп, қарулы қолдарын 500-600-ге жеткізіп, Шыңғырлау өзенінің тармағына жинаған. Мұндай хабарды алаша Сопыра би Орынбор экспедициясына хабарлады. Сопыра би хатында Орал казак-орыс атаманы Д.Д. Донсковтың қазақ ауылдарына жасаған қиянатын қоса жазуды да ұмытпады  (ОрОММ. 5 қ, 1 т, 40 іс, 160-161пп).

  1791 жылы 5 шілдеде молда Таймас Сейтов экспедицияға Сырымды қолдаған қазақ рулары ішінен адайдың шалбар бөлімін, Жем жақтағы  есентемірлерді, беріштерден Балқынбай, Досарыны, Қаратоқай – Амандық батырларды ерекше бөліп атап көрсетті (ОрОММ. 5 қ, 1 т, 40 іс, 320 п).

  Мыңбай батыр Сырым, Сарыалтай, Сегізбай, Қаракөбек, Басықара және т.б. би-батырлардың 1792 жылғы қыркүйекте Ресейге қарсы жариялаған соғысын толық қолдады.  1792 жылы 2 қарашада Орынбор губернаторы А.А. Пеутлинг Д. Донсковқа Сырымды «өлтіруді, не қолға түсіруді» бұйырғаннан кейін атаманның қазаққа әскермен қоқан-лоқы жасауы күшейді. 1792 жылы күзі мен 1793 жылдың көктемінде Мыңбай ауылдары аяусыз талқандалды. Тіпті Есім сұлтан Мыңбай ауылынан 50 адамды тұтқынға алып, 50 жылқысын айдап әкетті (Вяткин М.П. Батыр Сырым.- М.-Л., 1947. -С. 320). Осы аралықта Мыңбай батыр орыс тұтқынына түсті. Оны қолға түсірудегі атқарған қызметі үшін Ресей мемлекеттік кеңесі 1793 жылы ақпанда Есім сұлтанды  ерекше құрметтеп, штаб-офицері шенін берді (История Букеевского ханства... С.904).

  1793 жылы күзде шиеленіскен қазақ-орыс қарым-қатынасын реттеу үшін Санкт-Петербургтен П.А. Зубовтың адъютанты сұлтан Шерғазы Қайыпұлы жіберілді. Оның 1700 қазақ сұлтандары, старшындары, би-батырларымен кездесуі Елек қорғанынан 5 шақырым жерде ұйымдастырылды. Міне осы кездесуде Мыңбайды тұтқыннан босату мәселесі де арнайы көтерілді (Вяткин  М.П. Батыр Сырым.- М.-Л., 1947. –С. 325).

  1794 жылы қаңтар айында Кіші жүздің беделді би-батырлары ІІ Екатеринаға хат жолдап, Орынбор әкімшілігі мен Жайық казак -орыстарының шекарадағы «әскери күш көрсетулерінің» зардаптарын жеткізді. Хатта Д. Донсковтың Мыңбайдың бауырларын өлтіргендігі, ал Есімнің батырды  ұстап, орыстарға бергендігі дәлелденді. Сонымен бірге хат жазушылар «Мыңбай екі жолдасымен Орынбор түрмесінде жатыр, оны Ресейде жарияланған амнистия бойынша босатуды бүкіл қазақ жұрты атынан» өтініп қол қойды. Бұл өтініш астында Сырым батыр, Тіленші тархан, Бөдене би, Қаракөбек би, Қайып хан ұлы  Әбілғазы және т.б. қолдары бар (Материалы по истории КазССР. Т.IV....с. 165-166).

  1794 жылдың басында есентемір, адай рулары Орынбор экспедициясына бірнеше рет батырды босату туралы хат жолдады. Осы жылы ақпан айында хан жанындағы Нұртай расправасы төрағасы би Төлеп Даутов, мүшесі Тұрлыбек Тұяқовтар экспедицияға «Мыңбайды орыстарға бергеніміз үшін қазақтар бізбен жауласты» деп хабарлауға мәжбүр болды (Мұқтар Ә.Қ. Азаттық таңы жолында. –Алматы: Ғылым, 2001. -174б.). Есім сұлтан 1794 жылы 12 ақпанда адай руының танай бөлімі, есентемірлер  былтыр Мыңбайды ұстап бергеніміз үшін бізге өшігіп, Сырымға қосылды. Сырым жанында таз руынан Шафаев ұлдары, ағайындары, қызылқұрт рулары, тамадан Қадыр, Садырлар бар деп толықтыра түсті (ОрОММ 5қ, 1т, 51 іс, 34 п.). Ал жаз айларында экспедиция Есентемір, адай руы қазақтары Мыңбайды босату үшін шабуылға дайындалуда деген хабарларды алды (Вяткин М.П. Батыр Сырым.- М.-Л., 1947. -С.329).

  Көп ұзамай Мыңбай батыр Орынбор түрмесінен қашып шығып ел ортасына оралды. Шамамен бұл оқиға тамыз, не  қыркүйек айының басында жүзеге асқан сияқты. Өйткені Есім сұлтан 1794 жылы 30 қыркүйекте «елмен біріккен Мыңбай батыр Сырымды қолдамай жүрген кейбір алаша, байбақты руларының ауылдарына аттанып, 1000-ға жуық жылқыларын қуып алды»-деген ақпаратты жеткізді. Сонымен бірге Мыңбай  Сырым, Қаракөбек билермен бірге, Есім сұлтанды ел ортасына арнайы шақырып, кейбір мәселелерді  талқылау үшін оған елшілер жіберудің қажеттігін қолдады. Ал қайтыс болған Ерәлі ханның орнына жаңа хан сайлау мәселесі көтерілген тұста Мыңбай Сырым, Басықара, Қаракөбек, Сарыалтай, Қаралтайлармен ақылдасып, Кіші жүзде арнайы кеңес өткізу үшін Елек, Қиыл бойларында жиналуды жақтады. Бірақ Есім ел ортасына баруға шамасы жетпей, би-батырларды орыс шекарасынан  30 шақырым жерде кездесуге шақырды. Кейін Есім «мен Мыңбай батырдың Сырым жанында екендігін естіп, кеңеске бармауға шешім қабылдадым.»-деп губернатор А.А. Пеутлингтің алдында ақталуға мәжбүр болды. (Мұқтар Ә.Қ.  ...177б.).

  Сөйтіп ел ішіндегі бірлік жүзеге аспай қалды. Араға уақыт сала 1795 жылы 17 қыркүйекте Есім сұлтан Орынборда Кіші жүз ханы болып сайланды. Хан сайлауды көзімен көрген орыс жазушысы А. Болотов «биыл жазда император қалауымен жаңа қазақ ханы сайланды»-деп хабарлады. Мыңбай батыр Сырым батырлармен бірге хан сайлау үшін арнайы Орынборға шақырылғанымен кездесуге бармай, Жем, Сырдария аралығына көшіп кетті. Яғни, қазақтың беделді би-батырлары Есімнің ел келісімін алмағанына бірауыздан қарсылық білдірді.

  Кеңестік тарихшы А.Ф. Рязанов 1796 жылы  Есім ханның қазақтың беделді би-батырларын (ішінде Мыңбай батыр да бар - Ә.М.)  орыстарға ұстап бергендігіне Сырым ашық қарсы шықты деп жазған болатын. Бірақ осы арада зерттеушінің Халық кеңесінде «что он отомстит хану Ишиму, что кровь Минбая будет возложена на Ишим султана»-дегеніне келісу қиын. Өйткен, бұл кезеңде Мыңбай батыр аман-есен Сырым жанында жүрді. Біздіңше, Сырым аузынан айтылды деген әңгіме 1793 жылы Мыңбай қолға түсіп, Орынборда түрмеде жатқан кезінде ел арасында тараған болуы әбден мүмкін.

  1797 жылы наурыздың аяғында Есім хан өлтірілгеннен кейін 4 сәуірде губернатор О.А. Игельстромға есентемір Мыңбай, Арғынбай, Байбақты Ерсары, Қойсарылар 1000 адаммен Сырымға қосылып, орыс шекарасына аттанды деген суыт хабар жетті (Мұқтар Ә.Қ. ... 183б.). Қазақтардың Гребенщиково форпостысы мен Кулагино қорғаны арасында орыс-казактарға шабуыл жасағандығын атаман Д.Д. Донсков та мойындады. Міне осыдан кейінгі Мыңбай батыр туралы дерек мұрағаттан 1803 жылы кездеседі. Онда Есентемір руының 3000 түтінге жеткендігі, олардың Мыңбай батыр басқаруында екендігі жазылған. Біздіңше, Мыңбай батыр, сол заманда-ақ Кіші жүздегі ел ішінде ерекше құрметке бөленгенін байқауымызға болады.  Жоғардағы мұрағат деректерінен екі маңызды қорытынды түйіндеуге болады. Біріншіден, Мыңбай батыр бүгінге дейін жазылып жүргендей 1795 жылы қайтыс болды деген пікірдің еш дерекке негізделмегендігі. Мұрағаттан табылған жаңа деректер батырдың орыс түрмесінен елге оралып, 1803 жылға дейін руластарын басқарғандығын дәлелдейді. Екіншіден, Мыңбай батыр 1801 жылы Еділ-Жайық аралығына көшпей, Жайықтың Бұқар бетінде қалған. Оны 1803 жылы Кіші жүз арқылы Бұқараға сапар шеккен Я.П. Гавердовский күнделігі анықтай түседі. Жәңгір хан тұсында Есентемір рулары Еділ-Жайық аралығында біртіндеп көбейе бастады. Патша шенеуніктерінің есебіне сенсек Ішкі Ордада есентемір руының тағашы, көн бөлімдері 1825 жылы 140, 1834 жылы 350 түтінге жеткен (История Букеевского ханства. 1801-1852 гг. Алматы, 2002. -С.288,359). Кейін шежіреші Б. Қорқытов «Атырау билері мен батырлары » атты еңбегінде «Кіші жүз ... руларының революцияға дейін мекендеген қоныстарын» тарқата келе «Есентемір Гурьев пен Ақмешіт уездерін мекендеген. Бөкейлікте де аздап, таз бен есентемірлер болған.» деген қорытындыға келеді (Алматы, 1972. – 121б.).

  Ығылман  Шөрекұлының дастанындағы 

  Ене сойын сұрасаң-

  Есентемір Тағашы

  Тағашыда Қожамбет,

  Құлқара мен Киікші,

   Өзіне тете нағашы- деген жолдарын және ел ішіндегі әңгімелерді жинақтаған Х. Досмұхамедов Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық күресі кезеңінде Мыңбай батыр аталастары Қаракөл мекенін жайлады дей отыра, 1838 жылы Бөкейліктен Кіші жүзге өткеннен кейін нағашысы Киікшінін басына дұға оқып,  есентемірлер еліне келгендігін жазады (Исатай-Махамбет. – Алматы, 1991. -79б.).

  Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық қозғалыс тарихының тарихнамасын зерттеген Л. Бердіғожин Исатайдың анасы Нағибала деп көрсетеді. Яғни, Исатай батыр нағашысы Мыңбай батырдың да ерлік істеріне куә болып, қанығып өскен деуімізге әбден болады. Өлке тарихымен жете таныс Мақсұт Неталиев «Арыстан еді-ау Исатай» жырында

Құлғара нағашысы кыз мінезді,

Жан сырын жиенінің түсінетін.

Хал-жайды түсінетін-сұрасатын

Содан соң Исатайға сыр ашатын ...

Бұл үйде ән менен күй шырқалады,

Біреуі мерген-дағы

Біреуі әнші

Жауласқан жауын-дағы құрталады – деп Исатай батырдың нағашыларына сипаттама береді.

  Қорыта келгенде, Мыңбай Құлғараұлы-Сырым батырмен бірге қоян -қолтық араласып, қазақтың қамы үшін атқа мініп, елінің намысын жыртып, оның ертеңі үшін арпалысқан біртуар тарихи тұлға. Мыңбай батырдың ерлігін лайықты бағалап, өскелең ұрпаққа жеткізіп насихаттау бүгіннің міндеті деп білемін.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?