Ә.Қ.
Мұқтар т.ғ.д., профессор
Ұлан байтақ қазақ жерінің
оңтүстік-батысында XVIIІ ғасырда Каспий теңізімен шектесіп, Хорасан (Иран)
мемлекеті, Хорезм хандығы арасында түркімендер көшіп қонды. Өз бастауларын
Сібірден көшіп, Арал, Каспий бойларына дейін бір заманда жайлаған оғыздардан
алып, Иранға, Кавказға, Ресейге дейін тарады. XVII ғасырдағы түрік жазба
ескерткіші - «Шежіре-и түрк» «Оғыз балалары
түрікпенмен бірге Мәуереннахр мен Хорасанда болды. Қыпшақтар Дон, Еділ,
Жайық өзендерінің арасын мекендеді» -деп атап өтеді (Әбілғазы. Түрік шежіресі.
– Алматы, 1991, 31 б.).
XVIIІ ғасырдың зерттеушісі П.И.Рычков өзінің «Топографиясында» «Түркімендер - қырғыз-қайсақтармен аралас көшпелі халық, олар Ембі өзенінің арғы бетінен, қырғыз-қайсақтар мекенінен бастап Каспий теңізін бойлай көшіп, парсы және хиуа иеліктеріне дейін созылған аралықты жайлайды. Алайда олардың көшіп-қонуы мен жауынан жасырынатын ең жақсы орны, Гурьев қалашығынан бастап, жазық даламен жеңіл жүріп отырып төрт-бес күнде жетуге болатын, әрі жолы да ауыр емес Маңғыстау таулары» деп толықтыра түседі. (Рычков П.И. Топография Оренбургской губернии. – Уфа, 1999. с. 17).
1740 жылы Хиуада болған орыс елшісі поручик Д.Гладышев түркімендердің 4 үлкен руға – Тинаумет, Чирчав, Мангушлав, Тизянға бөлінетіндігін, оларды Бектеш Аталық, Нияз Мұхаммед Аталық, Ұзын-Мұхаммед батыр, Мұхаммед-Ғали палуан, Ақ-Мұхаммед бай, Азна Халид, Мұхаммед-Жасауыл, Ұрды-Қылыш Жасауыл старшындар басқаратындығын, Хиуаға бағынып, парсы иеліктеріне қарай көшіп қонатындығын, 30 мыңдай түтін барлығын анықтады (История Казахстана в русских источниках XVI- XX веков. VI том. А., 2007, С.69-70). Олармен көршілес Кіші жүздің Әлімұлдарынан шөмекей, төртқара, шекті, Байұлыларынан адай, беріш, таз т.б. рулары көшіп қонатын. XVIIІ ғасыр басындағы жоңғарлардың жойқын шабуылы кезінде академик В.Бартольдтің пікірінше түркіменнің салыр руы қалмақ ханының қолдауымен Солтүстік Кавказға көшірілген. Қазақтың да, түркіменнің де негізгі тұрмыс тіршілігі мал шаруашылығына тәуелді болғандықтан басты мәселе жайылымға келіп тірелді. Оған қоса дәл осы кезеңде Ирандықтар көршілес халықтарды жаулап алуға кірісіп, оларды өзіне қосып, шекарасын кеңейту саясатын ашық жүргізіп жатқанды. Сол мақсатқа жаулап алынған халықтардың байлығы, адами ресурстары жұмылдырылды. Түркімендердің солтүстікке қарай жылжып, қазақ жайылымдарына енуі бірден қарулы қарсылыққа ұшырады. 1745 жылы шілдеде Нәдір шахтан қашып, Астраханьға келген татарлар «біз бұрын Қайрақлы тауындағы Маңғыстауды мекендейтінбіз. Содан 8 жыл немесе одан да көп уақыт бұрын қырғыз-қайсақтардың шабуылынан ығысып Хиуаға көштік. 1741 жылы Хиуаны шах басып алғасын, амалсыздан қайтадан Маңғыстауға, шах кейін Иранға оралды дегенді естіген соң 10 мың түтін Хиуаға оралдық» деп мойындады (АООМ. 394 қ., 1 т., 1083 іс, 42-43 пп.). Бұл деректі қалмақ ханы Дондук Омбаның (Аюке хан немересі) министр А.И.Остерманға 1741 жылы 13 ақпанда жазған хаты да дәлелдейді. Хатта «түркімендерді қырғыз-қайсақтар шабуылдап, талқандаған соң, олар ол жерде тұра алмай Хиуаға көшті. Хиуаны шах алған соң Бадахшан, Бұхара түркімендері бізбен (Хиуадағы түркімендермен) бірігіп, бұрынғы көшіп-қонған мекеніміз Маңғыстаудан жайлы орынды табуды ойластырудамыз. Содан соң патшаға сенімді адам жібереміз» делінген (РИССМ, «Түркімендер ісі» 133 қ., 1741, 133/1 т, 2 іс, 1-2 пп.)
XVIIІ ғасыр басында түркімендер мал шаруашылығымен қатар, егіншілікпен айналысып, бидай, тары сеуіп, өнімдерін өзіне пайдаланған. Теңіз арқылы Ресеймен де сауда-саттық орнатқан. Хорезм, Иран мемлекеттеріне бағынғаннан кейін олардың әскери құрамаларына бірде 400, бірде 1000 жігіттен беріп отырған. Яғни түркімен жігіттері парсылар құрамында Азияны жаулауға қатысып, соғыс даласынан тәжірибе жинаған. П.И. Рычковтың анықтауынша түркімендер санының аздығына байланысты қазақтармен соғысқа олар не бәрі 10 мың адамды шығара алған. Қару-жарақтан мылтық, қылышты Ираннан алдырған. Соғыс тәжірибесіне және шеберлігіне қарамастан оларға қазақтардың көптігі солтүстікке қарай жылжуына кедергі жасаған (Рычков П.И. Көрсетілген еңбек, 17 б.). Содан түркіменнің абдал, шабдыр, бозашы, бұрыншық бөлімдері Байұлының Адай рулары қарсылығынан Хиуаның қарамағына өтіп, әрбір түтіннен 3 червонецтен салық төлеуге келіскен. Кейін Хиуа ханының әскери құрамына қызмет жасауға рұқсат алған соң, керісінше Хиуа оларға сол соманы төлеген (ОРОММ. 6 қ., 3 т., 7034 іс, 25-60 пп.). Сонымен парсылар да, Хиуа да түркімендердің әскери қызметіне қолдау көрсетті. Бұған қоса шах «әскери қызметте жүргендерге жалақыдан басқа, тархандық дәрежемен қатар көшіп-қону еркіндігін беруге де келісті (РИССМ, «Түркімендер ісі» 133 қ., 1741, 133/1 т., 2 іс, 1-2 пп.). Соған қарамастан түркімендер Хиуалықтар билігіне қарсы жиі-жиі көтеріліп, оның соңы қырып-жоюға ұласатын. Әдеттегідей түркімендер Маңғыстауға, одан әрі Жем бойларына, кейде Жайыққа дейін ішкерелей енетін.
Түбіміз бір түркі тілдес халық болсақ та, кейде өткен тарихымыз бірін-бірі толықтырып, араласып жатса да жер мәселесіне келгенде қазақтар да, түркімендер де талас-тартысты қыздырып, күшпен шешетін. Бір заманда түркімен Сапар Бозда жырау Тәуекел ханға келіп,
Қазығұрттан тараған барша халық
Біздерді Түркеш, Ернеш, Оғыз дейді.
Кіндігін Қоңыраттың бөліп жарып,
Көтердің «Жеті Жарғыны» Берке Науан!
Ордаңнан Құт-Береке арылмасын.
Алашың жинала берсін түбін танып!
Танысаң Қоңыратпын Оғыз тілді
Панасызға парасатпен қорған болған.
Санасызға Нұр құйған Сіз бір жарық!
Оң аяқты қоңсымын керуен бастар,
Бахир Зарафқа қол ұшын бер оң қанатыңа алып! - деп жырлап, қызылбас-ирандықтарға қарсы соғыста көмек сұраған-ды. Уақытында берілген көмектің арқасында бірлескен қол жеңіске жеткен болатын. Ал XVIIІ ғасырдың ІІ ширегінде жағдай күрт өзгерді. Өйткені дәл осы кезеңде түркімендер еліне парсы, хиуалықтар қысымы күшейді. Орыс патшасы саясаткерлері де Каспий теңізін бойлай, оңтүстікке өз таласын байқатып Үстіртке келіп жетті. Ресей түркімендерге Қалмақ хандары арқылы араласа бастады. Орыс көпестері оларға кейде теңіз арқылы да жетіп, сауда-саттық жасап, Хиуа, Бұхара елдері туралы мәліметтер жинады.
Мұның барлығын Әбілқайыр хан толық сезінді. Елі мен жері бүтіндігін басты мұраты санаған ол оңтүстіктегі қазақ руларының мүддесін қорғауға жанын салды. Мұрағат деректері Әбілқайырдың күйеу баласы Батыр сұлтан 1750 қазақ қолын бастап, 1732 жылы көктемде олармен шайқасқанын дәлелдейді. Бұл жағдайды Ұлы жүзден келген Абағай сұлтан А.И. Тевкелевке 1732 жылы 28 наурызда хабарлаған. Осы жолы қазақтар Хиуа бағытында жүрген полковник Гарбер керуенін тоқтатқан (КРО 1, С.69-70).
Жер, жайылым үшін таласта қазақтар да, түркімендер де бір-бірінен мал айдап әкету, тұтқынға алу, керуендерді жібермеу, теңіз бойындағы балықшылардың құрал-жабдықтарын тартып алу т.б. түрлі жолдарымен көзге түсті. Дегенмен XVIIІ ғасырдың 40 жылдарына дейін, яғни Иран шахының Бұхара, Хиуа бағытына қарсы соғыстарына дейін түркімендер Маңғыстауға күшпен енуге тырыспаған сияқты. Біздіңше оның төмендегідей себептері болды. Біріншіден, түркімендер бұл кезеңде Хиуаға бағынды. Ал Хиуа, қазақ ханы Әбілқайырдың немере бауыры Елбарыс ханның қарауында болатын. Елбарыс хан (1728-1740) қазақтармен ешқашан қарым-қатынасты шиеленістіруді көздемеді. Екіншіден, түркімендермен шектес, Арал иелігінде де Әбілқайыр хан саясаты жүріп тұрды. Оның билеушісі Шахтемір хан қазақ ханымен өзара түсіністікте болды. Нұралы сұлтанның өзі 1732 жылы 4 айдай Аралда тұрса, ол жерден қашық емес елді мекендерде Әбілқайыр хан көшіп қонды. Үшіншіден, 1739-1740 жылдарға дейін Иран түркімендерге айтарлықтай қысым жасамады. Өйткені, олар Үнді бағытында соғысып, солтүстіктегі көршілерімен жағдайды шиеленістірмеді. Мұндай жағдай түркімендерге өз елінің оңтүстік бағытында еркін қимылдауына мүмкіндік жасады. Төртіншіден, бұл кезеңде қазақтар үшін басты бағыт жоңғарлардың екпінді шабуылдарын тойтару болатын. Аңырақай шайқасында Әбілқайыр хан әскері жеңіске жеткенімен, жоңғарлар алған бағытынан қайтқан емес. Оның үстіне жоңғарларды Еділ-Жайық аралығындағы қалмақтар да қолдады. Оны түркімендерде түсінбеді дей алмаймыз. Бесіншіден, қазақ-түркіменнің түбі бір ағайын болуы, әрі көршілес қоныс тебуі олардың араласып-құраласауына жағдай жасады, яғни «малы төскейде, басы төсекте біріккен» ел болды. Қазақтар мен түркімендер сол заманның өзінде өзара құдандалы да болды. Ата шежіреде XVIII ғасырда өмір сүрген Үстіртті жайлаған адай руымен бірге беріш руларының көшіп қонғандығы айтылады. Мұның өзі беріш руларының түркімендермен де байланысуына әкелді. Мәселен XVIII ғасырда беріш руынан Итемген және оның бауыры түркіменнен қыз алған. Ал Итемгеннің баласы Табылды да түркіменнің Сүйін батырының қызына үйленген. Одан атақты Құлбарақ батыр туған. Сонымен бірге шежіре бойынша беріш руының аты ұранға айналған Ағатай батыры да баласы Боқай үшін түркімендерге құда түскен. Боқай батыр соған ұрын келіп жүргенде түркімендерді шапқан қызылбастармен соғыста қаза тапқан екен. Түркімен Сүйін батырдың өзі бүгінгі Маңғыстау жерінде жерленген (Дүйсенбаева Ж. Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы тарих тағылымы. Алматы. 2007, 131 б.). Атақты Мұрын жырау жырында «Ерсары батыр Маңғыстаудан Қарақұмға көшті, содан сол жерде ұрпағын өрбітті» делінеді. Ал түркімендер тайпасы осы Ерсарыдан бастау алады (Қыдырбекұлы Д. Көшпелілер кім болған еді? // Ақиқат, 1994, №8, 36 б.). Бұған енді адайлар арасындағы оның түркімен бөлімін қосыңыз.
Міне мұның барлығы белгілі дәрежеде өзара келісімге жағдай жасады деуімізге әбден болады.
1740 жылдан бастап мұрағат деректерінде қазақ-түркімен қарым-қатынасының шиеленісіп, арты қырғынға ұласқаны байқалады.
Белгілі жазушы Әбіш Кекілбай «Күй» повесінде «Екі жақ бұндай теке тірестен ештеңе өнбесін біліп, енді бопсаға көшті. Түрікмендер қазақтың жерді алғанымен қоймай, қайда көшсе де өкшелеп, малын малша, жанын жанша қиып, елді тоздырып бара жатқанын бетке басты. Қазақтар діні басқа, тілі басқа қалмақтан бас сауғалап ағайын деп келгенде түрікменнің алдарынан қарулы шыққанын, соғыстың содан тұтанғанын салық қылды» деп мәселені аша түседі (Кекілбаев Ә. Ханша – Дария хикаясы. Балладалар мен роман. – Алматы, 2003, 90-91 бб.). Автор дәл сол тұста ел игілері өзара келіскенімен, кейін жер дауын қыздырған тентектер екі халық тыныштығына сызат салғандығын анықтады. Бұларға қоса, біздіңше Нәдір шахтың Бұхара мен Хиуаны алып, түркімендерге шабуылы да өз үлесін қосқан. Түркімендер амалсыздан парсылар үстемдігін мойындап, Хиуа хандарына бағынғанымен оның арты хиуа-түркімен соғысына әкелді. Бұл кезеңде хиуалықтар Иранға хабар беріп, әскер алдыратын. Нәдір билеушінің тарихын жазған Мырза Мехди хан шахтың Хорезм иомуттарын (түркіменнің бір тайпасы) жиі жазалап, олардың жігіттерін өз әскері құрамына күштеп енгізгендігін атап өтеді. Мәселен 1736, 1740, 1745 жылдары осы саясат қайталанған. Сөйтіп түркімендердің Маңғыстауды иеленуге ұмтылысы 1740 жылы 11 қарашада Хиуадан Арал иелігіне бағыт алған Әбілқайыр хан әскеріне Шаба қаласы маңында шабуылдауынан көрінді. Әбілқайыр әскері оларды талқандап, 15 түркіменді өлімші етіп, дүние-мүліктерін, малдарын олжалады. Араға уақыт сала түркімендердің Нұралы сұлтан басқаратын Арал иелігіне де көшуді жоспарлағаны белгілі болды (КРО 1, С. 179).
1741 жылы жазда қазақ қолдарын Төлен қалмақ басқарып, түркімендермен соғысты. Соғыс қорытындысында қазақтар тағыда жеңіске жетіп көптеген түркімендерді тұтқындады (РИССМ 122 қ., 1742, 122/т., 4 іс, 4 п.). Мұрағат дерегіндегі Төлен қалмақ адай руының батыры Әнетұлы Төлеп болуы мүмкін. Ол да дәл осы кезеңде елін қорғаумен көзге түскен-ді. Батырдың ерліктері Қалнияз Шопықұлының «Ер Қамыс-Ер Төлеп» жырында суреттелген. Төлеп батыр замандасы Ермембет Тұрұлы Хиуа ханымен сөз қағыстырғанда «Біз жауға бүгін барып, ертең өлгенді батыр демейтін жұртпыз. Менің өткенімнің батыры елу рет қол бастап жорықта жауды қайтарған, жауынан бірде-бір меселі қайтпаған 85 жасына қарағанда Алланың ақ ажалымен оң жақтан ақыретке аттанған Әнетұлы Төлеп» деп ел қорғанын жоғары бағалаған (Маңғыстау энциклопедиясы. Алматы, 2008, - 197 б.). Ал Қалнияз ақынның өзі «Бұрынғы өткен ерлерім, Атағозы, Ер Лабақ, Қармыс пен Өмір, Темірде, Жылқыайдар мен Ер Төлеп қосылған талай дүбірге» деген өлең жолдарын арнады.
1741 жылы 12 маусымда Маңғыстау пристанына орыс капитаны Г.Тебелев өз командасымен келді. 19 маусымда оған түркімендер – Маметкелді батыр, Қожа Берді Бақсы, Сүйінгуран Өнбегі, Қарабатыр, Башабек старшындар 30 адаммен келген. Өз қолымен толтырған журналдан капитан Қанбарбек старшынға қазақ-түркімен қарым-қатынасы туралы сұрақты әдейі қойғандығын байқаймыз. Бұл сұраққа Қанбарбек «қырғыз-қайсақтар жылда бізге шабуылдап малымызды айдап, кейде адамдарымызды тұтқынға алады, себебі түркімендер бөлек-бөлек көшіп қонады. Сондықтан біз Өліқолтықтағы Қайрақлы тауына қарауыл қоямыз. Қырғыз-қайсақтар жиналып келе жатыр деген хабар жетсе, мал-жанымызбен тау басына шығамыз. Ол жерден олар бізді жеңе алмайды. Шабуылдаушылар кейін кеткен соң, түркімендер оларды шауып, кегін қайтарады» деп жауап берген (РИССМ. «Түркімендер ісі» 133 қ., 1741, 133/1 т., 4 іс)
1742 жылы сәуір айында қазақ рулары Барақ сұлтан, табын Бөкенбай, Есет батырлар бастауымен түркімендердің Маңғыстауға көшуінің алдын алу үшін соғысқа аттанған. Осы жылы қарақалпақтардан келген ағылшын көпесі Гок Орныборға қазақ-түркімен соғысында қазақтардың жеңіліп, 100 жуық адамдарынан айырылғандығын, шайқаста Бөкенбай батырдың қаза тапқандығын хабарлады (РИССМ, 122 ., 1742, 122/1 т., 4 іс, 65-67 пп.; КРО 1, С. 24).
Түркімендер әдеттегідей Қайрақлы тауы басына бекініп соғысқан. Олардың осы тәсілі қай уақытта да қазақтардың жеңе алмауына әкелді. П.И.Рычков «түркімендер соғыс барысында жеңе алмайтынын сезсе, тауға шығып қорғанады. Ол жерден оларды шығару оңай емес» деп жазған болатын (Рычков П.И. Көрсетілген еңбек. С. 17).
1742 жылғы көктемдегі осы шайқас туралы ақын Тілеумағамбет Аманжолұлының (1865-1935) «Бөкенбай батыр» жырында толығырақ жазылған. Жыр бойынша қазақ-түркімендер де бұл соғысқа алдын ала дайындалған. Түрікмен батырлары Бөрі, Қаһар, Қылыш, Бердіоғлы қалың әскері жиды. Түрікмен батырлары еліне
«Ай түрікпендер, түрікпендер
Өткен де өткен заманда,
Түрікпеннің жері кең еді,
Кең екені шын еді.
Жаулап та алып Шыңғыс хан,
Азайтып жерді кетіп еді.
Бізден алған жерлері,
Аралдың бойы Қасарма,
Қасармадан төмен-ай
Сам мен Матай дер еді,
Сам мен Матайдан төмен-ай
Маңғышлақ деген жер еді.
Одан да төмен Каспий-ай
Теңізде Каспий дер еді
Әуелгі түрікпен жері еді,
Жайлап алған Шыңғыс хан
Қазақ пенен Ноғайға,
Еншің сенің болсын деп,
Беріп те кеткен жері еді» - деп ұран тастап, сол жерлерді қайтаруға бел буды. Бұдан хабарданған Бөкенбай батыр қазақ руларына хабар салып, жанына Жәнібек, Есет, Серке, адай Айбас, таз Таймас батырларды жиып, жауға аттанған. Соғыс қорытындысында түрікмендер Бөрі, Қылыш, Қаһар батырларынан айырылып, Бердіоғы қазақтармен келісімге келген. Түрікмен батыры «Енді түрікпен келмейді, қазақтың жерін көрмейді» деп уәде еткен. Кейін Бөкенбай батыр осы соғыста алған жарақаты (улы найза санына тиген) әсерінен қайтыс болған (Баһадүр батыр Бөкенбай. Ақтөбе, 2011, 178-200 бб.)
Міне осындай жағдайда түркімен ақыны Махтумкүл (1730-1780) «Түркімендер! Егер біз – теке, йомуд, гоклен, язар және амелі рулары тіл табыса алсақ, бүгіннен бастап бір жанұя боламыз» деп ұран тастады.
Түркімендер алдымен Хиуа билеушілерінің озбырлығына қарсы бірлесе көтерілді. 1744 жылы олар – теке, иомут, екдер, шәудір, арбашылар Хиуа маңындағы ауылдарды талқандап, тұрғындарын тұтқындап, Хиуа қаласына ешкімді қатыстырмай 8 ай бойы қоршауда ұстаған. Содан Хиуа ханы Әбілғазы парсы шахы Нәдірге жасырын түрде хабар салып, көмек сұрады. Көмекке 1745 жылы жазда Хорасан губернаторы, Нәдір шах немересі Әліқұл ханды жіберген. 30 мың қолмен келген парсылар түркімендерді талқандап, олардың бір бөлігін Бұхара хандығындағы Чарджоуға орналастырып, 400 жігітін Иранға әскери қызметке әкетсе, түркімендердің теке, иомут рулары, Каспий теңізіне, Балқан тауларына қарай көшкен. Кейін Әліқұл Иранға кеткенмен Хиуада парсылардан 6 мың әскер қалған (РИССМ. «Түркімендер ісі» 133 қ., 1741, 133/1 т., 3 іс, 1-20 пп.).
Хиуалықтар түркімендер шабуылы қарсаңында Әбілқайыр ханнан көмек сұрағанымен, П.И.Рычков анықтауынша қазақтар ол жаққа әскер жібермеген (Рычков П.И. История Оренбургская (1730-1750). Оренбург, 1896, С. 80). Кейін белгілі болғандай Әбілқайыр 1745 жылы көктемде Нәдір шахқа өз елшілерін сұлтан Қайып Батырұлы бастауымен жіберген. Бұл арада Әбілқайыр қазақ-түркімен қарым-қатынасын шиеленістірмеуді көздеген сияқты. Бұл ойымызды 1745 жылы 13 шілдеде Астраханнан Маңғыстау пристанына келген капитан В.Копытовский журналы дәлелдей түседі. Капитан Астрахан губернаторы В.Н.Татищев тапсырмасына сәйкес сауда-саттық мәселесін желеу етіп, Хиуа, Бұхара хандықтарындағы жағдай, Нәдір шахтың қимылдары туралы мәліметтер жинауға келген. В.Копытовский 19 шілдеде түркімен-иомуттарымен бірге жүрген Әбілқайыр хан елшісі Қият Ысықовпен кездескен. Ол және 8 иомут руы өкілдері «біздер бұрын өзара соғыстық, қазір келісімге келдік, талас-тартысты тоқтаттық» деп бірауыздан айтқан. Елшілер орыс кемесін тексеріп қарап, басқа шаруамыз жоқ деп кетіп қалған. Иомуд руы өкілдері Хиуаны парсылардың алғандығын, ал өздерінің 2 ай бұрын ол жақтан көшіп Маңғыстауды паналауда екендігін қоса хабарлаған (Из истории отношения России с туркменами в XVIIІ веке // Красный архив, №2 (93), М., 1939, С. 220-237).
Сонымен екі жақ бейбіт өмірге қол созған келісімге тоқтады. Қазақ та, түркімен де Ә.Кекілбаев айтқандай «Екі елді керістіретін де сөз, келістіретін де сөз. Дауға найза араласты-ақ келісім жоқ, кетісу бар. Келістірер сөз тек кемеңгердің көкейінен шығады, алжастырар айбалта кез келген тентектің тақымында жүр. Тентек күнде туады, кемеңгер мың жылда бір туа ма, жоқ па, туа қалса, өңшең қылышқа жақын қыршаңқысы көп қырсық ел оған тізгінін бере ме, жоқ па? ... Беймәлім дүние. Ендеше, ол шапса, сен де шап! Ол қорласа, сен де қорла! Алдырып жатып ақылгөйсіген кемеңгерлік құрысын!» деген заманның арты ақыл мен сабырға, қайрат пен жігерге толы болды (Кекілбаев Ә. Көрсетілген еңбек. 94 б.). Өйткені ертеңгі күн үшін, тарих пен тағдыр мәңгілік көршілес қылған халықтар үшін болашақ өмір жатты.