ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЛАРЫ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТТАРЫ
Қаленова Т.С., т.ғ.к.,
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университеті еуразиялық
зерттеулер кафедрасының доценті,
Қазақстан Республикасы, Астана қаласы
Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан бергі уақыттан бастап өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруды басты даму бағыты етіп айқындады. Әлеуметтік мемлекетті құрудың негізгі құқықтары мен қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген.
Тәуелсіз Қазақстанда әлеуметтік мемлекеттің берік іргетасы қалануында Елбасының жыл сайынғы Жолдауларының алар орны ерекше.
Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының, 1- тармағына сәйкес Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын Жолдау арнайды. Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары тәуелсіз Қазақстан тарихындағы елеулі оқиғалар. Өйткені ондағы қойылатын міндеттер мен жасалынатын пайымдаулар мен тұжырымдамалар әрбір жыл сайын бір-бірімен жалғастық тауып, мемлекеттің тұтастай дамуын жаңаша деңгейге көтеруді айқындайтын, нақты дәлелді көрсеткіштерге негізделген стратегиялық бағыттар.
Еліміздің
әлеуметтік мемлекет ретінде дамып, қалыптасуының нақты бағыттары жыл сайынғы Елбасы Жолдауларының ең маңызды
арқауы болып табылады. «Қазақстан
өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында
Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру
стратегиясы» деп аталатын 2006 жылғы Жолдауда Елбасы Қазақстан халқының
әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға ерекше ден қойды. Жолдауда халықтың әлеуметтік
жағдайын көтеруге бағытталған міндеттерді іске асыру үшін нақты іс-шаралар
жеке-жеке атап көрсетілді[1].
Мемлекет басшысының 2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында әлеуметтік жауапкершілікті барлық деңгейде арттыру қажеттігі аталып көрсетілді. Өйткені, «әлеуметтік жауапкершілігі бар мемлекет адамның даңғазалық ниеттілігін және қол жайып қарап отыратын көңілі мен таптауырындық мінезіне жол бермейді» [2].
Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму бағыттары айқындалған Елбасының өткен жылдың 14 желтоқсанындағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы- қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деген Жолдауы стратегиялық маңызды құжат болып табылады.
«Біз шекарамызды заңдық тұрғыдан ресімдедік. Елдің жаңа елордасы – Астананы салдық. Біз «Алдымен экономика – cодан соң саясат»деген айқын формуламен ілгерілеп келеміз. Этникалық, мәдени және діни әралуандыққа қарамастан, елімізде бейбітшілік пен саяси тұрақтылықты сақтадық. Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысу орталығына айналды.
Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында бірінші болып жеке меншікке, еркін бәсекелестікке және ашықтық принциптеріне негізделген нарықтық экономиканың заманауи үлгісін жасадық», [3]- деп атап көрсетті Мемлекет басшысы Жолдауда.
Елбасының салиқалы саясатының нәтижесінде Қазақстан әлеуметтік мемлекет ретінде дамуының негізгі міндеттері шешілді. Мемлекет басшысы 2012 жылғы 3 шілдеде Астана қаласында өткен Индустрияландыру күніне арналған телекөпір барысында «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын жария етті. Бағдарламада Елбасы әлеуметтік жаңғыру мәселесі барша Қазақстан халқы үшін зор маңызды екендігін айта келе, осы бағытта атқарылуға тиіс негізгі міндеттерді бағамдап көрсетті.
Қорыта айтқанда, әрбір жыл сайынғы Президент Жолдаулары Қазақстанның мемлекет ретінде қуатын арттыра түсетін басты мақсат-мұраттарға негізделіп жасалады. Олардың әрқайсысы өзіндік бір мақсаттарға бағытталып, белгілі бір жүйемен және оларды жүзеге асыру механизмдерімен нақтылы құрылады.
Елбасы Жолдаулары - Қазақстанда жүргізіліп отырған саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды тереңдету бойынша, халықаралық қауымдастықта Қазақстанның рөлі мен орнын бекіту, оның саяси беделін арттыруға бағытталған еліміздің жалпы дамуын айқындайтын басты стратегиялық құжаттар болып табылады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.- 2006, 1 наурыз.
2. Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.- 2012, 27 қаңтар.
3. «Қазақстан-2050» Стратегиясы- қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.- 2012, 14 желтоқсан.