Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қола дәуіріндегі сарыарқа

29683
Қола дәуіріндегі сарыарқа - e-history.kz

Әлемдік-тарихи масштабта қола дәуіріндегі Қазақстан мен Еуразия аймағындағы тарихты дала өркениетінің алғашқы толқыны ретінде көрсетуге болады. Дала шарттарына негізделіп өмір сүру қалпы белгіленді. Қоғамның шаруашылық, әлеуметтік, саяси құрылымы бекітілді. Даму динамикасы, өркендеу, құлдырау кезеңдері анықталды.

Өркениет ресурстарының алғашқы белгілері энеолит дәуірінде өндіріс шаруашылығы даму кезінде көрінеді. Ежелгі өркениеттің шарықтауы қола дәуірінде болды деп есептеледі, бұл сақ кезеңін қамтиды. Осылайша б.з.д. III мыңжылдықтың ортасы мен б.з.д. I мыңжылдықтың соңы аралығында туу, даму, өркендеу, құлдырау процестерін қамтыған өркениеттің алғашқы толқыны көрініс береді. Бірақ жинақталған өркениет ресурсы әлеуметтік-мәдени даму нәтижесі ретінде өз жалғасын ерте түркі дәуірінде тапты. Бұл кезең келесі толқынның тууымен сай келді. Оның ең көрнекті көрсеткіші ретінде—көшпенділердің империясы Түрік қағанатының тарих аренасына келуін айтуға болады. Өркениеттік ресурстардың келесі бір өрістеуі Қыпшақ мемлекеті мен Қазақ хандығы кезінде көрініс берді.

Сонымен қазіргі білімдер жүйесіне негізделе отырып Орталық Қазақстан территориясында дала өркениеті дамуының 4 кезеңін көрсете аламыз: ерте дала өркениеті, ерте түрік қағанаты өркениеті, қыпшақ және Қазақ хандығы дәуіріндегі өркениет. Дерек көздерін талдау және жаңа материалдардың пайда болуы осы жүйені нақтылады. Дала өркениетінің қалыптасуына негіз болған айғақар мыналар: өндіріс шаруашылығына ауысу, жылқыны қолға үйретуге бағытталған мал шаруашылығының дамуы, халық санының өсуі, әлеуметтік-мәдени жағдайдың дамуына себепші болған табиғи-географиялық орта, әлеуметтік-экономикалық түсініктердің жақындығы, жиі қарым-қатынас, мәдени көзқарастың бірлігі.

Өркениет критерийлері ретінде ғұрыптық монументалдық құрылыстарды (қорғандар, мавзолейлер, кесенелер); таста мүсін жасау дәстүрін, қайтыс болған адамды жерлеу ғұрыптарындағы ерекшелік, басқару құрылымының пайда болуы, мекендердің өзара бөлінісі (орталықтар мен оны қоршаған шағын елді мекендердің пайда болуы), экономиканың қалыптасуы, рәміздердің пайда болуы, белгілі бір кәсіп ретіндегі еңбек бөлінісін көрсетуге болады.

Осы сипаттарды негізге ала отырып Қазақстандағы қола дәуірін ерте дала өркниеті ретінде есептеуге болады. Қола дәуірі біздің аймақта 1 мың жылға созылды (б.з.д. ІІ мыңжылдық). Бұл уақытта Қазақстанда мекен еткен ұлыстар қола өңдеу технологиясын меңгерді, жебе ұшы, пышақ, қылыш сияқты ұсақ заттар жасай алды, мәдени өсімдік тұқымдарын өңдеуді үйренді. Олардың суық ауа райына да төзуіне қолайлы жағдайлар ойластырды. Сумен қамтамасыз ету, экология, тазалық нормаларын, топографиялық ерекшеліктерді ескере отырып, қала-бекіністер тұрғызылды. Алғашқы құдықтарды археологтар андронов қонытарынан тапты. Есіл өзені маңында жүргізілген қазба жұмыстары сол кездегі қоғамда әлеуметтік жік-жікке бөлінудің және дөңгелекті көліктің болғандығын, жылқы малын көлік ретінде пайдалынғанын көрсетті.

Ботайлықтардың жетістігі демографиялық жарылыс жасады. Орталық Қазақстан даласы археологияда шартты түрде «андронов мәдени-таихи қауымдастығы» деп аталған ірі тайпалардың орталығына айналды. Ол Еуразия материгінің кіндігінде орналасқан, батысында Еділ бойы даласы мен Оралға дейін, шығысында   Енисейге дейін, солтүстігінде тайгаға дейін, оңтүстігінде Орта Азия мен Памирге дейінгі кеңістікті алып жатты. Өзінің территориясымен «андронов» қауымдастығы ұлы империялардан кем түспейді: батыстан шығысқа—3000 шақырым, мерридиан бойымен 1500 шақырымда қамтыды. Бұл контексте Нұра-Есіл өзен бойын қола дәуіріндегі тайпалар мекендеген негізгі ошақтардың бірі ретінде қарастырамыз.

 Андронов қауымдастығының саяси әрі этномәдени орталығы қазақ даласының ұсақ шоқылы жерлеріне тоғасты. Оралдан Енисейге дейінгі, Батыс Сібірден Орта Азияға дейінгі территорияны алып, мекен еткен тарихи-мәдени түзіліске сбепші болған күшті толқындар дәл осы жерлерден тарады. Андронов тарихи-мәдени бірлестігі феноменінің ең үлкен артықшылығы, қазіргі зерттеушілердің сараптауынша (саяси аспектіде), ерте дәуірде бірдей эклогиялық ортада өмір сүрген тілі мен мәдениеті бір-біріне ұқсас халықтардың біртұтас қауымдастық құруға ұмтылуы болып табылады. Бұл ол халықтарда тарихи ескерткіштердің, сәулет өнерінің, жерлеу рәсімінің, қару-жарақ түрлерінің, тұрмыстық заттардың, тіпті асыл бұйымдардың бірдей болуымен дәлелденеді.

 Орталық Қазақстанда қола дәуірінің ескеркіштері болып табылатын көсемдер жерленген алып кесенелер табылған. Бұған ұқсас ескерткіштер тіпті тұтас бір еуразиялық кеңістікте кездеспейді. Бұл жерлерде Андронов заманының ұсташы металлургтерінің көлемі жағынан өте үлкен қоныстары сақталған. Олардың жанында некрополдер орналасқан.

Археологиялық ақпарат көздеріне сүйенер болсақ, ол кезде қоғамның әлеуметтік бөлінушілігі орын алған және егін шаруашылығынан басқа кәсіптер бөлініп шыққан. Бұның барлығы қола дәуірінде күрделі құрылымды қоғамның болғандығын дәлелдейді. Экономикалық қажеттіліктердің өсуі, демографиялық жағдайдың күрделенуі андроновтықтардың жаңа жерлерді жаулап алуына себепші болды. Бұл олар мекен еткен территорияны одан сайын кеңейтті. Трансконтиненталдық миграция, жаңа ландшафтарды игеру үшін техникалық процесс жол ашты, көліктің жаңа түрлері және дөңгелекті көлік пайда болды, атты салт міну, соғыс ісінде жаңа ашулар болды, балта, пышақтар сияқты қаружарақтың жаңа түрлері пайда болды. Әскер құрылымы күрделенді. «Жалпыұлттық» стратегия түріндегі идеялық ойлар орын алды деген тұжырымдар мен діни реформа болды деген болжамдар бар.

Сол алыстағы күндерден жүздеген елді мекендер, қалашықтар, мал шаруашылығы үшін игерілген жайылымдар, мыңдаған қорымдар қалған. Археологиялық ескеркіштердің көп бөлігі қола дәуірінен қалған. Бұл қола дәуірінде халық санының көп болғандығын дәлелдейді. Қоныстар өзендердің бойында әр 20—30 шақырым сайын орналасқан. Андроновтықтар әрі жер өндеушілер, металлургтер, әрі кеншілер болды, сонымен қатар бақташылық мал шаруашылығымен айналысты. Олар алғашқылар болып далалы аймақта айналасына терең ор қазып қамалдар тұрғызды. Осындай қоныстар Астана маңында Елизаветинка деген жерден, Атбасардағы Саргары елді мекенінен, Көкшетаудан 40 шақырым жердегі Шағалалы (Чаглинка) өзені бойындағы Шағалалы (Чаглинка) елді мекенінен табылды. Есіл бойындағы Сарғары, Шағалалы бойындағы елді мекендерде қазба жұмыстарын жүргізу барысында археологтар тұрғын үйлер мен шаруашылыққа қажетті басқа құрылыстардың әр түрлі өту жолдарымен біріккен. Мөлтек аудан сияқты құрылысы табылған. Бұл «мөлтекаудандар» бір шатырмен жабылған. Бұл бір бөлмеден екінші бөлмеге еркін сыртқа жылу шығармай-ақ қатынап тұруға мүмкіндік жасады. Қола дәуіріне жатқызылатын «Беғазылық» мекен Кент (Қарағанды облысы) Орталық Азиядан Сарыарқа арқылы Батысқа өтетін сауда жолының бойында орналасқан қала деп есептеледі. Әр түрлі өндіріс алаңдары, ғұрыптық құрылыс орындары, тұрғын үйлері бар. Бұл қоныстың ауданы 30 га жерді құрайды.

Қола дәуірінің үйлерінен «жылы еден» атауымен белгілі жылу жүйесі табылды. Бұлар еден астымен ошақтан таралатын ирек арықтар. Бөлменің ортасында ошақтар орналасқан. Құдықтар мен азық-түлік сақтайтын шаруашылық шұңқырлары болған. Мекен аумағында автономды жылу жүйесі мен құбыр тазалау жүйесі табылған.

Нұрманбет (Степногорк қаласы, Ақсу өзені) мекенінің айналасында жүргізілген қазба жұмыстарының барысында ортасында құдығы бар үй табылды. Онда құрбандыққа шалынған мал сүйектері сақталғандығы анықталды. Шамасы аймақ тұрғындарында жаңа қонысқа құт қонсын деген тілекпен құрбандық шалатын дәстүр. Бұл әлемнің көптеген халықтарында кездесетін ғұрып. Мәселен, ол жөнінде ведалық әнұрандарда былайша жырланады:

Арғымақ қанына шомылған баспанам,

Әрқашан берік бол, шаттық әкеле бер...

(Атхарваведа ІІІ,12,1)

Мекеннен табылған еңбек құралдарының ішінде бидай үккіш пен қол орақтар бар. Бұл аймақта егін шаруашылығының болғандығының дәлелі. Олар өзен аңғарларындағы құнарлы топырақтарда жеміс-жидек өсумен айналысқан. Олардың күнделікті дастархан мәзірі ет, сүт, нан, ботқадан тұрған. Андроновтықтардың қолға үйретілген малдары сиыр, қой, жылқы болған. Сондай-ақ екі өркешті түйе өсірген. Жануарлар өздерінің күйлілігімен ерекшеленді. Ригведа мен Авестаның әнұрандарында Құдайларға арнап құрбандыққа мал шалғанда «бұл саған арналға тамаша байлық» деп айтуы немесе Құдайларға эпитет ретінде «байлықты мал есебінде беруші» деген сөздердің таңдап алынуы кездейсоқ жағдай болмаған. Өркениетті негіздеуге бірденбір критерийі—археологтардың биік қабырғалармен қоршалған мекендерді табуы болды. Осыдай мекендерде алғашы қазба жұмыстары ХХ ғ. 70 ж. басталды.

Есіл бойындағы территориялар қола дәуіріне жататын формасы тікбұрышты болып келетін қабырғалармен қоршалған қоныс табылды.Оның екеуінде (Петровка, Новиноколь) бірнеше мың шаршы метр тереңдікке дейін қазба жұмысы жүрді. Бұл жерді андроновтықтар бірнеше ғасырлар бойы (б.з.д. ХVІ—ХІVғғ.) мекен еткені анықталып отыр[1]. Соңғы екі онжылдықта бұл жерлер бірді-екілі кездейсоқ жағдайлар ретінде зерттеушілер назарынан тыс қалып қойды.Тек 80 жылдардың екінші жартысында Арқайым қаласы және тұтас бір «Қалалар елі» ашылғанда жағдай өзгерді. Есілдегі протоқалалар Дала тарихындағы ерекше кезең болып келетіні анықталды.

Барлық еуразия даласында қатал климатқа қарамай шебер ұйымдастырылған урбанизацияланған территориялар (протоқалалар) пайда болады. Олардың көлемі үлкен емес, жоспарланған мықты қорғаныс қамалдармен қоршалған территориялар болды. Радиустері 20—30 шақырым шеңбер тәрізді болды. Ішіндегі ең көрнектісі—Арқайым.

Арқайым мекені—монументалды қорғаныс қабырғалары бар қала—бекініс. Мекен дөңгелек формаға ие. Негізін екі қорғаныс шеңбері құрайды: сыртқы жағының диаметрі—150 м, ішкі жағының диаметрі—85 м. Ішкі бекініс қабырғасы қалашықтың цитаделін қоршады. Қорғаныс бекіністері 2-3 м тереңдіктегі ор мен биіктігі 3, 5 м бекініс қабырғасынан тұрған. Қабырғаның ені 5 м. Ол ағаш какастармен іштей байланысқан балшық блоктардан жасалған. Қабырғаның үстінен бөрене қадаулар жиі-жиі орналасқан. Олар бекініс сақшыларына қорған ретінде болды. Қамалдардың бүйірлері трапеция тәрізді болы келді. Осының барлығы қорғанысты мықтап бекіту мақсатында жасалған. Тіпті үйлердің төбелері керек кезде қорғаныс галереясы әрі қозғалыс жүйесінің қызметін атқарған[2]. Үйлер бір-біріне қабыса орналасқан. Ішкі көшенің ені5—6 м. Оның ортасында ағы қызметін атқарған тереңдігі 1,2—1,5 м, ені 1,5 м ор қазылған.

Цитаделдің қабырғасы бөрене мен балшықтан тұрады. Цитаделдің ішне дөңгелене бір-біріне қабыса орналасқан үйлер тұрғызылған. Қаланың ортасында культтік ғұрыптарды жүргізуге аудан 27×25 м арнайы орында бөлінген. Қаланың шығаберіс жолы 4 жақта төртеу, бірақ қақпалар өз алдына қақпан ретінде болған. Жаулар қақпаны ашар болса алдында терең ойлар мен биік қамалдар қарсы алды және оларды екі жақтан қоршаған үйлер төбелерінен оқ астына алуға мүмкндік жасалған. Ал ені 3 м болып келетін қалашыққа кіріп-шығу көздері оның бүйірінде орналасқан. Оның өзі лабиринт тәрізді күрделі болып келеді. Осы күрделі жолдар жаулар үшін өте қауіпті болды.

Археологтар қаланың тең жартысында қазба жұмыстарын жүргізді. Енді қалғаны жетілдірілген жаңа зерттеу әдістерін меңгерген жас ғалымдардың қолында.

Мыңдаған жылдарға қарамай Арқайым қазірдің өзінде зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретіндей жақсы сақталған. Ол жердегі жалпы үйлер саны 66—67 (сыртқы шеңбер 39—40, ішкі шеңбер 27) болған. Археологтар үйлердің архитектурасы мен интерьеріне қайта қалпын жасап шықты. Ауданы 100—180 шаршы метр үйлердің ұзындығы 16—20 м, ені—6,8 м. Қабырғалары бөрене мен балшықтан жасалған. Төблері екі бағанмен тірелген. Қазба жұмыстары көптеген қызықты бөлшектерді ашты. Үйлер салу әдісінің және құрылыс материалдарының әртүрлілігі оларды болашақ тұрғындары орнатқандығын көрсетеді. Тағы бір таң қалдыратыны қаланың жоспары мен макеті алдын ала дайындалған. Ол болашақ қаланың алаңында көрсетілген.

Үйлердің ішкі құрылымы да ойластырылған. Ұйықтауға арналған бөлмелер, ас үй, жалпы жиынға арналған бөлмелер болған. Әр үйдің ортасында ошақ, оның жанында құдық болған. Кейбір үйлерде мыс өндеуге арналған металл пештер табылған. Үйлердің екі қабат шатыры болған, себебі олар үшін жаулардан қорғаныс болып есептелген. Үйдің төбесін судан тазарту жүйесі ойластырылған. Үйлердің қабырғасынан жаңбырдың суын ағызып жіберетін құбырлар табылды. Ол суды аулада арнайы орнатылған ыдыстарға құяды, судың бір бөлігі су құбырларына кетеді.Осылайша Арқайым осыдан IV мың жыл бұрын Оңтүстік Орал даласында тұрғызылған мықты бекініс болды. Археологтардың есептеуінше ол жерде бір уақытта 2,5 мыңдай адам тұруы мүмкін. Қаланың барлық территориясында қазіргі көп пәтерлі үйлерге ұқсас құрылыс орындары орналасқан. Ал қала маңындағы территория жайылым қызметін атқарды. Арқайымның ашылуы көптеген сұрақтар мен жұмбақтар әкелді. Қала тұрғындарының оны тастап кету себептері түсініксіз, себебі еш соғыс іздері көрінбейді. Қала әдейі қалдырылған, себебі кетер кезде оған өрт қойып кеткен. Археологтар отын қалдықтарын тапты. Бір жақсысы өрт қаланы түгелдей жойып жібермеген. Бұл ғалымдардың зерртеуіне үлкен жағдай жасады. Бұл жерде мифтік таным көрініс беретін секілді от «тазартушы күш» болып есептеледі. Сондықтан арқайымдықтар өз мекендерін өртеп оған мәңгілік өмір алып берген секілді. Нәтижесінде Оңтүстік Оралда өзара байланысты 20 қола дәуіріне жататын елді мекендер табылды. Олар Тобыл мен Оралға келіп құятын кішкентай дала өзендерінің бойында 40—60 шақырым аралықта орналасқан. Бұл жерлер ғылымда «Қалалар елі» атауына ие болды. Ол Солтүстіктен Оңтүстікке 350 шақырым, Шығыстан Батысқа 150 шақырымды алып жатыр. Қазба жүмыстарының нәтижесінде қалалар қорымдары және мыс рудалары мен басқа өндіріс орындары, жайылмдары бар тұтас бір аймақтың орталығы қызметін атқарғандығы анықталып отыр [3].

Зерттеушілер теорялық дәлелдер келтіре отырып Арқайымға протоқала деген атау берді. Бірақ б.з.д. ІІІ—ІІ мыңжылдықтарда салынған бұл қалалардың пайда болуы ерте Шығыс тарихынан белгілі далалы аймақта кейіннен құрылған көшпелі мемлекеттердің алғышарттары деп айтсақ артық емес.

Осындай қалалар мен елдің мекендердің болғандығын «Авеста» мен «Ригведада» жазылған, Арийлердің отаны «Арья Вэйджу» туралы, олардың ғұрыптары мен тұрмысы, рухани құндылықтары жөніндегі мәліметтер дәлелдейді.

«Қалалар елінің» Қазақстанға да қатысы бар. Ғалымдардың айтуынша андронов мәдениетінің көрінісі біздің территорияларымыздан табылып жатыр. Оған дәлел - табылып жатқан ескі қоныстар мен Атасу, Есіл, Тобыл, Ертіс, өзендері бойынан табылған бейіт орындары. Қазақстан жерінен Арқайым сияқты қалалардың табылуы әбден мүмкін.

Андроновтықтар қайдан келді және қай тілде сөйледі? Ғалымдар олардың тілін үнді-еуропа тобына жатқызады. Ал олардың шыққан жері Азия деп көрсетсе, енді бірқатар ғалымдар Еділ, Орал өзен аралықтары деп көрсетеді. Олар үнді-иран тайпаларынан таралды деген пікір бар. Себебі олардың ғұрыптары Ригведа мен Авестада жазылған ғұрыптарға ұқсасы көп.

Басқа пікірлер де бар, мысалы, кейбір зерттеушілер андроновтардың тілін прото­түркі тіліне жатқызса, кейбіреулер финноугор тілі деп көрсетеді. Археологиялық материалдар мен лингвистикалық дәлелдерді салыстыру өте қиын, сондықтанда тіл мәселесі гипотеза болып қалады, себебі қола дәуіріндегі Еуразия континентіндегі мәдениет жазусыз болды. Дегенмен ғалымдардың санауынша антропологиялық жағынан олар жерортатеңіздік типтегі еуропеоидтар. Содықтан да олардың тілі үндіеуропалық болуы тиіс.

Қола дәуірінде 3 өндіріс көзі болды: металлургия, керамикалық ыдыстар жасау, тігіншілік. Адамдардың мифологиялық дүниетанымдық түсінігі осыған қатысты. Мифологияда 3 кейіпкер негізгі орын алады: ұста, құмырашы, тігінші. Олар табиғат бөлшектерін күнкөріс үшін пайдаланды. Сондықтан олар отты, металды, балшықты Әлемді жаратушы бөлшектер деп түсінді. Бұл табиғат кеңістігін мәдени игеру болып табылады. Мәдениетті кең ұғымда қарастырар болсақ, ол ойлау және шығарушы қабілеті бар адам әрекеті. Мәселен, адамдар күнделкті өмірде қажет құралдарды жасау үшін рудадан металл өңдіруді үйренді. Адамның тұрмыстағы, үйдегі тіпті о дүниедегі серігі болған ыдыс-аяқты балшықтан жасап үйренді, ал жіптен киім дайындалды. Бұлардың барлығы мәдениеттің бастаулары болып табылады.

Металлургтер және қола құюшылар. Энеолиттен белгілі металдан еңбек құралдарын жасау қолаға деген сұранысты арттырды. Орал бойының, Қазақстан даласының, Алтайдың мысқа бай өлкелерінің басын қосқан еуразиялық металлургиялық провинция пайда болды [4, 27 б.]. Орталық Қазақстанның қалайы мен мысқа бай өлкесі оны қола өндірудің ошағына айналдырды. Бұл жерлерде ежелгі рудниктер, қалайы мен мыс өдірген кен орындары, шағын шахталар жиі кездеседі. Тау кендерінің көлемі жөніндегі мәліметті мынадай айғақтардан көруге болады. Мысалы, қола дәуірінің бір ғана Кенқазған кен орны 800 мың тоннаға жуық мыс бере алған. Жезқазғанның ескі рудниктерінен 1 млн-нан кем емес мыс рудалары алынған. Кен өндіруші құралдар тас қайла, кетпен, балға, бұрғы сияқтылар болды.

Атасу, Талдысай (Қарағанды об­лысы) мекендерінен табылған мыс балқытушы пештер қабырғасы балшықпен сыланған түтін шығатын аузы бар тік немесе конустәрізді шұңқырлар болып келеді. Қоладан жасалған құралдар әр түрлі: пышақтар, қанжарлар, балталар, найза, садақ ұшы, т.б.

Ежелгі ұсталардың қолынан бәрі келген. Атап айтсақ пышақ пен найзадан бастап әшекей бұйымдар, ине, балық аулайтын істіктерге дейін жасай алды. Ұшқыш заттар, мөртабандар—күрделі еңбектің көрінісі. Сондықтанда сиқыршы ұста, іскер демиург, металл қожасы, от иесі сияқты мифологиялық бейнелер пайда болды.

Андроновтықтар тек металл өндірудің шебері ғана болған жоқ. Сондай-ақ балшықтан ыдыс жасау қола дәуіріне тән ерекшелік. Ыдыс қолмен жасалды. Ыдыс жасаудың екі түрі болған: «алакөлдік» - ыдысты түбінен бастап жасаған, «федоровтықтар» мойнынан бастап жасаған. Керамикалық қоспа балшықты икемді болу үшін әр түрлі құрамдардан тұрды. Ыдыстардың сыртындағы ою-өрнектер ағаштан және сүйектен жасалған мөртабандардың көмегімен салынды. Кейд мөртабанның қызметін ұстаның саусағы атқаратын. Күйдірілмес бұрын ыдыс кептіріледі, содан кейін отқа қойылады. Құмырашылардың шеберлігі керемет болған. Олардың қолынан шыққан бұйым қазірге дейін сол қалпында болатындай етіп жасалынған.

Қола дәуіріндегі тайпалар жазу білмеген. Сондықтан да олардың өрнектері сан түрлі. Олар өз кезегіндегі жазулар болуы да ғажап емес. Андронов өрнектері геометриялық фигуралардан тұрады. Әрқайсысының өзінің беретін мағынасы бар. Мысалы, ирек сызықтар судың белгісі болған, ал үшбұрыштар мен ромбылар мол өнімнің культі болған.

Өндірістің тағы бір түрі—тоқымашылық. Бұны ыдыстар ішіндегі мата қалдықтары дәлелдейді. Жіпті қой жүнінен жасаған. Жіп өмір сүруді білдіретін қасиетті қызыл бояуға боялған. Бояулар өсімдік тамырынан жасалған. Мәселен сырт киімнің (1 оба Лисаковский бейіті ІІ) бояуы тоқуға дейін алдын-ала дайындалып алынған. Бұл анроновтықтарда бояу дайындайтын шикізат көзінің болғандығының дәлелі. Қызыл түс негізгі түс болып есептелген, Таулы Алтайдан табылған б.з.д. ІV—ІІІ ғғ. жататын бейіттен шыққан киім және Жетісу сақтарының киімі қызыл түсті болған.

Андрон мекендерінен табылған станоктер оларда тоқымашылық технологиясының дамығандығын көрсетеді. Әр түрлі тесмадан иірілген және текстилден киім тігілген. Тесманы қолмен немесе тақтайшаның көмегімен иірген. Тақтайша станок қызметін атқарған.Аймақ территориясынан көптеген қола дәуіріне жататын жерлеу рәсімдерін өткізетін кешендер табылды (Жабай-Покровка (Атбасар ауданы, Ақмола облысы), Балықты, Ижевский, Звенигородка).Кеңес, Бірлік (Есіл өзені), Сатан (Нұра өзені) обаларынан екі немесе төрт атқа жегілетін екі дөңгелекті арбалардың қалдығы табылды. [1] Осы және тағы басқа қазба жұмыстарының нәтижесіне қарап отырсақ жерлеу рәсімі былайша өткізілген. Қабірді қазғанда одан шыққан топырақты қабірді айналдыра үйеді. Ортасындағы шұңқыр батыстан шығысқа қарай бағытталып қазылады. Топырақ үйіндісі 4×3м. 0,8 м тереңдікте барлық жағынан сатылар пайда болды, сондықтан шұңқырдың ауданы 3,5х2,5 м. жетті. Қабірдің тереңдігі—2 м. қабірдің қабырғалары балшық кірпіштермен қапталды. Қабірдің түбіне екі ағаш кесіндісінен жасалған табыт орналасқан. Қазба жұмыстарның авторы - Г.Б.Задановичтің байқауынша шұңқыр беті балшық кірпіштермен қапталған. Қабірдің бүйірінде шығысқа қаратылған ағаш арба болған [1, 74 б.]. ІVмың жыл болған ағаш. Арбаның болғандығын одан қалған ұнтақтар мен оған арналған орын дәлелдейді.

Қабірдің шығыс бөлігіне қайтыс болған адамды ұйықтап жатқандай етіп, қол аяғын бүгіп жерлеген. Оның жанынан ыдыстар табылды (Кеңес қорымынан 16 ыдыс табылды), тастан, қоладан жасалған садақ ұштары мен найза ұштары табылды. Қайтыс болған адамды тамақпен бірге жерлейтін болған. Оған қой, ешкі, жылқы сүйектерінің қалдығы дәлел. Қабірдің беті балшық кірпішпен қапталған оның бетінде топырақ үйіндісі бар. Қабірден қос аттың сүйегі табылды. Олардың сүйегі қабірдің оңтүстік және солтүстік бөлігінен табылды. Бастары батысқа бағытталып, ұйықтап жатқандай болып жерленген.

Аттар жегілген алпында жерленген. Оған олардың ауызсүйегінен табылған ауыздықтың қалдығы дәлел. Осы рәсімдердің бәрін жүргізгенннен кейін қабірдің үстіне топырақтан оба үйген. Обалардың диаметрі 12—18 м, биіктігі 0,3—0,5 м. осындай обалар Орталық Қазақстан, Оңтүстік Орал жерінен табылды. Олардың ішінен б.з.д. ХVІІІ—ХVІ ғғ. қамтитын Синташта бейітін ерекше бөліп өрсетуге болады. Біздің далада табылған арбалар қола дәуіріне жатқызылаты қытайлық арбалармен өте ұқсас. Арбалардың құрылысы мен сыртқы көрінісі Сарыарқа, Шығыс Алтай, Монғолия жерлерінен табылған петроглифтрден көрініс тапқан. Осының барлығы келесі арбалардың реконструкцясының дұрыстығына кепілідк береді.Арбаның қайта қалпына келтіруі. Ұзындығы – 270-300 см. Жетектің ұзындығы – 160 см, дөңгелектерінің диаметрі – 90 см, шеңберінің ені – 8 см, дөңгелектердің арасы – 140 см, арба тереңдігі – 55 см, ол арты ашық қораптәрізді болып ағаштан жасалған. Көлемі – 130х100 см. Қораптың бүйір жағы үстіндегі адамға қорған болу мақсатында дөңгелектерді жауып тұруы керек болды. Оның биіктгі – 40 см.Жауынгерлік қос дөңгелекті арбаның жерден жалпы биіктігі – 135-145 см. Арба үстіне екі адам сиятын. Біреуі- ат айдаушы, екіншісі – жауынгер. Екеуі де қаружарақпен қамтамасыз етілген. 

Қола дәуірінде қоршаған орта туралы түсініктерді сурет арқылы көрсету орын алған. Күнделікті тіршілік пен діни, сакралды түсініктердің арасы өте жақын болды. Сондықтан да адам басын бейнелеген тас мүсін идол бейнесінде болды. Осындай «Нұралық» пест 1968 жылы Нұра өзенінің бойынан Қорғалжын ауданының территориясынан табылды. Ол өте сирек кездесетін ертедегі антропоморфтық бейнелер түріне жатады. Бұл қатарда «тобыл» ойшылының тас мүсінін алып қарауға болады (Қостанай жерінен кездейсоқ табылған ескетркіш). Ол құмнан жасалған рельеф үстінен 20см. биіктікте орнатылған. «Ойшылдың» көзқарасы аспанға бағытталған, «біз қайдан келдік, біз қайда кетіп барамыз» деген сұрақтың жауабын іздегендей.

Осындай тас мүсіндер адамның сокралды түсініктерін танытатындай. Біздің ойымызша, Пасха аралынан табылған ата-баба мүсіндері мен екеуінің арасындағы ұқсастықта тегін емес секілді. Бұлардың басын ортақ бір дүниелік көзқарас, ойлаудағы ортақтастық қосатын болуы керек.

Қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын Кент мекенінен табылған сүйектен және мүйізден жасалған оюмен өрнектелген бұйымдардың не үшін жасалғандығы белгісіз. Ол тайпа элиталарына сыйлық ретінде берілген болуы мүмкін.

Андроновтықтардың сән үлгісі. Андроновтықтардың әйелдерге арналған киімдерінің ішінде ең басты элементтің бірі—моншақтардан, металдан жасалған алқалары бар бас киім болды. Қорымнан табылған фрагменттерді құрастыра отырып, археолог Э.Р.Усманова бас киімнің жасалу әдісін және түрін анықтай алды. Эксперименттің көмегімен ғалым бас киімнің 6 м. дейінгі тесмасын дайындау шамамен 80 сағатты алатындығын есептеп шығарды. Шашбауының өзі қоладан жасалған алқа, моншақтардан тұратын қосымша аңдардың тістерінен декор жасалған зергерлік бұйым ретінде болды. Бас киім былғарыдан жасалды. Бұл жағдайда шаш бауы былғары белбеуге тізілді. [5].

Ертедегі адамның бұ және о дүние жөніндегі түсініктері бір жерге тоғысты. «Андронов» костюмдерінің өзіндік магиялық сыры болды. Бас киім ритуалдық сипатқа ие болды. Өзінің иесін тіл-көзден сақтау қызметін атқарумен қатар оның жастық ерекшелігін, әлеуметтік статусын көрсетті: қыз бала, бой жеткен, әйел. Оған қарап иесінің тағдырынан хабардар бола алған. Бас киімнің мұндай қызметі әлі күнге дейін өз мәнін жоғалтпаған.

Ижевский (Аршалы ауданы, Вячеслав су қоймасының оң жағалауы) және Балықты қорымдарынан (Ерейментау ауданы, Құмай өзені) қола дәуіріндегі әйел киімінің реконструкциясын жасауға мүмкіндік туғызатын материалдар сақталған. Әйел адамның бас киімінің басты элементі ретінде бетке түсетін салпыншақтар болған. Ол өзара байланысты бірнеше әшекейлі заттардың тізбесінен тұрған. Ол түйреуіштердегі өрнектер магиялық сипатқа ие. Бас киімнің декорын екі алтыннан жасалған төбе сақиналары құрады және олардан алтын салпыншақтар таралады. Сонымен бірге қазбалардан тастан, жабайы аңдардың тістерінен жасалған тұмарлар табылды. Кейбір жағдайларда аяқ сүйегінен моншақтармен әшекейленген киіздің қалдығы табылады. Шамасы былғары аяқ киімдермен қатар моншақпен әшекейленген киізден жасалған аяқ киімдерді киген. Тағы бір айта кететін жайт қазбалардан табылған түйреуіш. Орта азия мәдениетінде де кездеседі. Әйелдерді жерлеген қорымдардан табылған алтыннан және қоладан жасалған зергерлік бұйымдардың саны біршама. Әйелдің бас киімінің реконструк­циясын Шондықорасы (Степногорск қаласы) [6, 52 б.]. Бас киім басты иыққа дейін жабады. Бас киімге түрлі әшекей заттар тігілген. Бас киімнің үстінен сақина кигізілген. Одан 35—40см шашбау таралған. Шашбау қоладан жасалған 2—3 см сайын тізілген екі моншақтан тұрады. Олардың астынан жапырақ тәрізді салпыншақтар таралған. Барлық компоненттерді ескере келгенде ан­дронов заманының жас қызының киімі­нің ркеконструкциясы жасалды. Ал оның жаңа статусқа тұрмыс құрған әйел статусіне ие болуын бас киімінің құрылымы мен декоры анықтайды. Шашын толық жасырған бас киім киген әйел ер адаммен бір қорымнан табылған.

Жергілікті мәдениеттің ертедегі нәрлерімен сусындаған адамға оны сол мәдениетпен қатар өмір сүрген басқа елдер мәдениетімен салыстыру ойы келеді. Шынымен б.з.д. ІІІ—ІІ мыңжылдықтарда Еуразия материгінің кіндігінде дала тайпалары өмір сүріп жатты, ал әлемде қандай тіршілік болып жатқан еді?

Қола дәуірінде өтіп жатқан тарихи оқиғалардың куәсі египет пирамидалары—Гиза, Кіші Азияда—Троя болды. Бұл кезде Вавилонда Хаммурапи заңы жүргізілді. Ал Тигр мен Еуфрат өзен аралықтарында киелі жерлерді іздеп Ур сапарға шықты. Ариилер болса Үндістан қалалары Харапп мен Мохенджо-Дароға жетті. Ариадна крит аралындағы Минотаврдың Кносс сарайында Тезейдің өмірін сақтап қалды. Троян соғысының батырлары микен патшаларына арыстандай айбатты қақпа ашылды. Британияда киелі тас Стоухендждің жанында тұрып дуидтер аспанға табынды. Оңтүстік Америкада жұмбақ болған Пако-пампа кешені салынды. Ал Еуразия жүрегінде дала өркениеті жасалып жатты. Қола мәдениеті кейінгі кезең мәденитіне үлгі болды. Ол даланы мекендеген кейінгі тайпаларға жол ашты. Алғашқы еуразиялықтар еңбексүйгіш, бейбіт халық, малшылар мен металлуртер, құмырашылар мен тоқымашылар, арманшылдар мен саяхатшылар даланы игерді. Оның мыңдаған жылдар бойғы кеңістіктегі әлемдік орнын белгіледі.

Бас қосыңдар! Келісімге келіңдер!

Қиялда да бірге бол!

Ойларында бір болсын!

Бірліктерің берік болсын!

Ригведа «Ынтымақ гимні», Х, 191

Бегазы-дәндібай феномені. Б.з.д. ІІ мыңжылдық Қазақстандағы дала тарихы үшін ерекше кезең. Біріншіден бұл ғаламдық этникалық қоныс аудару кезеңі, екіншіден, б.з.д. ХІ—ІХ ғғ. Бегазы-Дәндібай мәденитнің қалыптасу кезеңі. Андроновтықтар өмірнің эталондары, құндылық жүйелері, діни дүниетанымы, технолгиялық жаңалықтары оңтүстікке—Иран тау беткейлеріне, Үндістан континетінің сотүстік бөлігіне, солтүстік-батыс Қытайға бет алды. Солтүсткте андронов мәдениетінің ізі батыс және оңтүстік Сібір тайпаларының мәдениетінен көрініс берді. Сол кезде алғашқы діндердің бірі болы есептелетін зороастризм біздің далада да таралд деген пікір бар. Ағылшын профессоры Мэри Бойс тұңғыш бір Құдайға табынушылық дінінің негізін қалаушы Заратуштра Қазақстан даласында тұрып, уағыздарын таратты деп есептейді.

Сарыарқа даласында қола дәуірінің соңында болған үрдістер нәтижесінде жаңа мәдениет Беғазы-дәндібай археологиялық мәдениеті. Бегазы-Дәндібай археологиялық мәденитінің бірден-бір көрсеткіші ғылымда «скалды кесенелер» деген атқа ие болған жерлеу рәсімімен байланысты монументалды құрылыс кешендері және ою-өрнек пен декорға бай ыдыстар болды. Бегазы-дәндібай қорымдарынан табылған алғашқы ыдыстардың өзі тек жұқа керамикадан жасалған әсемдігімен ғана емес, сонымен қатар олар әр түрлі таңбалардың бейнеленуімен таң қалдырды. Сондықтан да ғалымдрдың көпшілігі Бегазы-дәндібайлықтарды прототүріктер деп есептейді.

Табылған «скалды кесенелер» қалыпты қола дәуіріне тән мәдениетпен сай келмейді (Сангру, Бегазы, Ақсу-аюлы). Бұлар тікбұрышты, шаршытәрізді немесе дөңгелек формада болып келетін (өлшемдері 8 м-ден 10м-ге дейін) сәулетті құрылыстар. Қабырғасы қоспамен бекітілген плиталардан тұрғызылған. Ә. Марғұланның айтуынша, биіктігі—3 м. кесененің ішінен қабырғалары көлденең жатқан немесе тігінен тұрғызылған плиталармен қапталған тереңдігі 1 м. орталық бейіттер табылды. Олардың жан-жағы «галереямен» қоршалған, онда құрбандыққа шалынған көптеген заттар кездеседі: ыдыстар, бұйымдар, жануарлар сүйегі. Шығыс жағынан кесенеге дәліздер жалғасқан. Олардың ішіндегі ең көрнектілері сыртқы жағынан тағы қосымша 3-4 м биіктіктегі плиталармен тігінен қапталған. Қазып алынған кесенелер тоналған болып шықты. Осындай скалды кесенелер Орталық Қазқастан территориясында өте көп. Олар 17 пункте белгілі. Әсіресе табиғаты сұлу мекен Қарқаралыда көп.

Осындай кесенелерді тұрғызу көптеген еңбек шығындарын қажет етті: тасты өңдеу, құрылымдау, ахитектурсы қиын сәулет өнерін жүзеге асыру. Бұл тек қана өлген адамдарды жерлеу мекені болған жоқ. Сондайақ түрлі діни ғұрыптар өткізілетін киелі мекен болды. Бұған ыдысаяқ, тағы да басқа бұйымдардың қалдықтары кездесуі, ұзын дәліздің болуы дәлел.

Бегазы-дәндібайлықтар әсіресе Көкшетау, Қарқаралы, Ерейментау секілді табиғаты сұлу жерлерді мекендеді. Ерекше бөліп көрсетініміз қола дәуіріндегі Сарыарқа даласының мегаполисі ретінде саналатын [7] Кент елді мекені. Бұнда бір кездері бегазы-дәндібайлықтардың зиялылары мекен еткен. Мекеннен қоладан сүйектен және мүйізде жасалған қызметі белгісіз геометриялық өрнектермен әрленген бұйымдар табылған. Кент зерттеушілерінің бірі В.В.Варфоломеев жазғандай «бегазы-дәндібайлықтардың қоғамы әлеуметтік таптарға жіктелді. Жоғары дәрежелі кландары субмәдениетті жасауға ат салысты. Элитаға тән субмәдениет элементтері мыналар: керамика, кесенелер, кескінделген сүйек, жерлеу рәсімі, тас ыдыстар т.б. Элита металл өңдеу мен оны таратуды қадағалап отырды. Сауда істерін де солар жүргізді» [8, 32 б.]

Бегазы-дәндібайлықтардың мәдениетінің пайда болу ерекшеліктері ғалымдар арасында дау туғызып жүр. Кей бөлігі бұл топ андронов тайпаларының дамуының үдересініңэволюциялық нәтижесі дейді. Тағы бір бөлігі оларды, керамикалық ыдыстарына қарап андронов тайпаларын жаулап алушылар ретінде көрсетеді. Айта кету керек Орталық Қазақстан дадаларында андроновтықтарды жаулап алу әрекеттерінің болғандығы байқалмайды. Шамасы тамаша ыдыстрды жасау дәстүрі тайпалардың сан ғасырлар бойғы тәжірибесінен туған жетістіктері болса керек.

Бірақ бегазы-дәндібайлықтарды жаулап алушы тайпалар ретінде көрсететіндердің қызық аспектілері бар. Келешекте ол одан сайын ашыла түспек. Зерттеушілер монголоидтық типке жатқызған Карасук археологиялық материалдарынан табылған таңбалардың түркілердікімен ұқсас келуі қола дәуірінде ол территорияға түркі тілді тұрғындар келді деген пікірді қуаттайтын сияқты. Кейіннен бұл аймақты ғұндар мекен етті.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.  Здановия Г.Б. Бронзовый век Урало-Иртышского междуречья. Петропавловск. 1993;

2.  Здановия Г.Б., Батанина И.М. Укрепленные центры эпохи бронзы в Южном Зауралье// Степная цивилизация Восточной Евразии. Астана. 2003;

3.  Аркайм. Поиски. Открытия. Челябинск. 1995;

4.  Зайберт В.Ф. Энеолит Урало-Иртышского междуречья. Петропавловск. 1993;

5.   Генинг В.Ф., Зданович Г.Б., Генинг В.В. Синташта. Археологические памятники арийских племен Урало-Казахстанских степей. Челябинск. 1992;

6.  Усманова Э.Р., Логвин В.Н. Женские накосные украшения Казахстана: (эпоха бронза). Лисаковск. 1998;

7.  Варфоломеев В.В. Кент и его округа (некоторые итоги палеоэкономического и социокультурного анализа памятников Восточной Сары-Арки) // Степная цивилизация Восточной Евразии. Астана. 2003;

8.   Акишев К.А., Кушаев Г.А. Древняя культура саков и усуней долины реки Или. Алма-Ата. 1966

Серғазы Сакенов

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ

Археология және этнология

кафедрасының аға оқытушысы

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?