Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың конституциялық реформалары - қоғамымыздың негізгі қозғаушы күші

29661

«Бегі әділ болса, елі бақытты, халқы түзу болса, бегі бақытты» деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың көреген басшылығымен жиырма жылға жуық уақыт аралығында еліміз қол жеткізген көңіл толатындай жетістіктерді тілге тиек еткен­де, өткен тарихты еске түсірмей тұра алмайсың. Уақыт – төреші деген ақиқат екен. Тәуелсіздік жылдарында ғасырға бергісіз қаншама тарихи оқиғалар басымыздан өтті. Елбасының сындарлы да салиқалы, жүйелі түрде жүргізіп отырған ішкі-сыртқы саясатының арқасында елімізде тыныштық пен татулық орнап отыр, соңғы кездері әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстың тигізген зардаптарынан арылудың алғашқы нышандары да байқалуда. Ресей Федерациясымен, Белорусь Республи­касымен кедендік үштік одақ құрып, Дүниежүзілік сауда ұйымына бірге мүше бо­лып кіруге талпынудамыз. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселесі, «Мәдени мұра», «Жол картасы» бағдарламаларының ойдағыдай орындалып жатуы... Міне, басқа да осы сыяқты еліміз үшін аса маңызды әрі күрделі саяси-әлеуметтік және экономикалық жобалардың өз шешімін табуы Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей басшылығымен жүзеге асырылуда. Президенттің ішкі-сыртқы саясатын мақұлдап қана қоймай, ынтымақпен соңынан ерген Қазақстан халқы да, өз кезегінде Елбасының бағын жан­дырып, абыройын асқақтатып отыр [1].

Көп этносты Қазақстан халқы қазіргі кезеңде әр түрлі тілде сөйлесе де, мемлекеттік тұтастық пен өзара түсіністік арқылы қасиетті көк байрақтың астын­да бірлік пен достықты мұрат етіп, тату-тәтті ғұмыр кешуде. Елбасы мен халықтың арасындағы арақатынасты саралай отырып, тәуелсіздіктің қаншалықты қымбат, баға жетпес ұғым екенін, оның ұдайы жасампаздыққа жетелейтінін ұғына түскендейсің. Әлем тарихына зер салар болсақ, өз елі тәуелсіздігінің берік іргетасын қалап, аса қысқа тарихи мерізімде дамудың сара жолына салып жіберген мемлекет басшыла­ры саусақпен санарлық. Осындай тұлғалардың бірі Елбасы Н.Ә. Назарбаев екені Қазақстан халқы үшін зор мақтаныш [2].

Тәуелсіздіктің елең-алаңында Қазақстан мемлекеттілігінің болашағына күмән келтіргендер де аз болмады. Қаншама қиындықтарды бастан кешкеніміз де рас. Зейнеткерлердің зейнетақысын, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын тауып бере алмадық. Көптеген қалаларымыз бен елді мекендеріміз электр қуатынсыз қалған кездерді де бастан өткіздік. Бұл республиканың тәуелсіздікке ие болғанына бірер жыл ғана толған, КСРО-ның ыдырап, зауыт-фабрикалар жұмыс істетуін тоқтатқан, ел жаппай дағдарысқа ұшыраған, жаңа ғана айналысқа енгізілген ұлттық валютаның құны күрт түсіп кеткен қиын-қыстау кезең еді. Бұл жылдары тәуелсіздікті баянды ету оңай шаруа болған жоқ. Бұрынғы кеңестік кеңістікте қалыптасқан жүйелі, жо­спарлы экономикалық байланыстардың үзілуі, көптеген ірі кәсіпорындардың тоқтап қалуы немесе шығарған өнімдерін сата алмауы, соның салдарынан дүкен сөрелерінің

қаңырап бос қалуы егемен елімізді тығырыққа тірегендей болды. Осы бір елдік пен ерліктің нағыз сыналар кезеңінде, Елбасының саяси ұпай жинаудан гөрі нақты экономикалық реформаларды іс-жүзіне асыруды шешуші орынға шығаруы, қандай істі қолға алса да осы бағытты ұстана отырып іс-әрекет жасауы, елді есеңгіреткен әлеуметтік-экономикалық дағдарысты бірте-бірте еңсеруге мүмкіндік берді.

Қиыншылықтар мен қайшылықтарға толы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқы алдындағы сіңірген ерен еңбегінің барлығын санап шығуға едәуір уақыт кетер еді. Дегенмен, Елбасының ең негізгі еңбегі туған халқының жүздеген жыл армандаған тәуелсіздігін баянды етуі деп білеміз. Сондай-ақ, республиканы аяғынан тік тұрғызудағы көп жылдық ел басқару тәжірибесіне негізделген дана басшылығы мен көреген қайраткерлігі. Мыса­лы, Президент өз елінің сенімді болашағын толық әрі жан-жақты қамтамасыз ету үшін сан тарапты зерттеліп, тереңнен толғап ойластырылған құқықтық реформалардың мемлекеттік тарихи маңызын жете ұғынып қана қоймай, оны табандылықпен іс-жүзіне асыра білуінде. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектерінде еліміздің конституциялық құрылымының қалыптасу процесіне ерекше мән беріледі. Мысалы, Елбасының тікелей басшылығымен 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция елдің да­муында зор рөл атқарып, құқықтық мемлекет құрудың негізін қалағанын айтсақ та жеткілікті [3].

Оған дейін, яғни Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін, 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Конституциясын қабылдаған болатын. Бірақ 1993 жылғы Ата Заңымыз ескі әкімшілік, әміршілдік қоғам ережелеріне, көбінесе кеңестік демократия қағидаларына негізделгендіктен жаңа қоғам өмірінің талабы­на жауап бере алмады. Онда адам құқықтары мен бостандықтары, оларды жүзеге асыру қағидалары, мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі жете көрсетілмеген еді.

1993 жылғы Конституция бойынша Қазақстан Республикасы президенттік ре­спублика деп атап көрсетілгенімен, ол іс-жүзінде парламенттік республика болып келді. Парламент жаңадан қалыптасып келе жатқан нарықтық экономика талап етіп отырған жаңа заңдарды қабылдаудың орнына, кей жағдайларда эмоцияға бой алды­рып, қысыр әңгімелерге үйірсек- теп, саяси тартыстың шылауында кетті, ел ішіндегі және сыртқы факторларды дер кезінде бағамдай алмады.

Ал, 1995 жылғы Конституцияның ерекшіліктері мен артықшылықтары қандай болды? – деген сұраққа жауап беретін болсақ: біріншіден, заң шығарушы, атқарушы, сот билігін белгілеп, олардың ара жігін межелеп, құзыретін, жұмыс істеу тетігін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап берді. Екіншіден, өкімет билігінің жоғарыда көрсетілген тармақтарға жіктелуі – саяси тұрақтылықты орнықтырып, азаматтардың барлық конституциялық құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Үшіншіден, мұнда құқық пен жауапкершілік ұғымдары пара-пар көрсетілген. Соның нәтижесінде елімізде бүгінгі таңда президенттік басқару жүйесі, қос пала­талы Парламент, Үкімет, қазіргі заманғы сот жүйесі және басқа да мемлекеттік ор­гандар тиімді жұмыс істеуде. Сондай-ақ, бұрынғы Конституцияда шешімін таппаған мемлекеттіліктің мәні, жер, тіл, азаматтық сияқты күрделі мәселелер заңдылық тұрғысынан өз шешімін тапқан. Елдің дамуына тың серпін әкелген нәтижелер біздің таңдауымыздың дұрыс екендігінің айқын дәлелі. Ата Заңымыз уақыт сынынан мүдірмей өтті. Конституцияның негізгі қағидалары барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және қоғам мен мемлекеттің даму үрдістерімен үйлеседі [4].

1995 жылғы Конституцияның ең басты жетістігі – ел тәуелсіздігінің нығаюы мен экономиканың бүгінгі даму деңгейі, әлеуметтік-мәдени табыстар және қоғамдағы саяси, ұлтаралық, дінаралық келісім мен тұрақтылықтың, ел қауіпсіздігінің басты кепілі болғандығы деп батыл түрде айтуға болады.

Халықтың саяси белсенділігі артты. Азаматтардың қоғамдық өмірдің барлық саласына араласуы заңдылық сипатқа ие болды. Осы аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру мемлекетімізде заман талабынан туындап отырған демократиялық реформа­ларды рет-ретімен жүзеге асыруды талап етті. Елбасының бастамасымен елімізде демократиялық реформалар әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комис­сия жұмыс істеді. Нәтижесінде 2007 жылы Конституцияға өзгерістер еңгізілді. Конституциялық реформалар жүзеге асты. Бұл реформаларда халықтың тілегі, биліктің ұсынысы және оппозицияның талабы үйлесімділік тапқан. Енді, жаңа өзгерістерге сай Парламент құзыреті кеңейтілді. Үкімет бұрын Парламент палатала­рына және Парламентке есеп берумен шектелсе, ендігі жерде өзінің бүкіл қызметінде Президент алдындағы жауаптылығы мен бірге, Конситуцияда көзделген жағдайларда Парламент мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты [5].

2012 жылдан бастап Президенттің өкілеттілік мерзімі 7 жылдан 5 жылға қысқартылады. Болашақ Президенттің 5 жылдан екі рет сайлануға ғана құқы бар. Бұл өзгерістердің Қазақстанның Тұңғыш Президенті өкілеттілігіне қатысы жоқ. Тұңғыш Президенттің өкілеттілік мерзімі шектелмейді. Бұл – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбегіне берілген үлкен баға, халық сенімі.

Конституциялық реформалардың бастауында тұрған, идеялық рух­тандырушы болған Елбасымыз туралы айрықша айтып өткен жөн. Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен тарихи қысқа мерзімде қоғамдық дамудың барлық салаларында орасан зор өзгерістер іске асырылды. Атап айтқанда, экономикалық дамуда, саяси институттарды құруда, халықаралық қатынастарды нығайтуда зор табыстарға қол жетті. Президент тарапынан дер кезінде жасалған бастамалар, елдің жедел де жан-жақты дамуының қуатты факторы болды. Мемлекетіміз үшін аса күрделі кезең - өтпелі дәуірде Елбасы ұлтты ұйыстырып, оны прогресс жолымен дамуға бағдарлай алды. Президент қоғамда өзара төзімділік пен келісімді орнықтыру үшін өз басының беделін пайдалана отырып, халықтар достығын насихаттаудан, оны іс-жүзіне асырудан талмай келеді.

Конституциялық өзгерістерге сәйкес, еліміздің этносаралық татулық пен достықтың, Қазақстан халықтарының ынтымағы мен бірлігінің ұйытқысы болып келген, сонымен қатар мемлекеттік маңызды мәселелерге де атсалысып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының конституциялық мәртебесі артып, депутаттар сайлау құқығына ие болды. Өткен Парламент Мәжілісінің сайлауында Ассамблеядан 9 депутат сайланды. Қазақстан Әлемдік және дәстүрлік діндер көшбасшыларының съезін өткізудің орнына айналды. Сөйтіп, Елбасының тікелей бастамасымен елімізде этно-конфессионалдық келісімнің тұтастай инфрақұрылымының іргесі қаланды [6].

Конституциялық реформаларға сәйкес, еліміздегі сот жүйесі халықаралық деңгейге келтірілді. Арбитраждық соттар жойылып бір ғана Жоғарғы Сот бастаған біртұтас сот жүйесі құрылды. Соттар мен судьялардың мәртебесі заңнамалық тұрғыда анықталып, сот жүйесін қалыптастырудың айқын ережелері белгіленді. Соның нәтижесінде бүгінде озық елдер үлгісінде құрылған тәуелсіз сот билігі, сондай-ақ, сот төрелегін жүзеге асырудың өркениетті жүйесі қалыптасты. Соттар жұмысын халық үшін барынша ашық және ұғынықты ету жолында Жоғарғы Сот пен барлық облыстық соттарда бұқаралық ақпараттық құралдарымен тығыз кәсіби байланыс орнатып отырған баспасөз қызметі құрылды.

Сонымен қатар, судьялардың кәсіби дайындығына талапты күшейту жөніндегі тұтас шаралар жүйесі анықталды. Судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру жағдайында заңдылықты сақтағыны үшін жауапкершелігі арттырылды. Сот реформасының тағы бір ерекшелігі – Жоғарғы Сот кеңесіне біліктілік алқасы біріктіріліп отыр. Бұл болашақ судья кадрларын іріктеп алуға үлкен мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, қамауға, тұтқындауға санкция беру прокуратурадан сотқа берілді. Халықтың сот­та қорғалуына кеңінен қол жеткізу қамтамасыз етілген. Соттар қызметіне қоғамдық бақылаудың конституцялық тетіктері анықталып, алқа билер институты еңгізілген [7].

Конституциялық реформаларда бейнеленген түбегейлі өзгерістер еліміздің қоғамдық-саяси дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанының дәлелі. Бұл қағидаттар мемлекеттік билік жүйесін өз тәжрибеміз негізінде одан әрі демократияландыруды қамтамасыз етті.

Біздің халқымыз бүгінгі күнге басынан ауыр тарихи жағдайларды өткеріп барып жетті. Ел болып есейіп, өзімізге деген сенімімізді нығайтып, тарих сыны­нан тайсалмай өтіп, өзіміздің қоғамдық, әлеуметтік ерекшеліктерімізге негізделген – Қазақстан жолына түсіп, Қазақстан Республикасы деген мемлекеттің ірге тасын мықты орнатып, әлеуметтік-құқықтық мемлекет құрдық.

Конституцияға толық сай келтіру үшін жүргізілген сайлау жүйесін реформа­лау, саяси партиялардың рөлін арттыруға бағытталған маңызды тарихи қадам болды. 2007 жылдың 18 тамызында Парламент Мәжілісіне сайлау өткізілді.

Конституцияға еңгізілген өзгерістер негізінде мажоритарлық жүйенің орнына жаңа пропорционалдық жүйе арқылы тұңғыш рет сайлау жүзеге асты. Республика халқы басым дауыспен Елбасының өзі төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясына жеңіс әперді. Бұл да халық таңдауы болды. Бұл сайлаудың әділетті, демократиялы түрде өткендігін өз отандастарымызды санамағанда, халықаралық байқаушылар да атап көрсетті.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінде де конституциялық өзгерістер қарастырылған. Осының бір көрінісі ретінде облыс әкімдері мен республикалық маңызға ие қалалар әкімдерінің жергілікті мәслихаттардың келісімімен тағайындалуын айтуға болады. Мәслихаттар енді қарапайым көпшілік дауыспен әкімдерге сенімсіздік білдіре алады. Сөйтіп, ендігі жерде жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі қағидаттары жүзеге асады. Мәслихат депутаттарын жергілікті жерлердегі маңызды мәселелерді шешу үшін өңірлердің тұрғындары өздері сайлайды.

Президент Нұрсултан Әбішұлы Назарбаев біз мақалада атап өткен барлық конституциялық өзгерістердің идеялық авторы бола отырып, аса көрнекті реформатор және мемлекеттік қайраткер ретіндегі өз мәртебесін дәйектеп берді. Конституциялық реформа – Елбасының қарымды стратегиялық бағыт-бағдарының, оның алысты көре білуінің айғағы. Мұның өзі біздің елімізде демократия мен азаматтық қоғамды ұштастыра дамыту жөнінде, сабақтастыра жүргізілген саясаттың жемісі болып табылады. Мемлекеттің заңдылық, демократиялық тұрғыдан дамуы – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қаншалықты дәрежеде қорғалғанын көрсетеді. Осы көрсеткіш құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам орнатудың ең негізгі белгісі. Біздің Конституциямыз осы талаптарға толығымен сәйкес келеді. Конституция бой­ынша мемлекетіміз Президенттік-Парламенттік басқару тұрпатына ие болды [7].


С.М. Мадуан


ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ДЕРЕКТЕР:

1.  Касымбеков М.Б. «Первый». – Очерки о Президенте Республики Казах­1.  стан. – Астана: Фолиант,

2.  «Бәйтерек». – Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы замандастар 2.  толғанысы. – Астана: Күлтегін, 2003.

3.  Назарбаев Н.Ә. «Ғасырлар тоғысында». – Алматы: Өнер, 1996. – 171-188 3.  бб.

4.  Қазақстан Республикасының Коституциясы. – Алматы. -1995.4.

5.  Конституциялық реформа және Қазақстанда демократиялық үдерістердің 5.  тереңдей түсуі. Конференция материалдары. – Астана.-2007 ж.

6.  Отанымыздың тәуелсіздігіне тарту. – Жинақ (Құрастырғандар: Н. Махму­6.  дов, К. Исина, А. Кемельбаева, И. Рачковский). – Алматы, 2006.-380 б.

7.  Конституциялық реформа, 15-27 бб.7.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?