Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Алтынның сынығы

29258

Өмірінің тоғыз жылын Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметін» зерттеп,  оны көне түркі-шағатай тіліндегі нұсқасынан жоғарғы деңгейде аударды. Бұл аударманың бұған дейінгі аудармалардан артықшылығымен оның ғылыми құндылығы жайлы республикалық ата газетіміз «Егемен Қазақстанда» жоғары баға берілді.  2007 жылы «Диуани хикмет» жеке кітап болып «Эверо» баспасынан жарық көрумен бірге, 200 томдық «Сырдария» кітапханасының  1-ші томы Әбиболла ағаның  аудармасымен Диуани хикметінен басталады. Ә.Мұхамеджановтың  аудармасының алғы сөзін «Адамгершілік ұлағаттың үздік нұсқа жыры» деген атпен белгілі ақын, сыншы Оспан Сейфолла Міркемел ұлы жазды. Аталмыш алғы сөзде Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың ұлағаты мен ұлылығы кейінгі ұрпаққа қалдырған өшпес мұрасы жайлы жан- жақты ғылыми, әдеби талдау жасалынған. Сондықтан біз бұл ретте Әбиболла Мұхамеджанұлының  арабша өз бетінше хат танып,  құранды түп нұсқадан оқитын дәрежеге жеткен тәфсир хадистен мол хабардар болғандығын, оқушылардың есіне салуымен ғана шектелеміз.

Күдері қожа Көшекұлының тікелей ұрпағы ретінде оның ақындық таланты Әбиболла ағаға қонғанды. Ол өзінің «Ақын арманы» атты өлеңінде:

  Айналдым әруағыңнан бабам менің,

  Іздесем қабіріңді табар ма едім?!

  Қосылсаң тағдыр жазып Ұлбикеге,

  Ізі боп қос тұлпардың қалар ма едім?!

  Ұлбике болар еді-ау Әже маған,

  (Бұл қиял талай мені мазалаған...)

Қос арман қосыла алмай қыршын кетті,

-Қу тағдыр қалай қатты жазалаған?»

  Өлең жолдарына зерделі оймен қараған кез келген оқушыға баба рухын ұлықтауды, оған ұқсап бағуды армандаған ақынның ойы менмұндалап тұрғандай.  

Мазмұнды өлеңдерімен кейінгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырған ағаның өлеңдерінің де тақырыптары сан қилы. Солардың ішінен Әбиболла ағаның  «Тұлғалар немесе «Плутархтан» туындаған ой» атты тарихи дастанының орны ерекше. Бұл дастанның тууы туралы Әбиболла аға былай дейді:

- Ілгеріде Алматыға барған сапарымда жатарда маған төсекті оның көп кітаптар жайғасқан бөлмесіне салып берген. Мені түні бойы әр кітапты бір ұстап «500 қойдың ортасына түскен аш қасқырдың» халін кешіп, ұйқыдан безіп ертеңгісін тарихшы «Плутархты» қолыма ұстап тұрған сәтте Қалтай есіктен жәйімен кіріп қолымдағы кітапты көріп:

 - Әбеке мұның аты Плутарх, біреу жүр күн көре алмай, біреу жарып...» - деп маған бақшия қарап қалған болатын. Мен оған не дерімді білмей тұрған сәтте әр жағынан Фарида:

- Ау, ағайын шайға жүріңдер, - деп ойымды бұзып жіберген кезде Қалтай:

- «Әбеке бұған ұйқас жоқ, әуре болма, жүріңіз шай ішейік» - демесі бар ма?

Сөйтсем Қалтай: Екеуміз де ақын Қарамолданың баласымыз, Әбекең бұған не дер екен? – деген оймен мені сынағысы келген болу керек. Мен моментально сөз тауып айта алмағаныма пұшайманданып, сол ой ауылға қайтқанша жанымды жегідей жеп, мазамды кетіріп «Плутархқа» ұйқас іздеумен әуре болған жайым бар. Бұл өлең ауылға (Қызылордаға) келісіне  2-3 күннің ішінде дүниеге келген болатын. Қалтай өлеңді оқып, қатты ризалық білдіріп еді... Мен Қалтайға:

-  Плутархқа ұқсас жоқ дегенің қайда? – дегенде, Қалтай кідірместен:

- Әбеке, мен олай демесем, мына туынды дүниеге келер ме еді? – дегенде мен тағы отырып қалдым. Расында солай еді. Оның түйсігі мен логикасының түбі жоқ еді ғой. Оның дәлелі мен жауабы әр кез дап-дайын болатын. Онымен сөз таластырудың ақыры өкініш әкелетін еді-ғой!...

Ертедегі грек жазушысы мен философы Плутархтың есімін ұйқас негізіне алып бұл тарихи дастан тек шығыс дүниесі емес әлемдік кеңістіктегі өткен небір ғұлама ғалымдардан хабардар етеді. Дастанның өне бойында ислам әлеміне байланысты өткен кейбір керемет оқиғалар да келтіріледі. Аталған тарихи дастан кезінде білікті әдебиет зерттеушілердің де назарынан тыс қалмай республикалық басылымдарда өзінің жоғары бағасын алғанды. Сондықтан оны ғылыми тұрғыда талдауды ойлы оқушылардың өз еншісіне қалдырып, дастанның толық мәтінін беруді жөн санадық. 

  Жерде жан, әуеде құс, суда балық...

  (... Тізгінін тіршіліктің жинап алып)

  Жәһанды жаратушы құдіреттің,

  Бір аты – мың атының, - дейді халық.

  Халықтан қабілетімен жеке дара,

  Теңі жоқ тірі жанда туған алып,

  Бірі алым, бірі дана, бірі патша,

  Бірі ақын, бірі батыр, бірі шаріф.

  Көбімен хас тұлғалар хабардар ем,

  Айтайын аты келсе ойға оралып:

  - Мұхаммед Расулды себеппенен,

  Жеткізген, Абдолла мен Әбутәліп.

  Ақ туын адалдықтың асқақтатып,

  Ең соңғы, Нәби шықты тұлғаланып.

  Жарқырай ар - иманның айғағындай,

  Ақыры дін Ислам көрді жарық.

  Құрылды мұсылманның зор қауымы,

  Күнәдан тән тазарып, жан жаңарып.

  Қайырым мен Шапағаттың күні туып,

  Көз ашты жетім- жесір, міскін ғаріп...

  ( Жетістік 70 жылда дінді жерлеп,

  Ақ жолы ақиқаттың бұрмаланып)

  Ұзартпай діннің дәрпін дәлелденген,

  Ақырдың Пайғамбарын сәл доғарып,

  Танымал тұлғаларды түгендейін,

  Келмейтін дүниеге қайталанып.

  - Іскендір Зұлхарнайын, Әли, Рүстем,

  Жіберген даңқыменен жерді жарып,

  Әйгілі ертеде өткен алыптардан:

  Сократ, Аплатон, Плутарх,

  Геродот, Гиппократ, Гелен, Гомер,

  Цицерон, Юли Цезар, Тулли Марк.

  ( Шығыпты арагідік әйелдерден:

  Саджак пен Клеопатра, Жанна д. Арк)

  - Аңызда, әділ патша Арон Рашид,

  Кир, Мәлік, Дари, Зухраб, патша Парух.

  - Шыңғысхан, Напалеон, тентек Темір,

  Қылышын қазына үшін қанға малып,

  Әлемге әмірімді жүргізем деп,

  Патшалық қалды артынды қаншамалық?

  - Диоген, Құл Қожа Ахмет Яссауилар,

  Символы, адалдықтың – Дуния тәрк.

  Диоген күл қоқыстың маңайында.

  Балшықтан жай жасады шұңқыр қазып.

  Келгенде Зұлхарнайын жарылқауға;

  - «Күн көзін көлеңкелеп, тұрсың неғып ?»

  Жүре бер жөніңменен патша задам,

  Деп соқты: - «Құс төсектен жерім мамық».

  - Яссауи тірі кірді қылу етежайға,

  Мал – мүлік айдалада, үй-жай қалып,

Күңіренді жер астында мүһмін үшін,

Жалғанның жәйін жырлап бей опалық.

Жырларын Тәркі дүния оқысаңыз:

Қойғандай шерге шылап, мұңға малып.

Қалдырды кейінгіге жазып нұсқа.

Жүрсін деп ұрпақтарым тағлым алып,

«Дивани хикметін» - демек ләзім,

Иманға әл, жанға жәрдем, арға азық,

Екінші Мекке атанған Зират жайы

Күмбезі көкті құшқан дараланып,

Көрігі көзді арбаған бір кәрәмәт,

Көрмесе адам нанбас, жан иланып,

Жаққандай жаңа ғана жалтырайды,

Бояуы ғасыр сайын буырқанып.

Қазақтың Хан, сұлтаны сонда жатыр,

Мәңгілік мекен жайда «демін алып»

- Гетеңіз, жете алмаған шылғауыны,

Шығыстың шоқ жұлдызы, - «Жеті жарық»,

Низами, Жәми, Хафиз, Фидраусимен,

Сзади, Рудаки – кезден зағип,

Науай беріректе – жетіншісі,

Асылдар әлемге аян, аты дәріп,

Синамен, Әл Фараби, Әбу Райхан,

Ғұмырын ілім үшін еткен сарып,

Жайылған жер – жаһанға есімдері,

Тағзым ғып талай ұрпақ, тарих танып.

- Философ, математик, астроном,

Әрі ақын, Омар Хаям шәки шарх.

Есептің жылдық мерзім дәлдігіне,

Ғалымдар қайран қалған таңырқанып.

Қол боста, Кәйфі- курсант, Заухи – запа,

Жыр жазды жәһіл мазмұн дінге кәдік.

Шер буса, шайқылық қып, шараппенен,

(Жолда ғап, сопылық пен тақуалық),

Қызығын, қыз шараптың жырға қосты.

Мас болып, мақаллада жатып алып,

Ұлықбек ғұламаның луғаттысы,

Шыңырау жер астының  көкті бағып,

Жұлдыздың жүз он төртін кестелепті,

Дүрбімен зеңгір көктен көзі шалып,

Ғаламның құпиясын ашқан үшін,

Бағы ұшып, тақтан тайды қудаланып.

Өз ұлы өз атасын дұшпан көріп,

Хал кешті ұлы ғалым бейшаралық.

Бағдатқа бас сауғалап баратқанда.

Қасында адал Кушши әлмүтәліп

Артынан Аббас жендет қуып жетіп,

Уәлидің басын алды бейкүнә ғып.

Темірдің бұл әйгілі немересі,

Шәөһид боп, жәннәт етті ишралық.

- Хас Хаджиб халық болар қағидасын,

Біз үшін мың жыл бұрын кеткен жазып.

Жүсіптің «Құтты білік» қазынасы.

Наудан шырын, шәрбәт тұрған ағып,

Тәлімі тіршіліктің құранындай,

Сөзінен бал құйылып, бәлзәм тамып,

Кезінде сол кәусардан қанып ішсек,

Кетпес ек мына әдетке дағдыланып... (арақ ішуге)

- Ғашықтар: Ләйлі – Мәжнүн, Фархад – Шірін,

Зияда – Шапмұрат, Сәйфулмәлік.

Өртеген өзектерін ғашық оты.

Жүрегін алау орап, от боп жанып,

- Нелер көп, дүнияда ғашықтар көп,

Қалатын сұлу көрсе естен танып...

- Шығыстың шыңырау құдық Зәм – зәмінен,

Батысқа өнер-білім кеткен дарып,

Олардан не бір «жұлдыз» жарқырады,

Шығыстың шұғыласын пайдаланып.

Галилей, Бруномен өзін жөн деп,

Жатса да тіс жармады шоққа қарып.

Коперник, Леонардо, Ломоносов,

Эдиссон, Уат, Даләмбер, ди Ламарк,

Ньютон: Тартылыстың заңын ашып,

Ақыры аяқ  бастық айға барып.

Ілімді игілікке икемдемей,

Жатырмыз ақымақ боп атом жарып,

(Адамның апатқа ауған ақыл,ойы,

Жатқасын амал нешік мақұлданып)

Жаратқан жамалымен жар болмаса

Үйтуге жердің жүзін жақындадық...

- Суретші, сәулетші мен саясатшы,

Әлемге аты әйгілі, елге танық,

Таңдап ап тобыменен жазып едім,

Тастадым көп болған соң әдейі алып.

(Орыстың жазғыштарын және қоссам,

Қорықтым кете ме деп сөз ұзарып)

Тұлғалар тізе берсем толып жатыр,

Тарихта аты қалған таңбаланып.

Уа дарих. Осылар да жер астында

Құтылсын сұм ажалдан. Қайда барып?

- Өлімнен 40 жыл қашқан Қорқыт бабам,

Аңратып әлем шарлап қобыз шалып,

Алдынан қайда барса көр шығыпты,

Көр көріп түсінде де бей мазағып,

Өмірдің өкінішін өксуменен,

Тау мен тас, маң далада мұңын шағып,

Сулады Сыр бойында дайыр дана,

Ажалға амал таппай аққа налып.

 - Қарасаң бұл пәнидің ғажабына:

Түн түнек, тас қараңғы, күндіз жарық.

Жұмыр жер шарқ ұруда шыр айналып.

Ұршықтай кіндігінен бір тәулікте,

Жылына күнді шығад бір айналып.

Тапжылмай күн мен жердің тұтқасындай,

Міз бақпай тұр орнында темір қазық.

Пәндаға бәз баяғы жер орнында,

Күн мен ай, батып-шығып тұрған қалып.

Жалғыз-ақ адамзат құбылуда,

Аптығып арын малдап, жанын жанып,

Құлқыны әп жыландай аран ашып,

Мақсаты жиһаз жинау өліп-талып.

Адамның аз өмірде азғындауын,

Көрем де отырамын аң-таң қалып.

Жиғанын алып кеткен бір пенде жоқ,

Өлген соң ана жаққа арқаланып.

Қарама қайшылыққа толы дүние,

Бір жер тау, бір жер орман, бір жер жазық,

«Алланың алалаған пендесіндей!

Біреу сау, біреу ауру, біреу кәріп,

Біреу бай, біреу жарлы, біреу міскін,

Доңыздай біреу семіз, біреу арық.»

Бір жерде мамырсана гүлістан жай,

Бір жерде қырғын соғыс қанға қарық.

Бір жерде ана безіп нәрестеден,

Әкенің бала жатыр басын жарып.

Біреудің шақасы жоқ сомға зәру,

Ал біреу «сүрлеп» жатыр қапқа салып.

Адамның аяу білмес ақыретінен,

Баратыр су тартылып, жер құлазып.

(Күнәсін күпірлердің көтере алмай,

Қояды арагідік ыңыранып)

Адамзат айықпаса мына дерттен,

Түбінде бір сойқанның болары анық.

(Тамұқта төрден орын бізге дайын,

Жәннәттің жалынсаң да құлпы жабық).

Білмейді сорлы пенде не боларын,

Жалғыз-ақ бұл тылсымға Құдай қанық.

- Көп тыңдап, көзбен көріп, түңілгесін,

Жазып ем бұл назымды шамырқанып,

Мән беріп мағнасына жазғанымның,

Мен риза тыңдаушыма құлақ салып.

Жазғырмай жазушыны кім десеңіз?

Әкем «Мим», өз атымның басы «Әліп»

Жазуға бұл назымды себеп болған,

Қалтайдың үйіндегі «Плутарх»

Өткен Кеңестік идеология коммунистерді қоғамның қозғаушы күші ретінде және қоғам мүддесін өздерінің жеке мүддесінен жоғары қоятын белсенді, адал, білімді топ ретінде қарастырды. Бірақ жетпіс жылдан аса өмір сүрген КСРО-ның  тәжірибесі көрсеткендей коммунистердің өз ішінде қоғамға жат іс-әрекеттердің, зорлық-зомбылықтардың, дүние-парастықтың, арсыздықтың көптеп болғандығы өмір шындығы. Демек, кеңестік идеологияның шексіз талабы мен билігіне қарамастан, оны жүзеге асырушылардың яғни коммунистердің іс-әрекеттері арасында қайшылық болды. Осы бір саяси келеңсіздік Әбибулла ағаның 1985 жылы жазылған «Мен коммунист емеспін» деген төмендегі өлеңінде көрініс тапты. Бұл өлең сол кездегі цензураға сай келмегендіктен еш жерде жарияланбағанмен ақын ағаның адал пейілімен ақ жүрегі ретінде бізге жетті.        

Мен коммунист емеспін, - болмаймын да,

Болып, Нағыз бола алмай сорлаймын ба?

Бас қамы үшін болып ап, босқа лаққан

Әуселесін көп көрдім ондайдыңда...

Мен коммунист болғам жоқ, - болмаймын да,

(Асып-тасып, төгіліп толмаймын да)

Иман үшін, ар үшін адам түгіл,

Көз жасына қалмайтын торғайдың да.

Мен коммунист болғам жоқ, - болмаймын да,

(Ақ тілегімді отырам жолдаймын да)

Партиясыз, билетсіз жүре берем,

Идеясын жалғыз-ақ қолдаймын да.

Мен коммунист болғам жоқ, - болмаймын да,

Арым аяқ баспаса зорлаймын ба?

Адал жүріп, өмірде аяңдаймын,

Адамдықты әрдайым қорғаймын да.

Жүрегімді, арымды зорламадым,

(Жаза баспай жүрмесім – ол да мәлім).

Арымды аттап, жан дүнием жүз құбылып,

Болғанымнан көп жақсы болмағыным.

Болмағасын «шаба» алмай «ақсап» қалдым,

Сөзім өтпей көп жерде «қақсап» қалдым,

«Сыбағадан» құр қалып сандалсамда,

Иманымды, арымды сақтап қалдым!

«Өмірдің кедір-бұдыры» атты ақын ағаның өлеңі оның тақырыбы өзі айтып тұрғандай қамшының қысқа сабыңдай пенденің фәнилік өмірдегі тыныс-тірлігі, ағайын-жекжаттармен қатынасы, тұрмыс деңгейі сияқты мәселелер олардың көлеңкелі жақтарын көлденең тарту арқылы жарқын болашаққа жол сілтейді. Теңіздің тамшыдан тұратыны сияқты адамның жан- жақты үлкен азамат болып қалыптасуында да сырт қарағанда ұсақ-түйек сияқты болып көрінгенмен, өмірдің кез келген кедір-бұдырынын өз орны бар екендігіне мегзейді. Ал тірліктегі тірі пенде үшін ең қажеттілік сіз бен біз екендігі, яғни силастық сияқты қасиетті ұғым, кез келген қиындыққа қайсарлы қарсы тұру ойлы сөз маржаңдары мен өлең болып өріледі. Аталған өлең қазіргі тәуелсіз қазақстанымызға, бүкіл мұсылман жұртына ауадай қажет «Бірлікте мұсылманның салауаты» деген аталы сөзбен аяқталады. 

...Ғалымнан, амал еткен залым басым,

Дарыннан, майға бөккен қарын басым,

Барама, адамизат азып-тозып,

Замана күннен күнге тарылғасын?

Ақылдан, аярлардың айласы көп.

Нақылдың, наданға айтқан пайдасы жоқ,

Ақырған ақ таяқты, бақташы артық,

Батырдан, сауыт-сайман найзасы жоқ.

- Қаршығаң қашқан аңын іле алмаса,

Балаң сор, басын алып жүре алмаса,

Қайғыңа қайғы қосып қартайтады,

Кер кетіп, келін тағы тіл алмаса.

- Нәті не? Наркескеннің шабылмаған?

Тұлпар ма? тұяғынан сабылмаған,

- Досыңнан демеу берген біреу артық,

Қасыңнан, қысылғанда табылмаған.

- Май етер арық малың асыраған,

Жер етер жігеріңді масыл адам,

- Не пайда туысыңнан тасып-толған,

Жайсызда, жаны саған ашымаған?

- Жастық шақ бекер, ойнап күле алмаса,

Жігіт не, жайнап дәурен сүре алмаса?

Жарытып жаның сүйген жар бола ма,

Қалпіңді қабағыңнан ұға алмаса?

Аға ма, артық ақыл айталмаса?

Тағама, «қарымыңды»  қайтармаса,

Ал іні, ізеті мен ілтифатын,

Мәзір ғып, талабыңнан тайсалмаса.

Құда не жанын салып жанаспаса?

Жиен жат, «жыртығыңды жамаспаса»

Әкеңдей жақсы жезде - жан ашырың,

Қайрылып қалған жақын қараспаса.

Қуаныш, қуаныш па жүрегіңді

«Жармаса», құдай беріп тілегіңді

Бақыттан басың дал боп маңып кетсең,

Біле алмай, жыларыңды- күлерінді.

Қайғы не, қара нардай шөктірмесе,

Көзіңнен көл-көсір жас төккізбесе?

Дүнияң, қараң қалғыр қажеті не,

Қаталап қанша қусаң жеткізбесе?...

...Ұрпақтан-ұрпаққа ауып барады арман,

Салт-сана қалған бізге бабалардан.

«Ел жаңа елу жылда - жүзде қазан»

Қалады бір күн артта мына жалған.

Жоқ жұқа, жадаумын деп қайғы қылма.

Байлықтың басы деннің саулығында,

Гәуһар тас, алтын, күміс, жиған мүлкің,

Көзіңе көріне ме ауруың да?

Дәулетің, ризығың, байлық, бағың,

Атағың, абыройың, алтын тағың,

Көрсетер рахатын риясыз,

Бар болса бірлігің мен ынтымағың.

Осылай бұл өмірдің өткелегі,

Дем бітсе шаруаң да шектеледі.

Тірлікті «сіз-біз» десіп сыйласқанды,

Айтыңдар, қандай Қазақ жек көреді?

Көтеріп, парасат пен парқымызды,

Ұстасақ, әдет-ғұрып салтымызды,

Сақтасақ дақ түсірмей даңқымызды,

Шығарар шырғалаңнан халқымызды.

- Айналдым, Алты алаштың Азаматы!

(Алтаудың біреуінің Қазақ аты)

Жан керек жауыңа да, - жеңе алмайды,

Бір болса исі Қазақ жәмағаты.

...Бірлікте мұсылманның Салауаты.

Ақын Әбибулла Мұхаметжанұлының өлендерінің ішінде «Бір ұйқасқа телінген бес паям» атты ой-толғауының алатын орны ерекше. Оның басқалардан бір ерекшелігі әрбір ой түйіндеулерінің атаулары бір-бірімен қабысып, бір ұйқасты құрайды. Мысалы «Дүния қар», «Қосылған жар», «Шыңда шынар», «Мыңнан тұлпар», «Тағдырлар»,- деп келеді. Аталған ой- түйіндердің әр қайсысында өмір философиясынан алынған ұтымды ойлармен шырайлы шындықтар жатыр. Олардын әрқайсысы келешек талай ғалымдардың зерттеу объектісіне айналары сөзсіз.

  Дүния қар

Дос күлтек, туыс күншіл, дүния қар,

Болмайды ұрыда ұят, аярда ар.

«Ит қабар тон тоздыны» деген рас

«Пейілі пасық жанды құдай табар».

Көбейіп күннен-күнге жады жаңдар,

Азайды азаматтар сөзде тұрар.

Тұтқасын дүниенің  ұстағандай,

Арындап, алшандап жүр арамзалар.

Көрмейтін түнде ұйқы , күндіз күлкі

Құныққан күлкінған құл қараулар бар.

Аларда, арын алдап, жанын жалдап,

Берерде безірейіп тастай тынар.

Жанығып жалғандағы жиған мүлкін.

Арқалап ана жаққа қайсы апарар

«Жем болып қимағаны қызыл итке»

Бұйырмай бәрі бір күн артта қалар...

  Қосылған жар

....Жігіттің маңдайдағы бақ пен сорын,

Ұлғайтар себеп болып қосылған жар.

«Жақсы әйел жаман ерді адам етер,

Жақсы еркек жаман алса шегеді зар.

Бір жерге екі бекзат қосылмайды,

Қосылса, жаны жай боп бағы жанар.

Көбіне, бірі олай, бірі былай,

Не шара пәрмән қылса пәруәрді гәр.

«Қатырды тұлпар дос әкеп қосақтасаң

деген бар,- үш күннен соң зәкі жұдар»

Қосқасын құдай жазып күн кешеді,

«Бір бүтін, екі жарты» бейшаралар.

- Түп сыры бұл тылсымның осы ма екен,  

- Туатын көктен құла, сұрдан шұбар?

    Шыңда шынар

...Халық айтса, қалт айтбаған қағидаға

Азғантай (аларым жоқ) қосарым бар:

- Зар илеп сайрау менен таппай тыным

Тарқамай таң атқанша бойдан құмар.

Мүлгіген күн шығарда мұңлы бұлбұл.

Бүр жарған сол бір сәтте гүлге ынтызар.

- Жақсылар бір-біріне сондай ғашық,

Пәниден пар кешетін таппай сынар.

Қымбатты қай уақтада қол жетпесе,

Өседі суда гәупәр, шыңда шынар.

   Мыңнан тұлпар

...Дегемді «Жүзден жүйрік мыңнан тұлпар,

Қалдырған қағида ғып бұрынғылар.

Жез тандай ма бір саңлақ өтті өмірден,

Тағынған «әннен алқа», «сөзден тұмар».

Сайраған сырдың бойы сүлейге бай,

(Қош басы, Күдері мен Ұлбике бар).

Өнердің өлен атты өрісінде,

Жайқалған бірі аққу бірі ақ сұңқар,

Айтысқан аз ғұмырда он бір рет.

Ынтыға бір-біріне болып іңкәр,

Қос тұлпар қосыла алмай арманда өтті,

Болмаған сон қолы қысқа заманы тар.

  Тағдырлар

...Жарқырап жүйрік жалғыз шаба берсе,

Жазым боп жазатайым жарға соғар

Сурылып шықса топтан үздік кетті,

Қасарған қарсыластың сабы сынар.

- Өшігіп өзінде жоқ өнеріне

Ойланбай опасыздар орға жығар.

Тағдыры Құлагер мен Ұлбикенің

Ұқсауы тұлпарға тән содан шығар?...

- Табиғат берген екен Ұлбикеге

Өнер мен аямай-ақ ақыл, ажар

Кездессе Күдері мен көңілі тасып,

Той-думан болады екен қиқу базар.

Қақ жарып қаумалаған қалын топты,

Қос жүйрік осындайда баурын жазар.

«Жеңіліп» бірде «жөңіп» бірін-бірі

Тан ата тарқайды екен жайман назар.

Айығып ішіндегі шемен- шерден

Сәті екен санлақтардың жасап қалар...

- Сарғайып сағынышпен жүздескенде,

Былайша бір-біріне депті олар:

  Күдері:

«Заманы алдымызда қызыл түлкі,

Ғанибет тіршілікте ойын-күлкі.

Төрт-бес жыл болып қалды көрмегелі,

Бармысың аман-есен ау, Ұлбике?»

  Ұлбике:

«Қожаның арғы атасы барды Мекке,

Баласы сұңқар құстың тудың жеке

Сағындым көрмегелі бес жыл болды,

Келдің бе, аман-есен ау, Қожеке?»

  Күдері:

Ұлбике Бақтиярдан сенің затың,

Жайылды барша жұртқа Ұлбике атың.

Кітаптай айтқан сөзің мәнді болған,

Туарма, мұндай артық Перизатың?»

 

   Ұлбике:

«Қарадым қарайғанға қарағым-ай!

Аспалы қылыш еді жарағың-ай

Жабығып отыр едім мен қор болып,

Қазанат қайдан келдің арабым-ай?

Сайраған баудың көркі бұлбұлым-ай!

Барады қапалық пен бұл күнім-ай!

Ағарып атқан тандай қайдан келдің,

Қыраны қаршығаның тұйғыным-ай!

- Мына сөз сағыныштың өрті емей не,

Өзегін кімнің болсын өртемей ме.

Қосағы сол секілді Ұлбикенің,

Болғасын Бойтан бейбақ ерсі емей не?

...Қыбырлап қызғаныштың қызыл құрты

Кеткесін Күдеріге ауып назар,

Қодықтай жас тұлпарға қосақталған

Бойтан «ер» мұны өзінше көріп озар:

- «Тынайын көзін құртып бұл сайқалдың,

деді де, - жамағайын өсек тағар...»

Мерт қылды Ұлбикедей ұлы жанды,

Хас қарау, құнсыз қодар, ойсыз ожар.

 - Сайраған ұлы жүздің Ұлбикесі,

Не бары  жиырма төрт те күшті мазар.

Айрылып ақ тотыдан қалды халқы

Асылды Ұлбикедей қайдан табар!..

Қайғырды қалың ел боп Хас талантты

Қайысып қайран қызға қабырғалар.

(Ах ұрып күндеріне арқаға асты,

Қарары қалмаған соң қайтып соғар).

Қазадан көкірегі қарс айрылды,

Жан таппай жамағаттан мұңын шағар.

Арманың ажал жалмап қалды шөгіп,

Қайғыда қайыспайтын өр қара нар.

- Жиналып болыс, билер игі жақсы

Күн келді Ұлбикенің құнын алар

Болмаған бұрын мұндай оқиғаның

Кесімін шығаруда кім дуалар,

Тоқтады бәрі келіп, Күдеріге

- Үкімін,-  деді, тақсыр, өзің шығар.

Күдері үш арыстың құнын кесті

«Үш ерге бір Ұлбике деп бара- бар»

Байлады бас жетім ғып Бойтан «көрді!»

Түбіне жеттің ғой деп мисыз мұндар

 -Ішкі ойы Күдерінің:  (қайғы басып

Тұрғанда жүрек тілім, жан жаралар)

«Шалсада жүз Бойтанды құрбандыққа,

Орыны Ұлбикенің қайдан толар?»   

А. Мұхаметжановтың аудармашы, зерттеуші, теолог, ақын ретіндегі тұшымды да тартымды, мағыналы әрі мәнді, фиолософиялық терең ой-тұжырымдарына негізделген шығармалары жеткілікті. Біз бұл мақалада өзінің ағаларына, замандастарына, іні, келіндеріне арнап жазған ұлағатқа толы өлендерін қозғаған жоқпыз, себебі олардың бәрін бір мақалаға сиыстыру мүмкін болмады. Теңіздің бір тамшысынан ғана оның дәмін білуге болатын шындықты зерделі оқушының есіне сала отырып, ақын ағаның теңіздей терең әрі тұнық шығармашылығына үңіле түсуге шақыруды ғана мақсат еттік. Аз уақыт ішінде тек қана сыр елі халқы емес «мен қазақпын» деген әрбір ұлт жанды азаматтың айнымас серігіне айнала бастаған Сырдария  альманағы қажет деп тапса, осы әңгімені жалғастыра беруге біз дайынбыз.  

Құдайбергенов Қазыбай - ҚМУ-нің профессоры., Құдайбергенова Күнімжан Тыныштықбекқызы

гуманитарлық ғылымдар магистрі, «Қорқыттану және өлке тарихы» ҒЗИ-ның ғылыми қызметкері


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?